1389
Білім сапасын арттырудың Ақтөбелік үлгісі
Білім сапасын арттырудың Ақтөбелік үлгісі
Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл орайда алғаш рет өңірге жүзеге асырылған «Білім ALL» жобасы ауылдардағы білім беру мекемелерінің әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Сондай-ақ биылдан бастап Ақтөбе облысында шалғай елді мекендердегі мектептерге қолдау көрсету, ауыл балаларының білім сапасын арттыру, осы саладағы олқылықтардың алдын алу мақсатында оң өзгерістер іске асырылып жатыр. Біз осы орайда жауапты мамандармен тілдесіп, облыстағы білім саласындағы жаңашылдықтар мен жаңа оқу жылындағы тың бастамалар жөнінде тілдескен едік. Сонымен...
Бірегей жобаның берері мол
Елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында оқушылардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын жою мақсатында өткен оқу жылында білім берудің жаңа моделі қарастырылған болатын. Бұл модельдің негізгі механиз- мі – шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру. Бүгінде Ақтөбе облысында білім беретін жалпы саны 418 мектеп болса, соның 281-і, яғни 67,2 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл білім беру ұйымдарында 45 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оның ішінде 204-і – шағын жинақты мектеп. Оларда жалпы саны 14 585 оқушы оқиды. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, өңірдегі ауыл мектептерінің толымдығы қала мектептеріне қарағанда он есеге төмен. Мәселен, ауылдың бір мектебінде орта есеппен 163 оқушы білім алса, қаланың бір мектебінде 973 оқушы оқиды. Оқушы санының аздығынан сынып толымдылығына қарай бүгінде мұғалімдердің жүктемесінің төмен болуы кадр мәселесін шешуге кедергі болып отыр. Атап айтсақ, қазір Ақтөбе облысындағы 19 326 педагогтің 47 пайызы ауыл мектебінде жұмыс істесе, оның ішінде шағын жинақты мектепте 23 пайызы еңбек етуде. – Міне, осы мәселелерді жан-жақты сараптай келе, өткен жылы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен алғаш рет өңірде ауыл балаларына сапалы білім беру мақсатында «Білім ALL» жобасы іске қосылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 10 жетекші және 120 шағын жинақты мектеп, 35 педагог, 6-11-сыныптардан 4 510 білім алушы қатысты. Алғашында жобаны жүзеге асыру кезінде біраз қиындықтар болды, дегенмен мұғалімдермен, оқушылармен пікір алмасу кезінде бұл жобаның тиімді жақтары көп екенін, ауыл мектептеріне осындай пилоттық жоба қажет екенін түсіндік. Міне, «Білім ALL» жобасының арқасында биылғы оқу жылында біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз жетістікке қол жеткізді. Атап айтсақ, бір жыл ішінде ауыл балалары облыстағы жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік ұстаздардан сабақ алды, шағын жинақты мектеп ұстаздарының оқу процесінде интерактивті, электрондық, ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану үлесі 25 пайызға артты, ауыл мектептерінің мұғалімдері қаладағы білім беру ұйымдарының үздік ұстаздарымен өзара тәжірибе алмасты, елді мекендегі мектептерде интернет жылдамдығы артып, олардың жалпы үлесі 80 пайыздан 95 пайызға өсті. Осы жетістіктердің бәріне біз өңірде бастау алған «Білім ALL» бірегей жобасының арқасында қол жеткізіп отырмыз, – дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, облыста өңір басшысының бастамасымен алғаш рет жүзеге асырылған бірегей, озық жобаның нәтижесінде ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтық 4,7 пайызға артқан. Міне, биыл осылайша пилоттық жоба өз тиімділігін дәлелдеген. Биыл «Білім ALL» жобасы бойынша Ақтөбе қаласындағы 10 жетекші мектепте жұмыс істейтін облыстың үздік мұғалімдері шағын жинақты мектептердің оқушыларына алгебра, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен онлайн режимде дәріс оқыды. Осы бағыттағы жұмыстар аясында 120 мектептің 10 мың оқушысы қамтылып, елді мекендерде білім сапасын арттыруға ден қойылды. Аталған он жетекші мектептің бірі – Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты. Бұл мектептің 6 ұстазы биыл ауыл мектептерінде оқитын балаларға білім беріп, олардың оқу процесінде жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне ықпал етті. – «Білім ALL» жобасы аясында мектебімізде 6 мұғалім жұмыс жасады. Оның үшеуі – математика пәнінің мұғалімі, екеуі – физика пәнінің мұғалімі, біреуі – химия пәнінің мұғалімі. Ұстаздардың барлығы – тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары, педагог-мастер, зерттеуші мұғалімдер. Ұстаздар математика пәнінен 6, 8,10-сыныпқа, физикадан 10-11-сыныпқа, химиядан 7-сыныпқа ауылдық жерлердегі шағын жинақты 120 мектепке сабақ берді. Пән мұғалімдері арнайы кесте бойынша 30-45 минут аралығында дәріс оқып, одан әрі қарай сабақты аудандағы білім беру орнындағы модератор-мұғалімдер жалғастырды. Біздің мұғалімдеріміз ауыл оқушыларымен бірге есеп шығарып, кері байланысқа шығып, тапсырмалар берді. Бұл жобаға мектебімізде арнайы кабинеттер бөлініп, ұстаздардың емін-еркін жұмыс жасауына мүмкіндік жасалды, – дейді Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының директоры Қаракөз Тлеумағамбетова. Оның айтуынша, аталған жобаның қала және ауыл ұстаздарына да, оқушыларға да берері мол. Осы жобаның арқасында мұғалімдер өздеріне қосымша тәжірибе жинаса, ауыл балалары үздік мамандардан оқуға қажетті деректер алып, жаңашылдықтарды үйренген. Осы іс-тәжірибелердің арқасында алдағы уақытта қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын арттырудағы алшақтықтар азайып, барлық мектептердің балаларына тең мүмкіндік жасалмақ. Бұл орайда аталған жобаның ақтөбелік үлгісі басқа өңірлерде де білім сапасын көтеруге серпін береді. Ақтөбе облысында «Білім ALL» жобасына қатысқан шағын жинақты мектептердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп. Өткен оқу жылында Алға ауданы Самбай ауылында орналасқан бұл білім беру ошағында жалпы саны 132 оқушы білім алды. Мұнда 30-дан астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың арасында 4-еуі педагог-зерттеуші болса, жетеуі – педагог-сарапшы, тоғызы – педагог-модератор. Осы педагогтар оқушыларға жыл бойы үздіксіз білім беріп келді. Жаңа оқу жылында мектеп ұжымы осы жоба аясындағы жұмыстарды жалғастыруға ынталы. Айта кету керек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп 1988 жылы қолданысқа берілген. Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, бұл мектепке 1990 жылдың 27 ақпанында аудандық атқару комитетінің шешімімен Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Қазір бұл мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. – Мектебіміз жаңа заман талабына сай интернет желісімен толық қамтамасыз етілген. Жаңа модификациядағы химия, физика, биология, информатика кабинеттері бар. Биылғы оқу жылында аталған кабинеттер жаңа құралдармен жабдықталды. «Білім ALL» жобасы аясында биыл мектебіміздің ұстаздары облыстың білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, оқушыларымыздың сабаққа деген қызығушылығы артты, сабақ үлгерімі өсті. Пилоттық жоба өңірімізде жақсы нәтиже көрсетіп, Ақтөбе облысында білім сапасын көтерудің жаңа үлгісі пайда болды. Біз облысымыздың осындай үлкен жетістікке қол жеткізгеніне қуанамыз, – дейді мектеп директоры Анар Оразова. Ал осы мектептің химия пәнінің мұғалімі Амангүл Төреханқызы «Білім ALL» жобасы аясында оқушылары білімдерін тереңдетіп, тәжірибелі, үздік мұғалімдерден тың мәліметтер алғанын, мұның барлығы ауыл балаларының болашақта жоғары білім алуға деген ерекше қызығушылығын арттыратынын айтады. Себебі кей жағдайларда ауылдан шыққан түлектердің бірқатары жоғары оқу орындарына түсе алмай, содан әрі қарай ізденуге талпынбай жатады. Айта кету керек, биылғы жаңа оқу жылында «Білім ALL» өңірлік жобасы жалғасады. Жобаға облыс бойынша жаңадан 44 мектеп қосылып, барлығы 164 мектепте аталған жоба жүзеге асырылады.12 тірек, 134 шағын жинақты мектеп жабдықталады
Биыл жаңа оқу жылында Ақтөбе облысында ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, елді мекендердегі оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорларының қолдауымен Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің бірлескен қаулысы аясында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы басталады. Аталған жоба аясында биыл 1 қыркүйектен бастап өңірдегі 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, интернет жылдамдығын арттыру көзделіп отыр. – Аталған пилоттық жоба аясында өңірдің 12 тірек, 134 шағын жинақты мектебі жабдықталады. Қазір Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан шағын жинақты мектептерде интернет жылдамдығын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Интернет жылдамдығы жоғары мектептер қатары 15 пайызға артты, дегенмен әлі де жылдамдық көрсеткіші төмен мектептер бар. Жаңа оқу жылында аталған мектептердің арасында 21-і талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылса, 92-сі радиорелелік байланыс түрімен қамтылады. 21 мектеп спутниктік байланысқа қосылады. Ал интернет жылдамдықтарына келсек, 21 мектеп секундына 8 мегабитке дейінгі желілерге қосылса, 73 мектеп – секундына 20 мегабит, 30 мектеп – секундына 40-50 мегабит, 10 мектеп секундына 70-100 мегабитке дейінгі жылдамдықпен қамтамасыз етіледі, – дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, жаңа оқу жылында 8 Мбит/с жылдамдықтағы спутниктік интернетке қосылған 21 мектептің 18 мектебінің интернетке қосылу түрі қыркүйек-қазан айына дейін РРЛ байланыс түріне алмастырылып, жылдамдығы 30-40 Мбит/с дейін арттырылады. Ал Байғанин ауданының үш мектебі техникалық мүмкіндігінің болмауына байланысты жоба аясында 4-модельмен оқытылады. 4-модель дегеніміз – интернет желісінің көмегінсіз интерактивті панельге дайын сабақты жүктеу. – Биыл аталған жоба аясында дәріс беретін мұғалімдердің еңбекақысын төлеу мәселесі шешіліп отыр. Мәселен, облыстағы 95 мұғалімге үстемеақы төлеу үшін облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы қарастырылды. Сондай-ақ 35 мұғалімге графикалық планшет алу үшін 3,5 миллион теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, облыстағы шағын жинақты мектептер «BilimLand», «Daryn Online», «Күнделік», «AmanSultan» секілді цифрлық білім беру платформаларына қосылады. Сонымен қатар жоба аясында Ақтөбе облысының барлық жалпы білім беретін мектептері «Online Mektep» платформасына ынтымақтастық меморандум негізінде тегін қосылатын болады. Мектеп – бұл ауылдық жерлердегі бірден-бір білім беру орталығы. Сондықтан елді мекендердегі білім беру ошақтарына жан-жақты қолдау көрсету – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Біз осыны түсініп, ауыл мектептерін қолдауға қашан да білек сыбана кірісуіміз керек, – дейді Ж.Сұлтан.Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық мәслихат депутаттарымен есеп беру кездесуінде биылғы жаңа оқу жылында өңірдегі 6 үш ауысымды мектептің саны үшеуге дейін қысқарғанын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жетістікке облыста салынған жаңа мектептердің арқасында жетіп отырмыз. Сондай-ақ биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 18 мектеп салынады. Оның 14-інің құрылысы басталған. Үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында өңірде жалпы саны 24 390 орынға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Биыл 5 270 орынға арналған 22 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін 3 710 орындық 6 мектеп пайдалануға берілмек. Оның ішінде «Батыс-2» тұрғындар алқабында 2 620 орындық «Bilim Smart» және Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орынға арналған орта мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын кемінде 1 000 мектепті заманауи стандарттар бойынша жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл облыста 114 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін тағы 168 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Биыл бұл мақсатта 56 мектепті жаңғыртуға 1,1 млрд. теңге қаржы бөлінген. – Биылғы жаңа оқу жылында облысымызда 18 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Олардың жайлы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан жаңа оқу жылында біз облыстағы білім сапасын қамтамасыз ету үшін аталған салада бірқатар жүйелі жаңалықтар енгізгелі отырмыз. Қазір облыстың білім беру ұйымдары арнайы критерийлерге сәйкес тиісті біліктілік талаптары бойынша конкурстық негізде педагогтерді жұмысқа ашық, айқындылық принципімен қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Облыстың білім беру жүйесінде қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алу және кадрларды қабылдаудың орталықтандырылған моделін пилоттық жоба ретінде енгізу қарастырылып отыр. Ол үшін Ақтөбе облысының білім басқармасының жанынан қаржыны басқару, мемлекеттік сатып алу және облыстың білім беру ұйымдарына кадрларды жинақтауға байланысты функцияларды жүзеге асыратын Қаржы менеджменті, мемлекеттік сатып алу және жұмысқа қабылдау орталығы құрылады. Процестердің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында орталықта автоматтандырылған басқару және бақылау жүйелері енгізіледі. Ал білім беру ұйымдарындағы қаржылық басқару ісі бұлтты бухгалтерияға ауыстырылып, цифрлы платформаға енгізілуде, – дейді басқарма басшысы. Сонымен қатар биыл облыстағы мектептердің шаруашылық қызметін жергілікті әкімдіктердің құзырына беру мәселесі де қаралып жатыр. Яғни, алдағы уақытта мектептердің жылу қазандықтары мен электр трансформаторлары жергілікті әкімдіктердің балансына берілмек. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар еліміз бойынша Ақтөбеден бөлек, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жүзеге асырылуда. Биыл Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасына осы жаңашылдық енгізіліп отыр. Жаңа оқу жылындағы тағы бір жаңашылдық – жергілікті деңгейде жедел шешім қабылдау мақсатында білім беру ұйымдарының ғимараттарын, құрылғыларын, автокөліктерді және де басқа активтерді аудандық коммуналдық меншікке беруді пилоттық негізде іске қосу жоспарланып отыр. Биыл сондай-ақ оқулықтардың 80 пайызын цифрлық форматқа көшіру қолға алынуда. Бүгінде цифрлық нұсқадағы оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілген. Қазір бастауыш сынып оқулықтарының 94 пайызы, 5-9 сынып оқулықтарының 81 пайызы, 10-11 сынып оқулықтарының 61 пайызы электронды нұсқаға көшірілген. Келер жылы барлық оқулықтар 100 пайыз цифрлық форматқа ауыстырылады.Балабақша: кезек азайды, жалақы көбейді, тамақ тегін
Жаңа оқу жылында Ақтөбе облысындағы 595 мектепке дейінгі білім беру ұйымы 45 731 балаға білім мен тәрбие береді. Биыл өңірде 1 505 орындық 19 балабақша ашылса, жыл соңына дейін 1 095 орынға арналған 7 балабақша пайдалануға беріледі. Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында жекеменшік балабақшалар саны артып келеді. Бұл өңірдегі балабақша кезегін жеңілдетуге ықпал етуде. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде Ақтөбе облысында балабақшаға жолдама алу кезегі 2 мың орынға қысқарған. Бүгінде өңірде 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі – 88,4 пайыз. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Мәселен, облыста жеке инвесторлар есебінен 2025 жылға дейін 8 105 орындық 99 балабақша ашу жоспарланып отыр. – 2020-2023 жылдар аралығында білім беру қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артып келді. Биыл 1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл да қуанышты жаңалық. Өткен жылы елімізде мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға, олардың педагогтеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, «Ақша баланың соңынан ереді» қағидасы бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі өзгертілді, құжаттар саны қысқартылды. Мемлекеттік балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарын жекешелендіруге тыйым салатын заң қабылданды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылды. Жаңа стандарт, жаңа оқу бағдарламасы енгізілді, ондағы тәсілдер балаға, оның қызығушылығына бағытталды. Ал биылғы жаңа оқу жылында әдістемелік орталық, кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылып, жұмыс жасайтын болады. Қазір облыста 63 ата-аналарға кеңес беру пункті жұмыс жасауда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 6 000-ға жуық бала тегін тамақпен қамтылады. Балабақшалардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету үшін биыл жыл соңына дейін балабақшаға кезекке қоюдың республикалық бірыңғай деректер базасы әзірленеді. Ол облыстық жүйемен кіріктіріліп, келер жылдан бастап балаларды балабақшаларға қабылдау жеңілдейді, – дейді басқарма басшысы.Р.S. Ақтөбе облысындағы жаңа оқу жылындағы жетістіктер мен жаңашылдықтар осындай. Алдағы уақытта жоғарыда айтылған тың бастамалар сәтті жүзеге асырылса, өңірдегі барлық мектептер сапалы біліммен қамтылады. Ал сапалы, жан-жақты білім алған кез келген жас мемлекеттің дамуына, өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосады. Біз жаңа оқу жылында барша ұстаздар мен оқушыларға жоғары көрсеткіштер мен шығармашылық табыстар тілейміз!
Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы