402
Жол картасының аясында 55 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр
Жол картасының аясында 55 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр
AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов журналистерге берген сұхбатында биылғы жылы Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша Жол картасының аясында 55 инвестициялық жоба жүзеге асып жатқанын хабарлады. Оның ішінде 46 ет фермасы, 3 сүт тауар фермасы, 3 өсімдік шаруашылығында және қайта өндіру саласында 3 жоба қолға алынған.
3 ауысымды мектепті жою үшін облыс бойынша 2 мектеп (Қосшы қаласында – 1200 орындық, Жібек жолы ауылында – 1300 орындық) салынады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5 мектеп және 2 қосымша ғимараттың салынуы жоспарланған. 22 мектепке, 1 мәдениет үйіне, 1 спорт нысанына күрделі жөндеу жүргізілмек.
Целиноград ауданы Ақмол ауылында аудандық аурухана салына басталды. Жыл аяғына дейін тағы 3 денсаулық сақтау нысаны салынады деп жоспарланған. Жол картасы аясында биылғы жылы 600 мың шаршы метр баспана салынса, 200 шақырым жол жөнделеді. 100 шақырым су құбыры, 130 шақырым электр желісі мен 10 шақырым жылу құбыры да жөндеуден өтпек. Берген Маратұлы Жол картасының орындалуы партияның қатаң назарында екенін атап өтті.
Сайлау қорытындысы бойынша Ақмола облысында 265 депутаттық орынның 209-ын партия жеңіп алды. Бұл барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 78,9 пайызды құрайды. Облыста отыз бес партиялық бақылау бекеті ашылды, оған алпыс екі белсенді партия мүшелері кіреді. Жұмыс істеп тұрған 35 посттың 17-і өз қызметін аяқтап үлгерді, 18-і жұмыста. Азық-түлік, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмектің де бағасы партиялықтардың назарында. 19 наурыздан бері мониторингтік топтар 400-ден астам халық тұтынатын тауар бағасына бақылау жүргізген.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,2 млрд. теңге бөлінген. Шілде айынан бастап «СПК «KOKSHE» арқылы жүзеге аса бастайды. «Жер аманаты» жобасы аясында өңірімізде 302 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды. 2023 жылы 200 мың гектар жер қайтарылмақ. Партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен 1 157 өтініштің 52 пайызы оң шешімін тапса, қалғаны шешілу үстінде.
Атқарушы хатшы өңіріміздегі барлық мәселе Жол картасына кіріп, партия басшылығы мен фракция депутаттарының тікелей бақылауында екенін айтып өтті.