964
Құлдықтың киіп қамытын...
Құлдықтың киіп қамытын...
Бүгінде жаһанның көлеңкелі нарығында есірткі мен қарудан кейінгі ең өтімді тауар – адам. Алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастаған кезеңде пайда болған құлдықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Керісінше, заман алмасып, ғасыр жаңарған сайын «құл иеленушілердің» қатары артып, адам саудасының географиясы ұлғайып бара жатқандай. Жыл сайын зерттеу жүргізетін Халықаралық Walk Free Foundation қорының соңғы дерегінше, әлемде 45,8 миллион адам құлдықта жүр екен. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы индекске қарағанда он есе артқан. Өз еліміздегі есеп те кісі шошытарлық. Соңғы он жылда Қазақстанда 1,5 мың адам құлға айналған.
Құлдықтың «талайлы» тарихы
Тарихтың тереңін қазбалаған зерттеушілердің дәлелдеуінше, құлдық алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастаған кезеңнің өзінде белең алған. Бастапқыда соғыс тұтқындары, қарыздарын өтей алмаған кедейлер құлдық қамытын кисе, кейіннен құл саудасы «қызып», қомақты табыс көзіне айналған. Тарихи деректер Вавилион, Египет, Грекия, Римде құл еңбегіне сұраныс жоғары болғанын көрсетеді. V ғасырдан бастап маңызын жоя бастаған құл саудасы XVI ғасырда Батыс Еуропада капиталистік қатынастар дамып, жаңадан ашылған жерлерді жаппай отарлау нәтижесінде қайтадан жанданды. Мылтық пен зеңбіректің күшімен еуропалықтар Америка, Азия, Африка құрлықтарының көптеген халықтарын еріксіз құл етті. Құлдық, әсіресе, Америкада өршіді. Үндістерден тартып алынған жерлерді игеруге адам күші жетпегендіктен, отаршылар Африкадан әкелінген зәңгілердің еңбегін жаппай қолданды. Соның нәтижесінде құл саудасы Америка мен Африка құрлықтарының арасын жалғаған негізгі қатынас түріне айналды. Тарихтың көнерген беттеріне үңілсек, дәстүрлі қазақ қоғамында да құлдықтың кейбір белгілері көрініс тапқанын көреміз. Құл ретінде қызмет еткен соғыс тұтқындары (қалмақ, жоңғар, ойраттар) сөзімізге дәлел болмақ. Алайда көшпелі тұрмыста құл еңбегі тиімсіз болғандықтан, қазақ даласында ежелгі Грекия, Египет елдеріндегідей адам саудасы белең алып, құлдық қатынастар салтанат құрған жоқ. Тұтқынға түскендер ерікті қауым мүшелері ретінде тірлік кешіп, қазақ қоғамына сіңісіп кетті. XIX ғасырда сыртқы соғыстар тоқтатылып, құлдық біздің қоғамнан түбегейлі жойылды. Алайда жаңа ғасыр жаңалығымен қоса, ескінің індетін қоса ала келді. Халықаралық көші-қон ұйымының дерегі бойынша, елімізде жыл сайын 200-250 адам құлдыққа түседі екен. Үндістанда 18,35 млн адам құлдықта жүр Адам саудасы – қылмыстың ең ауыр түрлерінің бірі. Қылмыс бар жерде онымен күрес бар. XIX ғасырда Еуропа мен Америкада басталған құлдыққа қарсы күрес XX ғасырда одан әрі жалғасып, Халықаралық мәселе ретінде күн тәртібінен түскен жоқ. 1926 жылы 40 мемлекет құлдыққа тыйым салу жөніндегі Женева конвенциясына қол қойса, 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы құлдык пен құл саудасының барлық түріне тыйым салды. 1956 жылы 59 мемлекет өкілдері қатысқан Женева конференциясы құлдықты, құл саудасын, құлдыққа жақын әдет-ғұрыптар мен институттарды жою жөнінде қосымша конвенция қабылдады. 2000 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы адам саудасын жою мен ескерту туралы қаулы шығарып, кейін 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп жарияланды. Соған қарамастан, адам саудасының ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып барады. Бұл қылмыс, әсіресе, Орталық Азияда өте жоғары деңгейіне жетті. Мұнда жыл сайын 1 миллион адам тағдыры саудаға түседі. Ал, әлемде адам саудасының құрбандары жыл сайын 2,5 миллион адамға дейін өсіп отыр. Енді бір деректерде жыл сайын дүниежүзінде 4 миллионға жуық адам құлдыққа сатылатыны көрсетілген. Жыл сайын жаһандық құлдық индексін жариялайтын Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше, қазір әлем бойынша 45,8 миллион адам құлдықта жүр. 167 елдің деректерін таразылайтын индекс Ресейде бір миллионға жуық адам зорлық-зомбылықпен еңбек ететінін жариялады. Құлдықта жүрген адамдар саны көп елдердің арасында Солтүстік Корея (4,37 пайыз), Өзбекстан (3,97 пайыз), Камбоджа (1,65 пайыз), сонымен қатар, Үндістан мен Катар бар. 18,35 млн адамға құлдық қамытын кигізген Үндістан бұл тізімде көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарда – Қытай (3,39 миллион) мен Пәкістан (2,13 миллион). Ал Люксембург, Ирландия, Норвегия, Дания, Швейцария, Австрия, Швеция және Бельгия, АҚШ және Канада бұл тізімде соңғы орындардан көрінді. Мамандар мұны аталған елдердегі экономикалық жағдайдың тұрақтылығымен, сонымен қатар қақтығыстар деңгейінің төмендігімен түсіндіреді.Жәнібектің жанайқайы
Мамандардың айтуынша, адам саудасы 9 топқа бөлінеді: 1) жыныстық қанау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы; 2) еңбекті қанау, құқыққа немесе қоғамға қарсы іс-әрекеттерге тарту мақсатында пайдалану; 3) сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату; 4) мәжбүрлі қайыршылыққа тарту; 5) қарулы қақтығыстарға пайдалану; 6) дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялау; 7) заңсыз бала асырау арқылы кәмелетке толмағандарды сату; 8) бала туу мүмкіндігін қанау; 9) жұмыс пен қызмет жасауға мәжбүрлеу мақсатымен некеге тұру, оның ішінде «пошта арқылы қалыңдық іздеу» жүйесін ұйымдастыру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. Бүгінгі заманның «құл иеленушілерінің» қақпанына көбінесе жұмыссыз жүрген жастар түседі. Олар аңқау да албырт жастарды «Мол жалақы төлейтін жұмыс тауып беремін» деп немесе «Шетелге барып оқысаң, тіл үйренесің, онда жұмыс көп, жалақысы да жоғары» деген сөздермен арбап, өздерінің соңынан еруге үгіттейді. Құрбандарының санын көбейту үшін қара ниеттілер жер-жерге хабарландыру жазып, жастарды тегін ағылшын курстары мен компьютер үйрететін орталыққа шақырады. Сондай-ақ, жастарды киноға түсуге, түрлі байқауларға (кастинг) қатысуға шақырған хабарландыруларға еліту арқылы да жымысқы ойларын жүзеге асыратындар бар. Жұмыс орындарына алдап шақырып алған соң төлқұжатын, ақшасы мен ұялы телефонын тартып алып, әр түрлі жұмысқа жегеді. Жайлы жұмыс, жақсы жалақы туралы уәделерге құлай сеніп, құлдық қамытын киген жастардың бірі – Жәнібек. Мәскеуде қазақтардың қолында құлдықта болған шымкенттік жігіт азапты күндері туралы жуырда NUR.KZ тілшісіне баяндап берді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында туып-өскен Жәнібек Қаныбек 18 жасында өздігінен күн көріп, ата-анасына салмақ түсірмеуді ойлайды. Содан бір танысының айтуымен Мәскеудегі Гольяново ауданындағы дүкендердің біріне жалақысы 95 мың теңгелік жұмысқа шақырту алады. Кеңес берген танысы онда өзінің әпкесі жұмыс істеп жатқанын және жақсы табыс табуға болатынын айтады. Мәскеуге аттанбас бұрын Жәнібек әпкесі екеуі жұмыс берушімен Шымкентте жолығып, мән-жайды анықтап алады. Содан жас жігіт 2013 жылдың сәуір айында жолға шығады. Мәскеуге келген бойда оны азық-түлік дүкен иелерінің бірі Рашид деген ер кісі күтіп алған. Барған бойда оның құжаты мен ұялы телефонын алып қойған. Алғашында жұмысқа белсене кіріскен жігіттің жағдайы жақсы болған. Тамағы да уақытылы берілген. Жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген Жәнібек алда не күтіп тұрғанын сезбейді. Уақыт өте келе оның тіршілігі қиындап, көгерген нан жей бастайды. «Дүкен иесі Рашид күн сайын түнгі уақытта шығып кетіп, қап-қап етіп көгерген нан алып келеді. Сосын оны турап, бізге ботқа етіп береді. Менімен бірге он шақты жұмысшы болды. Оның екеуі өзбекстандық қыздар, қалғанының бәрі қазақстандықтар. Неге екенін білмеймін, менімен бірге жұмыс істеп жүрген жігіттерді дүкен иелері қасындағы қолшоқпарларымен соққыға жығып жататын», – дейді жігіт. Бір жарым ай уақыт өткен соң Жәнібек Қазақстанға қайтудың жолын іздей бастайды. Бірақ елге қайту түгілі қожайыны дүкеннен сыртқа шығармайды. Тіпті үйіндегілермен тілдесуге мүмкіндік жоқ. Бір күні ол дүкен иесінің қызын аулаға ойнатуға алып шыққан оңтайлы сәтті пайдаланып, көшеде жолыққан қырғыз жігіттің телефонымен Шымкентте көңіл жарастырып жүрген қызына мән-жайды түсіндіру үшін хабарлама жазып жібереді. Оның бұл әрекетін біліп қойған қожайын Жәнібекті күн сайын ұрып-соғуды шығарған. Тынығатын уақытын да қысқартып тастапты. Ең сорақысы, дүкен иелері онсыз да өлмеші күн кешіп, жөнді тамаққа зар болып, одан қала берсе, соққының астына жығылып жүрген жігіттерді сондағы қыздармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Жәнібек зорлық-зомбылық көрсететін қожайындарынан бір емес, екі рет қашып кеткен. Алайда дүкен иелері екі жолы да оны тауып алып, аяусыз ұрып-соққан, екі аптадай жертөледе қамап ұстаған. Қанша таяқ жесе де, кейіннен жігіт дүкендегі қымбат тауарларды әдейі бүлдіріп, арақ-шарап тұратын сөрелерді құлата бастайды. Дүкеннің шығынын көбейтіп жіберген жігіттен құтылғысы келген қожайындар 2015 жылдың қыркүйек айында Жәнібектің қолына құжаты мен 5000 рубль ұстатып, вокзалға апарып тастайды. Мәскеуге 90 келі боп аттанған жігіт елге 58 келі боп оралады. Азаптан арылған Жәнібек үш ай бойы өзіне келе алмай, үреймен өмір сүрген. Психологтың көмегіне жүгініп, ес жиған соң мән-жайдың бәрін әпкесіне айтып береді. Бірақ әлгі азғындардың үстінен ешқайда шағымданбауды өтінген. Жабулы қазанның жабулы күйінде қалғанын қалапты. Алайда уақыт өткен соң өз-өзіне келген жігіт биліктен араша сұрады. Еткен еңбегінің ақысын алу үшін емес, өзі сияқты құлдықта жүрген отандастарын азаптан құтқару үшін. Оның айтуынша, бұрын Шымкент қаласында тұрып, кейіннен қылмыстық іске байланысты Мәскеуге қашып кеткен Рашид пен Жанар есімді дүкен иелері қазақтың бірнеше ұл-қызын құлдықта ұстап отыр. «Дүкен иесі Жанар Жансұлу, Шолпан есімді екі сіңлісімен бірге Мәскеуде бірнеше дүкен ашқан. Барлығында жұмысшыларды құлдықта ұстайды. Ұрып-соғады. Ойлағандары – жалақысын бермеу. Ал полиция қызметкерлері тексеру жүргізгенде бізді жасырын бөлмеге қамап қоятын. Жанардың сіңлісі Жансұлу мен жұмыс істеген дүкенге өз қызметкерлерімен келіп, түні бойы арақ ішіп, сауық құратын», – дейді азап көрген жігіт. Жәнібектің сұхбатынан кейін бірер аптадан соң Мәскеудегі азық-түлік дүкенінде құлдықта болған тағы бір Шымкент тұрғыны Ертай Ережепов елге оралды. Еліміздің Мәскеудегі елшілігінен көмек сұраған Ертайдың анасы ұлымен аман-есен қауышты. Ол Жәнібекті құлдықта ұстаған Жанардың сіңлісі Жансұлудың дүкенінде жұмыс істеген. Ертайға да қожайындары ит қорлық көрсеткен. Он күннен соң қашып шығып, бір апта бойы Мәскеу соборлық мешітінде жан сауғалаған жігіт қазақстандық дипломаттардың көмегімен Қазақстанға қайтты. Ендігі міндет – мәскеулік қожайындардың жанында азапты күн кешіп жүрген өзге қаракөздерімізді құтқару. Ағайынды әйелдердің дүкенінде құлдықта болып, құлдыққа қарсы «Альтернатива» қозғалысының мүшелерінің көмегімен қашып шығып, Қазақстанға оралған Несібелі есімді қыздың шағымынан кейін Қазақстанның тергеу органдары қызметкерлері РФ Бас прокуратурасының рұқсатымен қылмыстық іс аясында Мәскеуге барған болатын. Алайда толыққанды тергеу жүргізуге мүмкіндік болмаған. Себебі тексеру барысында «жұмыс берушілер Ресей заңнамасы негізінде түсініктеме беруден бас тартты». Қазақстан және Ресей құқық қорғаушылары бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілетініне күмән келтіріп, адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына арыз берді. Екі мемлекеттің де заңын белшесінен басып отырған құл иеленушілерге Еуропаның шамасы келер ме екен?Құжаты жоқтың қорғаны жоқ
Өкінішке қарай, адамдарды құлдықта ұстайтын топтар біздің елімізде де алшаң басып жүр. Мәселен, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында жасы келген ерлі-зайыптыны ай бойы қамап ұстап, мал баққызғандардың зұлымдығы әшкере болды. Алпысты алқымдаған Қуатбек Нұрымбетов пен Аягөз Шатабаева 2012 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Ордабасы ауданына жұмыс іздеп барған ерлі-зайыптыны бір кісі екі күн мал бағып бер деп жалдапты. Алайда екі күн бес айға созылады. Төлқұжаттарын тартып алып, жылуы жоқ, суы жоқ лашықта өмір сүруге мәжбүрлеген мал иесі іздеушісі жоқ жандарды әлдекімдерге 200 мың теңгеге сатып жібермекші болған. Шарасыз жандарды «Аудандағы тәртіп сақшыларының бәрі танысымыз, қолдарыңнан ештеңе келмейді, көші-қон полициясына ұстатып жіберем» деп қорқытыпты. Абырой болғанда әбден қорлық көрген ерлі-зайыптыға жақсы адамдар кездесіп, қолұшын созған. Кейіннен екеуіне Шымкенттегі «Сана-Сезім» әйелдер бастамалық-құқықтық орталығы көмек көрсетті. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Шахло Юсупжанованың сөзінше, көрші елден келген екеудің азаматтығы жоқ. Кеңес дәуіріндегі төлқұжатпен жүргендер еш жерде тіркелмепті. Орталық мамандары қазір Өзбекстан елшілігіне сұраныс хат жолдап, құжат жасатудың қамына кірісті. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда адамдар құлдыққа ұшырап, құжаттарынан айырылады. Өткен жылдың алты айында 1500-дей адам осындай мәселемен көмек сұрап келіпті. Басым көпшілігі Ресей, Корея, Араб Әмірліктері мен Түркия, Португалия елдеріне жұмыс іздеп барып, құлдықта күн кешкен азаматтар екен. Ал жыл басынан бері зорлық-зомбылықта еңбек еткен 8 адамға орталық тарапынан көмек көрсетілген.«Көкесі» көп жеңгетай
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары Әсілхан Қалаубаевтың айтуынша, 2015 жылы өңірде адам саудасының 42 дерегі, ал 2016 жылдың 10 айының өзінде 49 оқиға анықталған. «49 оқиғаның 34-і жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлықпен айналысқандар», – дейді департамент өкілі. Алайда қылмыс құрбандары әдетте қажетті органдарға арыздана бермейтінін ескерсек, есепке алынбағандардың көрсеткіші тіркеуге алынғандардан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Жыныстық зорлыққа ұшырап, жат елге алдап апарған құрбысы мен өзге жеңгетайлардың үстінен құзырлы органдарға арызданбаған арулардың бірі – қарағандылық Самал есімді бойжеткен. Бахрейнде секс-құлдықта болған қызды сол жақтың полицейлері құтқарып алған. Қазір Астанадағы кафелердің біріне жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастаған қыз Қарағандыдағы үйіне, анасы мен баласына баруға ұялады. Қоғамның қол шошайтуынан қорқады өйткені. Қорқынышты күндері артта қалған бойжеткен Манамадағы азапты өмірінің ұмытылатынына сенеді. Елордадағы сұлулық салондарының бірінде жұмыс істеген Әсем де жеңгетайлардың арбауына қалай түскенін білмей қалған. Қазақстан телеарнасындағы «Әйел бақыты» бағдарламасына келген бойжеткен жеңгетайлардың құрығына қалай түскенін айтып берді. Салонда өзімен бірге жұмыс істейтін Алтынай атты әріптесі аңғал қызды Кореяға барып, біліктілік курстарынан өтіп келуге үгіттеген. Тегін барып, оқып келіп, Қазақстанда сұранысқа ие маман боласың деп алдаған Алтынайдың сөзіне Әсем еш күмәнданбаған. Корея еліне барған бойжеткендерді әуежайдан сол жақтың азаматтары күтіп алып, кофе ішуге ертіп барады. Кофе ішкеннен кейін есінен танып қалған Әсем көзін ашқанда секс-құлдықтың нағыз ошағында жатқанын түсінеді. Сол сәттен бастап оның азапты өмірі басталған. Күніне 18, кейде тіпті 20 еркекке қызмет етуге мәжбүрлеген жеңгетайлар оның ұялы телефоны мен құжаттарын тартып алған. Қорлықпен өтіп жатқан күндерінің бірінде қазақ қызын сол жақтағы «жезөкшелер үйіндегі» әкімші жігіттің досы ұнатып қалып, оны кездесуге сұрап алады. Қызды мейрамханалардың біріне апарған жігіт масайыңқырап қалғанда, қыз анама хабарласып, жағдайымның жақсы екенін айтам деген сылтаумен телефонын алып, өзінің Қазақстандағы досына хабарлама жазып үлгереді. Досы Қазақстанның Кореядағы елшілігіне дереу хабарласып, қылмыскерлерді тап сол мейрамханада отырған жерінен құрықтайды. Сөйтіп Әсем Қазақстанға дін аман оралады. Ол өзін алдап соғып, құлдықтан бір-ақ шығарған «құрбысының» үстінен арыз жазудан бас тартқан. Айтуынша, 1992 жылы туған Алтынай есімді бойжеткен бүгінде Қазақстанда жүр. Құзырлы органдарда оның тамыр-танысы көп екенін білетіндіктен Әсем арызданудан қорқыпты. Арыз жазылмағандықтан бұл іс жылы жабылған. Заңнан да, ардан да аттап, бостандықта алшаң басып жүрген жеңгетай әлі қанша бойжеткеннің өмірін өксітері белгісіз...