50896
Қандастар «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысуды үлкен мәртебе санайды
Қандастар «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысуды үлкен мәртебе санайды
Бүгін Алматыдағы Медеу мұз айдынында аты аңызға айналған «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің шымылдығы түріледі. Араға жиырма жыл салып қайта өткелі тұрған бұл фестиваль биыл ерекше форматта өтпек. Фестивальдің екінші күнінде әйгілі Black Eyed Peas тобы өнер көрсетсе, ал үшінші күні Роза Рымбаева, «Ялла» тобы, Юлдуз Усманова, Secret Service және тағы басқа өнерпаздар ән шырқайды. Ал бірінші күні қазақстандық эстрада жұлдыздары мен «Жас қанат – 2023» байқауының жүлдегерлері сахнаға шығады. Бұл күні шетелде тұратын өнерпаз қандастар да Медеу төрінде өнер көрсетпек. Қандастар биылдан бастап «Отандастар қорының» бастамасымен кезінде Eurovision байқауынан асып түспесе, кем түспейтін деңгейде өткізілген «Азия фестиваліне» қатысу мүмкіндігіне ие болды. Осы ретте қор өкілдері мен олар ұйымдастырған кастингте топ жарып шыққан үш қандастың пікірін білген едік.
Дидар БОЛАТ,
«Отандастар қорының» жобалар жөніндегі координаторы:
Қандас балалар арасында «Жас қанат – әлем» байқауын ұйымдастыруға келістік
– «Азия дауысы» қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Тимур Төлегеновтің әлеуметтік желідегі парақшасына әйгілі фестивальдің қайта жаңғыратыны туралы жазған постын көрген соң, аталған концертке қандастар да неге қатыспасқа деген ой келді. Сосын Тимурмен байланысқа шығып, осы ұсынысты айтқанымызда, оған бұл идеямыз ұнап, шетелдегі өнерпаз қазақтарға қолдау білдіруге әркез дайын екенін жеткізді. Келіссөздер жүргізу барысында «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің бас продюсері Арманжан Байтасов қызығушылық танытып, ақырында Алматыда өткен кездесу кезінде «Отандастар қоры» КеАҚ мен «Азия дауысы» ҚҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бастапқыда бір ғана қандасты қатыстыру туралы келіскен едік. Кейін екі, артынша үш қандасқа қатысу мүмкіндігін беретінін айтты. Ұйымдастырушылар кезінде дүркіреп, атағы жер жарып тұрған бұл фестивальге Өзбекстан, Моңғолия және тағы басқа елдерден көп әртіс қатысқанын біледі. Жалпы, олар шетелде дарынды қандастарымыз көп екенін жақсы біледі. Сөйтіп, үш үміткерді анықтау мақсатында қандастар арасында кастинг жарияладық. Ресей, Қытай, Украина, Моңғолия және Өзбекстан елдерінде тұрып жатқан елуге жуық қандастан өтінім келіп түсті. Олардың арасынан жиырмасын іріктеп алып, жіберген видеолары мен деректерін «Азия дауысын» ұйымдастыруға жауапты арнайы мамандар тобына жібердік. Олар барлығын мұқият тыңдап, жиырманың арасынан үш өнерпазды, атап айтсақ, Моңғолиядан Гаухартас Космоновқызы мен «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблін және Өзбекстанда тұратын дарынды жас әншіні Мұса Маратты таңдап алды. Үшеуі де атажұртқа келіп, бұл фестивальге қатысуға қуана-қуана келісті. Айта кетерлігі, 18 жылдан соң қайта өткізілгелі тұрған «Азия дауысы» фестивалі биыл байқау форматында емес, концерт күйінде өткізіледі. Келесі жылдан бастап байқау ретінде қайта ұйымдастырылып, конкурсанттар өзара сайысқа түсетін болады. Сондықтан келесі жылы қатысатын қандастардың бұл фестивальде өз бағын сынап көруге тамаша мүмкіндігі бар. Тағы бір маңызды жайт, «Азия дауысын» ұйымдастырушылар «Жас қанат – балалар» республикалық балалар шығармашылығы байқауын да ұйымдастырады. Аталған байқауға қандас балаларды да қатыстырғымыз келген еді, бірақ ұйымдастырушылар бұл республикалық деңгейдегі байқау болғандықтан оған қандастардың қатыса алмайтынын айтып, дұрысы, қормен бірлесіп, «Жас қанат – Әлем» деген атпен жаңа халықаралық байқауда өткізу идеясын ұсынды. Сол себептен келесі жылы қандас балалар арасында осындай ірі жоба өткізбек ойымыз бар. Бұл байқауда шыңдалған балалар ертең «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне де қатыса алады.Гаухартас КОСМОНОВҚЫЗЫ, дәстүрлі әнші (Моңғолия):
«Азия дауысы» фестиваліне қатысасыз» деп хабарласқан кезде, төбем көкке бір елі жетпей қалды
– Мен үш жасымнан бастап ән айтамын. Кішкене кезімде «Әнші балапан» секілді балалар арасындағы жарыстарға жиі қатысқанмын. Өнерге жақын болып өстім. Алғаш рет теледидардан Қарақат Әбілдинаның жетіген аспабымен орындаған әнін естіген кезде, «Мен де жетігеннің сүйемелдеуімен осылай ән орындасам ғой» деп армандаған едім. Сөйтіп, сол арманымды орындау үшін Көкшетаудағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Шынымды айтсам, Қазақстанға жетіген аспабын үйрену үшін келген едім. Алайда мен оқыған білім ордасында жетіген үйірмесі өткізілмейтін болып шықты. Жалпы, жетігенде ойнайтын өнерпаздар аз ғой. Жетігенде ойнауды үйрететін оқулық та жоқ. Сөйтіп, жетігенді өз бетімше үйрендім. Қарақат апаймен Көкшетауда оқып жүргенімде кездесіп, шүйіркелескенде, ол кісі маған қолдау білдіріп, ризашылығын білдірді. Содан соң ол кісінің шәкірттерімен бірге бір-екі концертке қатыстым. Айтпақшы, Көкшетаудың атынан Таразда өткен республикалық патриоттық әндер байқауына қатысып, «Көрермендер көзайымы» деген сыйлық алған едім. Оны бітірген соң, Моңғолия астанасы Ұлан Батыр қаласындағы Өнер академиясында эстрада және вокал мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде жетіген аспабы арқылы халық әнін насихаттап жүргеніме 6-7 жылдың жүзі болды. «Отандастар қорының» әлеуметтік желідегі парақшасынан кастинг туралы хабарландыруды көрген бір туысым «Дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген жанның бірісіз ғой. Сіз қатысуға тиіс бір кастинг болып жатыр екен. Қатысып көрсеңіз қайтеді?» деп ұсыныс айтты. Сосын Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері Айған ағамыз домбырада, ұлты моңғол бір өнерпаз ятга деп аталатын моңғол аспабында, мен болсам, жетігенде ойнап, ән айтып, үшеулеп видео түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдадық. Сол кезде өтер-өтпесімді білгім келіп, нәтижесін асыға күттім. Шетелде тұратын мықты әншілер көп қой. Дегенмен іштей ол фестивальге қатысатындай сезініп жүрдім. Бір айдан соң «Кастингтен өттіңіз. «Азия дауысы» фестиваліне қатысасыз» деп хабарласқан кезде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Қатты қуандым. Әрі Моңғолиядан мен ғана емес, төл өнерімізді насихаттап жүрген «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі қатысатынын естіген кезде тіпті қуандым. «Азия дауысы» фестивалін Моңғолия қазақтары жақсы біледі. Бала күнімізде тағат таппай, фестивальдің басталуын теледидар алдында күтіп отыратынбыз. Ол уақытта бала болсақ та, өнерге деген қызығушылығымыз зор болғандықтан, әншілердің әнді құйқылжыта орындауына тамсанып, «Неткен керемет!» деп таң-тамаша болып отыратын едік. Қыдырәлі Болманов, Медеу Арынбаев ағаларымыз берген сұхбаттарында «Азия дауысынан» жарып шыққанбыз» деп айтып жататыны есімде. Жалпы, сол кезде конкурсант болып қатысқан әпке-ағаларымыз кейін елге танымал болып, қазірге дейін халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүр ғой. Ол кезде «Азия дауысының» конкурсанты» деген атақтың өзі мәртебелі еді ғой. Бүгінде сол қатарды біз де толықтырғалы тұрмыз. Керемет емей немене?! Қандастардан көмегін аямайтын «Отандастар қоры» болмағанда, біз бұл фестивальге қатысар ма едік?! Сондықтан осы идеяны іске асырған мамандарға алғысым шексіз! Фестивальдің ашылуына Халық әртісі Бибігүл Төлегенова қатысады деп жоспарланып отыр. Мұны естігенде қатты қуандым. Неге десеңіз, менің атам жас кезінде Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас» әнін сүйсініп тыңдапты. Мен дүниеге келген кезде «Қызым әнші болсын» деп ырымдап, сол әннің құрметіне мені Гауһартас деп атапты. Атам теледидардан Бибігүл апамыздың «Гауһартас» әнін естіген сайын «Сенің есіміңді Гауһартас деп қоюыма осы ән себепші болған» деп айтады. Сондықтан Бибігүл апаммен Медеу мұз айдынында бетпе-бет кездесіп, есімімнің қою тарихын айтып беремін деп бекініп отырмын.
Еркінбек МАМЫРХАН, «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі (Моңғолия):
Біз бой түзеп жүрген әншілермен бірге бір сахнада өнер көрсететінімізге әлі сенбей жүрміз
– «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі 2016 жылы Баян Өлгейде құрылды. Ансамбль құрамында төрт өнерпаз өнер көрсетеді. Арамызда Рома Биахметқызы деген дарынды бір аруымыз бар. Одан бөлек, Есжан Мұратбек пен Ертісхан Өнерхан атты өнерлі жігіттер де бар. Біз қазақтың 15 түрлі ұлттық аспабын қосып ойнаймыз. Бастапқыда әлемді таңғалдырып жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің өнеріне қызығып, «Біз насихаттауға тиіс ұлттық аспаптарымыз көп екен ғой» деп таңғалған едік. Сол кезде ұлттық аспаптарымыздың көп екенін көріп-естіп, өз бетімізше зерттеу жүргіздік. Қазақстандағы өнер адамдарына хабарласып, біразын іздеп тауып, қорымызды молайттық. Алғашында Моңғолиядағы қазақтар, тіпті моңғолдардың өздері біздің өнерімізге жоғары бағасын берді. Бертін келе шетелден келетін туристер қызығушылық таныта бастады. Содан соң түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, ел аумағынан тыс жерлерде де таныла бастадық. Қазақстанда Талдықорған қаласында өткен «Мәңгілік елдің – Мәңгілік сарыны» атты ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестиваліне қатыстық. Биыл Петропавл қаласында өткен QYZYLJAR MUSIC Fest халықаралық фестивалінде де өнер көрсеттік. Енді міне, Алматыда бүгін басталатын әйгілі «Азия дауысына» қатысқалы тұрмыз. Медеу мұз айдынында белгілі ақын, Қазақстан, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Кәкен Жанжұңұлының сөзіне жазылған «Мен – қазақпын» әнін орындайтын боламыз. Кәкен ағаның бұл өлеңіне әуен жазып, этно стильге бейімдеп жазуды бұрыннан көздеп жүрген едім. Енді бұл әнді атажұртта әйгілі фестивальдің сахнасында орындайтынымызға ерекше қуанып тұрмын. «Азия дауысы» халықаралық фестивалі тоқсаныншы жылдары дүркіреп тұрғанын көпшілік білетін болар. Телефон, интернет жоқ заманда фестивальді басынан аяғына дейін теледидардан үзбей көретін едік. Осы фестиваль арқылы көп қазақстандық әнші халыққа танылды. Кезінде Моңғолия атынан қатысқан Серчима, Сарантуяа секілді әншілер де сол фестивальден кейін біз жақта жұлдыз болды. Араға бәленбай жыл салып, жаңғырып жатқанына қуаныштымыз. Біз бой түзеп жүрген әншілермен бірге бір сахнада өнер көрсететінімізге әлі сенбей жүрміз. Осы ретте бізге осындай тамаша мүмкіндікті сыйлаған «Отандастар қорына» шексіз алғысымызды білдіреміз.Мұса МАРАТ, жас әнші (Өзбекстан):
Отыз жыл бұрын «Азия дауысы» фестиваліне ұстазым қатысқан
– «Азия дауысы» қайта жаңғырады, «Отандастар қоры» кастинг ұйымдастырады» дегенді естігелі бері сол конкурсқа қайтсем де қатысуым керек деп алдыма мақсат қойдым. Бастапқыда мен бұл фестиваль бұрынғыдай байқау форматында өтетін болар деп тыңғылықты дайындалдым. Бірақ биыл тарихы бай бұл фестиваль жиырма жылдан соң қайта ұйымдастырылып жатқандықтан, жылы әрі естелік концерт форматында өтеді екен. Әлбетте, бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Сөйте тұра, бұл – үлкен тебіреніс. Бойымда толқу бар. Өйткені мен Алматыға бірінші рет келіп тұрмын. Көркіне көз тоймайтын қаланың әдемі жерлерін аралап, ерекше сезімде жүрмін. Дәл қазір қандай күйде тұрғанымды сөзбен сипаттай алмаймын. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Нөкіс қаласындағы Мәдениет және көркем өнер колледжінің эстрада вокал бөліміне оқуға түстім. Сол сәттен бастап қазірге дейін маған бар білгенін үйретіп жүрген Қарақалпақстан Республикасының Халық әртісі, қандас әпкеміз әрі менің ұстазым Гүлнара Мүнтеева өнердегі жолы қалай басталғанын баяндап, әңгімелеп беретін. Сол кезде «Қазақстанда әйгілі «Азия дауысы» деген фестиваль өтетін. Бұл жай ғана фестиваль емес, әлемдік деңгейдегі ірі конкурс. Мен сол фестивальге 1992 жылы Қарақалпақстанның атынан қатысқанмын» деп айтқаны есімде. Содан соң үйге келіп, интернеттен «Азия дауысы» фестивалі» деп теріп іздеп, оның қашан өтетінін білгім келген еді. Сөйтсем, «Азия дауысы» фестивалі бұдан былай өтпейтін болыпты. Екі ай бұрын қайта ұйымдастырылатынын, кастингке қатысып жатқанымды ұстазыма айтқанымда, ол кісі қатты қуанды. Өткенде кастингтен өткенімді айтып, хабарласқанымда «Отыз жылдан соң енді сен қатысатын болдың!» деп қатты қуанып, жылы лебізін білдірді. Ол кісі теледидарға «Кезінде мен барған едім. Енді менің шәкіртім әрі балам барғалы жатыр» деп сұхбат беріп үлгеріпті (күліп). Жүрген жерінде де айтып жүрсе керек. Аймақта көпшілік мені Гүлнара ұстазымның баласы деп ойлайды екен. Сондықтан қазір айналамда «Гүлнараның баласы «Азия дауысы» атты фестивальге қатысқалы жатыр екен. Қазақстанға барады екен» деп гу-гу әңгіме жүріп жатыр. Бұл да бір белгі іспетті. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» деп бекер айтпаса керек. «Азия дауысы» фестивалінің режиссерлері хабарласып «Құстар әнін» жанды дауыста орындап берсеңіз қайтеді? Концертмейстер фортепианода ойнайды. Қазақстанда бұл әнді білмейтін адам жоқ. Бұл әнді орындаған кезде қонақтар мен көрермендер ерекше күйге бөленіп, біраз жылы естелікті еске түсіретіні анық» деп ұсыныс айтқан еді. Мен бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдадым. «Құстар әнін» бұған дейін бір рет орындағанмын. Алайда үлкен сахнада бірінші рет орындайын деп тұрмын. Мені ерекше қуантатын тағы бір жайт – шағын ауылда теледидардан бақылайтын, өзім сүйіп тыңдайтын көп әншімен бірге сахнаға шығамын деп кім ойлаған? Кішкене күнімде теледидардың алдында ауызым ашылып, тамсанып, тыңдап отырған кезде біреу «Бұйырса, сен осы әншілермен бірге бір сахнада өнер көрсетесің» десе, сенбес едім. Ақылға қонбайтын секілді көрінетін. Ал бүгін мұның мүмкін екенін, еш сандырақ емес екенін дәлелдегелі тұрмын. Десе де, Медеудегі әйгілі сахнаға көтерілмейінше, бұған еш сенбейтін секілдімін (күліп). «Отандастар қоры» ұйымдастырған кастингтен өтіп жатқан кезде мұның маңызын жете түсініп қоймаппын. Енді сезіліп жатыр. Қазақстанда өткен бір-екі конкурста жүлделі орын алған едім. Сол кезде танысып, достасқан өнерлі жастар өткенде «Жас қанат» байқауында топ жарды. Мені афишадан көрген олар «Уау, Мұса, сенде қатысады екенсің ғой! Бізге бір сөз айтпай келе жатқаның не?!» деп таңғалады. Мен оларға «Сендерге тосын сый жасау үшін келе жатырмын» деп қалжыңдаймын. Сондықтан осындай тосынсый, осындай ерекше сезім үшін «Отандастар қорының» қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін!