Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы
Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ баласы
«Балет мені бірден баурап алды»
Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Санжар өнерге жастайынан бейім болған. Кішкентайынан зеректігімен сөзге түскен ол бір жарым жасында әліпбиді үйреніп алса керек. Балабақшада белсенді болып, ән айтып, би билеп, тіпті балабақшаның атынан түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Сондай-ақ ол музыка мектебінде скрипка үйірмесіне барған. Оған қоса, оның әртістік қыры бар екені де ерте байқалған. Балабақшадан келе сала, үйде үйіліп тұрған ойыншықтарына түрлі «рөл» бекітіп, кішігірім көрініс қойғанды ұнатқан екен. «Алайда үлкен ағасы секілді хоккейші болсын деп, бір күні хоккей секциясына ертіп апардым. Уақыт өте келе оның бұл спортқа еш қызығушылығы жоқ екенін байқадық. Үлкенім хоккейшілердің сырғытпа таяғын құшақтап ұйықтайтын болса, ал бұл оны тіпті қолына ұстағысы келмейді. Жаттығу қашан болатынын да сұрамайды. Жаттығудан алып қайтқан сайын, көңіл күйі болмайтынын байқаймын. Онда әрең барып жүргенін көріп, жүрегім ауырып бір күні не болғанын сұрадым. Мақтанбаймын, бірақ Санжардың бала кезінен қалыптасқан ерекше бір қасиеті бар. Ол кішкене күнінен өзін тыңдай алады. Өзіне не керек екенін біледі. Өз ойын ашық айта алады. Сол сұрағанымда ол «Мен хоккейге барғым келмейді. Онда бір-бірін итереді, жұлқылайды, қала берді, төбелеседі. Ал бұл маған ұнамайды» деп жауап берді. Енді немен айналысқысы келетінін сұрасам, «Би билегім келеді немесе жеңіл атлетикамен айналысамын» деп өз қызығушылығын айтты. Ойлана келе, баламды бал биінің үйірмесіне берген дұрыс деген шешім қабылдадым», – дейді анасы ол кезде тағдыршешті таңдау жасағанын жете түсінбегенін айтып. «Балет – ерлердің айналысатын ісі емес» дегенді жиі естиміз. Дегенмен кейде ер әртістердің сахнада өзінің салмағымен тең қыздарды көтеріп жатқанын көргенде балет өнеріне күш-қайраты толысқан, мықты жігіттер келетінін байқайсың. Бір қызығы, Санжардың әкесі Шалқар да басында бұл таңдауға наразы болыпты. «Әдепкіде әкесі «Бұл қалай болғаны? Әдетте балалар хоккей секілді ерлерге тән спортқа қызығушы еді. Бал биі несі? Бізде ешкім билемеген» деп таңғалысын жасырмады. Бір күні балет әртістерінің жаттығуларына бардым. Сол кезде балет әртістерінің ел ойлағандай емес, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, мүсін келбеті түзу өжет жандар екеніне көзім жетті. Үйге келген соң жолдасыма «Өзің барып көрші. Олар тіпті хоккейшілерден мықты» дедім. Айтқанымдай-ақ, ол жаттығуын сырттан бақылағаннан кейін райынан қайтып, өз рұқсатын берді», – дейді Дина. Санжар би секциясына барғаннан-ақ болашағын осы өнермен байланыстыратынын сезгендей. «Балет мені бірден баурап алды. Одан басқа би үйірмесіне барғым келмеді. Оған қоса, Қарағандыда анаммен театрға барып, балет әртістерінің өнерін тамашалағанмын. Сол кезде балет өнерінің маған қатты ұнайтынын түсіндім. Қарағандыда біз тұрған үйдің қасында музыкалық комедия театрының ғимараты орналасқан. Анам екі жасымнан бастап онда сенбі-жексенбі сайын болатын спектакльдерге апаратын. Сізге өтірік, маған шын, анам екеуіміз ондағы бүкіл репертуарды көріп шыққан шығармыз. Сол кезде де сахна төрінде өнер көрсету туралы ойланатынмын. Содан соң ата-анам мені қолдап, өзім қалаған би үйірмесіне алып барды», – дейді ол ата-анасы оның идеяларын әркез қостайтынын айтып. Анасы бал биі үйірмесіне бірінші рет қатысқан Санжардың үйге көзі-балбұл жанып, жүзі жарқырап келгенін айтады. «Жаттығу қашан болады?», «Би мектебіне қашан барамыз?» деп сұрақты төпелетіп, онда барғанша тағат таппаса керек. Аз уақыт ішінде мамандардың қырағы көзіне іліккен ол түрлі байқауға қатысып, өз ортасында «болашақ балет әртісі» атағын абыроймен алып жүрген. «Балет өнеріне ынтығы ауғаны соншалық, тіпті спектакльде өзі ойнамаса да, өз жаттығуы бітсе де, үйге қайтпай, қалғандарының дайындық жұмыстарын бақылайтын. «Қашан шығасың? Репетиция бітті емес пе?» деп хабарлассам, кешке дейін қалатынын айтып, онда кідіріп қалатын. Сол кезде баламның балет десе ішер асын жерге қоятын түсіндім», – дейді Дина.
«Өз жасынан асып туған бала»
Санжар 2018 жылы Астанаға қоныс аударып, ондағы Қазақ ұлттық хореография академиясына оқуға түскен. Әр сабаққа шабыттанып кіріп, қанаттанып шығатын Санжар көп ұзамай ең үздік оқушы атанып, мұндағы мамандардың да назарына іліксе керек. Анасы Дина «Оның оқуға ынтасы жоғары, балетке деген қызығушылығы зор екенін академиядағы барлық мұғалім растайды» дейді. Дейтұрғанмен, жастайынан алысқа көз тігетін, арманы асқақ, амбициясы зор Санжар әлем мойындаған мектептердің бірінде оқуды бұрыннан мақсат еткенін айтады. Анасының айтуынша, ол төртінші сынып оқып жүргенде-ақ болашақта айтулы мектептердің бірінде оқитынын сезсе керек. «Баламның сезгіш қасиеті бар. Төртінші сыныпта оқып жүргенде «Анашым, мен алтыншы сыныптан соң әлемнің ең керемет балет мектебінде оқығым келеді» деп айтқанда ауызым ашылып қалды. Уақыт өте келе, мұның жай сөз емес екенін түсіне бастадым. Ақырында, оның әлеуетін бағамдап, жас та болса, бас болып жүрген көшбасшылық қырын мойындап, өзі армандаған оқуына түсуіне көмектесейін деп шештім. Сөйтіп, Лондондағы Корольдік балет мектебінің (The Royal Ballet School) ресми парақшасынан әлем бойынша оқушылар іріктеп жатқаны туралы хабарландыруды көзім шалып, сонда тапсыруды мақсат еттік», – дейді Дина баланың қалауына құлақ түрудің маңызы зор екенін мойындап. Осы ретте Санжар әңгімеге араласып: «Мен бұл мектеп туралы интернетте көп дерек оқып, бірден ұнатқанмын. Сол кезде сонда оқуға түсуді армандадым», – дейді. «Иә. Санжар он екі жаста болса да, өз жасынан асып туған бала. «Анашым, анда құжат жіберейік. Мұнда тапсырып көрсек қайтеді?» деп өз ұсыныстарын ортаға салып отырды», – дейді Дина баласының таңдауына құрметпен қарағанын айтып. 1926 жылы негізі қаланған Корольдік балет мектебі (The Royal Ballet School) – балет әлеміндегі ең танымал әрі ең көне мектептердің бірі. Мектептің ресми сайтында «Корольдік балет мектебі – дүниежүзі бойынша классикалық балеттің қыр-сырын үйрететін, көп жыл бойы әлемге есімі мәшһүр бишілер мен хореографтарды баптап шығарған ең үлкен орталықтардың бірі» деп жазылған. Расында, бір ғасырға жуық тарихы бар бұл білім ордасында Кеннет Макмиллан, Питер Райт, Сергей Полунин, Марианела Нуньес, Дарси Бассел секілді әлем мойындаған хореографтар мен бишілер білім алған.«Оқудың жылдық ақысы – 25 миллион теңге»
Жыл сайын әлемнің үздік оқушыларын іріктеп алатын мектептің биылғы сынағына Санжар да қатысып, бағын сынап көргісі келіпті. Алдымен құжат, суреттер мен видеосын жіберген ол кейін Лондонға келіп, арнайы іріктеуден өтуге шақыртылған. Айта кетерлік жайт, Лондонда екі күнге жалғасқан қаралым кезінде Санжарды корольдік балет мектебінің директоры өзі қабылдаса керек. «Сосын жаздың ортасында «Оқуға қабылдандыңыздар» деген ақжолтай жаңалық келіп жетті. Сонда құжат тапсырған мың жарым баланың ішінен тек жиырма баланы іріктеп алыпты. Сол жиырма баланың қатарына Санжар да іліккен. Негізі, оның жасындағы балаларға грант берілмейді. Алайда, оның талантына тәнті болған олар грант беруді ұйғарыпты. Беделі биік Корольдік балет мектебінде ақылы білім алу қымбат екенін түсініп тұрған шығарсыз. Теңгемен есептесек, ондағы оқудың жылдық ақысы – 25 миллион теңге. Ойлап қараңызшы! Ал Санжар өз күшімен, өз дарынымен онда тегін оқу мүмкіндігіне ие болды!», – дейді Дина қуанышын жасыра алмай. Мектептің ресми сайтында іріктеу қатаң жүргізілетіні туралы жазылған. Санжардың көптің ішінен топ жарып өтіп, үздік жиырмалыққа енуі оның талантын ондағы талғамы биік, талабы зор мамандарды мойындады дегенді білдірсе ерек. [caption id="attachment_232128" align="alignnone" width="1638"] Лондондағы Корольдік мектептің алдында.[/caption] Санжар биыл негізі жетінші сыныпқа көшуге тиіс еді. Алайда Корольдік мектепте оқуды тоғызыншы сыныптан бастап жалғастырады екен. Өйткені ондағы жүйе балабақшадан бастап есептелсе керек. Айта кетерлігі, Санжар – Корольдік балет мектебіне оқуға түскен тұңғыш қазақ. Анасы Дина онда қызмет ететін қазақстандықтар бар екенін, бірақ Санжарға дейін онда біздің елден ешкім оқымағанын айтады. «Санжардың сабағы қыркүйек айының ортасында басталады. Ол оқитын әйгілі Ричмонд саябағындағы кампус жүз жыл бұрын бұрынғы Патшайымның резиденциясы болған. Сосын ол кісі өз резиденциясын балет мектебі етіп жасақтауға келісімін берген. Әдемі жер. Табиғаты ерекше. Санжар сонда оқиды. Сонда пансионда тұрады. Әйгілі Covent Garden театрында сабақтары өтеді. Сонда жаттығатын болады», – дейді Дина.«Корольдік балет театрының жетекші солисі атанғым келеді»
«Әлем оқушылары армандайтын мектепке он екі жасыңда түстің. Енді нені армандайсың?» деген сұрағымызға ол «Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Корольдік балет театрының жетекші солисі атану. Сонымен қатар өзім секілді жас балаларды желпіндіріп, рухтандырғым келеді. Сонымен қоса, алдағы уақытта «Лондон сахнасын бағындырған қазақ» деген атақты абыроймен алып жүргім келеді. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік. Маған сыртта оқушы я жеке әртіс емес, ұлт өкілі ретінде қарайды. Мені солай бағалайды. Сондықтан сол сенім үдесінен шыға білсем деймін», – дейді Санжар жастайынан жауапкершілік жүгін сезініп. «Санжардың Корольдік балет мектебіне оқуға түсуі – Қазақстан үшін жетістік. Иә, иә, жетістік. Бұл нені білдіреді? Бұл арамызда отандық мектепте шыңдалып, халықаралық деңгейде ел атын шығара алатын талантты балалар жетерлік екенін білдіреді. Ұлттық хореография академиясы – би және балетпен айналысқысы келетіндер үшін жақсы трамплин. Шыны керек, академия мамандары баланы мықты әртіс етіп дайындайды. Баланың талантын ұштап, бар білгенін үйретіп, өз баласындай қарайды. Сол мамандардың арқасында өнерге одан сайын ғашық болған Санжар көп театрда, атап айтсам Астана балет театры, Астана опера театры, Алматыдағы жаңа театр сахнасында өнер көрсетті. Дубайға гастрольге шығып, ондағы опера театрында биледі. Жалпы, мен ана атанғалы бері бала тәрбиесіне қатысты көп кітап оқимын, көп тыңдаймын. Түсінгенім, қазіргі балалар басқаша ойлайды. Кезінде ата-аналарымыздың бізге қолданған әдісі әлдеқашан ескіріп қалған. Әр адам ерекше. Әр адам талантты. Тек талантты кішкентай кезінен байқай білуің керек. Бізге білінбейді, бірақ әйелдердің алдында ұлы міндет тұр. Әйел үйдің жұмысын реттестіріп, ел алдында әдемі болып жүруді ғана емес, сонымен қатар үнемі ізденуді, дамуды да күн тәртібіне енгізуі керек. Баланы зерттей білу керек. Оның ішінде менмұндалап тұрған «дауысын» тыңдап, айтқанына құлақ асып, отырып, ақылдасқан абзал. Арамызда «Сен дәрігерлер династиясынан шыққан баласың. Сен де дәрігер боласың» деп баласына ерік бермей, тағдырын өзі шеше салатындар бар ғой. Мүмкін ол бала музыкант болғысы келетін шығар. Бәлкім ол әртіс болу туралы ойды іштей пісіріп жүрген болар. Оны біреу сұрап па? Бала есі кірген соң өзі қай жаққа икемі бар екенін білдіртіп, белгі береді. Маңыздысы сол, сол сәтті уыстан шығарып алмау», – дейді Дина баланың дегеніне құлақ асу керек екенін тағы да қайталап. «Сосын «балет – ерлердің ісі емес» дегендерге айтарым бар. Күш пен әдемілік. Зияткерлік пен тектілік. Мұның бәрі осы балетте жатыр. Балет әртістері әйел жанын түсінеді, әйелмен қалай қарым-қатынас құру керек екенін жақсы біледі. Жоғарыда айтып өткенімдей, онда кілең мығым денелі әртістер өнер көрсетеді. Спектакльді тамашалаған сайын, жоғары мәдениет балетте екеніне көз жеткіземін. залда отырып, қиялым қалықтап ұшып, шартарапты шарлап кетемін. Спектакль аяқталғанша әдемі әлемнің ішін кезіп жүремін», – дейді Дина. Бүгінде Санжардың отбасы Астанада тұрады. Оның ағасы Жандос – кәсіби хоккейші. «Барыс» хоккей клубында ойнаған ол биыл жазда Екатеринбургтегі СКА командасына қабылданып, қазір сонда тұрып жатыр. «Төрт баламның екеуі хоккей, ал біреуі балетпен айналысады. Апта бойы әртүрлі эмоция кешемін. Хоккей аренасындағы жанкүйерлерге қосылып «Қанекей! Гол!» деп айқайлап келемін. Сосын балетке барып, рахаттанамын. Көңілім жайланады. Ұлдарымның сүйікті ісімен айналысып жүргенін бақылап, жас балаша қуанамын. Адам сүйікті ісімен айналысқанда ғана бақытты ғұмыр кешеді. Балаларымыздың бақытты сәттері көп болсын!», – дейді Дина сөз соңында.Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ