1397
Ғазиза Құдайберген: Кітап оқу трендке айналды
Ғазиза Құдайберген: Кітап оқу трендке айналды
«Жұрт қазір кітапханаға бара ма?», «Сирек қорымыздың халі нешік?» «Кітапханаға адам тарту үшін не істеуіміз керек?». Міне, осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызымен әңгімелескен едік.
Күніне 20-25 жаңа оқырман тіркеледі
Қазір қоғамда «Кітапханаға ешкім бармайды», «Кітапханаға баратын адамдардың қатары көбейді» деген екі түрлі пікір бар. Алғашқысын қасиетті ордаға мүлде бас сұқпайтындар айтады. Рас, оқырмандар қатары сирексіп кеткен жағдайлар болған. Алғаш телевидение пайда болған кезде «Бітті, енді ешкім кітап оқымайды» дегендер табылды. Бірақ кітапханаға келушілер саны азайған жоқ. Интернет, электронды кітап шыққанда да осындай әңгіме болды. Жаппай базар жағалап кеткен кезде тоқырау болғаны рас. Алайда ұлт есін жиған кезде тағы да кітапхананы тапты. Соңғы он жылда оқырман кітапханаға оралды. Кітап оқу трендке айналды. Әлем бойынша кітапханалар өз функцияларына өзгеріс енгізді. Ғимараттың өзін модернизациядан өткізді. Оқырманның талап-талғамы ескерілді. Біреуге классикалық үлгідегі, ал екінші біреуге америкалық open space түріндегі ашық алаңдар ұнайды. Коворкингті ұнататындар бар. Демек, бәрінің де көңілінен шығу керек.
Сан қуалағанды жақтырмаймын, бірақ біздің кітапханаға келушілер саны былтырғыға қарағанда 40 пайызға өсті. Күніне жоқ дегенде 20-25 жаңа оқырман тіркеледі. Аптасына 100-125 оқырманның тіркелуі – өте жақсы көрсеткіш.
Біздің кітапханамыз әу баста электронды кітапхана болып ашылған. Яғни, басында кітап жинайтын сөрелер қарастырылмаған. Кейін дәстүрлі түрде кітап жиналып, қазір екі бағытты да ұстап отырмыз. Жабылған кітапханалардан әкелінген, жеке авторлар ұсынған, кейінгі жылдарда мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар есебінен қазір 1,5 миллионға жуық қорымыз бар. Оның ішінде 13 мыңы – сирек қор. Жеке адамдардың қолжазбасы бар. Мысалы, Тұрсынбек Кәкішевтің, Шора Сарыбаевтың қолжазбалары бізде сақталған. Жеке библиографиялық көрсеткіш жасап, сайтқа қойып жатырмыз. Хасен Оралтайдың қолжазба, аудиожазбалары да сақтаулы тұр. Аудиожазбалары негізінде «Азаттықтан сөйлеп тұрмыз» атты кітабын шығарып, Алматыда таныстырылымын өткіздік.
Реставрация орталығы қажет
Сирек қор – біздің байлығымыз. Жұрттың Азия кітапханаларына қызығатын себебі неде? Өйткені оларда өте сирек кездесетін жауһарлар бар. Сондай баға жетпес құндылық бізде де бар. Онда біздің өткен тарихымыз жатыр. Мысалы, сирек кітаптар қорының жетекшісі Д.Дәуренбекова 4 мыңға жуық кітап пен құжаттан тұратын «1929-1940-жылдары жарық көрген латын қарпіндегі мерзімді қазақ басылымдары» безендірілген ретроспективті библиографиялық көрсеткішті әзірлеп ұсынды. QR арқылы оқи бересіз.
Өткен ғасырдың басында кітап шығару ісі жақсы дамыған. Мысалы кітап діни тақырыпта болса оған арнайы белгі қойылған. Алаштықтардың бүркеншік атпен аударған классикалық дүниелері бізде сақтаулы тұр. Қазір комикс деп жүрміз ғой, Жүсіпбек Аймауытұлы оның әкесіндей дүниені 1929 жылы-ақ жазып тастаған. Сенбесеңіз, келіп, «Жаман тымақ» атты әңгімесін оқыңыз. Жүз жыл бұрын жарық көрген балалар әдебиеті сақтаулы тұр.
Осы аптаның басында Алматы қаласында Ұлттық академиялық кітапхана, «Ғылым ордасы», Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Осы меморандум аясында жоғарыда аталған мекемелерде сақталған сирек кітаптар Ұлтттық академиялық кітапханасының http://kazneb.kz/ порталына енгізілетін болады. Мысалы «Ғылым ордасында» 100 мыңға жуық сирек қор бар. Оның 14 мыңға жуығының электронды нұсқасы дайын тұр. Соны порталға енгіземіз. Бұндағы ойымыз Қазақстан бойынша сирек қорлардың ортақ каталогын жасау, бір ізге түсіру, электронды нұсқасын қалыптастыру.
Сондай-ақ біз қазір Ресейдің Б.Ельцин атындағы Президенттік кітапханасымен, Ресейдің мемлекеттік кітапханасымен, А.Пушкин атындағы Омбы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Татарстан елдерінің ұлттық кітапханаларымен тізе қосып жұмыс істеп отырмыз. Онда біздің еліміздің тарихына қатысты көп дүниелер бар. Былтыр Санкт-Петербург кітапханасынан 76 құжат алдық. Қазір зерттеп жатырмыз. Бір жақсысы, орыс ғалымдары біздің жерімізге келген экспедиция ғана емес, жай тексеру жұмыстарының өзін хатқа түсіріп отырған. Онда біз үшін өте құнды деректер бар. Мысалы, Ақмола өңірінде жер атаулары қандай, аумағы қанша шақырым, жер бедері қандай, қанша халық өмір сүреді, байы кім, болысы кім, міне, осы деректер алдыңыздан шығады.
Тағы бір бағытымыз – түркі халықтарының ежелгі жазуына үңілу. Түркі академиясында өте құнды деректер бар. Түркия да бізбен тізе қосып жұмыс істеуге әзір отыр. Қазір 5 мемлекетпен келісіміміз бар. Міне, осылай ынтымақтаса қимылдай берсек, жоғымыз түгенделе береді.
Сирек қор туралы айтып қалдық қой, оны сақтап қалу оңай дүние емес. Бәрін порталға орналастыру керек, әрине. Бірақ түпнұсқаларын да сақтаған жөн. Ол үшін реставрация орталығы керек. Ол арнайы құрылғылармен қамтылуға тиіс. Мысалы арнайы желдеткіші, арнайы желімі болуы керек. Белгілі бір температура сақталуы қажет. Міне, сол орталықты салу – арманымыз. Түркияға барғанда көріп қатты қызықтым.
Осы жерден тағы бір проблема шығады. Ол – маман даярлау мәселесі. Бізде бірнеше оқу орнында кітапханашылар даярланады. Ұлттық кітапхананың базасында мамандар әзірленеді. Бірақ бұл – аз. Мысалы, біздің сирек қор бөлімінде 3 маман жұмыс істейді. Олардың мойнына жүктелген жұмыс өте ауыр. Мысалы реставрация орталығы құрылса, маман керек болады. Шетелде осы мәселелер жіті зерделенеді. Мол тәжірибесі бар Иранда сирек мамандық иелерін ұлттық кітапхана базасында даярлайды екен. Олар бізге қолұшын беруге әзір.
Қоғамдық лекциялар оқылуы керек
Біз ел боламыз десек, кітапханаларда қоғамдық лекциялар оқылуы керек. Кезінде Мұхтар Әуезовтің, Зейнолла Қабдоловтың дәрістерін басқа факультеттердің де студенттері келіп тыңдағаны жөніндегі аңыздар бар. Қазір де жоғарғы оқу орындарында жақсы ғалымдар аз емес. Көп түлек кейін неге біз сол кезде лекцияларға толық қатыспадық екен деп өкініп жатады ғой. Қайтадан бара алмайсыз, өйткені, сізді кіргізбейді. Ол дәрістерді студенттер ғана тыңдай алады. Демек, ересектер үшін ЖОО-ның орнын кітапхана басуы керек. Бізде әр салада өте мықты мамандар бар. Олардың әлеуетін пайдалануға міндеттіміз. Мысалы, қазір біздің кітапханада мықты әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы дәріс оқиды. Жазып алып YouTube арқылы таратамыз. Әлем әдебиетін терең білетін һәм оған талдау жасай алатын оның лекциялары әдебиетшілер үшін таптырмас қазына. Қажет кезінде ал да тыңда.
Қазір заң саласы сұранысқа ие. Бізде заң нормаларын қарапайым халыққа түсінікті жеткізетін маман аз. Алматыдағы Жамбыл кітапханасының директоры болып істегенімде белгілі заңгерлерді тарта отырып, аптасына екі рет «Заң кеңесін» ұйымдастырдық. Адам ағылып келетін. Жақында белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан кітапханамызға келіп лекция оқыды. Сұрақтың көптігі сондай, межелеген уақыт жетпей қалды. Демек, сұраныс бар. Абзал Темірғалиұлымен алдағы уақытта дәрісті жалғастыру жөнінде келісіп отырмыз.
Құдай бізге Димаш Құдайберген секілді керемет талантты берді. Димаштың арқасында бізге бүкіл әлем көз тігіп отыр. Мәдениетімізді біліп, болмысымызға үңілгісі келеді. Осы мүмкіндікті біз де пайдалануымыз керек. Біздің белсенді оқырманымыз Жандос Каринбаевтың ұйымдастыруымен жақында кітапханамызда поляк археологы, египтолог, профессор Йонна Гжыбовска-Попельска «Мысыр перғауындары құпияларының кілті» атты тамаша дәріс оқыды. Бұл ғалым Димаштың Польшадағы фан-клубының мүшесі екен. Әншінің әр қадамын бақылап отыр. Оның халқы туралы көбірек білгісі келеді...
Ғалымның лекциясының қызықты болғаны сондай, жас ғалымдар, археология факультетінің студенттері тапжылмай отырды. Көп сұрақ қойып, қызу пікірталас өрбіді. Бір-бірімен ақпарат алмасты. Йонна Гжыбовска-Попельска ханым Димаштың еліне келіп, қазақ халқы туралы мол мағлұмат алса, біз де оның сапарын өз пайдамызға жарата алдық. Ғалым бізге екі зерттеу кітабын қалдырды.
Жақында Қырғыз Республикасына барғанда Орталық Азия ғылыми-зерттеу институтының басшысы Әлішер Икрамов мырзамен кездестім. Нағыз ғалым. 137 құжат алып келдім. Болашақта ол кісі де бізге келіп дәріс оқиды.
Жоғарыда үш дәріс туралы айттық. Көріп отырғаныңыздай, үшеуі үш бағыттағы дүние. Үшеуі де өз саласының мықты мамандары. Тыңдаушылар да өте көп келді. Демек, қоғамдық лекциялар керек. Олар және әртүрлі тақырыпта болуы қажет. Мысалы, бізге дін саласын терең зерттеген теологтардың дәрісін тыңдаған артық болмас еді. Әрине, дін – өте нәзік мәселе, біз бұл ретте өзіміздің құзырлы органдармен ақылдасамыз. Өйткені артық қыламыз деп тыртық қылып алмауымыз керек. Осылайша, қоғамдық лекцияларды бірте-бірте халықаралық деңгейге көтеруіміз қажет. Әлемнің мен деген ғалымдары біздің кітапханамызға келіп дәріс оқуға тиіс. Әрине, олар тегін келмейтіні анық. Жатақ жайы тағы бар. Қазір осы мәселені шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін барлық елдердің Қазақстандағы елшіліктеріне шығып, меморандум жасастық. Көп ұзамай нәтижесі көріне бастайды деп ойлаймын.
«Қияли» балаларды шеттетпейік
Қазір бүкіл әлем Қытайдың экономикалық секірісіне таңғалып жатыр. Ол туралы ғылыми еңбектер де жазылды. Расында да, Қытай озық технологияға иек артты. Соның арқасында ғаламат жетістіктерге жетіп жатыр. Ал осының бастауында кітапхана тұр десем, сенесіз бе? Бұл – менің емес, ғалымдардың байламы. Қытай қаламгерлері әлемдегі ғылыми-фантастикалық дүниелердің бәрін аударыпты. Өздері де осы жанрға ерекше ден қойған. Соның арқасында ғылымға ден қойған жастардың саны күрт артыпты. Баланың қиялы кейін нақты ғылымға айналды. Қытайдың кітапханаға бөліп отырған қаржысы сұмдық. Яғни, мемлекет өзінің болашағына инвестиция салып отыр. Біз де баланың қиялын шектемеуіміз керек. Қайта қолтығынан демеп, қанаттандырып отыруымыз қажет. Рүстем Сауытбай деген жас фантаст-жазушы бар. Жақында кездесу өткіздік. Бір қызығы, балалар көп келді. Әдеттегідей «жинап алған» көрермен емес, Рүстемнің шығармаларын оқып өсіп келе жатқан балалар. Алған әсерін сурет қылып салып келгендер бар. Әр кейіпкері туралы егжей-тегжейлі сұрап автордың есін шығарды. Оқырманның сұранысын ескере отырып, біз Рүстем Сауытбайдың фан-клубын аштық. Қазір белсенді жұмыс істеп жатыр.
Бізде Еуропа құндылықтарға самарқау қарайды деген түсінік бар. Жоқ, керісінше олар өте мұқият қарап, қолда бар дүниелерден айырылып қалмауға тырысады екен. Мысалы, алдағы уақытта Еуропада көркем әңгіме айта алатын адамдарға сұраныс болады деген болжам бар. Бізде де бір кезде жырауларға, қисса айтатын адамдарға деген ықылас бөлек болды ғой. Енді сол үрдіс Еуропаға келіп жатыр. Өйткені қазір әңгіме айтатын адам азайып барады. Тыңдаушының да деңгейі төмендеп кетті. Жақында Дубайда жасанды интеллект жазған кітаптар сөреге қойылды. Сарапшылар оларды көп редакциялаудың қажеті болмағанын айтып отыр. Демек, алдағы уақытта адам өз табиғатынан айырылып қалмауы үшін күресуі керек. Күрестің бір жолы – өз ұлтыңның болмысын бойыңа сіңіру. Біздің кітапханада балалар бөлімі бар. Сол бөлімге әжелеріміз келіп ертегі айтады. Зира Наурызбаеваның «Бату және оның достары» клубы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ «Әке мен бала» клубын аштық. Балалар демалыс күндері әкесімен бірге кітапханаға келеді. Апта сайын 20-30 әке мен бала кітапхана есігін ашады. Бір ғажабы, балалар осы күнді асыға күтеді екен. Сырт көзге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл – өте үлкен дүние. Бала үшін әкесінен артық әулие жоқ. Кітапхана есігін ашқан жасөспірім дүниенің кілті – білімде екенін түсінеді. Сосын алға ұмтылады.
Ирандық Әли деген бала үнемі кітапханаға келіп жүреді. Ақылдаса келе, Әли бізден демалыс күндері тегін негізде ағылшын тілін үйрететін курс ашты. Бұл курсқа жазылғандардың қатары көп.
Қазір әлемде кітапханалар трансформациядан өтіп жатыр. Мысалы Америкада кейбір кітапханаларға кіру үшін тұрғындар таңғы 5-тен бастап кезекке тұрады екен. Өйткені бос жұмыс орындарының базасы кітапханаға орналастырылыпты. Бізде облыстарда Мәдениет үйінің ішінде жұмыс істеп жатқан кітапханалар бар. Амалсыздың күні. Болашақта цифрлық сауаттылық, медиа сауаттылық, тіл үйрену курстарын кітапханаға тоғыстыру керек. Бұл да кітапханаға адам тартудың бір амалы. Жалпы кітапханаға оқырманның баруы, олардың қатарының көбеюі кітапхананың ғана емес, ұлттың, мемлекеттің мәселесі. Осыны жіті түсінген жөн.
Tik Tok-та бізді 80-100 мың адам қарайды
Бұрын кітапханада әлеуметтанушылар жұмыс істейтін. Қазір, өкінішке қарай, жоқ. Қандай кітап оқылады, қай жастағылар белсенді кітап оқиды, қай бағыттағы кітаптар сұранысқа ие деген мәселелерді жіті зерттеп отырған абзал. Жастарды қолдау керек. Біз «Жаңа заман әдебиеті» деген атпен байқау ұйымдастырдық. Әлеуметтік желі арқылы насихаттадық. Дауыс беру нәтижесінде қорытындысын шығардық. Енді оны жетілдіре түсу керектігіне көзім жетті. Тым оңайлатып жіберген секілдіміз. Мысалы, «Меценат кz» қазір байқау ұйымдастырып жатыр. Дауыс беру үшін әуелі сайтқа тіркелу керек. Автор ұнайды екен деп дауыс бере алмайсыз, міндетті түрде шығармасын оқып шығып, пікір қалдыруыңыз қажет. Соны істегеннің өзінде дауыс бере алмай отырмын. Дауыс берудің тым жеңіл немесе тым ауыр болғанын қаламаймын. Екі ортасынан жол табу керек.
Әлеуметтік желі – әр мекеменің айнасы. Айнамыз жарқырап тұру үшін оны дұрыс пайдалануымыз керек. Мысалы, біз Tik Tok-қа тіркелдік. «Сирек кітаптар сөйлейді», «Кітаптайм» атты жобаларымыз 80-100 мың қаралымға ие болды. Демек, қоғамда жақсы дүниеге сұраныс бар. Біз тек ұсына білуіміз керек.
Біз осы тәжірибемізді жақында «Мәдениет. Кітап. Білім. Тіл» тақырыбында өткен фестивальде еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық кітапханашылармен бөлістік. «Фолиант», «Мұқаба», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Абай», «Эльдорадо», «Астана-кітап» секілді баспалардың көрме жәрмеңкесін көрген, түрлі кездесулерден қуат алған олар бізге осындай жүздесулерді жиі ұйымдастыру жөнінде өтініштер жасап жатыр.
Мұндай кездесулер, әрине, керек. Бірақ кез келген шараны кітапханада өткізе беру де абырой әпермейді. Мерейтойларды өткізудің де жаңа форматын қарастырған жөн секілді. Мысалы, баяндама жасаған адам авторды мақтамай, шығармасының ерекшелігіне тоқталса, оқырманның да ықыласы күшейе түсер еді. Оқырман сол кітапты іздеп кететіндей болуы керек қой.
Жазып алған Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ