Думан Рамазан: «Жошы ханның» жолы болды!

Думан Рамазан: «Жошы ханның» жолы болды!

Думан Рамазан: «Жошы ханның» жолы болды!
ашық дереккөзі
1502
Маусымның 22-24 күндері аралы­ғында қатарынан үш күн Астана­да­ғы Қалибек Қуанышбаев атындағы қа­зақ мемлекеттік академиялық му­зы­ка­лық драма театрында «Жошы хан» спек­так­лінің тұсаукесері өтті. Алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып кө­ріп, оң бағасын берді. Біз осы орайда «Жо­шы хан» тарихи драмасының авторы, та­лантты жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Думан Рама­зан­ға жолығып, пьесаның жазылуы мен сахналануы жайында аз-кем әңгімелескен едік. – Думан Әмірғалиұлы, «Жошы хан» та­ри­хи драмасын жазуыңызға не түрт­кі болды? Бұл өз қалауыңыз ба, жоқ әл­де, тапсырыспен жазылды ма? – Мен тапсырыспен көркем шығарма жаз­­­бай­мын. Өздеріңіз білесіздер, бұдан бұ­рын «Кенесары – Күнімжан», «Абылай хан­ның арманы», «Керей – Жәнібек» тари­хи драмаларын жаздым. Олардың барлығы театр сахналарында қойылды. Енді осы хан­дар тақырыбын Жошы ханмен түйін­де­гіміз келді. Себебі Жошы хан жалпы қа­зақ хандарының түп атасы, ұлы бабасы. – Жалпы, хандар тақырыбына қа­лай келдіңіз? Ең алдымен, осы жайын­да аз-кем айтып өтсеңіз? – Алдымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін алып империямен жан аямай алысып, сол қасиетті жолда ғазиз басын құрбан ет­кен ұлы Кенесары бабам туралы жаздым. Ұлы ханның асыл сүйегін іздедім. Рухын жоқ­тадым. Сол асқақ рухтың қайта орал­уын аңсадым. Қазақ ұлтының асқақ рухы Кенесарымен бірге құрдымға кеткендей, жоғалғандай, өшкендей көрінетін. Үш ғасыр талмай жырлаған өтірік «достықты» быт-шыт қылғым келді. Қазақтың Ресейге өз еркімен қосылмағанын дәлелдегім келді. «Ұлы» халықтың қазаққа жасаған жауыз­ды­ғын, озбырлығын, зұлымдығын, қиянат-қысастығын барынша ашып көрсеткім келді. Олардың қазаққа жаны ашыған жоқ, кең-байтақ жерін тартып алып, ұлт ретінде жойып жібергісі келді. Отарлауды шо­қын­дырудан бастады. Кенесары көтерілісінен кейін отаршылдар қазақпен байқап сөйлесу керегін түсініп, бұндай ашық зор­лық-зомбылықтан еріксіз бас тартты. Жы­мыс­қылық, аярлық әрекетке көшті. Бәрі­бір ойын­дағыларын толық жүзеге асыра алмады. Кенесары бабам тірі кезінде де, тіп­ті о дүниеге аттанып кеткеннен кейін де «ұлы» халыққа ойындағысын толық жү­зе­ге асыруға жол бермеді. Дегенмен сол бір асқақ рух әлсіреп, білте шамдай сығырайып, сөнуге шақ қалды. Қазақтың Құдайы бар... Қол­дады... Тәуелсіздік алдық... Құдайға тәуба! Істі неден бастау керек еді?.. Абдырап қалдық. Өйткені рухымыз әбден жан­шыл­ған, жанышталған, езілген. Кенесары ба­бам­ды іздеу, жоқтау, жазу сол үшін керек бол­ды. Қазаққа ұлы ханның асқақ рухын оралтқымыз келді. Қайсарлықты, ерлікті, батырлықты дәріптегіміз келді. Сол се­беп­тен де Абылай хан, Керей мен Жәнібек хандар туралы жаздым. Енді міне соларды осы Жошы хан туралы шығармамен түйін­деп отырмыз. Жалпы алғанда хандар та­қы­рыбын қазақ халқының тарихы туралы баян деп түсінген абзал. – Сөзіңіз аузыңызда, сіз жақында «қазақ хандығының тарихын Жошы ұлы­сынан бастау керек» деп, Пре­зи­дентке ашық хат жаздыңыз. Бұған қандай жауап алдыңыз? – Әзірше ресми жауап келген жоқ. Де­ген­мен өткенде Президент әкімшілігі бас­шы­сының орынбасары Аида Балаева ха­ным­мен Қаллеки театрында кездесіп, азы­рақ тілдесіп қалдым. «Тарихи драмаңыз жақсы шығыпты. Айтар ойы, сөздері қан­дай тамаша?! Біз келесі жылы Ал­тынор­даның 800 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл мә­селені өзіңіз де көтеріп жүрсіз. Бәрін кө­ріп-біліп, қадағалап отырмыз», – деді Аида Ғалымқызы қолымды қысып тұрып. Шы­нында да, келесі жылы Жошы ханның тақ­қа отырғанына 800 жыл толады. Бұны қаз­ақ хандығының 800 жылдығы ретінде атап өткен жөн. Сонда әділеттілік орнайды. Се­бебі Жошы ұлысы – протоқазақ мем­ле­кеті, бүгінгі Қазақстан. Оны құрған қазір­гі қазақ құрамындағы ру-тайпалар. Біз со­лар­дың тікелей мұрагеріміз.  width=– Спектакльге Президенттің өзі ке­ліп, оң бағасын берді. Қандай сезімде бол­дыңыз? – Жазған шығармаңды Мемлекет бас­шы­сының өзі келіп көріп, оң бағасын бер­се, әрине, қуанасың ғой, әсерлендім. Мерей­лендім. Ол үшін Президентімізге мың ал­ғыс. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қа­ринге, Президент Әкімшілігі басшысы­ның орынбасары Аида Балаеваға, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа және басқа да мемлекет, мәдениет, өнер, әдебиет қай­рат­керлеріне айтар алғысым шексіз. Сонымен бірге жедел-қабыл хабар таратқан БАҚ өкіл­деріне де ризашылығымызды біл­діремін. – Спектакль үш күнде де аншлагпен өтті. Көрермендердің көңілінен шық­қа­нын әлеуметтік желілердегі жаз­ба­лардан көріп-біліп отырмыз. Өз көңі­ліңіз­ден шықты ма? – Әрине. Атақты режиссер Болат Ұза­қов театр өнерінің майын қанып ішкен май­­­талман маман ғой! Шығармамызға жан бітір­ді, көрік кіргізді. Керемет қойды. Тіпті, көңілдегіден де асырып жіберді. Жазған шы­ғармаңның жақсы-жаман шығуы ре­жис­сердің таланты мен қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Ол үшін Болат досқа алғыс айтамын. Өзіңіз айтпақшы, көрер­мен­дерге де ұнаған секілді. Жазған шығар­маң­ның дарынды режиссердің қолына түсуі де бір бақыт қой! Бұл тұрғыдан ал­ғанда, шығармамның жолы болды. – Шынында да, режиссер Болат Ұза­қовпен мықты тандем бола біл­діңіз­дер. Оны жұрттың бәрі айтып та жүр. Осының құпиясы неде? – Болат Ұзақовпен жұмыс істеу өзіме ұнай­ды. Жаны жайсаң азамат. Мінезі көр­кем, сабырлы, салмақты. Білім-білігі мен тә­жірибесі мол. Көп ізденеді. Тақырыпты терең игеруге тырысады. Шын жүйрік, хас та­лант. Бұдан бұрын да бірлесе жұмыс істегенбіз. «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тари­хи драмаларымды да алғаш Бөкеңнің өзі қойған. Ұрыс-керіс, кикілжің ешқашан бол­ған емес. Бәрін келісіп істейміз. Біріміз­дің айтқанымызға екіншіміз құлақ аса бі­леміз. Түсінісе аламыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, нені болсын ақыл­дасып-кеңесіп шешеміз. Ең бастысы осы. Жалпы, Бөкең мықты режиссер ғой! Ұлтын сүйетін азамат. Ұлттық рухты жоғары кө­тер­сек дейді. Сол бағытта тынбай еңбек­те­ніп жүр. Осы қасиеті ерекше ұнайды. Ұлтқа қыз­мет еткіміз келеді. Ұлттық дүниелерді кө­бірек қаузайтынымыз да сол. Бізді та­быстырған да осындай рухани үндестік қой деп ойлаймын. Жазған шығармаңды Бө­кеңдей аса дарынды режиссердің сах­налауы да бір бақыт. Жетпей жатқан жерің­ді өзі-ақ түзеп-күзеп, жеткізіп жібереді. Осы тарихи драмамды сахналау барысында бір-ақ рет қана қарама-қайшы көзқараста бол­дық. Шығармам бойынша ең аяғында Шың­ғыс хан жендеттерін жіберіп, Жошы­ны өлтіртеді. Яғни, трагедияға ұласып ке­теді. Тарихи драмамдағы бүкіл интри­га­ны соған құрып едім. Ал Бөкең Жошыны өл­тір­гісі келмеді. Хан сайлануымен аяқ­та­ғы­сы келді. Осы арада көзқара­сымызда сәл-пәл қиғаштық болды. Содан Бөкең: «мен осылай қояйын, басқа режиссер басқаша қояр» деді. Сөзге тоқтайтын адаммын. Ке­лістім. Көрдіңіздер, сәтті шықты. Көрер­мендер де жылы қабылдады. Ең бастысы да осы емес пе?!.  width=– Артистердің ойынына көңіліңіз тол­ды ма? Өздері кейіптеген тарихи тұл­­­­­­ғалардың көркем бейнелерін өз дең­гейінде шығара алды ма? Сахна­да­ғы Шыңғыс хан (Асылбек Қапаев пен Жанқалдыбек Төленбаев) мен Жошы ханға (Қайыржан Садықов) қандай баға бересіз? – Асылбек Қапаевтың Шыңғыс ха­ны­нан бәлендей олқылық байқамадым. Өте сәтті ойнап шықты. Жанқалдыбек Төлен­баев та жақсы ойнады. Бөліп-жара алмаймын. Қайыржан Садықов Жошы хан­­ның көркем бейнесін сәтті сомдады. Жас дарынның таудай талабы мен шебер­лігіне риза болдым. Жошы сынды тарихи тұл­ғаның рөлін ойнау оңай емес. Әрине, әлі де ысылу, ширау, ширығу керек. Қайыр­жаннан болашақта мықты сахна саңлағы шығарына бек сенімдімін. Болашағы зор екен. Құлан қатынның, Бектомыштың, Ша­ғатайдың, Үгедейдің, Төленің, Көкеш бақсының көркем бейнелері де сәтті шық­ты. Артистердің бәріне ризамын, алғысым шексіз. Жеке өзімнің ғана емес, қалың кө­рер­меннің көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Жалпы, халық жылы қабылда­д­ы. Ең басты қуаныш та осы. – Әрине, Жошы хан туралы тарихи шы­ғарма жазу оңай емес. Қандай та­ри­хи еңбектерге сүйендіңіз? – Шыңғыс хан мен Жошы туралы жаз­ба­лардың бәрін сүзіп шықтым. Ғылыми ең­­бектер мен көркем шығармалардың бар­лы­ғын оқыдым. Кинофильмдердің бәрін көрдім. Әрине, Шыңғыс хан туралы жаз­балар өте көп, ал Жошы туралы дерек-дәйек­тер тым тапшы. Міне, осы жағынан сәл-пәл қиындықтар туды. Оның үстіне бұрын­ғыларға еш ұқсамайтын өз Шыңғыс ханым мен Жошы ханымды жасағым келді. Сондықтан да бұл шығармада айғай-сүрең­ге, атыс-шабысқа, соғысқа мүлде жолама­дым. Негізінен, Шыңғыс хан мен Жошының ада­ми қадір-қасиеттерін, болмыс-бітім­дерін, пенделік құпия-сырларын, көзқарас қай­шылықтарын көбірек көрсетуге ты­рыс­тым. Кез келген туындыда кейіп­керің­нің жан дүниесін қойма қопарғандай аша ал­саң, ол міндетті түрде халықтың жанын тер­беп, жүрегіне жол табады.  width=– Спектакльді көрдік. Шыңғыс хан­ды тым қатыгез, Жошыны тым мейір­бан етіп жіберген жоқсыз ба? Жошы да көптеген елге шабуыл жасап, қала­лар­ды қанды қырғынмен басып алып, хал­қын бұғаулаған баһадүр емес пе? – Соғыс шығынсыз болмайды. Жошы­ның да қылышын қанға малғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ әр нәр­сенің шегі болады. Шектен шықпауға ты­рыс­қан. Мәселен, Шыңғыс хан қарсылық көр­сеткен қаланы жермен-жексен етіп, хал­қының бірін қалдырмай қырып салуға бұйы­рып отырған. Сонда басқа қалалардың халқы қорыққандарынан қарсылықсыз бері­леді деген ойы болған. Қарсыласса аяу­шылық болмайтынын білсін, ұғынсын деген. Шынында да, осыдан кейін көптеген қалалардың халқы қорыққандарынан қақпаларын қарсылықсыз ашып отырған. Ал Жошы қару кезенгендерді ғана жазалап, қарапайым халыққа, бала-шағаға тиіспеуді дұрыс санаған. «Олардың не жазығы бар?» деп ара түскен. Яғни, бірін қалдырмай қыру­ға, бар нәрсені қиратып-бүлдіруге қар­сы болған. Сол үшін әкесі Шыңғыстан та­лай мәрте сөз естіген. Бұл Жошының көркем бейнесін зорайту емес, шындық. – Шығармаңызда Шыңғыс ханның бәй­­бішесі Бөрте ханым жоқ қой? Жошы, Шағатай, Үгедей, Төледей төрт ұлды дүниеге әкелген ана бейнесі неге көр­сетілмеді? – Біз барынша жаттандылық пен біріз­ді­ліктен бойымызды аулақ салуға ты­рыстық. Пьесамыздың алғашқы нұсқасын­да Бөрте ханымның образы бар еді. Кейін ойлана келе мүлде алып тастадық. Ешкімді, еш­теңе­ні қайталағымыз келмеді. Оның ор­нына Құлан қатын мен Жошының бәй­бі­шесі Бектомыш қатынды кіргіздік. Жал­пы, қауым Құлан қатынды шет жағалап білер, ал Бектомышты біле қоймас. Атақты Көкеш бақсыны да кіргізгеніміз сондықтан. Мей­лінше жаңаша жазуға, жаңалық жа­сауға тырыстық. Сонымызбен ұттық қой деп ойлаймын. Мәселен, «Кенесары – Кү­нім­жан» тарихи драмамызда ханның жан жары – Күнімжанның бейнесін айшықтап жасадық. Яғни, Күнімжан анамызды жал­ған­ның жарығына алып шықтық. Одан бұ­рын көп ешкім біле бермейтін. Осы спек­такльді көрген адамдардың қыздарына Күнім­жан деп есім қойғанын өз көзімізбен көрдік, талай мәрте естідік. Тіпті, біреуінің тұсауын өзім кестім. – Қойылымда Шыңғыс хан немере­сі Батуға Хорезм билеушісі Мұхаммед­тің он екі жастағы немересін, Жалалад­дин­нің ұлын «ана аңды өлтір» деп бұй­рық береді. Бату оның адам екенін айт­қанымен, атасының қайрауымен тұра ұмтылады. Бірақ Жошы арашалап қа­лады. Бұл оқиға тарихта осылай бол­ған ба? – Дәл осылай болмаған. Бірақ тарихи де­ректерде Шыңғыс ханның Батуды өз тәр­биесіне алғаны айтылады. Жошыны тым жұмсақ деп, оның ұлдарын өзі қаты­гез­дікке тәрбиелеген деседі. Онсыз бір елді жау­лау, билік құру қиын деп түсінген. Де­ген­мен Шыңғыс хан жендеттеріне Жа­ла­лад­диннің қолға түскен он екі жастағы ұлы­ның жүрегін тірідей ойып алып, тө­бе­ті­не тастау туралы бұйрық бергені тари­хи жазбаларда айтылады. Ал Батудың кейін ер­жүрек қолбасшы атанып, дүниені дүр сілк­індіргенін өздерің де білесіңдер. – Көптеген тарихшы Жошыны – моң­ғол дейді. Ол құрған ұлысты моң­ғол қағандығының құрамындағы ел ретінде қарастырады. Ал сіз оған бас­қа­ша көзқарастасыз. Осыны бірер сөз­бен түсіндіріп беріңізші. – Әрине, бір қарағанда, солай көрінері рас. Бірақ ол шын мәнінде қазақ ұлысы, қа­зақ хандығы. Тіпті, Жошыны моңғол деп танығанның өзінде ол құрған ұлысты моң­ғол мемлекеті деп айта алмайсыз. Себебі оның құрамы негізінен қазақ ру-тайпа­ла­ры­нан жасақталды. Сондықтан Жошы құр­ған мемлекетті Қазақ елі, Қазақ хан­ды­ғы деп атасақ, еш қателеспейміз. Ол бірте-бір­те шын мәніндегі жеке мемлекетке ай­налды. Жошының балалары мен неме­ре­лері оны ешкімге жалтақтамай-ақ жеке-дара биледі. Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты. Өздеріңіз де білесіздер, Жошының ұрпақтары кейін қазақ болып, қазаққа сіңіп кетті. Ендеше, оларды қа­лай­ша моңғол дей аласыз?! Абылайды, Кене­­сарыны нағыз қазақ хандары, қазақ ерлері деп есептесек, олардың түп атасы, ұлы бабасы Жошыны қалай сыртқа тебесіз?! Қара­пайым ғана қисын осы. Ал моңғол­дардың Жошы мен оның тұқымын сыртқа тебетін жөні бар. Неге екені бәсенеден бел­гілі емес пе?! Соны түсінетін уақыт жетті ғой деп ойлаймын.  width=– «Жошы хан» тарихи драмаңызды қан­ша уақытта жазып біттіңіз? Бас­қаны қойыңызшы, өз шығар­маңыз­ға өзіңіздің көңіліңіз тола ма? – Әрине, жазу аса қиынға соққан жоқ. Екі айда жазып шықтым. Бірақ, қалай және нені жазу керегін көп ойландым. Оқып-із­денуге де біршама уақыт кетті. Өздеріңіз де көріп-біліп отырған шығарсыздар, көп­шіліктің ықылас-пейілі ғажап болды. Соған қарап жаман шығарма жазбаған шығармын деп ойладым. Әрине, ешуақытта тоқмейіл­суге болмайды. Болдым-толдым дей алмай­мын. – Астана театрына ұлттық мәртебе бе­ріл­ді. Бұны қалай қабылдадыңыз? – Қаллеки театрына ұлттық мәртебе бе­рілуі «Жошы хан» тарихи драмамыздың тұ­саукесерімен тұспа-тұс келуі қуантты. Бұл – тарихи оқиға. Үлкен қуаныш! Өте орынды. Қалибек Қуанышбаев театры бұл мәртебеге әбден лайық. Себебі өз басым Аста­на театрын еліміздің бас театры деп есеп­теймін. Мұнда аса дарынды, талантты сах­на шеберлері көп. Жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Қаллеки теат­рының ұжымына, басшы-қосшы­лары­на, артистерге, қоюшы режиссер Болат Ұза­қов мырзаға айтар алғысым шексіз! Ал­дағы уақыттағы еңбектеріне табыс пен жеңіс тілеймін! Еңбектері еленіп, әрдайым жұлдыздары жана берсін! Мәртебелері биіктеп, абыройлары асқақтай берсін! – Сіз осының алдында драматургия­мен қоштасатыныңыз туралы мәлім­де­ме жасадыңыз. Мынандай кезекті та­­быстан кейін, бәлкім, ойланған шы­­ғарсыз? – Еш ойланған жоқпын. Айтылған сөз – атылған оқ. Ер-азамат емеспін бе, сөзімді қай­тып алмаймын. Кеше Болат Ұзақов та: «Олай кесіп-пішіп айтпасаңшы. Тағы бір дүниеге кірісейік» деп ұсыныс жасады. Рах­мет айттым. Драматургиядан неге кет­кім келетінін айттым, жаздым. Оны қайталап жат­пай-ақ қояйын. Жаным еркіндікті қа­лай­­ды. Алла ешкімге күнімді түсірмесін деп ті­леймін. Енді прозалық шығармалар жаза­мын. Ал проза адамға еркіндік сыйлайды. Жазасың. Жариялайсың. Жұртқа іркіліссіз, ке­дергісіз, бірден жетеді. Ешкімге тел­мең­деп-жалтақтамайсың! Рахат! Дра­ма­тур­гия­дан кеткеніммен, бәрібір қолымнан қала­мым­ды тастамаймын ғой. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

 

Серіктес жаңалықтары