Сөз энергетикасы, жыр эстетикасы...

Сөз энергетикасы, жыр эстетикасы...

Сөз энергетикасы, жыр эстетикасы...
ашық дереккөзі
518
Шығармашылық тұлғаның, нағыз туын­дыгердің басты белгі-сипаты, меніңше, дара­лық. Шынайы өнер иесінің, мейлі, ол қыл­қа­лам шебері болсын, мейлі, оны дәулескер му­зыкант делік, мейлі, оны прозашы дейік, мейлі, оны керемет жыршы деп жариялайық, не­гізгі ерекшелігі, өрнегі мен төлтаңбасы сона­дайдан мен мұндалап тұрғаны абзал. Мен сондай өзгешелікті, өзіндік дауысты, сыр­лы дүниені ақын Бауыржан Әліқожаның поэ­зиясынан іздеуден жалықпадым. Ақын ле­бізіне әсер берер теңбілкөк теңеу, сырбаз ырғақ, ажарлы сурет, көз жауын алар пейзаж эле­менттерін, нақ дүниеге, рухани әлемге деген соны пайым мен су жаңа, мың қырлы призманы жолықтырғым келді. Әрине, мен Бауыржан ақынның өлеңдерін нақ бүгін парақ­тап, нақ осы сәтте саралап отырмын дей алмаймын. Бұрыннан білемін, көптен бері зер салып жүрмін. Біздің мақсұт – шәйір­дің өсу үдерісі, өнер соқпағындағы бөлек жосылуын аңдау. Осы райда әр ақын­ның, әр суреткердің бойындағы сазды ша­быт, нәрлі, назды сөз махаббат лирикасынан аңғарылып қалары ақиқат. Ностальгия, мұң мен аңсау – рухани интеллект иесінің, ақын жан­ның реңі қанық полотносындай ма, қа­лай? Өз басым Бауыржанның мына жол­дары­на құлай сенемін, қапысыз иланамын, өйткені осындай іштей диалог, өткен сәтпен мұңдасу өз өмірбаянымыздан да жалт еткені бар. Енді, сәулем, орынсыз өкпелеуің, Берекемді кетірме текке менің. Көктем күлген сәттерді сағынғанда, Өткен күннен табарсың көп дерегін. Сүю, сүйіспеншілік адам баласының маң­дайына жазылған ұлы несібе, сонымен қатар қасірет пен қайғы спектрі шығар. Тағ­дыр-талайы деген де осы болар. Сондықтан ақын айтқандай: Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем, Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем. Сағынышқа бөленген мұңлықтарға, Дәрі бола қояр ма біздің өлең. Әр қазақ үшін дала дауысы, сахара үні дау­­сыз қымбат, қыр суреттері жанына да, жү­ре­гіне де майдай жағады. Менің аңғаруым­ша (бәлкім, қателесермін): Жұлдыздар көкті тіліп сан жиі ақты, Толған ай тандырдағы нан сияқты. Сал самал жар жағалай жүгіргенде, Тербетті жаңа өскен қам қияқты, – деп ай­та алу тек ауылда туып, елде өскен жан­ның ғана қолынан келеді. Одан әргі, төмен­де­гідей әдемі, әрлі тізбек те, әлбетте, туған жер уызына қанған ұлдың аузынан шығар лепес: Маңдайдан сипатқызып өкпек желді, Көгінде күн күлімдеп, көктем келді. Жасантып дүниені шуағымен, Жайқалтып жіберді, әне, өпкен белді. Біз дәл бүгіндері талғамы сан тарам оқыр­­манды байқап жүрміз, тек сымбатты баян­ға көз тоқтатар аудиторияны да аңдап жүр­міз. Қазір бұрынғыдай «қалың оқырман» деген ұғымды абайлап ұсынатын болдық. Дей тұрғанмен, Бауыржанның өз жанашыр­лары, өз фанаттары барлығына менің талай кез­десулерде, студенттер мен жастармен өт­­кізілген бірқанша кештерде анық көзім жетті. Мұндай рухани үндестікті оқымысты қауым осы күні қайтарымды байланыс деп жүр. Жыры тас бұлақ көмейінен қайнап шы­­ғып жатқан автордан қолтаңба алып жат­­қан жастардың көзінен өз басым жігерлі ынтазарлықты, ілгерілеу динамикасын, жайдары сезімді шалып қалғандай болдым. Тіпті, жақында ғана бір студентімнің жұрт алдына шығып: Түнгі бұлттар жауынын бүркіді де, Кер даланың шық қонды кірпігіне. Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп, Алып ұшқан сезімін іркіді не?! Тиын көз, таңғы шықтай мөлдіреген, Мысалы, қарашықтай көл бір өлең. Мөлтілдеп түннің жасы жерге сіңер, Қылмастан қағып түскен желді де елең, – деп Бауыржанның өлеңін оқығанда, біреу бүйірімнен түртіп қалғандай терезеден тысқа жалт қарағаным есімде. Бұл енді сөз энергетикасы, жыр эстетикасы шығар. Бауыржан ақынның мынадай жолдарын мен сүйсіне де қызыға қабылдадым. Тіпті, өз жанымнан шыққандай жақын тарттым. Жаңбыр жауып тұр әне қар аралас, Құбылыстар басталды далада оғаш. Көктем күнін аңсайды бүрсең қағып, Жаутаңдайды жапырақсыз жалаң ағаш. Әрі қарай барлап байқайық. Жер бетінен жоғалғандай үйлесім, Көріксіздік теңдеп апты күймесін... Қабағымнан кірбің көріп, мұңданып, Табиғат та сұстандырды-ау бейнесін. Расында, Батыс импрессионизм классик суретшілері туындысындай емес пе? Жоқ, олай емес. Өзіндік бояу мен діріл бар. Айта берсек, ақын мұқым галактиканы, он сегіз мың ғаламды мөлдіреген бір тамшыға сыйғызып жібереді. Солғын тартқан ғаламнан аңғарылып, Қылтияды бұлдырап жанған үміт. Дөңгеленген бақылап дүниені, Миллион көздер тұр әне талға ілініп. Бауыржан ақын оқырмандарын (әрине, мені де) тосын тіркестерімен, теңеулерімен таң­ғалдырады, тәнті етеді. Тізіп, тізбелеп көре­лік: «қара қайғы бастадың ба-ей ырыл­дай», «күлкісімен сұлудың жылынғанбыз», «біз осында тастап кеткен бақытты, мына екі жас ұстап отыр аялап», «көзіме түсті қолдағы ме­ңің, ай бетіндегі дақ құсап», «неге мені айнал­дыра бересің, ақ апамның қолындағы ұршық­тай», «дала ұйқыда, у-шуы тыныш­тал­ған, жатақта – өмір құралған дыбыстардан», «се­зімдерді үркітіп кетуші еді, тепкішектен адамдар мініп, түскен». Бауыржанның жырлары сонау бір жырақта қалған аяулы күндерді, алыстан қылаң берген көмбе-сырларды оятып кетті. Сол себептен оған қосыла неге: Еһ, төртінші қабатта тұратын қыз, Өзің барда болмайтын мұратым күз. ...Сол екеуміз сыр шертіп, арманды айтып, Қала ұйқысын күзетіп шығатынбыз, –демеске? Иә, сол себептен тағы да Бауыржан жыр­шыға дауыс қоса: Шебері мезгіл тәнді үгітудің, Нең қалар жамай берсе күні-түн мұң. Күдіктің әуресінен тоңғаныммен, Жылынам сәулесімен үмітімнің, – дегім келеді. Поэзияның мұнтаз үміті, қазақтың сөз құдыреті өзіңді алға жетелей берсін, өрлей бер, ақын Бауыржан!

Кәкен ҚАМЗИН, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары