Ұлытауда ұстаздар оқушылармен бірге «Багги» көлігін құрастырды

Ұлытауда ұстаздар оқушылармен бірге «Багги» көлігін құрастырды

Ұлытауда ұстаздар оқушылармен бірге «Багги» көлігін құрастырды
ашық дереккөзі
50253
Ұлытау ауданы оқушылар үйінің «Бастапқы техникалық модельдеу» үйірмесінің жетекшісі Қазбек Мұқанов оқушылармен бірге «Багги» деп аталатын спорттық автокөлік құрастырды деп хабарлады turkystan.kz. Сағатына 50-60 шақырым жылдамдықпен жүретін жол талғамайтын «Багги» әр техника құралдарынан жиналған. Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, көліктің бұрылыс механизмі ВАЗ-2109 машинасынан, дөңгелектері квадрацикл, моторы мотоциклден алынған. Дыбыс сигналы, фарлары бар көлік – туристерге таптырмайтын қозғалыс құралы. Үйірме жетекшісінің айтуынша, «Багги» Ұлытау тауларын аралауға ыңғайлы, жанармайды да көп қажет ептейді.
«Бұған дейін оқушылар шағын модельдермен айналысып, машина, ұшақ жасап жүрді. Былтырғы оқу жылында веломобиль жасап, оқушылармен бірге моторлы машина құрастыруды ойға алған болатынбыз. Дәнекерлеу жұмыстарын өзім жасадым, оқушыларым Темірлан Серік, Шерхан Қуаныш және Ерсұлтан Боранбай детальдарын құрастырып, бояуға көмектесті», - дейді үйірме жетекшісі Қазбек Мұқанов.
Ұстаз бен оқушылар «Багги» спорттық көлігін 2 айда құрастырып шыққан. Ықшамды әрі ыңғайлы техника көптің қызығушылығын тудырып, «Бастапқы техникалық модельдеу» үйірмесіне жазылуға ниетті ер балалар қатары артқан. Ұлытаулық ұстаз шәкірттерін техникаға баулып қана қоймай, осы істі дамытып, өңір туризміне де үлес қосуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары