1598
Тана мырза
Тана мырза
«Тана мырза Тілемісұлы – ел ішінде Тана мырза деген атпен мәлім атақты мырза әрі би. 1803 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат өңірінде дүниеге келген. Жасынан мұсылманша сауат ашқан ол ел билігіне ерте араласқан. 1842 жылы Мұрын-Назар болысының басқарушысы болған. Тана мырза салдырған ең алғашқы білім ордасы «Ақ мектеп» орны әлі күнге дейін бар. Өзі билік жүргізген елде суармалы жерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып мешіттер салдырған. 1868 жылы осы өңірде «Сұлутал» ауылының маңында қайтыс болған. Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында Тана мырзаның атында мешіт бар. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы бір ауыл қазір Тана мырза ауылы деп аталады.» (Шығыс жұлдыздары» энциклопедиясы, «Фолиант» баспасы). «Отаршылдықтың отанымызға орнығып Ресей патшалығының «бөлшекте де билей бер» –деген ұранымен қоса «шен аямасаң қазақ жан аямайды» деп, «жезден қарғы тағынған» (Дулат Бабатайұлы) заманда қар түнді қақ айырған найзағайдай құбылыс болып «елім, жерім» деп өткен тұлғалардың бірі де бірегейі Тана мырза Тілемісұлы.
Мұрыннан Шерубай мен Тана шықты,
Өз тобын заманында жара шықты.
Ұлықпен патша алдында заңдасқанда,
Оларды арыстанын Алаш ұқты.
Батырдың Қожагелді құнын жоқтап,
Сескенбей генералмен таласыпты – деген Сабырбай ақынның ұзақ толғауы бар. «Жас та болса бас» болған Тананың мырза атының атау болып орнығуына ат жалын тартып мінгеннен бастап, ел арасында болсын немесе қайда сапар шексе де өзіндік өрнекті сән-салтанатымен ерекше жүре білген, қасына сал-серілер, суырыпсалма ақындар, жезтаңдай әншілер мен буырқанған бура санды балуандарды ертіп жүрген. Әрбір жүрген жолында кедей-кепшікке, жетім-жесірлерге өзіне түскен мол олжадан тарылмай қолы ашық жомарттықпен үлестіріп отырған. Патшаның әскерден қашып жүрген ноғай бауырларын өз болысында жылы қабылдап, қорған болған қазақ деп жаздырып алдына мал салып үйлендірген. Байсиық елінің «ауыздыға жол бермеген қар сөздің шешені Бекбосын би Тана мырзаның алдына барып Байыс елінде кеткен есесін толығымен алып риза болған екен. Дәулескер күйші Қайрақбай Шәлкенұлын қасына ертіп баулығаны аңызға айналған. Атақты Құрманғажы (Қоңыз батыр) өле-өлгенше Тана мырзаны құрмет тұтып өткені жайлы «Хан батыр Қабанбай» кітабында жазылған. Қабанбай батырдың бел баласы Сүлеймен би туралы толғауда Тана мырзаға теңеп: «Жарлыға тон, нашарға қамқор болған, Мырзалығы Мұрынның Танасы еді» – деп жырлағаны белгілі. Ертіс Нұрқасым дерегінде: «Кенесары ханның әлсіреп оңтүстікке ауған шағында Тана қаншама жылқы апарып қолдау көрсетіпті. Немере туысы Манақ байдың бір өзі 500 құр ат қосыпты. Осы сапардан қайтқанда орыс ұлықтары Тананы аңдып жүріп ұстап түрмеге де қамаған. Игі жақсылар араласып жүріп қамаудан шығарған. Бір салтанатты жиында орыс офицерлері әскери ойындардан жарыс өткізіпті. Тана да қатысып өте үздік өнер көрсетіпті. Бір сөздерін түсінбей өзін мазақтағандық деп ұққан Танекең ойын басқарушы офицерге найзасын кезеп шаншып тастамақ болып, атын тебініп тұра ұмтылады. Қорыққан офицер губернаторға тігілген үйге кіріп кетіпті. Өз дәулеті өзіне артығымен жеткенімен Тана аса бай болмаған. Есесіне ағайындары мыңғырған бай әрі батырлар болған. Тананы көбінесе солар қолдаған. Мырзалық мал мен емес, сүйекке біткен ниетпен болады емес пе?!» «Мөлдір сана» газеті .№7 (197) 8 сәуір 2022 жыл.
Даланы христиан миссионерлері қаптай бастайтынын, оның аяғы қазақты шоқындыруға алып келетінін заманында ерте түсіне білген адам Тана мырза. Қожагелді батыр өлімі дауындағы талаптардың бірі хақтың діні Исламды сақтау үшін дала төрінде мешіттер салуға алынған рұқсатты оңтайынан пайдалана білген. Тарихи деректерде Тана мырза үш мешіт салдырған десе, көнекөз қариялар жеті мешіт салдырғанын растап кеткен. Мешіттер қасынан медреселер салып, жастардың сауатын ашуды да жолға қойған. Ақсуат өңірінің Қарғыба өзені бойында Тана мырза елді отырықшылдық егіншілікке баулып кезінде «Балық көз бидайынан бал татыған» Қарғыбаның жұмсақ бидайының түрінің даңқы көпке жайылған. Тана мырза жайлы ел аузында жүрген аңыздар жетерлік. Елдің аңызы бойынша Тана мырзаны кейде аға сұлтан болған деп те айтады. Абырой атағы асқақтап тұрғанда айтылған сөз деп білеміз. Ертіс Нұрқасым: «Аға сұлтандық лауазымға сайлауға түсіп шар салғанда сайлаушылардың көбі Танаға дауыс берсе де Семей ұлықтары әдейі өткізбеген. Кенеханға (бір деректе Әлхан Тілеубердин. автор) қолдау көрсеткеннен кейінгі мінездемесінде орыс ұлықтары Тана Тілемісов – саяси сенімсіз. Тез ашуланғыш батыл әрі мырза адам, – деп кесіп айтқан. Батылдығының дәлелі – Балқаштың тарғыл жолбарысы қалың қопадан арылдап атып шыққанда Алтайдың аюымен жалғыз алысқан Апақ балуан бастаған жолдастары тұра қашыпты. Тана мырза саспастан білтелі мылтығын тұтатып, дәу жолбарысты атып сеспей қатырыпты. Ал орыс ұлықтары Шорманның Мұсасы, Құнанбай, Құспек, Шалғынбай төрелер, хан Қисық т.б. бәрін саяси сенімді деп көрсеткен. Ел тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен Танадай ерлер отаршылдардың саясатына жақпасы айдан анық.» «Мөлдір сана» 7(197) 8 сәуір 2022 жыл.
1849 жылы Көкпекті округіне ғылыми зерттеумен келген инженер
А.Влангалидің 1863 жылы К.Струве мен Г.Потаниннің экспедициясына қатысып, жолбасшы болған. Бұл жөнінде осы аталған ғалымдардың жолжазбасында айтылады. Патша өкіметінен поручик шенін алып, Анна лентасымен марапатталған.
«Зайсан ойпатына аты шыққан би Тана Тілемісов біздің саяхатымыздың жолбасшысы болды. Сол өңірдегі оған бағынышты немесе бағынышты емес қырғыздар үшін де дала салтының білгірі,заңдылықтарын қолданушы аса сауатты. Бұдан бірнеше жылдар бұрын Тана Оңтүстік Алтайда көшіп-қонып жүрген, жер жағдайын өте жетік біледі, онда оның Мұхаммедсұлтан атты немере туысы және басқа да көптеген туған-туыстары баршылық, осы уақытша сапар кезінде далалықтардың дау-дамайын сауаттылықпен шешуде болды. Орталық Алтайдан кейіннен де дау-дамай шештіріп алуға оған қырғыздар үздіксіз ағылып келіп жатты. Мұның бәрі Оңтүстік Алтай үшін, басқа теңдесі жоқ басшы тапқанмен бірдей болды. Мұның алдында ғана ол ғалым саяхатшы, тау инженері Влангалиге де жолбасшы болған еді. 1863 жылдың жазында Карл Струве және Григорий Потанин Зайсан көлі мен Қара Ертістің бойымен Марқакөлге дейін және Сарытау сапары. (Аударған автор )
«Семей қаласынан шыққан сауда жолы арқылы көп қой айдалып Бөкен өзенінің ағысы маңын және Ертіс аңғарын кесіп өтіп, Оңтүстік Алтайға өтеді. Жағалауларды жалғастырып тұратын екі паромның біреуі біздің жолбасшымыз Тананікі; Тасымал бағасын анықтай алмадық.» Г.И.Потанин. Исследования и материалы. (Аударған Автор.) Мейрамбек Распаев деректері де осы мәліметтерді анықтай түседі. Жалпы, Г.Потанин өз жазбаларының өн бойында Тана бидің ел таныған тұлға екенін тамсана жазған адам. Әсіресе, ел ішінде барымтаның етек алғанын, оның жалпыға бірдей берекесіздік әкеліп отырғанын дәл байқап анықтаған. «Малы мен жан бағып, күн көріп отырған қырғыздар үшін, осы ортада етек алған «барымта» жаңа байып, дәулетін түзеп келе жатқандарға да және аса бай ауқаттылар (ішінде дәулетін барымтадан құрағандар да бар) үшін де, бірдей қолайсыздық тудырып отырғаны анық. Тана сияқты сол ортаға ықпалды адамдар халық ықыласына бөленген» – деп жазды Потанин. 138-бет. «Поездка по Восточному Тарбагатаю летом 1864 года.» (Аударған автор.)
Биыл ел ертеңі үшін атқа мініп, парасатымен, жомарттығымен танылған Тана мырза Тілемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр.
Жамбыл Жұманбай, өлкетанушы