900
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ: Өзгерістер өзегі – халық игілігі
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ: Өзгерістер өзегі – халық игілігі
Жаңа Қазақстан – дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын аударып келеді. Кейінгі бір жылда елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар. Осы бағытта елімізде, сонымен қатар, Түркістан облысында атқарылып жатқан жобалардың маңызы зор. Халқымыздың әл-ауқатын көтеруде «AMANAT» партиясы өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санайды.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов: – «AMANAT» партиясы – бұл Президентіміздің қоғамдық тірегі. «AMANAT» партиясы – бұл реформалар партиясы және Жаңа Қазақстанның жасампаздығы. Құрметті партияластар, бізді үлкен сынақтар, үлкен науқандар күтіп тұр. Еліміз бен Президентіміздің бізге берген сенімін, аманатын бәріміз бірігіп абыроймен атқарайық», – деген болатын. Ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақ арқылы жүзеге асатыны сөзсіз.
Халықтың тұрмыс тіршілігін жақсарту, өмір сапасы мен табысын арттыру мақсатында жұмылған «AMANAT»-тың жүгі ауыр. Бүгінде партия мүшелері әр салада қажырлы еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Жүйелі түрде жұмыс жоспарлар бекітіліп, әртүрлі бағыттарда жұмыстар атқарылуда. Азаматтық қоғам қалыптастыру негізінде халық қалаулылары жұртшылықпен етене араласып, елдегі күрмеулі мәселелерді шешуге тікелей ықпал жасап жатқаны партиямыздың басым бағыттарының бірі десем қателеспеймін.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Түркістан облысының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын және бюджет мүмкіншілігін ескере отырып 4 негізгі басымдық айқындалды.
БІРІНШІ, «ТАБЫСТЫ АРТТЫРУ».
Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық тұрады. Халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған.
Облыс экономикасының басты сала-
сы – ауыл шаруашылығы. Өңіріміз мақта, жеміс-көкөніс өнімдерін ірі өндірушісі саналады. Республикада салынған жылыжайлардың 71 пайыз Түркістан өңіріне тиесілі.
Ауыл шаруашылығының әлеуетін ескере отырып, бірнеше маңызды шаралар іске асыру жоспарлануда.
ЕКІНШІ, «ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ».
Өздеріңізге белгілі, облыста демографиялық өсім жоғары. Мектеп тапшылығы бар.
Облыста жалпы білім беретін 998 мектеп болса, оның ішінде 15-і үш ауысымды және 7-уі апаттық жағдайда.
Алдағы 5 жылда жаңа 96 мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 63 мектеп салынады.
Денсаулық сақтау саласында 45 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді.
ҮШІНШІ, «ӨМІР СҮРУ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ».
Соңғы 4 жылда облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Өткен жылы 864,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 57 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 3 475 пәтер тапсырылды. Халықты қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету бүгінгі таңда өзекті мәселе. 833 елді мекеннің 113-інде ауызсумен, 368-де табиғи газбен қамтылмаған.
Аталған мәселені алдағы 5 жылда кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда. Жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 17 504 км, қанағатты жағдайдағы үлесі 92пайыз құрады.
Жол сапасын жақсарту мақсатында 2027 жылға дейін 96 км жолдарды реконструкциялау және 1,4 мың км жолды жөндеуден өткізіп, қанағатты жағдайдағы үлесін 96 пайыз жеткізу көзделуде. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында облыста құрылған 192 жедел әрекет ету топтары арқылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Алдағы 5 жылда жергілікті полиция қызметкерлерін видеорегистратормен толық жабдықталатын болады.
Сонымен қатар 60 полиция учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 350 елді мекендегі негізгі көшелер жарықтандырылатын болады.
ТӨРТІНШІ, «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ» БАҒЫТЫНДА газ отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер санын ұлғайту, Түркістан қаласы аумағындағы жасыл белдеуді дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Жол картада партиялық жобалар аясында іске асырылатын іс-шаралар да қамтылып отыр.
Облыста 2,1 миллионнан астам халық тұрса, оның 75,5 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын білесіздер. Сол себепті, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несиемен жыл сайын 2 жарым мың кәсіпкерге микронесие беруді жоспарлап отырмыз. «Жер аманаты» жобасы аясында өткен жылы 1 млн гектар жер ортақ жайылымға қайтарылған болатын. 2027 жылға дейін 490 мың. гектар жерді қайтару жоспарлануда. Сонымен қатар облыста 185 мыңға жуық зейнет жасындағы азаматтар тұрады. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында алдағы 5 жылда 400-ден астам ардагерге түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілетін болады.
Сондай-ақ өңірімізде 400 мыңға жуық отбасы бар болса, оның 182 мыңы – көпбалалы. «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жедел әрекет ету топтары арқылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды жүзеге асыратын боламыз. Ал, өз кәсібін ашамын деушілерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар, пайызы төмен несиелер беріп, тұрақты жұмыстарға орналастыру арқылы мұқтаж жанұялардың санын азайтуға күш саламыз.
Қазір облыста 97 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Оның 4 300-ге жуығы18 жасқа толмағандар. «Кедергісіз келешек!» жобасы бойынша алдағы 5 жылда 6,7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Облыс бойынша 3 100-ге жуық нысан бейімдеуден өтіп, мектептердегі инклюзивті білім беру деңгейі 100 пайызға жететін болады.
Одан бөлек, Кентау қаласында мүмкіндігі шектеулі 200 ересек азаматтарға арналған, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында 50 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарын пайдалануға беретін боламыз. Алдағы уақытта да «аманаттықтардың» жарқын болашақ пен жайлы өмір жолында аянып қалмайтыны анық. Жалпы, Жол картада көзделген іс-шараларды сапалы орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Қабылданған шаралар және атқарылған жұмыстар нәтижесінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң серпін береді деп есептейміз.
Білімді ел, берекелі отбасы құндылықтарына аса жауапкершілікпен қарай отырып, Түркістан өңірінде де өзекті мәселелер бойынша қарқынды істер қатары артып келеді. Жергілікті мәслихаттарда партия мүшелері өңірді дамытуға, халық тұрмысын жақсартуға күш салуда. Осы мақсат жолында партия Президенттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын толықтай жүзеге асыру үшін оған жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алаш көсемі, айтулы Әлихан Бөкейхан «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды» деген. Әрбір қазақстандық азамат лайықты білім мен медициналық көмек алуына, жеке қауіпсіздігінің қорғалуына, ыңғайлы әлеуметтік ортада өмір сүруіне толықтай құқылы дейтін болсақ, бұл ретте партиямыздың жауапкершілік жүгі ауыр. Осыған орай, Түркістан облысы бойынша жалақы мәселесін, жұмыссыздықтың нақты статистикасын жүргізіп, онымен күресіп келеміз. Партия аталған мәселелердің шешімін тауып, тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай алатын, ізденімпаз, азаматтарға қолдау көрсетуде. Алдағы 5 жылда жастар практикасымен 56 мыңнан астам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 15 мыңнан астам, «Жасыл ел» еңбек топтары арқылы жыл сайын 1300-ге жуық жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы Қазақстанның қалыпты дамуында қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер билік пен халық диалогы арқылы қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал екенін атап көрсеткен болатын. Белсенді азаматтық ортадағы пікір еркіндігі, демократиялық қағидалар салтанат құруы үшін азаматтардың парасатты әрі саяси сауатты болуы тиіс. Ел болашағына алаңдайтын азаматтарды ынталандыруда әр сала бойынша толыққанды қолдау болғанда ғана тұрақтылық пен тұтастық салтанат құрады деп санаймын. Өңіріміздегі әр азамат жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға, әділетсіздік пен заңсыздықтардың, жемқорлықтың алдын алуға, құбылмалы заманда еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тірек болуы тиіс.
Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретінде биік беделіне сызат салмай, салауатты да сауатты орта жасай алатынымызға сенемін! Руханият – ұлт мәйегі ретінде әр аймақта серпін алуда. Осыған орай, облыс көлемінде зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, жастарға жақсы тағылым беруге үлес қосу да партияның басты міндеті. Сондай-ақ заң мен тәртіпті ту еткен Түркістан облысындағы тұрмыстық және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары да белсенді жүргізіліп келеді. Өңірімізде ушыққан осы тақырыптағы қиындықтарға бірлесе жүріп қоғамда жаңа құқықтық мәдениет қалыптастыру біздің басты ұстанымдарымыздың бірі екені анық. Құрылғанына 5 жыл болған мерейлі кезеңде Түркістанның жаңа экономикалық бағдары халық тұрмысының жақсаруын қамтамасыз ететін болады. Мұндағы ашық бәсекелестік, бизнесті дамытуға және инвестиция тартуға жағдай туғызу арқылы тың жобалар қуатты экономика құруға оң әсер тигізіп келеді. Бұл тұрғыда «аманаттықтар» жергілікті билік өкілдерімен тізе қосып, тиімді ұсыныстарды мемлекет тарапынан қолдауға мұрындық болатыны облыс тұрғындарының көңіліне үміт ұялатады. Мемлекетті алға жетелеуде барлық бағытты қамти отыра қарқынды істерді қолға алған «AMANAT» партиясының мақсаты – айқын.
Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты.
Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.
Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде.
Осындай тарихи жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт келді. Себебі мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біліп, бағалауы тиіс.
Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз.
Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы.
Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз.
«AMANAT» партиясы өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санайды», – деп бастау алатын партиямыздың саяси тұғырнамасы халық игілігіне бағытталған өзгерістердің өзегіне негізделген.
«AMANAT» партиясы – еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы. Билік пен қоғам арасындағы алтын көпір. «Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік» ұстанымына біріккен барша қазақстандықты, түркістандықтарды баянды болашақ жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз!