Нашақорлық дендеп тұр

Нашақорлық дендеп тұр

Нашақорлық дендеп тұр
ашық дереккөзі
647
Әлемді жайлаған нашақорлық дерті Маңғыстауға да жетіп, бірнеше жыл­дан бері тамырын тереңге жая бастады. Мәліметке жү­гінсек, облысымыз еліміз бойын­ша на­ша­қорлықтан 7-орында тұр. Есірт­кі, соның ішінде синтетикалық есірт­кі­лерді тұтыну, әсіресе, жастар арасында белең ала бастады. Есірткінің бұл түрі интернет сайттар мен дәріханаларда еркін сатылып, түнгі клуб­тарды жайлап алған. Тіптен ең арзан түр­лерін дүкен сөресінен табуға да болады дей­ді мамандар. Алайда құқық қорғау ор­гандары нашақорлықтың алдын алуға, жо­лын кесуге және жүйелі жұмыс жүргізуге қау­қарсыз. Осылай деп дабыл қаққан маң­ғыс­таулық қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары жә­не әкімшілік, құқық қорғау қызмет­кер­лері Ақтау қаласындағы Абай атындағы мә­дениет сарайында бас қосты. Бірден басын ашып алайық, басқосу ер­кін формат – қоғамдық тыңдау тү­рінде өтті. Оны облыстық мәслихат хат­шысы Жаңбырбай Матаев ашып, жүргізіп отыр­ды. Жиналғандар алдымен наша­қор­лық туралы «Арбасу» атты әлеуметтік фи­льм­ді көріп, Маңғыстау облысы про­кура­турасы қылмыстық қудалау басқармасының про­куроры Сұлтанбек Ешмұратов баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сенсек, өңір­дегі жағдай күрделі қалпында қалып отыр. Әсіресе, синтетикалық есірткілер ерек­ше алаңдаушылық тудырады. Үкіметтің өт­кен жылғы Қаулысымен аса қауіпті есірткі заттардың криминалдық мөлшері 3 грам­нан 1 грамға дейін төмендетілді, яғни ен­дігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүру­дің өзі ауыр қылмыс болып саналады, со­нымен қатар оларды өткізу мақсатында заң­сыз сақтағаны үшін де қылмыстық жауап­тылық күшейтілген. Прокуратура органдары құқық қорғау орган­дарының ұйытқысы ретінде есірткі қыл­мыстарымен күресті үйлестіруді және осы саладағы заңдылықтың сақталуын қа­да­­­ғалауды жүзеге асырады. Уәкілетті орган­дардың есірткімен күресте бірлесіп жүргіз­ген кешенді жұмыстарының нәтижесінде есірткі тасымалдау арналарына тосқауыл қойылып, оны таратушыларға қарсы күрес күшейтілді, сөйтіп бұл саладағы бірқатар қылмыстың беті ашылған. Атап айтқанда, осы жылдың өткен 5 айында облысымызда есірткі қылмыстарына қатысты істер 39 пайыз­ға азайған, оның ішінде есірткі құрал­дарының, психотроптық заттардың жә­не прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты тіркелген істердің саны 8 пайызға төмендеген. Тергеу органдарымен жал­пы салмағы 96 келі есірткі заттары тәр­кіленген, оның ішінде гашиш – 686 грамм, марихуанна – 73 келі, апиын – 20 келі, экст­радициялық апиын – 0,19 грамм және син­тетикалық есірткі заттары 2 келіні құрайды. Интернет технологиялардың дамуына және синтетикалық есірткі заттарға сұра­ныс­тың көптеп болуына байланысты, қазір есірткі саудасы да өзгерді, яғни белгілі бір адам­мен кездесіп қолма-қол ақшаға сатып алу тәсілі азайды, – дейді баяндамашы. Наша­қорлар «Синтетикалық есірткі» зат­тарын telegram әлеуметтік желісі арқылы емін-еркін сатып қана қоймай, бұл қыл­мысқа жастарды тартып, есірткі тара­тудың негізгі аймақтары – ойын-сауық ор­талық­тары, жоғары оқу орындары, қала ау­м­ағы­ның көшелеріне (закладка) тастап, жас­тар­ды (студентерді) итермелеумен қылмыстық әре­кетін жүзеге асырып отыр. Бұдан басқа, қоғамдық орындарда және ғи­мараттарда есірткі заттарын сататын ин­тернет сайт­тарын белсенді түрде жар­на­малауда. Қылмыстық қудалау органдарының профилактикалық іс-шаралары шеңберінде 50 есірткі заттарын жарнама ететін ин­тер­нет сайттары анықталып, бұғатталған. Қа­­лада орналасқан үйлер мен ғи­ма­рат­тар­дың қабырғаларына салынған 290 граф­фи­ти түріндегі есірткі жарнамалары анық­та­лып, жойылған. Бір қызығы, есірткі сататындардың ба­сым бөлігі басқа өңірдің азамат­тары екен. Олардан шетелдік азаматтар да қа­лысар емес. Алайда биыл олардың бірде-бірі ұсталмаған. Өткен жылы 20 шетелдік қыл­мыскер құрықталған болатын. Бәрімізге бел­гілі, біздің өңіріміз аумағы 750-800 ша­қырым қашықтықта 2 мемлекетпен шека­ра­лас, бір жағы Өзбекстан Республикасы бол­са, екінші жағы Түркіменстанмен шек­те­сіп жатыр. Ал теңіз арқылы 4 мемлекетпен көр­шілес орналасқан. Соңғы кезде осы теңіз арқылы есірткінің ірі партиялары өту фак­тілері көбейген. Мәселен, Ақтау қала­сы­ның тұрғындары 29 дана баклашка ыды­сына салып, жалпы салмағы 40 келіге жуық апиынды өңірге әкелмек болған. Тергеу барысында олар апиынды тапсырыспен Иран Ислам Республикасынан Каспий теңі­зі арқылы алып өтпек болған. Бұған дейін 25 келісі өтіп кеткен екен. Тағы бір дерек. Өткен жылы «Алау» демалыс орнында Иран Ислам Республикасының 3 азаматы 9 келі апиын және 8 келі гашиш есірткісін Кас­пий теңізі арқылы тасымалдау бары­сында қолға түсті. Өткен 5 айда есірткі қыл­­­­мыстарына қатысты істер бойынша 107 тұлға анықта­лып, оларға қатысты айыптау сот үкімдері қабылданған. Ал келесі баяндамашы Ақтау қалалық есірткі қылмыстарына қарсы іс- қимыл бө­­лімінің бастығы Нұрбол Бақтыбай да син­­тетикалық есірткі түрінің жастар ара­сын­да кең таралып бара жатқанын мойын­дайды. Заманауи технологиялар мен ин­тернет кеңістігін ескерсек, интернет алаң­дары мен дүкендерді ұйымдас­тыру­шы­лар­мен күресу қиынға соғуда. Осыған бай­ла­ныс­ты мемлекеттік деңгейде, барлық мем­­­­лекеттік органдар мен арнайы қыз­мет­тер, азаматтық қоғамның институттарында нақты шаралар мен шешімдер алынуы қа­жет. Бұл зұлымдықпен күресу үшін жер жер­лерде, әсіресе, жастар арасында алдын алу, түсіндіру жұмыстары қарқынды жүруі ке­рек, оған қоғам болып атсалысуымыз қа­жет, – дейді полиция майоры. Бірақ полицияның өз ішінде де мә­селелер аз емес, мәселен сот сарапта­ма­лар институты синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтарына сараптама жүр­гізудің заманауи техникасымен жаб­дықталмаған. Синтетикалық сараптама 1,5 ай бойы жүреді, ол үшін оқытылған сарап­шы­лардың штаты да жоқ, бүкіл облысқа 1 адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан об­лыс­тың сот сараптамалық институты үшін Toxtyper платформасын сатып алу керек, себебі ол 10 минут ішінде синтетикалық есірт­кінің 1 200-ге жуық түрін анықтай ала­ды. Бұл мәселе қанша мәрте көтеріліп, ал­қалы жиындарда айтылғанмен әзірше нә­тиже болмай тұр. Күн тәртібінде тұрған тағы бір күр­де­лі мәселе – денсаулық сақтау бас­­­қармасының облыстық психикалық ден­саулық орталығы синтетикалық есірт­кі­ні қолданатын адамдардың скрингі бойын­ша, қазіргі заманғы тестілермен жаб­дық­талмаған. Қолда бар тестілер син­те­ти­ка­лық есірткіні анықтауға қауқарсыз. Бұл жағ­дай нашақорлардың есепке алынуына жә­не жауапкершілікке тартылуына кедергі бо­лып отыр. Сондықтан орталықты зама­науи есірткі тест құралымен қамту шұғыл қол­ға алынуы керек шаруа қалпында қалып отыр. Біздің полиция өкілінің соңғы сөзі­нен ұққанымыз, бар мәселе – қар­жы-қаражатқа келіп тіреледі. Жергілікті би­ліктің дұрыс қаржы бөлмеуінен бар жұ­мыс ақсап жатыр. Қоғамдық тыңдауда сөз сөйлеген үкіметтік емес ұйымдар мен қара­пайым ата-аналар да құқық қорғау орган­да­рының есірткі қылмысының жолын кесу­ге дәрменсіз екенін ашық айтты. Есірткі са­татындар енді облыс орталығы мен қа­лаларды айтпағанда, шалғай аудандар мен алыс ауылдарға дейін жеткен. Есірткінің түр-түрі әлеуметтік желілерде бағасы көр­сетіліп тұнып тұр. Тіптен мектеп пен жо­ғары оқу орындарына дейін жеткен. Маңғыстау облыстық нарколо­гиялық дис­пансерінің директоры М.Тоқановтың айтуынша, жастар мен жа­сөс­пірімдерде есірткіге тәуелділік қалып­тасуының негізгі себебі – олардың өмір қиындығына төзе алмауы, одан шығатын жол­ды өзінше іздеуі. Мәселені шешудің оңай жолын алкоголь, есірткі немесе он­лайн құмар ойындардан іздейді. Сонымен қатар қоршаған ортаның да әсері зор. Жасөспірімнің мінез-құл­қына отбасылық дағдарыс, ата-аналарының ажырасуы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі және мектептегі проблемалар әсер етіп, тәуел­діліктің қалыптасуына ықпал етеді. Үшін­ші себеп – өзін-өзі бағалау және әлеу­мет­тік бейімделу. Өзін сенімді сезінбейтін не­месе қоғамда өз орнын таба алмаған жа­сөспірімдер нашақорлықтан жұбаныш табуы мүмкін. Сондай-ақ генетикалық бейімділіктің рөлі де бар. Егер жақын туыстарынан біреуі нашақор болса, жасөспірімде де тәуел­­діліктің даму қаупі артады. Алайда есірт­кіге тәуелділік үкім емес, бұл мәселені ше­шудің көптеген жолы бар, – дейді дәрігер. Жа­сөспірімнің мінез-құлқының денсау­лы­ғына, жалпы өміріне зиянын тигізетінін тү­сі­нуге көмектесіп, мәселені шешу жолда­рын көрсету керек. Тәуелділіктің алдын алу­да жасөспірім өмірінде ата-аналар, мұ­ға­лімдер және басқа да ересектер маңызды рөл атқаратынын есте ұстаған жөн. Қолдау және түсіністік арқылы біз балаларымызға жасөспірімдік шақтағы қиындықтарды жеңуге және олардың дені сау және табысты ересек болуына көмектесе аламыз. Басқосуда 15 жыл есірткіге тәуелді бо­лып, соңында өзінің күш-жігері мен дәрі­гер­лердің көмегі арқасында аурудан айық­қан Мұрат деген азамат сөз сөйлеп, бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін айтып берді. Кезінде есірткіге елтіген жас ұрлық жа­сап, түрмеге де отырғанын, отбасы мен қо­ғамнан аластатылып, жалғыз қалғанын ашына айтты. Синтетикалық есірткілер кезінде біз тұтынған анаша, героин немесе га­шиш сияқты емес, оған адам бірден тәуел­ді болады. Оның соңы жастардың өз-өзіне қол жұмсауына, басқа да ауыр қылмыстарға баруына әкеп соқтырады, – деді ол. Жиында нашақорлықтың алдын алу отбасынан басталатыны баса ай­тыл­ды. Бала тәрбиесін тек мұғалімдер мен қо­ғамға, құзырлы органдарға ғана артып қой­май, алдымен ата-ана өзі бастап айна­лысып, қолға алуы қажет. Біздің бұл сөзі­міз­ді жиын соңында сөз алған облыс әкімі­нің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев те нақ­тылай түсті. Нашақорлықпен күресу бәрі­мізге ортақ міндет, одан ешкім де қалыс қала алмайды. Бұл індеттің алдын алу үшін мем­лекеттік органдар тарапында арнайы бағ­дарлама бар, оның ішінде интернет жүйе­сіне арнайы мониторинг жасау, ар­найы құрал-жабдықтар сатып алу, «Сергек» камералары, экспрес-тест т.б шаралар қолға алынуда. Бірақ қоғам мен ата-ана да қа­рап отыр­мауы керек, олар да қал-қаде­рін­ше жұ­мыстар жүргізуі керек. Бұл жұмыс­қа ерік­тілерді де шақырамыз, – деді облыс бас­шысының орынбасары. Жиынды зум байланысы арқылы Пар­ламент сенаторлары Н.Жүсіп, С.Алдашев, Б.Орынбасаровтар тыңдап отырды. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаттары өңір тұрғындарына Үндеу жолдады.

Сағындық Рзахметов, Ақтау қаласы

Серіктес жаңалықтары