Алматыда 40 жыл бұрынғы ауа райы қайталанды

Алматыда 40 жыл бұрынғы ауа райы қайталанды

Алматыда 40 жыл бұрынғы ауа райы қайталанды
ашық дереккөзі
50590
Алматыда осыдан 40 жыл бұрынғы қапырық ауа райы қайта келіп, сынап бағаны +42 градусқа дейін бір-ақ жетті. Мұндай мәліметті ұсынған «Қазгидромет» мамандары алдағы күндері елімізде ыстық күндер әлі де сақталатынын жеткізді, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Мамандар, әсіресе, қан қысымы жоғары, жүрек, қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарды сақ болуға шақырады. Қазір шаһарда сынап бағанасы 40 градустан төмен түсер емес. Күн ысығалы, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы екі есе артыпты. Яғни, минут сайын қан қысымына шағымданған жұртшылықтан қоңыраулар көптеп түсіп жатыр екен. Ақ халаттылар егде жастағы адамдар мен спортшыларға ыстық басылғанша күн көзіне шықпауды ескертеді.
«Күннің ыстығына, ысуына байланысты қан қысымымен ауыратын науқастардың шақыртулары көбейіп жатыр. Созылмалы ауруы бар адамдар, жүрек ауруымен ауыратын, артериялық қан қысымы бар адамдарға күндізгі уақытта сыртқа шықпауға кеңес береміз. Сағат 11-ден кешкі 5-ке дейін сыртқа қажеттілік болмаса шықпау керек. Күндізгі уақытта спорттық жаттығулар жасауға кеңес берілмейді», - деді Ақпараттық жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Ербол Қожабеков.
Бұдан бөлек, Жедел жәрдем орталығына кешелі бері басынан күн өтіп, денесін күйік шалған оншақты адам хабарласыпты. Айтуларынша, дәл қазіргі шіліңгір шілдеде күннен қорғануға көлеңкенің саясы да көмектеспей жатыр екен. Соған қарамастан қызық қуған жастар қаладағы субұрқақтарды жағалап жүр.
«Бүгін бізде түсірілімдер жүріп жатыр. Сондықтан субұрқаққа аяғымызды салып, кішкене серуендейік деп шештік. Үйде отырамыз, көбінесе. Осындай күндізгі кездерде. Көшеге шығатын болсақ, тек қана кешкі кездерде ғана шығамыз. Күн ұясына батып, кешкі салқын басталған кезде. Ал жұмыста, үйде де кондиционер астында отыруға тырысамыз», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әсия Ешмұратова.
«Қазгидромет» мамандарының болжауынша, алдағы күндері аймақтарда да аптап сақталады. Әсіресе 18-19 шілде күндері солтүстік орталықта сынап бағаны +41+45 градусқа дейін көтерілмек. Алматы мен Алматы облысында да ауа райы +40-тан +42 градусқа дейін қапырық болады.
«Бүгін аптап ыстық бойынша Алматыда шағын рекорд орнады десек болады. Мұндай аптап соңғы рет 1983- 1984 жылдары болған. Яғни сынап бағаны бүгін күндізгі 15.00 шамасында сол жылдардағыдай +38-ден +40 градусқа дейін жетті. Күннің ыстығы алдағы уақытта да сақталады. Түнде термометр +20-25 градус, күндіз +35-38 градусты көрсетпек. Яғни, әзірге қапырықтың беті қайтпайды», - деді «Қазгидромет» филиалының Алматы және Алматы облысы бойынша жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кисебаев.
Дәрігерлер осындай аптап ыстықта түскі 12 мен кешкі 5-ке дейінгі уақытта үйден шықпаған абзал деп отыр. Сондай-ақ, суды тәуліктік мөлшерден көбірек ішіп, ашық түсті, жабық киімдер киюге кеңес береді.        

Серіктес жаңалықтары