1111
ОҚО-да сатылатын малдар қатаң тексерілмек
ОҚО-да сатылатын малдар қатаң тексерілмек
Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы сатылатын малдарды қатаң тексеруге алмақ. Бұл аймақтағы мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында қолға алынатын шара.
Облыстық прокуратураның ҚазАқпарат тілшісіне берген мәліметтеріне сүйенсек, тек соңғы 5 жылдың ішінде облыста мал ұрлығына қатысты 9 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, ұрланған малдың саны 35 мыңнан асып кеткен. Осылайша барымташылар оңтүстік тұрғындарын ең негізгі күнкөріс көзінен айырған.
«Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасы аясында ұрланған малдың саудаға салынуы және олардың еті мен өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мақсатында қадағалаушы орган өкілдері Түлкібас ауданында - 4, Түркістанда - 2 және Созақ ауданында - 1 ветеринарлық бекеттерінің ұйымдастырылуына мұрындық болды.
«Мақтаарал, Қазығұрт ауданы прокурорларының ұсынысымен жергілікті бюджеттен «Сақшы» тобын құруға және стационарлық бекет орнату үшін тиісті қаржы бөлінді. Сонымен қоса, Сарыағаш ауданында, мал басын бірдейлендірілуін тексеруге арналған техникалық құралмен жабдықталған 5-жылжымалы бекет жұмыс жасауда. Ауданның ең ірі мал базарында онлайн режимде жұмыс жасайтын 4 бейнебақылау камерасы орнатылған», - дейді облыс прокукорорының орынбасары Әбіл Қожахметов.
Маманның айтуынша, соңғы жарты жыл көлемінде мал басын заңсыз тасымалдаудың 100 фактісі анықталып, 10 тоннадан астам ет өнімдері саудадан алынған. 20 мал базары иелерімен келісім-меморандумға қол қойылып, иесіз жүрген малды уақытша ұстайтан 13 орын құрылды. ветеринария саласы бойынша 58 лауазым иесінің тәртіптік жауапкершілігі шешілген. Бұл шаралардың арқасында өңірде мал ұрлығы 37,5 пайызға төмендеген.