Әзербайжан сапары: оккупация жаңғырығы
Әзербайжан сапары: оккупация жаңғырығы
Іссапардың екінші күні ертемен жолға шықтық. Бағытымыз – Қарабақ аймағы. 30 жыл оккупацияда болған аумақтағы қалалар мен ауылдардың қазіргі жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысып, соғыс зардабын көзбен көру үшін Бакуден батысқа қарай жол тарттық. Көздеген меже – Шуша қаласы. Бірнеше елді мекенді аралап, қас қарайғанша сол жаққа жетіп үлгеруіміз керек. Ұйымдастырушылар жолдың алыс әрі оңай болмайтынын бірден ескертті.
Жүзім алқабынан – мина даласына
Тақтайдай түзу жолмен зымырап келеміз. Қаладан біршама алыстағаннан кейін айналадағы көрініс, пейзаж өзгере бастады. Көк теңіз, жасыл желек, дымқыл ауа шөлейт дала мен құрғақ, ыстық лепке ауысты. Жолға шыққанымызға бір сағатқа жуықтағанда, жол бойындағы дәмханаға аялдадық. Елдегі қай дәмханаға барсаңыз да, шай мен тосап ұсынады екен. Және шайды кесемен емес, түріктер секілді шыны стақанмен ішеді. Айырмашылығы – көлемі үлкендеу. Әзербайжандар бұл стақанды пішініне байланысты «армұд», яғни алмұрт деп атайды екен. Бұл жолы грек жаңғағынан қайнатылған тосап ұсынды. Әлі піспеген, сырты қатаймаған жаңғақты жинап алып қайнатады екен, құрманың ішіне жаңғақ салып қойған секілді көрінеді. Жаңғақтан қайнатылған тосап дегенді алғаш көріп тұрған көбіміз сәл таңырқағанымызды жасырмадық. Сәл әлденіп алған соң, қайтадан жолға шықтық. Алда – 7-8 сағаттық ұзақ жол. Біз жүріп бара жатқан жолдың біраз бөлігі Иранмен шекараны бойлай салыныпты. Одан әрі қарай бағыт елдің орталығына қарай бұрылды. Қатпар-қатпар тасты аласа таулар бірте-бірте жазыққа ұласты. Жол да ойлы-шұңқыр бола бастады. Айнала – құм, құрғақ ағаштар. – Бұл қайта бүліне қоймаған жолдар ғой, соғыс болған аумақта жол мүлде нашар, – деді бізді бастап апара жатқан ресми өкіл. – Одан әрі қарай мүлде жолсызбен, тау-таспен жүреміз, – деп сөзін жалғады ол. – Оккупацияда болған аймаққа жеткенде, бірден айтасыз ғой, – деді арамыздағы бір журналист. – Ол жақтарға жеткенде, өздеріңіз-ақ айтпай-ақ білетін боласыздар, – деп жауап берді ресми өкіл. Осыдан-ақ оккупацияда болған аймақтардың қандай халде екенін алдын ала аңғардық. Ал жолдың қазір біз келе жатқан бөлігін жүк көліктері тоздырған екен. Жалпы, Армения оккупациясында Таулы Қарабақ аумағы және оған іргелес 7 әкімшілік аудан болған. Сол аймақтардың барлығын басып өтіп, көбісіне соғу бағдарламамызда жазылған. Қазір алғашқы аудан – Ағдамға апаратын жолдамыз. Жол бойында шейіт болғандарды еске алу үшін қойылған құлпытастар жиі кездеседі. Көліктің терезесінен өзіміз бұрын болмаған, ешқашан көрмеген жерлерді мұқият шолып келеміз. Қырғыз елінен келген оператор көліктегі музыканы ауыстыруды «өз міндетіне алған». «Той әндері» аталып кеткен әндердің біресе өзбекшесін, біресе қырғызшасын, біресе қазақшасын тыңдап келе жатырмыз. Аударма деген аты ғана, тек әріптік-дыбыстық айырмашылық, кей сөздері басқаша демесеңіз, сол сөз, сол ән. «Бір-бірімізден ала беріппіз-ау» деген ой келеді. «Кірме әндер» туралы біраз әңгіме айтылды. Содан соң Өзбекстаннан келген журналист жол қысқарсын деп өздерінің «Хорезм биі» туралы да әңгімелеп берді. – Бұл Құдайдың адамды жаратуын бейнелейтін би, – деді ол, – бидегі барлық қимыл адамның кеудесіне жанның қалай таралғанын көрсетеді, әрқайсының мән-мағынасы бар. Дегенмен осындай философиялық астары барын көбі біле бермейді, – деп сөзін жалғады. Содан соң Әзербайжандағы «Қазақ» атты қала туралы сөз болды. Дегенмен бұл қаланың неліктен бұлай аталғанын ешкім дәл айта алмады. Сол сәтте бір елді мекенге келіп жеттік. Телефондағы карта біздің Ағжабәдіде екенімізді көрсетіп тұр. Ауыл шағын, әдемі екен. Түзу көшеде қаздай тізілген қызыл шатырлы, қызыл қақпалы үйлер. Қақпалардың бірі гүлдермен, түрлі маталармен безендіріліпті. Бұл – үйде той болғанының белгісі екен. Әзербайжан халқы да тойшыл, тойға ерекше мән беретін халық көрінеді. Бізді бастап апара жатқан ресми өкіл тойға шақырылатын қонақтардың саны мыңнан асып кетсе, қалыпты жағдай болып есептелетінін айтты. Ағжабәдібен ары оккупацияда болған аумаққа кірдік. Бізді сол жерде Әзербайжан Президентінің Қарабақ экономикалық аймағындағы арнайы өкілдігінің аға кеңесшісі Араз Иманов қарсы алды. Ағдам – 1993 жылғы 23 шілдеден бері оккупацияда болған, аумағы 1 154 шаршы шақырым болатын аудан екен. 2020 жылы Әзербайжанға қайтарылған.
Шаңы бұрқыраған маң дала. Айтқандай-ақ тоз-тозы шығыпты, көз тоқтатып қарайтындай ештеңе көрінбейді. Сену қиын, бірақ бұрын бұл жер жүзім алқабы болған екен. – Бұл қайта жанданған аумақ, қазір біраз жүргеннен кейін тоқтап, мина қойылған аумақты көрсетеміз, барлығы тас-талқан болған, өз көздеріңізбен көресіздер. Бұл аудан бұрын Әзербайжандағы ең жасыл аумақ болған, қазір мүлде түк қалмаған, – деді аға кеңесші. Сапарымызды одан әрі жалғастыру үшін жолға қайта шықтық. Тексеру постынан өтіп, құжаттарымызды көрсеттік. Ресми өкіл әрі қарай мұндай посттарға жиі тоқтайтынымызды айтты. 18 жасқа толмаған азаматтарға кіруге рұқсат жоқ екен, ересектердің өзі қатаң тексерістен өтеді, себебі артық қадам жасаудың өзі – қауіпті.
Сол жерге тоқтап, көліктен түстік. Жолдан бір қадам аттап шықпау керек екенін қатаң ескертті. Баяғы жүзім ағаштарының орнында «Бұл жерде мина бар» дегенді білдіретін таяқшалар самсап тұр. Әр жерден бұрын окоп болған қазулы шұңқыр үңірейіп көрінеді. Келетін судың бәрі бұрылып, ирригациялық жүйе бұзылған.
2020 жылы соғыстың нәтижесінде, үшжақты келісімшарт негізінде Ағдамды қайтардық. 30 жыл бойы оккупацияда болды. Қазір біз тұрған жер – мина алқабы. Мина бүкіл Қарабақ аумағына қойылған. Жерді қайтарып алғаннан кейінгі ең алғашқы қиындық осы миналар болды. Мина қойғанда ешқандай ереже, тәртіп сақталмаған. Әртүрлі миналарды бірінің үстіне бірін қойған, каналдар мен құбырларға жасырын миналар тастаған. Қайдан шығатынын болжап-білу өте қиын, біз оларды «тосын сый» деп атап кеттік. Арменияға біраз қысым көрсетіп, ақыры минаға қатысты бірқатар жазбаларды алдық. Бірақ бұл мина картасы емес, жекелеген әскерилердің өз бетінше жазған жазбалары болып шықты. Яғни, ресми құжат емес. Сол жазбалардың өзінде 400 мыңға жуық мина қойылғаны жазылған. Бірақ жазба бүкіл аумақты қамтымайды. Екіншіден, жазбалардың тек 24 пайызы шындыққа жанаспайды, олар белгілеген әрбір төрт минаның тек біреуі ғана табылды. Сондықтан біз оны іздеу жұмыстарына пайдаланбаймыз, – дейді Араз Иманов.
Біз көріп тұрған дала ғана емес, жалпы оккупацияда болған барлық аймақ, тіпті ауылдар мен үйлерге де мина тасталған. Қазір ел үкіметі жағдайды реттеуге барынша күш салып жатқанымен, аумақты оңалтуға әлі ұзақ уақыт қажет екен.
– Минаны жою агенттігі, Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Шекара қызметі минадан тазарту жұмыстарына жұмылған. Қазір 800 миллион шаршы шақырымнан асатын аумақ минадан тазартылды. Бірақ бұл мина қойылған аумақтың 10 пайызы ғана. Қарап тұрсақ, Катар, Ливан сияқты бір елдің аумағы. Сонымен қатар зират, діни объектілер, ауылдар мен үйлерге де мина қойылған. 2020 жылдан бері 300-дей адам минадан зардап шекті, – дейді аға кеңесші.
Оның сөзінше, минаны жою үшін түрлі әдіс қолданылып жатыр. Соның ішінде, дрон да бар.
– Әзербайжан дронды мина іздеуге пайдаланып жатқан алғашқы елдердің бірі болып отыр. Біз бұл технологияны шетел ғалымдарымен бірігіп жүзеге асырдық, уақыт өткен сайын жетілдіріп келеміз. Бұл жер қауіпсіз деп толық сеніммен айту үшін әлі 25-30 жыл уақыт қажет. Сонымен қатар қажет қаражат та аз емес. Барлығы 20 миллиард АҚШ доллары шамасында қаражат керек, – дейді Араз Иманов.
Әрі қарай жолымызды жалғастырып, ауданның әкімшілік орталығы болған Ағдам қаласына бет алдық.
Ағдамның елесі
Көп ұзамай Ағдамға да жеттік. Қала деген аты бар, заты жоқ. Төңіректің бәрі топырақ, шаң, қирандылар мен үйінділер. Түк қалмаған. Тек әр жердегі құламай қалып қойған үйлердің жарты қабырғалары мен кезінде орталық көше болған ұзын жолдың орны бұрын бұл жерде тіршілік болғанын аңғартатындай.
– Тек қана мешітті, мұнараларын қиратпаған, себебі мұнарадан Ағдамды алақандағыдай көруге болады. Яғни, қарауылдау нүктесі ретінде стратегиялық мақсатта пайдаланған. Мешіттің бірінші қабатында мал, шошқа ұстаған. Нақты фактілеріміз бар. Екіншіден, бұл өте әйгілі тарихи жәдігер болғандықтан, халықаралық ұйымдар алдында жауапты болмау үшін қалдырған. Бірақ жағдайы өте мүшкіл болды. Қазір қайтадан қалпына келтірдік, – дейді Араз Иманов.
30 жыл елсіз жатса да анар ағаштары нарттай қызыл жеміс беріп тұр екен. Бұл жерде бұрын тіршілігі қыз-қыз қайнаған қаланың орталық көшесі болған дегенге сену аса қиынға соғады. Кеңес одағы кезінде үлкен өндіріс орны болған танымал болған қала қазір – қиранды. Сонымен қатар Кавказ аймағының мәдени және тарихи ескерткіштерінің орталығы да болған. Ағдам базарларынан не іздесең, сол табылатыны туралы айтылатын деректер де бар. Жалпы, ашық дереккөздерде оккуппацияға дейінгі Ағдам туралы мәлімет көп.
Ағдамның қирандыларын артқа тастап, сапарымызды жалғастырдық. Бір кездері үй болған, бір кездері қала болған үйінділерге қайтадан өмір оралатыны анық. Дегенмен тастанды, елсіз қаланы көзбен көру өте ауыр екен, «көшкен жұртта қалғандай» деген сөздің мағынасын шын ұғынғандай боласың... Аға кеңесшінің сөзінше, қазір аумақты біртіндеп қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Құрылыс жүріп жатқанын біз де байқадық. – Бұл жердегі қирандылардың бәрін тазартып, орнына үлкен кешен, Жеңіс музейін салатын боламыз. Сонымен қатар қала тұрғындарының игілігіне демалыс орындары да ашылатын болады, – дейді ол.
Қарабақта өмір қайта басталып жатыр
Әрі қарай Физули ауданына беттедік. Жолда тағы да қираған мешіттер ұшырасты. Солардың біріне тоқтап, жағдайын көрдік. Ағдамдағыдай мал ұстап, жазулардың бәрін тегістеп, қиратқан екен. Араз Имановтың сөзінше, бұл да көне тарихи жәдігерлердің бірі. Сонымен қатар жақын маңда тура осындай халдегі көне албан шіркеуі де бар екен.
Физули ауданы 1993 жылы 23 тамызда оккупацияланған, аумағы – 1 112 шаршы шақырым. Қазір Ағдам мен Физулидің арасында жол салынып жатыр. 2021 жылғы 17 қазанда құрылысы басталған тас жолдағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Бұл Ағдам, Ағжабәді және Физули аудандарының аумағы арқылы өтеді және Қарабақ пен Шығыс Зангазур экономикалық аудандарының аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі екен, оккупациядан босатылған қалалардың, аудандар мен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады деген сенім бар. Жол ұзақтығы да қысқарады дейді.
Қас қарая бастағанда 2021 жылғы қазанда ресми ашылған Физули халықаралық әуежайының алдына келіп тоқтадық. Қаншама шақырым жадау көріністен соң жарқыраған, көк шынылы әуежайды көру көңіл қуантады екен. Әуежайдың тура алдына «Қарабаққа қош келдіңіз!» деген үлкен жазу жазылыпты. Сонымен қатар Физулиге халық қайтадан көшіп келіп жатыр. Оларға жаңадан үй берілген. Бір топ жаңа қоныс иелеріне біз де кез болдық.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен салынып жатқан Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығы – осы Физули қаласында. Шығармашылық орталық 2023 жылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Орталық музыка және музыкалық аспаптар, заманауи технологиялар: жұмыс жабдықтары, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео курстар бағытында жұмыс істемек. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар ашылады. Бұл нысан қазақ халқының атынан жасалған сыйлық, екі ел достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатыны орталықтың іргетасы қаланған сәтте айтылған болатын. Сонымен қатар Өзбекстан республикасы салып жатқан мектеп те бар.
Физулиге ұзақ аялдаған жоқпыз, уақыт тығыздығына байланысты Шушаға жедел жолға шықтық. Теңіз деңгейінен бірнеше мың метр жоғары орналасқан қалаға тау ішімен түнделетіп бір-ақ жеттік. Осылайша, бағдарламадан сәл кешіккенімізге байланысты Шуша қаласын аралауды ертеңгі күнге қалдырдық. Жалғасы бар...
Баку-Ағдам-Физули