Күй кеуде мен ән жүректің әуені

Күй кеуде мен ән жүректің әуені

Күй кеуде мен ән жүректің әуені
ашық дереккөзі
975
Уақыт деген жүйрік тұлпардың жа­лы­на жармасқан адамның екі аяғы үзең­гіде, екі қолы тізгінде болатыны сөзсіз ғой. Межелі жері, соған апарар мақсатты жо­лы айқын болса, ғұмырдың ұзақ сапарлы ет­пегін Құдайдан тілеп, үміт шамын жағып, се­нім шоғын үрлеп, көз ұшында көлбеңдеген алыс арман жағалауына қарай қамшы ба­сары да анық. Қашан да адам баласын алға жетелейтін әуел­гі күш – ол үміт болмақшы. Әлмисақтан «үміт­сіз тек шайтан ғана» екен. Әңгіме үміт де­геннен шығады, қазақтың талантты ақы­ны Жұмекен Нәжімеденовтің «Дала» деген өлеңінде мынандай бір шумақтар бар еді: Жүріп келем қара жолда асығып, (Осы жолдың аяғы – арман, басы – үміт). Мен дайынмын Тауық болып теруге, Өз тағдырым тары болса шашылып.... Дала, дала тағдырыңа ортақпын, Күй-жырыңды, сыйлығыңды мол таттым. ...Ай адасып, салды бұлтта «жортақты», Мен де адасып, Енді ғана жол таптым... Жұмекен ақын бейнелеп отырған «қара жол», ол – өмір жолы. Өмір жолы түзу болған емес, оның бұралаңдары, бұрылыстары, қиы­лыс­тары көп. Бағзыдан солай. Ал ол адам ақын болса ше? Онда тіптен оңай болмақ емес. Бойындағы дарынды күйшілік қабі­ле­тін алапаты зор ақындық қуаты жеңіп кет­кен Жұмекен күй құдіретінен сусындаған нәр­лі, уызды ойларын патша поэзияның құ­шағына әкеліп, құндақтап тастады. Содан сұра­пыл, ғажап жырлардың іңгәлауы бас­талды да кетті. Күй мен қара өлең тайта­лас­қа түсті де, Жұмекен Нәжімеденовті ғажайып ақын қылып алып шықты. Өлмеске, өшпеске! Жол таппай адасып мүлдем кетсе не болар еді? Ол жол – өлеңмен өріл­ген өмір жолы болатын. Ондай жол көптің бәрі­не бұйыра бермесе керек-ті. Ол – туа біт­ті тағдырдан һәм әке күшімен, ана сүтімен келген дара дарыннан болмақ. Болмысында болмаған нәрседен ештеңе де шықпайды, ал та­лайына жазылған нәрсе болса, тепкілесең де кетпейді. Негізінде, ақындық мұрат – табиғи бол­мыстан, қанмен келетін қасиеттен. Сондай ақын­дық қабілет Бақтықожаға да дарыған екен. Бақтықожа деп отырғаным белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері, кезінде об­лыс әкімі, министр болған елге танымал, жұрт­қа әйгілі азамат Бақтықожа Ізмұхам­бетов! Тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басып, қаз тұр­ған, сосын бойын тіктеген кезде алаштың қамы үшін атқа мініп, түн қатып жүріп, түс жортқан айтулы азаматтарымыздың бірі һәм бірегейі осы Бақтықожа Ізмұхамбетов екенін жақсы білеміз. Жақсы адамда жаттық жоқ. Парламент қабырғасында жүргенімізде сый­лас, пікірлес болдық. Білікті басшы, іскер азамат ретінде жақ­сы білгенімізбен, оның ақындық қырынан ха­барымыз жоқ екен. Алайда менің қолыма тиген «Қоршаса ойлар», «Жыр жолымен», «Ша­қырса шабыт» атты жыр жинақтары мені қайран қалдырды. «Өткір кездік қын тү­бінде жатпайды» деген осы. Боламын су тартқандай шыңыраудан, Шыға алмай қалған кезде жыр бұғаудан. Құдығымды жастықта бітей жаздап, Көзін аштым кезінде қырдан ауған, – деген ақын Бақтықожаның осы бір жыр шу­­мағы біраз нәрсені аңғарта керек-ті. Ақын­­ның тұспалдап отырған «жастықта бітей жаздаған құдығы» не? Сөйтсек, ақын­ның «құдығы» бала жастан талаптанып, тал­пынған өлең-жыр өлкесі екен. Бала, оқу­шы Бақтықожаның тырнақ алды өлең-жыр­лары, мақалалары кезінде «Қазақстан пио­нері», аудандық «Малды өңір» газеттерінде жиі жарияланып тұрыпты. Соған қарағанда ақындық қасиет Бақтықожа Салахат­динұлы­ның сүбесіне туа біткен екен. Тегінде ақынның «бітей жаздап» қай­нар­дың тұмасындай тұнық кәусар көзді кеш те болса, қайта аршып алып, мөл­дір суын тапқаны әрине қуанышты жағдай. Туа да біткен қандай бір қасиетті дер кезінде әлпештемей, әлдилемей, әспеттемей енжар қал­дырса, ол тұншықпақ, тұраламақ. Хакім Абай жарықтықтың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, қолымды мезгілімнен кеш сер­медім...» дегені осыған саяды. Бақтықожа ақынның кіндік қаны там­ған жері – кең кеудесі Ақ Жайықтың ал­қабына әрең сыйып, Каспий теңізінің иі­ніне ұмсына құлап жатқан азуы алты қарыс Атырау өлкесі. Құрманғазы ауданы. Атырауға анық­таманың керегі жоқ. Әйтсе де, осы бір өлке баһадүр батырлардың, адуынды ақын­­дар­дың, дәулескер күйшілердің мекені екен­дігі шындық. Біз осы өңірдегі ақындық мек­теп туралы айтқанда Махамбет Өтемісұ­лын, Мұрат Мөңкеұлын, Әбу Сәрсенбаевты, Мең­декеш Сатыбалдиевті, Жұмекен Нәжі­ме­деновті, Фариза Оңғарсынованы бірден ауыз­ға аларымыз бар. Жөңкіле көшкен бұлттай, ұйтқи соққан дауыл­дай, аласұрған теңіздей, жайыла аққан Жайықтай айшықты, адуынды, алапаты зор өлең жырлар осыларға тиесілі. Шөп те шы­ғатын жеріне шығады. Таланттар да солай. Ол бізге көріне бермейтін бір тылсымның заң­дылығымен реттеліп, сол топырақта та­мыр жайып, әр шағылдың түбінен бүр жа­рып, көктеп шыға бермекші. Бақтықожа да – сол өскіннің бірі. Сол себепті де оның өлең жаз­басқа қақысы жоқтай болатын! Тамырын тереңнен тартқан тағдыр Бақ­тықожа ақынның анасын тарлан ақын Жұ­мекенге жуық еткен екен. Дұрысы Жұмекенді жуық еткен. Туыстық, тамырластық һәм көр­ші-қолаңдық. Бізге беймәлім «Ақ­ша­ғылдағы» күндер. Сонау жылдары алыста қал­ған ескі бұлдыр суреттер, бейнелер, тір­шілік көріністері. Әрине ыстық бейнелер. Бақ­тықожа үшін де, біз үшін де. Біз үшін де дей­тінім, ақын – көпке ортақ. Бақтықожаның «Анам мен Жұмекен» деген өлеңі кімді болса да, бейжай қалдырмайды. Жұмекен елге ақын, аға маған, Менің де «Ақ шағылда» ізім қалған. Жұбайына сан рет деген екен, Әсима апам мені арқалаған. Анамнан естігенмін мен де мұны, Арқалағам дейтінді Жұмекенді. Көрші болып, өскенін бір ауылда, Еске түсіріп, айтатын сол күндерді... Дина күйші сол кезде күй тартыпты, Қона жатып, маңайдан жиып жұрты. Анама да қоныпты сондай өнер, Ел білген күйші болды құдіретті... Аталған жас кезінде күйші келін, Арқалаған қазақтың Жұмекенін. Динаны көре қалған домбырашы, Анамның білсін дедім кім екенін. Өлеңде асыра мақтану, алды-жұтты па­фос жоқ, мейілінше қарапайым өмір шындығы. Анаға деген сүйіспеншілік, ұлы күйші мен тарлан ақынға деген зор құр­мет көрініс тапқан. Тегеуірінді күй мен текті жыр­ды бауырына басқан «Ақ шағылдағы» аяу­лы, асыл адамдар, алысқа кеткен жылдар. Әсі­лі, анасы Әсима бала Жұмекенді емес, қа­зақ өлеңінің тарлан талантын арқалап жүр­ген екен ғой! Ғажап! Ақынның «мені» әрдайымда өзі туралы болмақ. Кешегі сұрапыл Қасым да «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» деп жырлап кетпеп пе еді?! Ол – оқырманнан жасыра алмайтын, сыр қылып ақтаратын, бүкпесіз ішкі ойы бол­мақшы. Сол баяғы Абай айтқандай, «өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр сырымды» ғой. Сол арқылы ақынның кісілік келбетін, аза­мат­тық тұғырын аңдайсың, адамдық кел­бе­тін байқайсың. Сол сияқты Бақтықожа ақын да өзі туралы ашық, риясыз бір таза көңілмен айтады. Жылауық өлең, жат мінез жүрсем көрсетпей, Ол менің көңілім, шығатын бойдан еш бүкпей. Тағдырдан талай жүрсем де көріп тауқымет, Сақтадым іште сырымды сыртқа естіртпей. Кінәлады деп айтқанды уайым көбірек, Қалсаңыз ойлап, бұл жігіт сонда не демек? Жиналып іште, айналып өкпе ашуға, Азамат кейде кетпесе деймін төмендеп. Көрмедім өтіп қиындықтардан бұқпақтап, Жағынған жоқпын біреуді көзге құр мақтап. Қалағам жоқ үнсіз, айтатын жерде ойымды, Сөйлеген жоқпын арамдық ойлап, жұмбақтап... (Өзім туралы) Ақын өзінің азаматтық бейнесін, ішкі толғанысын ақындық шабытпен қарапайым формада жеткізіп отыр. Иланымды. Бүкпесіз. Өзі туралы айта отырып, өзгелер үшін де қам жейді. Әйгілі неміс ақыны Гете айтқандай, «жер бетіндегі барлық жақсы-жамандық ақын­ның жүрегі арқылы өтеді». Жүрек –көңілдің айнасы, ақылдың суаты. Анығында ашу мен өкпе жинағанның алысқа бармай­тын­дығы жайында бұрында айтылған. Әлі де айтылады. Азаматтың атына сай емес төмендеуі осы кесепаттардан болса керек. Ол – рухани ер­гежейлінің белгісі. Азамат ердің баласы ұсақ нәрселерден биік тұрмақ дүр. Мұн­дай­лар қазір аз ба? Ойланарлық дүние. Әртүрлі әлеу­меттік ортада болып, көп ішінде жүрген, ел басқарған азаматтың «жағынбауы», «құр мақтамауы», «үнсіз қалмауы» – айтуға оңай, ал іс жүзінде «кесекті ердің сойының» қолы­нан ғана келетін ерен іс. Ақын мұны өзінің адалдығына сенген соң айтып отыр. Біздің «менің айналам, ортам» дегеннің өзі – турасын айтқанда біреулер. Біз бі­реу­лер арқылы өмірдің не екенін сезіп, бай­қаймыз, бағамдаймыз, соған баға береміз. Ме­ні қоршаған «біреулер» не істеп жүр? Әри­не, әрқилы. Бұл – өмір! Ақын «Біреулер жүр...» д­еген өлеңінде былай дейді: Біреу жүрсе жаныңда жанамалап, Біреу тұрар сыртыңнан қадағалап. Біреу жүрер біреуге тілек тілеп, Біреу тұрар біреуге сынай қарап. Біреулер жүр біреуден күдіктеніп, Біреулер өкпе айтады кіріп келіп. Біреулер жүр біреуді кінәлаумен, Біреулер уайым айтып мың бүктеліп... (Біреулер жүр) Иә... расында адам деген солай! Олар – «біреулер». Өмір сонысымен – өмір. Әйгілі түрік ойшылы Эрсин Тезджан­ның мынандай бір афоризмі еске түседі: «Люди похожи на книги. Если смотришь то­лько обложку, ошибаешься». Біреулер біреу­лерге ұқсамайды немесе ұқсайды. Әсі­ресе, сыртқы қалпы. Киім киісі, жүріс-тұрысы, әдеті, дағдысы дегендей. Ал ішкі жан дү­ниесі ше? Ұлы Абайдың адамдықтың алды ғадлет пен махаббат дейтіні сондық­тан. Ақынның оқырманмен сырласуы, мұң­дасуы – поэтикалық заңдылық десек де бо­ла­ды. Мұны сыршылдық дейміз. Ақын өз «ме­нін» көрсетеді, ой бөліседі. Ақындық қуат – Тәңірден! Ол да болжаусыз шабыттың әсе­рінен болса керек. Әсерленгіш, сезімтал ақын жү­регі әсте тыншымақ емес. «Алыстан сер­меп, жүректен тербейтін» (Абай) сөз құдіреті оның санасын үнемі мазасыз күйде ұстайды. Ақынның қалғып кетуі – әлемнің ұйқыға батуымен бірдей. Кей сәтте келсе шумақ бұрқасындай, Асығып, ойлануға мұрса қалмай. Қарсылап жыр жолдарын жаңа буын, Жазамын, оқшауланып, үн шығармай. Адамда кездер болар ара-кідік, Қалатын оң-терісті азар біліп. Мүмкін біреу түсінбес дегеніңді, Мазаң кетер ойыңа алаң кіріп.... (Жыр жолымен) «Оқшаулану», «үн шығармау» – тыныш­тықтың суреті. Ал өлеңнің өзі буырқаныс. Осы туралы неміс философы Гегельдің бы­лай деп айтқаны бар: «Самоевозвышенное и ве­ликолепное заключено не в том, что не­выразмио –как если бы поэт сам себе был вы­ше своих стихов, – но именно стихи его пре­дставляют лучшее, что есть в нем». Жұмекен Нәжімендов өлеңнің табиғилығы туралы кезінде былай деп­ті: «Шындығында өлеңнің табиғилығы дегеніміз не? Орыс сыншысы Аполлан Гри­горьев «Өнердегі шынайылық пен табиғилық ту­ралы» атты мақаласында біреудің басын­дағы қайғысын өз жүрегінің сүзгісінен өт­кізе білетін адамнан ғана шынайы суреткер шы­ға алатынын жазыпты». Сол сияқты аме­рикалық ақын Томас Элиот та өлең жа­затын кезде нағыз ақынның образ сом­дай­тын актердың бейнесіне ұқсайтынын айт­қан. Мұқағалиша айтқанда. «Өлең деген тумайды жайшылықта». Ақын Бақтықо­жа­ның өлеңдеріндегі әлгі шынайлықтан өріл­ген шытырман ойлары бізді қызықтырды. Со­ған риза болдық. Ақын өлеңдері әсіре қы­зылды-жасылды бояудан, жасанды па­фос­тан ада. Бар болмысымен қарапайым өмір­дің өз суретін берген. Пәлсапалық астарлары бар. Шымыр ойлары бар! Ақын «Ойтұмар» атты өлеңінде былайша ақ жарылады. Өткенге өкпесі жоқ, келер күн­нің игілігінен үмітті. Ұстатпай уақыт Атқанда талай ақ таңым, Кей жырым әлі Жазылып, ән боп айтылар. Балапан жырдан Басталған сол бір шақтарым, Бойыма менің Ілінді болып ойтұмар! Ақынның жыр жолы әлі де алда көсіліп жатыр. Қоршаған ойлары мен шақырған ша­быты Бақтықожа ақынды тағы бір мақ­сатты биіктерге бейне бір ақ қанат құстай кө­тере берері де сөзсіз. Ой тұмарыңыз және де күмбірлеген күй кеудеңіздің шертер күйі мен жыр жүрегіңіздің сырлы әуені үзілмесін де, әманда таусылмасын! Шынайы көңіл ті­легі де осы!

Жабал Ерғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары