Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
ашық дереккөзі
50747
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс активіне бірінші орынбасарын таныстырды. Президент Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Зұлфұхар Сансызбайұлы Жолдасов тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Зұлфұхар Жолдасов 1976 жылғы туылған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «эколог» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын прокуратура саласынан бастаған. Сонымен қатар Қоршаған ортаны қорғау, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде басшылық қызметтер атқарған. Осыған дейін Қазақстан Үкіметі Аппаратында өңірлерді дамыту бөлімінің инспекторы болды. Зұлфұхар Жолдасов бірінші орынбасар ретінде Сәулет және қала құрылысы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, бақылау жөніндегі басқармаларының жұмыстарына жетекшілік ететін болады.
«Аталған салалардағы күрделі, қордаланған мәселелерді шешу бағытында біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті деп Сізге сенім білдіремін. Біріншіден, Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығының қайта құру жұмыстарын жеке бақылауға алу қажет. Сондай-ақ облысымызда, әсіресе облыс орталығы Түркістан қаласында бірқатар нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Солардың сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізу керек. Автомобиль жолдарының сапасы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары бар. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу қажет. 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту керекпіз. Осы мәселелерді шешу үшін біліміңіз бен тәжірибеңіз жеткілікті. Сізден нәтижелі жұмыс күтемін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, осыған дейін жинаған білімі мен тәжірибесін облысты дамытуға жұмсауға дайын екенін жеткізді.  

Серіктес жаңалықтары