194
Кәсіпкерліктің көсегесі көгерсін десек...
Кәсіпкерліктің көсегесі көгерсін десек...
Елімізде бизнесті қайта реттеу шаралары қолға алынып, кәсіпкерлік саласының кең тыныстауына жол ашылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз жиынында Ұлттық экономика министрілігіне қарасты кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева мәлімдеді.
Соңғы жылдары қадағалаушы мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілетін көп тексерістің де саны азайды. Мысалы, 2013 жылмен салыстырғанда бизнестегі тексеру шаралары 45 пайызға кеміді. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаеваның айтуынша, бизнеске ең көп қысым көрсететін органдарда сараптама жүргізген мамандар бірнеше қисынсыз талапты тапқан. Әсіресе, санитарлық-эпидемиологиялық салаға қатысты 83 тексеру парағының ішінде 11 мыңнан астам жөн-жосықсыз шектеу шыққан. Енді осы олқылықтарды жою үшін Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
«Ағымдағы жылдың соңына дейін Кәсіпкерлік кодекске, салалық заңдарға қайталанатын бақылау және қадағалау салаларын алып тастау және тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне жатпайтын салаларды ауыстыру бойынша түзетулер әзірленетін болады», – деп мәлімдеді Ғ.Жолдыбаева. Оның айтуынша, ревизия кәсіпкерлік субъектілеріне бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан қысымды азайтуға мүмкіндік береді, мемлекеттік бақылау мен қадағалау заңнамасын жетілдіруді қамтамасыз етеді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құрамдағыштарды алып тастауға жәрдемдеседі, сондай-ақ елде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді.
Мұнымен қоса, бизнесті қорғау және қолданыстағы әкімшілік кедергілерді жою мақсатында министрлік мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне тұрақты негізде тексерулер жүргізілетін болады. Олар бизнеске ең көп қысым көрсететін субъектілерге бағытталған.
«2016 жылғы тексеру нәтижелері мемлекеттік органдардың бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру кезінде, сондай-ақ бизнес субъектілерінің қызметін реттеу кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін өрескел бұзғандығын көрсеткен. 2016 жыл бойынша мемлекеттік мекемелердің басшыларына қатысты 4,8 млн. теңге сомасына 46 әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған (бүгінгі күні 38 хаттама бойынша соттармен 4 млн. теңге сомасына айыппұл ретінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылар шығарылды), 40-тан астам лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған», – деп атап өтті департамент директоры.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің жолын кес-кестейтін жөнсіз тексерістермен күреске ҚР Бас прокуратурасы да бел шеше кіріскен. Өткен жылдың соңында өткен алқа мәжілісінде ҚР Бас ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жақында ғана өткен алқа мәжілісінде кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық істермен мезі еткен экономикалық тергеу органдарын сынға алып, кәсіпкерлерге көрсетілетін қысымды азайту туралы бастама көтерген еді.
«Кәсіпкерлерді негізсіз тексерген шенеуніктерді жұмыстан шығару керек» деп мәлімдеген Бас прокурор мемлекеттік бақылау саласындағы былықты тоқтату керектігін баса айтты. Шағын және орта бизнес өікделірен қисынсыз талаптар қойылып, оны орындамағандарды жазалау шараларының көбеюі кәсіпкерліктің көсегесін көгертпей отыр. Мемлекет басшысының өзі үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан салаға кедергілер келтірудің ақыры ел экономикасының дамуына тежеу боларын ұмытпаған абзал. Сондықтан кәсіпкерліктің жолындағы кедергілермен күресте құзырлы органдарың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы құп.
Экономикалық қылмыстарға қатысты атүстіліктің көбеюі де – шағын және орта бизнес дамуын тежейтін факторлардың бірі. Асығыс шешім шығарудың салдарынан кәсіпкерлерге түрлі шектеулер қойылады. Есепшоты, қызметі, барлығы тоқтап қалады. Соңғы кездері шығарылған шешімдерді қайта тексере келген құзырлы орган өкілдері қылмыстардың санын 3 есеге азайтқан. Кей қылмыстық істер әкімшілік істерге алмасты. Соңғы 1,5 жылда 160 мың кәсіпкер түрлі заң бұзушылық үшін 26 млрд. теңге айыппұл арқалаған екен. Кейбірі тиісті төлемді бір күнге кешіктіргені үшін қажетті сомадан көлемі 27 есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болыпты. Сол сияқты кәсіпкерлікке кедергі келтіріп отырған салықтық мөлшерлемелердің де тым жоғары екені айтылып жүр. Мұны ескерген Бас прокуратура әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу жағын қарастыруда.
Бас прокурордың орынбасары Марат Аxметжановтың сөзінше, қылмыстық қудалауға ұшыраған, алайда, қылмыс құрамы болмағандықтан кейін тоқтатылған істердің тергеу xронометражы жасалған. Ол орташа есеппен 90 күнге жалғасқан. «Бизнесмендерге осы үш айдың ішінде құқық қорғаушылардың барлық қудалау арсеналы қолданылады: тінту, жауап алу, шотқа тоқтам салу. Мұндай қысымға шыдайтындар аз. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің белгісі бойынша, 5,5 млн. теңгеге операция жасалғаны үшін Шымкентте «Интерн Фтор Шымкент» компаниясының қызметі негізсіз үш айға тоқтатылған. Оған негізсіз жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалған. Есепшотына тоқтам салып, құжаттарын алып қойған, келісімшарттар жасауға тыйым салған, салықтық тексеріс тағайындаған. Өз кезегінде ол тексеріс ешқандай заң бұзу әрекетін анықтамаған. Осы уақыт аралығында бұл фирма өзінің іскерлік беделін жоғалтты, жеткізушілер сырт айналған, фирма қазіргі уақытта банкроттыққа ұшырады, жұмыс орындары жабылды», – дейді М.Аxметжанов.
Бас прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында әрбір алтыншы қылмыс қана расталған. Бұл экономикалық тергеу органдарының жұмысында атүстілік, бармақ басты, көз қыстылық көп екенін аңғартса керек. Елбасы ерекше қамқорлығына алған саланың жұмысын ақсатпау үшін мұндай жүгенсіздіктерге тоқтау салатын кез келді.