879
Еліміздегі тұңғыш этносаясаттанушылар
Еліміздегі тұңғыш этносаясаттанушылар
ЕҰУ Қазақстанда алғаш рет «Этносаясаттану» инновациялық ғылыми-педагогикалық бағдарламасының магистранттарын даярлады. Жас ғалымдар этноменеджментті және халықтық дипломатияны зерттеуге бағытталған ғылыми жобаларын жалғастыруды көздеп отыр. Ұлттық университет жаңа оқу жылында бұл білім беру бағдарламасын докторантура деңгейінде іске қосады.
2021 жылы ЕҰУ этносаясаттану магистранттарын даярлауға арналған білім беру бағдарламасын алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда іске қосты. Екі жылдық оқу жүйесін университет оқытушылары барлық кәсіби стандарттарға сәйкес әзірледі. Қазақ, орыс және көптілді білім беретін топтар құрылды. Қазір 21 адам этносаясат саласын меңгеруде. Олардың төртеуі биылғы жылдың тұңғыш түлектері атанды.
«Мамандыққа деген сұранысты ескеріп, «Этносаясаттану» деген жаңа білім беру бағдарламасын іске қосқан болатынбыз. Орталық Азия университеттерінде оның баламасы жоқ. Бүгінгі таңда бұл салада білікті сарапшылар қажет, саясаттануда аймақтық және этносаяси зерттеулер үлкен сұранысқа ие. Биыл алғашқы этносаясаттанушы-магистранттарымыз университетімізден қанат қақты. Негізінен, аталған білім беру бағдарламасы бойынша 5 өңірден әртүрлі ұлт өкілдері оқып жатыр. Бұл этносаясаттанушы мамандығына деген сұранысты көрсетеді. Шетелдік университеттер де кәсіби этносаясаттанушыларды даярлауға қызығушылық танытуда», – деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
«Этносаясаттану» бағыты бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дипломы бүгінгі таңда түлектердің мемлекеттік және саяси басқару құрылымдарында, ғылыми-зерттеу және талдау ұйымдарында жұмыс істеуіне кең түрде кәсіби мүмкіндіктер ашады.