50357
«Төрт мұғалімнің өлімі»: көлік жүргізуші сотталды
«Төрт мұғалімнің өлімі»: көлік жүргізуші сотталды
Самара-Шымкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы аяқталды. Сот жүргізушіге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады деп хабарлады turkystan.kz.
ҚазАқпараттың жазуынша, Қобда аудандық сотында бүгін төрт мұғалімнің өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты үкім оқылды. Сот барысында анықталғандай, жүргізуші жол ережесін сақтамай, көлік пен көлік арасындағы арақашықтықты бұзған, жылдамдықты реттемеген. Сот отырысында сотталушы Асылжан Қоштан өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады. Жәбірленушілермен ішінара медиациялық келісімге келді.
«Зерттеу қорытындыларына талдау жасап, сот сотталушы Қоштанның қылмыстық құқықбұзушылығы ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп есептейді. Өйткені ол LADA Largus автокөлігімен Самара-Шымкент тасжолының 593-шақырымында ҚР жол ережелерін сақтамай, алдында, бір бағытта келе жатқан жүк көлігімен соқтығысады. Төрт жолаушының абайсызда өліміне әкеп соқтырып, екі жолаушының денсаулығына ауыр зиян келтіріп, жол ережесі мен техниканы пайдалану ережесін бұзған. Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, сонымен қатар қылмыс жасағанға дейін және кейінгі мінез-құлқын, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді. Шын ниетпен өкінуін, бұрын сотталмағанын, жәбірленушілердің кешірімін, төрт жас баласының барын қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сот қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ», – деді судья Жәнібек Сейітжапаров.Сонымен бірге моральдық залалды өндіру туралы азаматтық талапты қанағаттандырып, А.-ның пайдасына 5 млн, Ж.-ның пайдасына 1 млн, Т.-ның пайдасына 5 млн моральдық залал өндірген дұрыс деп есептеді. Қоштанға азаматтық талапты орындау үшін 30 күн мерзім берілді.
«Асылжан Қоштанов ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны – қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемесі», – деді судья.Сот отырысына сотталушының анасы да қатысты.
«Біз Батыс Қазақстан облысындағы ауылда тұрамыз. Балам Орал қаласында тұрады. Оқыды, жұмыс істеді. Соңғы үш жылдан бері такси қызметінде жүр. Отбасын өзі асырады. Төрт баласы бар. Үлкені биыл мектепке барады. Кішісі төрт айлық, мүгедектігі бар. Келінім үйде баламен отыр. Балам арақ ішпейді, осы уақытқа дейін еш жамандығын естімедік. Абайсызда болған жағдай. Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бірінші Алладан, екінші қымбат жандарынан айрылған отбасылардан аналық кешірім сұраймын. Өзім де анамын. Сәбилер жетім қалды. Өкініштен өзегің өртенеді. Бәрін де түсінемін. Қайтыс болғандар қатарында менің де балам болатын еді. Көрер жарығы бар екен. Есін білмей екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Әлі де денсаулығы жақсы емес. Аяқ-қолы сынып, басынан зақым алды. Ештеңені есіне түсіре алмайды. Бәрінен кешірім сұраймын», – деді сотталушының анасы Сандуғаш Кенжеғалиева.Еске салсақ, оқиға биыл маусым айында болды. Бір топ оралдық педагог Ақтөбеде диплом алуға шығып, жол-көлік апатына ұшырады. Салдарынан төрт адам көз жұмып, екеуі ауыр жараланды.