Жердің дәрігері

Жердің дәрігері

Жердің дәрігері
ашық дереккөзі
300
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – біздің заманымыздың басты міндеттерінің бірі. Қазір экология проблемасы – адамзатты алаңдатар мәселелердің қатарынан. Аталмыш мәселенің түйіткілін табуға білек сыбана кіріскен ғалымдар да жоқ емес. Солардың бірі жас та болса, жасампаз ғалым – Дәулет Егембердиев.
Дәулет Қанатұлы Егембердиев – мұнай мен газды қайта өңдеу  ғылымының докторы, техно­лог, профессор, тұзды және мұнаймен ластанған жерлерді мелиорациялау бойынша ғылым магистрі. Жас ға­лым шөлді жерлерді, сонымен қоса, мұнай мен газдан ластанған жер­лердің топырағын биомелиоранттар арқылы қалпына келтірудің шешімін тапқан. Ғалымның бұл жобасы шет­елде үлкен қолдау тауып, Финлян­дия­ның Хельсинки қаласында өткен NURINTECH инновациялық жобалар байқауында бас жүлдеге ие болған.
Биомелиорация (bioremediation) – улы химиялық қосы­лыс­тар, мұнай өнім­дері, ауыр ме­тал­дар және басқа да зиянды заттар сияқ­ты әртүрлі лас­таушы заттардан лас­танған ортаны тазарту үшін тірі ор­ганизмдерді (мысалы, бактериялар, саңырауқұлақтар, өсімдіктер) немесе олардың компоненттерін (мысалы, фер­менттер) пайдалану процесі. Био­­­­мелиорацияны топырақты, суды жә­не ауаны тазарту және өндірістік қалдықтарды жою үшін пайдалануға болады. Биомелиорация қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіп­ті болуы мүмкін химиялық реа­генттерді қолданбайтындықтан, жағу, полигондарда сақтау немесе хи­миялық тазалау сияқты дәстүрлі әдіс­термен салыстырғанда ластанған ортаны тазартудың экологиялық та­за әдісі болып саналады.
 width=Дәл осы себептен де жас ғалым Дәу­лет Егембердиевтің бұл жобасы эко­логияға көрсетілер алғашқы жәр­дем болары сөзсіз. Өзін «жердің дә­рі­герімін» деп таныстыратын ға­лым­ның атқарып жүрген ерен еңбегін на­сихаттап, жаппай қолданысқа ен­гіз­се, яғни табиғи мелиоранттарды пайдалану арқылы өсімдіктерді, жерлерді тыңайтса экологияға сәл де болса үлес қосқан болар едік. Бұл тех­нология арқылы тыңайтылған жер­лер өз кезегінде жер бедерін ұлғай­туға, су шаруашылығы режимін жақ­сартуға, аумақтың эрозиясын шек­теуге, жерасты суларының кең ре­жимін қамтамасыз етуге септігін ти­гізеді. Аталмыш тыңайтқышты сұйық және құрғақ күйінде қол­дануға болады. Ауылшаруашылығына тың серпіліс әкелетін бұл жаңалықты Талас және Сарыағаш аудандарында тұзды жерлерде сынап көрген және Ресей шаруаларымен кең көлемде қол­данылды. Нәтижесі мамандарды таң­ғалдырып отыр. Өніммен қоса жер­дің құнарлығы да артқан. Ғалым­ның ойлап тапқан тыңайтқышы осы күнге дейін Польша мен Ресейге жө­нелтіліп, оң бағасын алды. Өнімдi көптеп шығарып, ауылшаруа­шы­лы­ғына тегістей енгізу үшін ғалым биз­нес әлеміне аяқ басты.
Жерді табиғи жолмен қайта өң­деу­дің жолын ойлап тапқан ғалым­ның көздеген мақсаты – жер өнім­ділі­гін және олардың экономикалық тиім­ділігін арттыру. Бұл өз кезегінде адамдардың өмір сүру жағдайлары мен әл-ауқатының жақсаруына, ауыл- шаруашылығындағы және басқа да байланысты салалардың оңтай­лануы­на әкеледі. Бұл технология ар­қы­лы бірнеше нәтижелерге қол жет­­кізуге бо­лады. Топырақ эрозия­сын бәсең­дету: биомелиорация топырақ эро­зия­сының алдын алуға, оның құнар­лы­лығын арттыруға және құрылы­мын жақсартуға көмектеседі. Ол үшін компост пен органикалық тыңайт­қыштарды қолдану, топырақ тү­зетін өсімдіктерді себу, өзендер мен көлдердің жағалауларын өсім­діктермен нығайту сияқты әдістер қолданылады.
Топырақты токсиндерден та­зар­ту: өсімдіктердің кейбір түрлерін топырақты токсиндерден және мұнай, қорғасын және кадмий сияқты ластаушы заттардан тазарту үшін қолдануға болады. Бұған осы өсім­­діктердің фиторемедиация қа­білеті, яғни токсиндерді сіңіру және ме­таболизмі арқылы қол жеткізіледі.
Биоәртүрлілікті жақсарту: био­ме­лиорация өсімдіктердің өсуіне, жануарлардың тіршілік етуіне және жәндіктердің көбеюіне жағдай жасау арқылы биоәртүрлілікті арттыруға ықпал етуі мүмкін. Ол үшін көпжыл­дық шөптерді себу, органикалық тыңайт­қыштар енгізу және жасанды биотоптар жасау сияқты әдістер қол­данылады.
 width=Көміртекті азайту: био­мелиора­ция топырақтағы көміртегі қорын кө­бейту арқылы көміртегі шыға­рын­дыларын азайтуға көмектеседі. Ол үшін жасыл тыңайтқыштарды себу, тұ­рақты дақылдарды орнату және то­пырақты өңдеудің диструктивті әдіс­терінің санын азайтуға көмек­те­се­тін агротехникалық әдістерді қол­дану сияқты әдістер қолданылады.
Биомелиорацияның қоршаған ор­таға және жалпы қоғамға пайдасы бар. Бұл биологиялық процестерді қол­­дана отырып, топырақтың сапа­сын жақсарту және табиғи экожүйе­лер­ді қалпына келтірудің экология­лық таза әдісі.
Биомелиорацияны қолданған кез­де келесі артықшылықтарға қол жет­кізуге болады: Топырақтың сапа­сын жақсарту және оның құнарлы­лы­ғын арттыру, бұл өнімділіктің жо­­ғарылауына және химиялық тыңайт­қыштарды пайдаланудың төмендеуіне әкеледі. Топырақты улы зат­тар мен ластаушы заттардан та­зар­ту, бұл топырақ пен су ресурс­та­ры­ның ластануын шешуде пайдалы болуы мүмкін. Осындай басты ар­тық­­шылықтары болғандықтан био­тыңайтқыштарды ауылшаруа­шы­лығында кеңінен қолдану тиімді әрі ұтымды тәсіл болмақ.
Жалпы, биомелиорация қор­ша­ған ортаны қорғаудың көп­теген әдістері мен тәсілдерін қам­титын кешенді тұрақтылық бағ­дар­ламасының пайдалы бөлігі болуы мүм­кін. Дұрыс қолданылған биоме­лио­рация топырақтың сапасын жақ­­сар­туға және табиғи экожүйелер­ді қалпына келтіруге, химиялық тыңайт­қыштар мен препараттарды пай­далануды азайтуға көмектеседі, бұл адамдардың денсаулығына және жалпы планетаның экологиялық жағ­дайына оң әсер етеді. Еліміздің ба­тыс аймағы мұнайлы өлке болған­дық­тан, жас ғалым Дәулет Егембер­диев осы аймаққа табан тіреп, сол жер­дегі экологиялық проблема­лар­дың шешімін тауып жүр. Жер бетін лас­тап жатқан мұнай қалдықтарын қай­та өңдеп, ал жерін тыңайту арқы­лы халық кәдесіне қайта жарату – на­ғыз адамдық әрі азаматтық іс деп біле­міз.
 Ғылымнұр Кәдірбай

Серіктес жаңалықтары