342
Әкімдік қаламгерлерді марапаттады
Әкімдік қаламгерлерді марапаттады
Елорда әкімдігі Қаламгерлер аллеясында «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының қолдауымен «Астана – шабыт арқауы» мәдени іс-шарасын өткізді.
Шығармашылық кездесудің басты мақсаты – қолдау көрсету, ынталандыру, мәдениет пен әдебиет саласына қамқорлық жасау, сонымен қатар халыққа көркем шығарма иелерін кеңінен насихаттау және әдебиеттің әртүрлі жанрларын дамыту.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан Жазушылар одағының XVI құрылтайына жолдаған құттықтау хатында: «Адамзатқа ортақ мәселелерді көтерген кесек туындылардың қажет екені түсінікті. Мұндай шығармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын. Қалам – киелі құндылық. Сөз құдыреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады. Біз жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей, ұлт ретінде сақталудың қамын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында адал қызмет етуі маңызды», – деп ұлттың рухани өсуінде әдебиеттің маңызды орын алатынын атап өткен болатын.
«Қазір Астанада Жазушылар одағының 160-тан астам мүшесі тұрады. Екі жыл бұрын елордалық жас ақын-жазушылардың 30-дан астам кітабы жарыққа шықты. Ол дәстүр әлі де жалғаса береді. Күні кеше араға 11 жыл салып ақын-жазушылардың мүшәйрасы өтті. Осындай дәстүрлі іс-шараларда қаламгерлер елорданың ғана емес, еліміздің руханиятына, мәдениетіне үлесін қосып келе жатыр. Бүгін өздеріңізге ризашылығымызды, сый-құрметімізді көрсетейік деп отырмыз», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Тағылымды іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен Астана қаласының Мәдениет басқармасы 80-ге тарта ақын-жазушыны марапаттап, ақшалай сертификат табыстады.
«Елордадағы бүгінгі іс-шараның орны ерекше. Астаналық ақын-жазушылар бас қаланың рухани келбетін, әлем алдындағы абырой-беделін қалыптастыруда талмай еңбек етіп келеді. Бүгін осы ақын-жазушыларды арнайы шақырып, құрмет көрсетіп жатқан қала әкімдігіне көп рахмет!» – деді жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова.
Мәдени іс-шара аясында ақындар мен жазушылар қолтаңба сессиясын, кітаптар тұсаукесерін өткізді.
«Биыл – байрақ көтерген Астанамыздың 25 жылдығы. Ерке Есілдің жағасындағы елорда көркейіп, қанат жайып, жалпы қазақтың қуанышына айналды. Ақын-жазушылар мемлекетіміздің маңызды дүниелерінде бейжай қарап қалмайды. Қаламгерлер билік пен халықтың арасында алтын көпір дәнекері болып жүр, – деді ақын, «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы.
Шығармашылық кездесу аясында Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ «Астана – бейбітшілік және жасампаздық мекені» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.