1302
Маңғыстаудың ботаникалық бағы
Маңғыстаудың ботаникалық бағы
Маңғыстаудың Ақтау шаһарына күндіз жолаушылап келе жатсаңыз, көзіңіз алдымен ақ айдынға түседі. Ұшақтың терезесінен сәл төмен үңілсең, көк-күмбек болып толқыған теңіз күн нұрымен астасып, жанарыңды жасқап жібереді. Сіз мінген көлік бүйірін бұлт еткізіп, тағы бір аунағанда қаланың қақ ортасынан алақанның ортасындағы ойықтай тағы бір көкті көзіңіз шалады. Бұл су емес, жасыл желек. Дәлірек айтсақ, Маңғыстаудың эксперименттік ботаникалық бағы. Бір-бірін құшақтай, жамырасып өскен ағаштар, бұта-бетегесі бар жас өскіндер аумағы атшаптырымдай жерді алып, қысы-жазы жайқалып өсіп жатыр. Білмейтін адам мұның бәрі өздігінен көктеп, өзі өсіп жатыр деп ойлауы мүмкін. Ал білетіндер, бұл бақтың бағы мен соры бес елі, талайлы тағдырына сүйсініп қарайды.
Бұл бақтың тарихы тым әріде жатыр. Сонау орыстың Петр бірінші патшасынан бастау алады. 1716 жылы патшаның бұйрығымен Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің шығыс жағын зерттеуге князь Бекович-Черкасский Маңғыстауға (сол кезде Маңғышлақ) келеді. Сол жылы теңіздің бір бөлігі сипатталып, Маңғыстаудың жағалауы толық бейнеленген алғаш рет картасы жасалады. Ал түбектің алғашқы флористикалық сипаттамасын 1773 жылы келген Г.Гмелин жасап, оны профессор Э.Эйхвальд жалғастырады.
Бұдан кейін де ресейлік ғалымдар өлкенің флорасын зерттеді. 1832 жылы Г.Карелинь осындағы өсімдіктердің 280 түрін сипаттады. Араға 12 жыл салып, М.Иванин Қаратау және Ақтау аудандарында флористикалық жиындар өткізіп, алғаш рет Қарақия ойпатының өсімдіктері туралы мәлімет берді. Тағы бір 20 жылдан соң, Үстірт үстіне кешенді экспедиция ұйымдастырылып, ғалым И.Борщов өсімдіктердің схемалық сипаттамасын берді. Ал 1847 жылы орыс географиялық қоғамы Каспий мен Арал теңіздерінің арасындағы аумақты зерттеудің кешенді бағдарламасымен экспедиция ұйымдастырды. Оның құрамына атақты ғалымдар мен мамандар кірді. Экспедицияның геология, зоология мен ботаника саласында аса маңызды ғылыми және тарихи орны болды. Кешегі Кеңес дәуірінде де Маңғыстаудың флорасы мен өсімдіктерін зерттеу тоқтамады, ол одан әрі тереңірек және жан-жақты болды. Соның ішінде өткен ғасырдың 60-жылдары түбекте пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік игерудің басталуына және қалалар мен ауылдардың пайда болуына байланысты, көгалдандыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Биология ғылымдарының докторы В.Романовичтің жетекшілігімен Қаз ССР ҒА Ботаника институтының стационарлық экспедициясы ұйымдастырылды. Мақсат – сәндік және тұрақты өсімдіктердің ассортиментін таңдау, оларды көбейту, өсіру және күту агротехникасын анықтау. Бұл жұмыстар біразға дейін мандымай қойды. Себебі Кавказдан, Астраханнан әкелінген өсімдіктер жерсінбей, топырақтың тұздылығынан, ылғалдың жоқтығынан, құбылмалы ауа райының кесірінен және қатты ыстықтан жаппай өспей қалды. Ғалымдар екпелерді басқа жерден әкелуге болмайтындығын, оны осы жерде өсіріп, қолдан будандастыру қажеттігін түсінді.
Сонымен 1961 жылы Ақтау қаласының маңынан 6 гектар жерді алып, алғашқы ағаш тектес өсімдіктердің көшет жайы-питомнигі ұйымдастырылды. Онда көптеген сәндік, жеміс-жидек, жем-шөп, бақша өсімдіктері сыналды. Маңғыстау үшін ағаштар мен бұталардың 30 түрі және гүлді өсімдіктердің 25 түрі мен сұрыптары бар алғашқы көгалдандыру ассортименті әзірленді. 1984 жылдан бастап ботаникалық бақ қазіргі жеріне – қаланың 10-шағын ауданына көшіп, қылқан жапырақты, жапырақты, жемісті, гүлді – сәндік өсімдіктердің, жергілікті флора өсімдіктерінің, көшетжайдың, ландшафтық учаскелердің жаңа коллекциялары жасалды. 1989 жылдан бастап, дәстүрлі жұмыстармен қатар, Батыс Қазақстанның құрғақ жағдайында бау-бақша құрылысы мен ландшафтық архитектураның ғылыми негіздерін әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіле бастады және бау-бақша құрылысында пайдалану үшін перспективалы өсімдіктерді экологиялық-биологиялық зерттеу және оларды өсіру мен күтіп-ұстаудың агротехникасын әзірлеу жүргізілді. Батыс Қазақстанның құрғақ аймағының, қалаларының, елді мекендерінің және өнеркәсіптік кәсіпорындарының жасыл желектеріне зерттеу жүргізілді. Одан әрі Кеңестер Одағы құлап, ботаникалық бақтың талайлы тағдыры басталды.
– Ақжүніс апа, 90-жылдары Кеңестер Одағы құрдымға кетті. Жағдай қиындады. Қазір қанша жамандағанмен сол кездің, социалистік жүйенің артықшылықтары болған шығар?
– Обалы не керек, Кеңестік жүйе ғылымға оң көзімен қарады ғой, қазір қолымызда не бар, бәрі де сол кезден қалған дүниелер. Қазіргі ботаникалық бақтың жобасын сол кездегі ленинградтық ғалымдар жасады. Оның ішінде 3 қабатты әкімшілік ғимарат, шаруашылық блок, оранжерея мен жылыжай кешені, су сақтау нысандары т.б. құрылыстар салынуы керек болатын. Одақ құлаған соң, ол жұмыстардың барлығы адыра қалды. Ол кезде қаражат жақсы бөлінді. Үкіметтің шешімінде мекеменің бүкіл шаруашылық-қаржылық мәселесі шешіліп, тіптен ғалымдарға үй алып беруге дейін жазылып, қатталып келетін. Оның бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Ең сорақысы – 2003 жылы біздің біраз жерімізді жергілікті әкімшілік тартып алды.
– Осы жөнінде таратып айтып беріңізші?
– Ол кезде қала әкімі С.Оспанов, ал облыс басшысы Б.Палымбетов болатын. Өзіңіз білесіз, Кеңестер кезінде барлық жер, мүлік иесі – Мемлекеттің меншігінде болды ғой, сондықтан Бақтың жер иесі туралы мемлекеттік актісі, барлық құжаттары болмады. Тіптен техникалық төл құжаты да жоқ еді.
1989-90-жылдары Одақ біздің барлық дүние-мүлкімізді Қазақ Үкіметіне қайтарып берді ғой, кейін оның бәрін аяғымнан тозып, 5-6 жылдың ішінде қаншама айқай-шумен жүріп, өзім жасаттым. Осы жағдайды пайдаланып, билік мемлекетке қажет деп, біздің 16,06 га жерімізге ауыз салды. Оның 5,0 га жерін Ақтау қаласы әкімінің шешімімен денсаулықты сауықтыру кешенін саламыз деп, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на, 8 гектар жерді «Ақтау-Сервис» ЖШС-не коммерциялық тұрғын үй салады деген желеумен беріп жіберді. Ал қалған 3,16 га жерді қалалық әкімшілік резервке алып қалды.
Біздің сол кездегі тікелей жоғары уәкілетті органымыз «Биологиялық зерттеу орталығы» РМК, оның басшысы
А.Саданов мырза Б.Палымбетовке, кейін әкім болған Қ.Көшербаевқа ботаникалық бақтың территориялық тұтастығын бұзбау жайында ондаған өтініш хаттар жазды, ҚР Президентінің 2004 жылы шыққан «ҚР аумағында бірегей және сирек кездесетін ландшафттарды сақтау жөніндегі шаралар туралы» тапсырмасын да алға тартты. Алайда көпке дейін нәтиже болмады. Тек 2006 жылы ғана сол кезде өңір басшысы Қ.Көшербаевтың тікелей араласып, хат жазуымен Білім және ғылым министрлігі арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді.
Бағымыз бар екен, 2006 жылы комиссияның шешімімен қала әкімінің шешіміне өзгерістер енгізіліп, қалған 3 га жерімізді қайтып алатын болдық. Жоғарыда аты аталған қос мекеме біздің бұзылған қоршауымызды жөндеп, барлық инфрақұрылымдарды қалпына келтіріп, шеккен зиянымызды қайтарып бермек. Өкініштісі, арада біраз жылдар өтті ғой, тұрғын үй салынатын 13 гектардай жерімізді қайтара ала алмадық. Есесіне, Ақтау қаласының 34 «А» шағын ауданынан әкімшілік 14,06 га жерді өтемақы есебінде бөліп беретін болды.
– Қос әкімнің кесірінен ай-күннің аманында ботаникалық бақ құрдымға кете жаздапты ғой?..
– Иә. Барымызды таба алмай, жоғымызды түгендей алмай жүргенде бұл бізге қатты соққы болды. Бірақ бұл жағдайға мен сол кездегі қала әкімі Серік Оспановты кінәлай алмаймын, жоғарыдан бұйрық берді, соны орындаған болар. Оның Ақтау десе шығарда жаны бөлек, дұрыс азамат деп ойлаймын.
Сонымен сол кезде Астанадан келген Үкіметтік комиссияны өзім алып жүріп, бақты аралаттым. Жағдайымыз шын мәнінде мүшкіл еді. Қаражат дұрыс бөлінбейді, бөлінгеннің өзі тым мардымсыз. Бақтың қоршауы шұрқ тесік, қоқыс деген қаптап жатыр. Тұрғындар келесі шағын ауданға бару үшін бақты кесіп өтетін, төте жол қылып алған, кейбір жерлер алқаштар мен наркомандардың түнемелік орнына айналған.
Бетімнен отым шығып қатты ұялдым. Біле білсеңіз, ботаникалық бақ, ол – дүние жүзінің гендік қорынан өсімдіктерді шоғырландырып, оны жинақтайды. Біз 1992 жылы Рио де Жанейро қаласында Ел Президентімен ратификацияланған Конвенция «Биоалуан түрлілікті сақтау» халықаралық құжат көрсетілген Миссияны орындаймыз. Мынандай сөз бар, «Егер сіз биоәртектілікті сақтауды білмесеңіз, оны сақтамау керек деген сөз емес» деген. Жалпақ тілмен айтқанда, заңды білмеу, қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайды. Яғни, дүниежүзілік конвенция бойынша, сіз аса сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан өсімдіктерді қасақана құртатын болсаңыз, онда әкімшілік, керек болса, қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілікке тартыласыз.
Бірақ бұған сол кездегі әкім-қаралар пысқырып та қараған жоқ. Қаланың ортасындағы, теңіз жағалауындағы көрнекті, шұрайлы деген жерлерді шүлен таратқандай таратты, сатты. Әйтеуір білгендерін істеді. Бұл бақ күні кешеге дейін биліктің көзқұртына айналды, кім келсе де бізге бір сүйкенбей кетпейді. Жұмысымызға тосқауыл болып, аш қалған кезіміз де болды. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген, өзіміз өсіріп жатқан өсімдіктеріміз сияқты таласа, тырмысып, өсіп-өніп келе жатырмыз.
– Сонымен ұзақ айтыс-тартыстан соң, ботаникалық бақ 2005 жылы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» заңына енді. Үкімет бекітіп берді. Сіздердің арқаларыңызда біраз мекемелер де осы заңға еніп, қорғалатын болғанынан да хабардармыз. Жағдай өзгерді ме?
– Бұл шаруа да біраз шу шығарды. Бір жағынан жергілікті әкімшілік жерімізден айырылып қалатын болдық деп байбалам салса, бір жағынан «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ және «Ақтау-Сервис» ЖШС бізден алған жерге тезірек құрылыс жұмыстарын жүргізуге жанталасты. Қоршауымызды бұзып, өсіп тұрған терек, талдарымызды тамырымен қопарып, қаншама қиыншылықпен өсірген өсімдіктерді трактордың шынжыр табанымен таптауға көшті. «Жер бетіндегі жауыздық мұндай болмас, тірі ағашқа балта сермеген оңбас» деп, бәрін бір Құдайға тапсырдық. Қолымыздан басқа не келеді?! Көз жасымызды көлдете жүріп, түнімен ұйқы көрмей ұжым болып, тірі қалған өсімдіктерімізді жинап алдық. Ол енді ұзақ әңгіме.
– Жалпы, ботаникалық бақ қай министрлікке қарайды?
– Біз өмір бойы еліміздің Білім және ғылым министрлігіне бағынышты болып келеміз. Кей жылдары ақша жоқ деп, тәуелсіз мемлекеттік кәсіпорыннан филиалға айналдық, 6-7 рет қайта құрылымдаудан өттік. Өйткені ботаникалық бақ іргелі, қолданбалы ғылымды жасайды. Біз бір жақтан бірнеше өсімдікті әкеліп еге салмаймыз, оны Маңғыстаудың топырағына жерсіндіру үшін барлық билогиялық, экологиялық, географиялық қасиеттерін зерттейміз, сарапқа саламыз, салыстырамыз. Оған ондаған жыл уақыт кетеді. Кейбір өсімдіктер мұнда қанша ексең де өспейді. Ауа райы, топырақтың ылғалдығы, күннің сәулесі кері әсер беруі мүмкін. Мысалы, қазір субтропикалық өсімдіктерді әкеліп жатырмыз.Тауға өрмелеп, күнге ұмтылатын өсімдіктерді алып келеміз. Олар бізге оңай бейімделеді.
– Қазір жағдайларыңыз түзелген болар?
– Шүкіршілік. Қаланың жаңа ауданынан жоғарыдағы комиссияның шешімімен 10 га жерге жаңадан бақ жасадық. Бұл жерге кіші жапон, қытай, европалық және ислам бағын жасағымыз келеді. Жобамыз әзір. Облыс басшысы Н.Ноғаев ғылымның өлкеміздің дамуында ерекше рөлін, оның үстінде көгалдандыру процесінде маңыздылығын ескере отырып, ботаникалық баққа барлық жағынан қолдау көрсетіп отыр. Тағы бір арманымыз – Маңғыстаудың флорасын жасап, ғылыми туынды қылып басып шығару. Ол үшін 2004 жылдан бері еңбектеніп келе жатырмыз.
Жағдайымыз осылайша түзеліп келе жатыр. Көптеген жаңа ғылыми жобаларымыз бар, оның шет жағасын қолға алып, нәтижесін көріп жатырмыз. Жас ғалымдарды дайындаймыз. Бақтың 29 гектар жеріндегі негізгі ғылыми өсімдіктер коллекциясы толығымен жасақталды, ғимаратымыз күрделі жөндеуден өтті. Соңғы 3 жылда арнайы бағдарламамен бөлінген қаражатқа сәйкес, биотехнология, өсімдіктер физиологиясы мен биохимия зертханасы жасақталып, ол заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Жоғарыда атап өткен қаланың 34 «А» шағын ауданындағы 10 га жердегі ботаникалық бақ территориясы толық игерілді. Туыстық комплексте өсімдіктер коллекциясы жасалынды, жаңа ғимарат салынып, онда гербарий және тұқым қорын сақтайтын зертхана заманға сай ғылыми құрал-жабдықтармен қамтылды. Бүгінгі күні гербарий қорында 6000-нан астам үлгілер бар, GBIF және Index Herbariorum (MANG) халықаралық жүйелерінде тіркеліп, акроним алды. Гербарий қорын цифрлық форматқа көшу жұмысы жасалып жатыр
Жалақысының аздығына қарамай осында 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Оның 37-сі ғылыми қызметкер, 40-тан астам жұмысшымыз бар.
– Айтыңызшы, қазір ботаникалық бақ Ақтау қаласын, жалпы Маңғыстау өңірін көк желекпен қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы?
– Жалпы, жылына 5 мыңның үстінде қылқан жапырақты, 10 мың үстінде жапырақты ағаш тектес өсімдіктерді дайындайды, табиғи флорадан 8 мыңдай сексеуіл, жыңғыл, 3 мыңнан астам раушан өсімдігін, 2 мыңдай декоративті бұталар, 3 мыңнан астам көпжылдық декоративті шөптесін гүлді өсімдіктерді дайындаймыз. Алдын ала тапсырыс болса, одан көп дайындауға болады. Тапсырыс болмаса дайындаған көшеттерді сақтау, күту әрі қарай өсіру қиындық туғызады. Сондықтан бізбен бәсекеге түсетін бұл жерде, жалпы Қазақстанның батыс өңірінде кәсіпорын жоқ деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет! Өсіп-өне беріңіздер!
Сағындық РЗАХМЕТОВ, Ақтау қаласы