1351
Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс
Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс
Тарих деген қария кітап бар. Біз Бейбарыс есімін бұрын анық білмейтін едік. Морис Симашконың «Емшан» атты хикаятында, сосын әйгілі Нұрмұхан Жантөрин сомдаған «Бейбарыс» фильмі арқылы ғана еміс-еміс бейнесін таныдық. Қатпар-қатпар тарих парақтарында есімі алтын әріппен жазылатын ұлы тұлға туралы тек Тәуелсіздік тұсында көбірек біле бастадық...
Былтыр Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 20-21 ақпан аралығындағы Мысырға сапары барысында әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен және Мысырдың Уақыфтар министрі Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулер өткізді. Кездесуде Қазақстан тарапы бұған дейін Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге қаржы бөлгенін айтты. Сенат Төрағасының Египетке жасаған ресми сапары кезінде Бейбарыс, Қалауын, Қайтбай сұлтандардың басына барып, зиярат еттік.
Сол сапардан келген соң Серікбай Трумов екеуміз сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Депутаттық сауалда Мысыр елін 17 жыл билеген Бейбарыс сұлтан туралы Араб тарихшылары Бейбарыс сұлтан басқарған кезеңді – «алтын жылдар» деп атайтынын, тарихшы Вильгельм Тайпольский: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезарьмен терезесі тең тұратын қаһарман» деген баға бергенін айттық. Бейбарыс әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтсақ та жеткілікті. Шын мәнінде, теңдесі жоқ тарихи тұлға.Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынас жақсы дамыды. Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыстың есімі ерекше аталады. Бейбарыс билігі тұсында салынған тарихи ескерткіштер күні бүгінге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр.
Каир қаласында Бейбарыс сұлтан салдырған мешіт бар. Бұл мешіт осы елдегі ең көрнекті әрі тарихи жәдігерлердің бірі. Зәулім ғимараттың аумағы 10 мың шаршы метр, ал тас қабырғаларының биіктігі – 11 метр.
Қайта қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды Мысырдың Араб ескерткіштерін қорғау комитеті 1960 жылдары қолға алған екен. Алайда тиісті қаражаттың жетіспеуі салдарынан мешітті бастапқы қалпына келтіру жұмыстары көбіне тоқтап қалып отырды. Соңғы реставрациялау жұмыстары 1993-1996-жылдардың кезеңінде Мысырдың белгілі «Сад әл-Әли» және «10-рамадан» атты құрылыс компанияларының қатысуымен өткізілді. Қос елге ортақ тарихи мәдени мұраны қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан тарапы белсене араласты. 2006 жылы Мысыр президенті Хосни Мүбәрактың елімізге ресми сапары Қазақстан-Мысыр қатынастарындағы нағыз бір бетбұрыс жасады. Өйткені Мысыр басшысы Мәскеуден басқа посткеңестік елде, оның ішінде Қазақстанда алғаш рет болды. Келіссөздер кезінде Каирдегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жобасын бірлесіп іске асыру туралы уағдаластық жасалды. 2007 жыл мешітті қалпына келтірудегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстандық тарап қайтарымсыз негізде 4 миллион 500 мың доллар бөлді. Көрсетілген сома 2007-2009 жылдар ішінде тең мөлшерде бөлінеді. Мешітті қалпына келтіру жөніндегі шығыстардың қалған бөлігін мысырлық тарап жапты. Мешітті қайта қалпына келтіру жұмыстары 2011 жылы қазанда аяқталуы керек еді, алайда екі революция салдарынан Мысырдағы саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты жұмыс тоқтатылды. Ғимарат құрылысы араға 7 жыл салып, 2018 жылы қайта жанданды. Былтыр Мысырдың Уақыфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұмамен кездесуде осы жағдайға назар аударып, қайта қалпына келтіру жұмыстарына басымдық беру мәселесі қозғалды. Мысыр тарапы бұл жұмысқа қосымша 2 миллион АҚШ долларын бөлетінін айтты және жобаның аяқталуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Депутаттық сауалда Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуын халықаралық дәрежеде атап өту үшін 2023 жылдың бюджетіне арнайы қаражат салуды; 1989 жылы совет-египет елдерінің «Совэкспортфильм» және «Эль Аламия» киностудиялары бірлесіп түсірген «Сұлтан Бейбарс» телефильмін араб және ағылшын тіліне аударып, Мысыр елінде көрсетуді; Президент тапсырмасына сай әзірленіп жатқан шетелдіктерге арналған тарих оқулығына Бейбарыс бастаған қыпшақ сұлтандары туралы деректерді қосуды; Египет елінің Бейбарыс сұлтан туралы 30 сериялық киносын қазақ тіліне аударып, халыққа таныстыруды; жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» пьесасын Мысыр сахнасына қоюды; екі елдің Ұлттық кітапханаларында Бейбарыс өмірінен сыр шертетін кітап және сурет көрмелерін ұйымдастыруды; Астана және Каир қалаларында Бейбарыс ескерткіштерін тұрғызу мәселесін қарастыруды талап еттік.
Сондай-ақ Бейбарыс бабамыз жайлы бір жылдары еліміздің арналарынан сириялықтар түсірген телехикая көрсетілді. Бұл телехикая көпшіліктің көңілінен шыға қоймады. Қазір еліміздің ұлы тұлғаларына арнап телехикая түсіру үрдісі жақсы жолға қойылып келеді. Осы бағытта араб және қазақ режиссерлері бірігіп, Бейбарыс бабамыздың өмір жолы мен қайраткерлігі жайлы телехикая немесе фильм түсіргені дұрыс. Атырауда Бейбарыс сұлтанның ескерткіші бар екенін бәріміз білеміз. Сол секілді Қалауын, Қайтбай сұлтандардың да еңселі ескерткіші бой көтерсе, құба-құп болар еді деген ұсыныс жасадық.
Дешті Қыпшақ даласынан әлемге жайылған жауынгер қыпшақтар Үндістан, Иран, Мысыр елдерінде бірнеше жыл билік құрды. Сондықтан Қазақстан тарихы оқулығына осы елдерді билеген, соның ішінде Мысырды үш ғасыр бойы билеген мәмлүк сұлтандары туралы арнайы тарау енгізу керек. Біз көбіне Бейбарыс сұлтанды ғана білеміз. Қалған сұлтандарды да қазаққа таныту қажет. Сол арқылы жас ұрпақтың бойына тарихқа деген құрмет, ел-жеріне деген отаншылдық, ұлтына деген сүйіспеншілік қасиеттерді сіңіре аламыз. Бұл бірінішіден, отаршылар идеологиясына қарсы күшті дәлел болмақ. Екіншіден, діни радикализмнің де алдын алады. Себебі Бейбарыс бастаған мәмлүк сұлтандары мұсылмандардың қос қасиетті мекені – Меккедегі Қағба мен Мәдинадағы Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің шырақшысы болып, Ислам дінінің айбынын асырған болатын. Біздің бабаларымыз сонау Араб түбегінде Исламға қызмет еткенін жастарға жеткізу арқылы оларды жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қала аламыз.
Мысырдағы мәмлүк сұлтандары салдырған, қазақ тарихы үшін маңызы жоғары, тозығы жеткен ғимараттарды, атап айтқанда, қыпшақтар салдырған мешіттер, медреселер, көпірлер, субұрқақтар т.б. қайта қалпына келтіруге мемлекет тарапынан жәрдем беру керек.
Мысырдағы қыпшақтарға қатысты жаңаша көзқарас қалыптастыру қажет. Кейбір тарихшылар оларды сатылған құлдар емес, жалдамалы жауынгерлер деген пікір айтып жүр. Олар Мысырда түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Бірқатары сұлтан дәрежесіне дейін көтерілді. Олардың жанкешті ғұмыры мен ерлігі жас ұрпаққа жігер беретіні анық. Сондықтан оларды халыққа көбірек таныту бағытында насихат жұмыстары жүргізілуге тиіс. Атап айтқанда, тарихи кітаптар, әдеби шығармалар, соның ішінде кино мен театрға арналған шығармалар көптеп жазылуы тиіс. Осы бағытта Мысырға арнайы тур ұйымдастырып отандық ғалымдар мен қаламгерлердің ізденісіне дем беру маңызды.
Еліміздегі музейлерде Мысырдағы мәмлүк сұлтандарына арналған бірде-бір бұрыш жоқ. Сондықтан қыпшақ сұлтандарының жәдігерлерін сатып алып немесе көшірмесін алдырып, еліміздегі негізгі музейлерден Бейбарыс бастаған сұлтандардың бұрышын дайындағанымыз абзал. Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы Британ музейінде Бейбарыс сұлтанның алтыннан жасатқан динарлары, Британ кітапханасында өзі жасатқан көне Құраны бар. Сол секілді АҚШ-тың Метрополитен музейінде Қайтбай сұлтанның тостағаны, Түркияның Топқапы сарайында сауыты, Вашингтон музейінде кілемшесі сақталған. Осы экспонаттарды немесе олардың көшірмелерін елге әкелу бойынша нақты жұмыс жүргізілсе, бұл шара ұлттық идеямызға серпін берері анық.
Мысырдағы қыпшақ сұлтандарына қатысты жазылған сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың көшірмелерін, электронды нұсқаларын алдырып ғылыми айналымға енгізу керек. Мәмлүктер кезеңінде жазылған қазақ тарихы үшін маңызы зор араб және қыпшақ ғалымдарының еңбектерін қазақшаға аударып кітап етіп шығару маңызды.
Кейбір араб тарихшылары мәмлүктерді кавказдықтар деп біледі. Алайда Барысбай, Белбай, Қайтбай, Жанболат, Тұманбай секілді сұлтандардың есімінің өзі көп нәрсені дәлелдеп жүр. Мұндай қазақи есімдер кавказдықтарда бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сондықтан араб-қазақ тарихшылары бірігіп, Мысыр мәмлүктерінің Дешті Қыпшақ даласынан барғанын дәлелдеп, бұл таласқа нүкте қойғаны дұрыс. «Қазақстанның Египеттегі елшілігі ұсынып отырған басқа да бірқатар ұсыныстарды зерделеп, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын өткізудің кешенді жоспарын тезірек жасауды сұраймыз» деген едік.
Депутаттық сауалымыздың нәтижесінде осы айтылған мәселелер Үкімет тарапынан қолдау тапты. Мешіттің ашылуын мысырлықтар мен қазақ елі көптен күткен еді. 8 ғасыр бұрын негізі қаланған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ елінің делегациясын бастап барды. Делегация құрамында сенаторлар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және зиялы қауым өкілдері болды. Салтанатты рәсімге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед Ат-Тайеб бастаған көрнекті дін өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жергілікті жамағат қатысты. Алдағы уақытта мешіт елдеріміз арасындағы байланыстың алтын арқауына және екі халықтың ортақ игілігіне айналатыны анық.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Қазақ даласында туып, Мысырда ел билеген әйгілі бабамыз Бейбарыс сұлтанның туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Бұл – екі ел үшін де маңызы зор оқиға. Сондықтан Қазақстан осы мерейлі датаның жоғары деңгейде аталып өтуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағытта 600-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың бірқатары Мысыр жерінде ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұлы тұлғаның есімін ұлықтайтын айтулы шараларға қатысу үшін Мысырға арнайы келдік. Бейбарыс сұлтан өз дәуірінде ержүректігімен және әділдігімен дараланған қолбасшы. Крестшілер жорығы мен моңғол шапқыншылығына тойтарыс беріп, бүкіл ислам өркениетін күйреуден құтқарып қалды. Мешіт, медреселер салдырып, Мысыр жерінде ғылым-білімнің дамуына даңғыл жол ашты. Каирдегі «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті ұзақ уақыт пайдаланылмай, қиранды қалыпта жатыр еді. Қалпына келтіру жұмыстарынан Қазақстан тарапы да қалыс қалмады, жан-жақты қолдау көрсетті. Сұлтан Бейбарыс 1266 жылы мәмлүк сәулет өнері үлгісінде «аз-Захир Бейбарыс» мешітін салуға әмір береді. Мысыр билеушісінің мақсаты – Мысыр тарихында Қыпшақ мәмлүктерінің орнын тайға таңба басқандай етіп қалдыру. Мысыр мен Шам елінің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мемлекет болатынына үмітпен қарап, пішіні төрт бұрышты мешіттің іргетасын қалауға бұйрық береді. Жергілікті халық бұл мешітті қамал деп те айтады. Айтуларынша, мешіт жобасы жергілікті тұрғындарға соғыс жағдайына да ыңғайлы етіп салынған. Бейбарыстың өмір тарихы ғылым үшін аса маңызды. Сол себепті оны зерттеу, дәріптеу қашанда өзекті. Осы ретте бұл конференция бейбарыстану ілімін ілгерілетіп, осы бағытқа тың серпін беретіні сөзсіз», – деді.
Шын мәнінде, Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта ашылуы Қазақстан мен Мысыр тарапы және екі елдегі мұсылман қауымы ұзақ күткен жаңалық.
Сенат Төрағасы сапар барысында Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып сөз сөйледі. Мысыр басшылығы мен халқына Президентіміздің алғысын және жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед Ат-Тайебпен және Мысыр Араб Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Вахаб Абдель Разекпен екіжақты кездесулер өткізді. Мәртебелі шейхпен сұхбат кезінде дінаралық және конфессияаралық диалогты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сенат Төрағасымен болған әңгімеде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жөнінде сөз қозғады.
Осы сапар алдында Мемлекет басшысының Жарлығымен екі елдің байланысын арттыруға зор үлес қосып келе жатқан және Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын атап өтуге атсалысқан Мысырдың бір топ мемлекет, қоғам және дін қайраткері Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталған болатын. Олардың қатарында бірінші дәрежелі «Достық» орденімен наградталған шейх Ахмед Ат-Тайеб және екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған Сенат Төрағасы Абдель Разек бар. Барлық наградалар марапат иелеріне салтанатты түрде тапсырылды. Бейбарыс сұлтан мешітін қалпына келтіруде белсенді жұмыс істеген Мысыр елінің бес азаматына «Шапағат» медалі табысталды.
Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығына орай Мысырда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Каирдың Опера театрында керемет концерт қойылды.
Сұлтан Бейбарыс – қазақ үшін ғана емес, күллі мұсылман әлеміне ортақ көрнекті тұлға, қаһарман қолбасшы, данагөй билеуші. Ол Мысырды билеген жылдарда оның экономикасын күшейтіп, әскери әлеуетін көтеріп, білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Осы себепті батырдың есімі жүздеген жылдар бойы тарих бетінде сақталып, ерекше құрмет пен айрықша ілтипатқа бөленуде. Көрнекті тұлғамыз сегіз ғасыр бойы Дешті қыпшақ даласы мен Мысыр арасындағы рухани байланыстың алтын көпірі болып келеді.
Мерейлі іс-шара аясында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Осындай алқалы жиын арасында мәмлүктанушы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Қайрат Сәки мырза мәмлүктанушы ретінде қыпшақ перзентінің өмір жолына қатысты пікір білдірді.
«1250-1382 жылдар арасында Египет, Сирия және Хиджаз жерін қамтыған түркі мемлекетiн 132 жыл басқарған Қыпшақ династиясының негiзiн қалаған Рукнуддин Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқдари ас-Салихи ан-Наджми әл-Айуби әл-Ханафи ат-Туркидің шыққан тегi жөнінде ортағасырлық тарихшылар бірауызды, алабөтен таластары жоқ, бәрі оның түркi, қыпшақ екенін жазады. Ортағасырлық тарихшылар Египеттегі Бейбарыс билігін өте жоғары бағалаған. Мәмлүктер сол кезде апаттың алдында тұрған мұсылман өркениетін күйреуден құтқарып, оның дамуына жаңа серпін берген. Оны бір ғасырдан астам уақыт Египет пен Сирияны билеп-төстеген қыпшақ әулетінің көрнекті билеушілерінің бірі Бейбарыс сұлтан жүзеге асырды. Ортағасырлық мұсылман тарихшыларының iрiсi әл-Мақризи: «Қорытып айтқанда, Бейбарыс исламның ең ұлы патшасы едi», – деген тұжырымы өте әділ баға. Сонымен қатар тарихшылар Бейбарыс 1261 жылы халифат туын Каир қаласында көтеріп, ислам дүниесiнiң қорғаушысы атағын алуға ұмтылған билеушiлердiң iшiнде мақсатына жете алған жалғыз сұлтан деп көрсетедi. Сол кезден бастап мәмлүктер ислам қоғамында өте биiк мәртебені иемдене бастайды», – деді.
Тұғырлы тұлға туралы тағылымды жиында баһадүр Бейбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілді. Белгілі ғалым Мехмет Түтінжі құрастырған ағылшын тіліндегі бұл кітап «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады. Жаңа кітапта сол кездегі тарихи жазбалар мен ескерткіштердегі тасқа басылған құнды дүниелер, тың деректер жинақталған. «Бейбарыстануға» қосылған үлкен ғылыми еңбек.
Баһадүр Бейбарыс бабамыз – ислам әлемінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қызмет қылған асыл дініміздің қорғаны.
Бейбарыс сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртады, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтіреді. Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орынына мешіттер салады.
Қайрат Саки мырзаның «Қазақ даласының перзентi – сұлтан Бейбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарыс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз», – дейді. Бізге осыған дейінгі «Бейбарыс» немесе ғалым ұсынып отырған «Байбарыс» есімі де жат емес. Халық қалай қабылдайды, солай болады.
Жыл басында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Бейбарыс сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Астанада Сұлтан Бейбарыс атындағы үлкен көше ашылды. Жыл соңына дейін үлкенді-кішілі алты жүз іс-шара өткізіледі. Соның бәрі ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған.
Бір сөзбен айтқанда, талай депутаттық сауал жасап жүрміз. Бірақ осындай нәтижеге жеткен, жауабы нақты мемлекеттік іс-шаралармен өрнектелген, мешіті қалпына келтіріліп, салтанаты Мысыр елінде Қазақстанның мәдени күндерін өткізуге ұласқан сауал да сирек шығар деп бір марқаятын жөніміз бар сияқты...
Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты