Мәжіліс депутаты казинода не істеп жүргенін түсіндірді

Мәжіліс депутаты казинода не істеп жүргенін түсіндірді

Мәжіліс депутаты казинода не істеп жүргенін түсіндірді
ашық дереккөзі
50326
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде тараған казинода түскен суреттеріне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, депутат казиноға жұбайымен концертке барған, құмар ойынын ешқашан ойнамаған. Бұл жайтты ақпараттық арандатушылық деген депутат шынайы, тексерілген ақпаратқа сенуге кеңес берді. Сонымен қатар желіде тараған сурет осыдан 7 ай бұрын, Мәжіліс депутаты болып сайланардан бұрын, 2022 жылдың 24 желтоқсанында Қонаев қаласындағы Bellagio казиносында түсірілгенін айтты.
«Жұбайым екеуміз танымал поп музыканттарының концертіне келгенбіз. Суреттен байқасаңыз, шырша тұр, үстіме қысқы жемпір киіп алғанмын. Достар, мен құмар ойынына тәуелді адам емеспін, тіпті ешқашан әуес болмағанмын, ойнаған да емеспін. Ойнамайтынымды осы суреттегі тұрысымнан-ақ байқауға болады. Аңғарсаңыз, мұнда жұбайыммен бірге шай ішіп, қасында қарап отырмын», – деді ол.
Бақытжан Базарбек бұған дейін жер мәселелері бойынша кәсіби коммерциялық заңгер болғанын алға тартты. Сонымен бірге Парламент Мәжілісіндегі белсенді әрекетінен кейін 7 ай өткен соң жасырын түсірілген осы жеке фотосуреттерді біреудің жариялауы кездейсоқ емес деп есептейді.
«Мәжіліс мінберінен еліміздегі жер қатынастары мен құрылыстың ең күрделі мәселелерін көтердім. ...Парламент мінберінен Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашып, барлық жер иелері мен жер пайдаланушылардың аты-жөнін жариялауды талап еттім. Үкіметтің қарсылығына қарамастан заңсыз алынған мүлікті қайтару және жайылым мәселелері туралы заң жобаларына ұсыныс енгіздім. Қарсылыққа қарамастан, елді мекендердегі сейсмикалық, көшкін қаупі бар аймақтарда және тектоникалық бұзылыстарда жер телімдерін беруге тыйым салу және тұрғын үйлер салуға тыйым салу туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгіздім», - деді депутат.
Айтуынша, бұл ұсыныс әкімдіктегі шенеуніктердің құрылыс салушыларға жер телімін беру үшін жасаған ұзақмерзімді сыбайлас жемқорлық әрекеттері мен схемаларын бұзады. Депутат мұның артында тұрғанын болжау қиын емес екенін айтты.
«Маған күйе жағушылардың басты мақсаты – менің депутат бола тұра казинода жүргенім туралы ақпаратты таратып, халық алдындағы беделімді түсіру.  Сол арқылы жердегі сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерімді азайтқысы келеді. Маған ақпараттық қысым көрсету арқылы бұл ұсынысты заң жобасы ретінде жүзеге асыруға кедергі жасамақшы. Бұл – таза арандатушылық», – деді Бақытжан Базарбек.
Депутат өзінің құмар ойындарға тыйым салу туралы мәселе көтерілсе, бірінші болып дауыс беретінін айтты.

Серіктес жаңалықтары