51343
Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты: Сөзден іске көшу керек
Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты: Сөзден іске көшу керек
– Мемлекет басшысы Жолдаудағы айтылған мақсат-міндеттерді орындауға қысқа уақыт беріп отыр. Иә, бұл концепция емес, ұзақ жылдарға арналған бағдарлама емес. Мұның барлығы бүгін-ертең жасалатын жұмыстар. Одан бөлек, Жолдаудың аяғында Мемлекет басшысы 2029 жылы біздің ЖІӨ-ді 460 миллиард АҚШ долларына жеткізуіміз керек деген үлкен мақсат қойды. Техника, экономикалық негіздеу деп бір жыл жүреміз. Одан кейін жоба жасаймыз деп екі жыл жүреміз. Оны сараптамаға, экспертизаға жібереміз деп тағы бір жыл жүреміз. Сөйтіп, осы уақытқа дейін сөзбен ғана жұмыс істеп келдік. Сондықтан ұзаққа созбай, жұмысты бастау керек. Қазір Үкімет мүшелері, әкімдер ауысып жатыр. Барлық министрлікке міндет жүктелді. Ең алдымен, экономикамыздың локомотиві – өндіріс. Екінші – ауыл шаруашылығы. Өндіріс компаниялары, мемлекеттік, жекеменшік болсын, барлығы шындап жұмыс істейтін уақыт келген сияқты. Мысалға, қазірдің өзінде экспорт-импорттық операцияларымыз қанша? Ендігі жылға қандай мақсат қоямыз? Осы салада бізге нақты, алысты көздейтін, бұлжытпай орындалуы керек жоспарлар керек. Тек пайызбен жоспар құрғаннан ештеңе өнбейді. Елімізде шикізат базасы бар өндіріс орындарын ашуымыз керек деп ойлаймын. Жауапты министрліктер әр кәсіпорынмен, әр үлкен компаниямен болсын, кіші компаниямен болсын, өңірлердегі әкімдіктермен бірігіп бәрі бір мақсатқа жұмылуы керек. Әр облыс өзінің өндірісті дамыту жөніндегі жоспарларын егжей-тегжейлі қарап, орындауға барын салуы қажет.