Өмірлік махаббат дастаны

Өмірлік махаббат дастаны

Өмірлік махаббат дастаны
ашық дереккөзі
50487
Биыл 5, 8, 9, 22, 23 шілде күндері Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туындаған «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзикл премьерасын көрермен назарына ұсынды. Бүгінде либреттосын жазушы-драматург Ғ.Мүсірепов, музыкасын композитор Е.Брусиловский жазған «Қыз Жібек» музыкалық драмасы  ұлттық операның інжу-маржанына айналған. Премьераға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Қыз Жібек» кинофильмінің басты кейіпкері Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев және тағы да басқа қонақтар қатысты.
Шығармашылық топтың басты мақсаты – операдағы орындалатын ариялар мен хорлардың, күйлер мен билердің барлығы халық әндері мен халық композиторларының  музыкалық шығармалары болғандықтан, әу баста симфониялық оркестрге арнап жазылған партитурасын қайтадан рухани тамыры мен өзегіне оралту. Сонымен қатар халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазып, этно-фольклорлық мюзиклге айналдыру. Мюзиклде халық әндері мен күйлері орындалды.
 width= «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры – халқымыздың ежелден келе жатқан рухани мұрасы. Бұл туынды – аңыз емес, шынайы өмірде болған оқиға.  Халқымыздың  салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тектілігі мен ұлттық болмысын сипаттайтын, қос ғашық Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын арқау ететін рухани құндылығымыз іспеттес бірегей туынды. Этно-фольклорлық мюзиклдің желісі – Төлеген мен Қыз Жібек, Бекежан сияқты кейіпкер арасында өтті. Қойылым соңында, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировпен бірге сахнаға көтерілген қазақ қыздарының сұлулық эталонына айналған «Қыз Жібек», Меруерт Қаратайқызы театр ұжымына және актерлік құрамға спектакльдің жоғары деңгейде болғанын атап өтті.
«Бүгінгі «Қыз Жібек» мюзикліне мен өз басымды иемін. Одан да басқа рөлдерді ойнап, одан да жоғары деңгейге көтерілуге шын жүректен тілектеспін. Дауыстарыңыз керемет, жоғары деңгейдегі пластика, қыздар мен ұлдар бәрі жалындаған жастар!», - деді актриса.
Естелік ретінде, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың «махаббат» символына айналған «ақбоз ат» бейнесіндегі мүсіншені басты рөлді сомдаған, Төлеген бейнесіндегі Оразалы Игілік пен Жібек бейнесіндегі Инабат Ризабековаға тарту етті. Қазақтың Қыз Жібегі қойылымды тамашалауға келген көрермендерге өз батасын беріп, театр ұжымына алдағы жұмысына толағай табыс тіледі.  

Серіктес жаңалықтары