Әзербайжан сапары: Қарабаққа өмір оралып жатыр
Әзербайжан сапары: Қарабаққа өмір оралып жатыр
Қас қарайғанда Шушаға жеттік. Қарабақ тауының бөктерінде теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан қаланың таза ауасы мен жайлы табиғаты бірден сезіліп тұрды. 13 сағаттық жолдан соң тынығуға осында аялдадық.
Шежірелі Шуша
Таңға жақын жауын жауған екен. Жаңбырдың иісі жан сарайыңды ашады. Таза ауада таңғы ас ішкеннен кейін қаланы аралауға шықтық. Шуша қаласының халықаралық қатынастар және қоғаммен байланыс бөлімін басқаратын Самая Мамедова бізді қаламен таныстыру үшін жол бастады. Шуша расымен де ерекше қала екен. Жасыл желегі жайқалған нулы, 10-нан астам бұлағы бар сулы қаланы көгілдір мұнар басып тұрады. Ал ауасы дертке шипа болатын қасиетке ие көрінеді.
Шуша қаласы (фото: Ділда Уәлибек)
– Кезінде бұл жерде төрт шипажай жұмыс істеген. Өкпесі ауыратын науқастар келіп, дәрі-дәрмексіз, ауамен ғана емделіп қайтатын, – дейді Самая Мамедова.
Шуша қаласын Қарабақ хандығының негізін қалаушы Панахали хан құрған екен. 1748 және 1751 жылдары салынған Баят пен Шахбұлақ бекіністерінің берік еместігіне көзі жеткен хан «биік таудағы мәңгілік мызғымас бекініс» салуға шешім қабылдады. Сөйтіп жету қиын таулы үстіртте жаңа бекініс-қаланың құрылысы басталған. Қала бастапқыда Панахали ханның құрметіне Панахабад деп аталған, ал ол қайтыс болғаннан кейін Шуша болып өзгерген.
Шуша қаласы халықаралық қатынастар және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Самая Мамедова (фото: Ділда Уәлибек)
– Қаланың аты ауаның тазалығына байланысты «Шуша» аталған деген дерек бар. «Шуша» (шиша – авт.) – шыны дегенді білдіреді. Яғни, ауасы шыныдай мөлдір, таза деген сөз. Одан бөлек, мынадай екінші бір нұсқа бар: қалада суағарлардың шебер жасалғаны сондай – жауған жаңбыр бірден сіңіп кетіп, жердегі дымқыл тастар бұлт астынан енді ғана жарқырап шыққан күннің сәулесіне шағылысып, шыныдай жалтырайды, – деп түсіндірді Самая Мамедова.
Бұл сөздің дәлелін өз көзімізбен көрдік. Қаланың орталығына жеткенде, жаңбыр жауып кетті. Сол сәтті пайдаланып, қалалық әкімдіктің ғимаратын аралап шықтық. Әп-сәтте үйірілген қара бұлт қалай тез келсе, солай тез құйып өткен екен. Қайтадан далаға шығып, әрі қарай жолымызды жалғастырдық. Расымен де, жиылып қалған жаңбыр суын көрмейсіз, тек дымқыл шөп пен тасты жол ғана жауып өткен жауыннан хабар береді. Ал негізі, қалада жерді жарты метр қазса, су шығады екен.
Шуша қаласы (фото: Ділда Уәлибек)
Табиғатынан бөлек, қала мәдени мұрасымен де ерекше. Кавказдың музыкалық орталығы болған Шушаны «кішкентай Париж», «Кавказ өнерінің мекені», «Әзербайжан музыкасының бесігі» және «Кавказ консерваториясы» деп те атаған. Бірқатар танымал әзербайжан зиялылары мен суретшілері осы қаладан шығыпты. 2020 жылғы 8 қарашада қайтарылғаннан кейін Шуша Әзербайжанның мәдени астанасы деп жарияланған.
Шуша қаласындағы көне ғимараттар (фото: Ділда Уәлибек)
Қаланы басып алғанға дейін ондаған мұражай, бірнеше орта және жоғары оқу орны, мектеп пен кітапхана болған. Қаланың архитектурасы ерекше, тіпті, бір-біріне ұқсайтын үйлерді аз кездестіруге болады. Көне замандар мен орта ғасырлардан бастап, Кеңес одағына дейінгі кезеңдердің «қолтаңбаларын» байқай аласыз.
Шуша қаласы (фото: Ділда Уәлибек)
Тұмса табиғатымен ерекшеленетін қала, көне замандардан көпестер мен дәулетті адамдардың, зиялы қауымның мекені болған. Олар дүниенің түкпір-түкпірінен сәулетшілерді шақыртып, ерекше үй салудан жарысқан деседі. Оккупациядан соң бірқатар мәдени нысан, үйлер қираған.
Шуша қаласындағы қалпына келтірілген көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)
Әкімдіктің алдындағы кей ескерткіштер мен тарихи-мәдени кұндылығы жоғары ғимараттардың біразы бүлінгенін біз де байқадық. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы оккупация кезінде 22 мыңға жуық адам үйін тастауға мәжбүр болған...
Әзербайжан ақыны Хуршидбану Натаванның бюсті. Оккупациядан соң зақымданған ескерткіш қайта қалпына келтірілген (фото: Ділда Уәлибек)
Көне тасты жолдарды бойлай жүріп, әуелде айтып өткен Панахали хан салдырған Шуша қаласының бекініс қақпасына жақындадық. Қала үш жағынан тік жартаспен қоршалған, ал төртінші жағында – осы бекініс қабырғалары.
Шуша қаласындағы бекініс қабырғалары (фото: Ділда Уәлибек)
Қала сыртқы әлеммен бекіністің Ганджи, Агоглан және Иреван атты негізгі үш қақпасы арқылы байланысқан екен. ХІХ ғасырда қамалдың келбеті өзгертіліп, жаңа қорғаныс мұнаралары қосылыпты.
Шуша бекінісі (фото: Ділда Уәлибек)
Шуша бекінісі (фото: Ділда Уәлибек)
Қақпадан өткеннен кейін ары қарай тау аңғарында орналасқан өлкедегі жалғыз жазық жер – Жыдыр Дүзү алқабына бардық. Осы себепті ежелгі заманнан бері мұнда ат жарысы, ойындар және басқа да мерекелер өткізіліп келген.
Алқап (фото: Ділда Уәлибек)
Алқапты қоршаған қатпар-қатпар тауларда ағаш самсап тұр. Биік жардан төмен, қос тау өркешінің арасынан өзен ағып жатыр. Одан әрі қарай жол көрінеді.
– Бұл жол бұрын болмаған. 2020 жылы екінші Қарабақ соғысынан кейін біздің сарбаздар жүрген, жеңіске бастаған жерлерге жол салынсын деген президенттің жарлығынан кейін пайда болды, – деп түсіндірді ұйымдастырушылардың бірі.
Екінші Қарабақ соғысында шешуші шайқас өткен тау аңғары (фото: Ділда Уәлибек)
Біз тұрған тау аңғарында екінші Қарабақ соғысының шешуші шайқасы өткен екен. Сол жерде бізге түсіндіргендей, таулы тік жарды, ондағы үңгірлерді стратегиялық мақсатқа шебер пайдаланған сарбаздар түркілердің ежелгі «құрсау» соғыс тактикасын қолданыпты. Жайқалған жасыл нуға, мамыражай маңғазданып жатқан тауға, сылдырап ағып жатқан өзенге, тұмса табиғатқа қарап тұрып бұл жерде соғыс өтті дегенге өзіңді сендіру қиын. Тек анықтап қарасаң ғана көзің шалатын атылған оқтар – сол оқиғалардың заттай дәлелі. Бір-екеуін біз де тауып алдық. Одан ары қарай қоршалған баққа кірдік. Бұл жерде бір топ мұғалім ашық аспан астында дәріс өткізіп жатты...
Қоныс той
Шушаны артқа тастап, тағы жолға шықтық. Бағытымыз тау аңғарындағы тағы бір қала – Лачин. Тау ішімен, Әзербайжан – Армения шекарасын бойлай жүріп, түс ауа қалаға жақындадық. Оккупациядан кейін толықтай елсіз қалған мекенге қайтадан ел қонып жатыр екен. Біз солардың алғашқы легінің қоныс тойына тап келіппіз. Көшіп келгендерге пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың бірі өз қуанышын бөлісті.
– 1992 жылы бұл жерден кеткенде, ұлым 1 жаста еді, енді міне, араға 30 жыл салып қайтып оралдық. Жеріміз – көркем, бақтарымыз – әсем. Әр елдің өзінің осындай көркем жері, әсем бақтары бар, өз жұрты, өз Отаны бар. Әркім өз елінде тыныш, бейбіт өмір сүрсе, бәрі жақсы болады, – дейді Байрам Кәрімов есімді тұрғын. Ол осы күнді асыға күткенін айтады.
Көшіп келгендерге үй кілтін табыстау сәті (фото: Ділда Уәлибек)
Халқы көшіп, үйлері қирап, қирамағаны қараусыз қалғаннан тоз-тозы шыққан қалаға 3 жылдың ішінде жаңа үйлер салынып, қалпына келтіріліп жатыр. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарын бастамас бұрын ел үкіметі осы аймақтың бұрынғы тұрғындарына, олардың ұрпақтарына хабарласып, қала қалпына келсе, қайтадан көшіп баруға ниеті бар-жоғын анықтау үшін арнайы сауалнама жүргізген екен. Халықтың 96 пайызы қайтадан туған жеріне қайтуға дайын екені анықталған соң, жұмыс басталған, арнайы тетіктер әзірленген. Мәселен, тұрғындарға үй толықтай тегін беріледі, 10 жылға салықтан босатады. Сонымен қатар жұмыспен қамту жағы да жолға қойылыпты. Мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да жұмысын бастауға сақадай сай.
Лачин қаласы(фото: Ділда Уәлибек)
– Көшіп келем деушілер өте көп. Үй мәселесі шешілген. Жұмыспен қамту бойынша да қиындық жоқ. Не десек те, халық туған жеріне, атақонысына қайта оралып жатқанына риза, – дейді лачиндық архитектор Хикмед Мәммедов. Сонымен қатар халық әбден орналасып, қалыпты өмірлерін бастағанша тегін тамақ беріледі екен.
Лачин қаласы (фото: Ділда Уәлибек)
Лачин қаласы заманауи демалыс орны (фото: Ділда Уәлибек)
Шуша секілді Лачин қаласының да табиғаты, орналасқан жері керемет. Болашақта бұл да туристер ағылып келетін аймақ болады деген жоспар бар. Заманауи демалыс аймағын ұйымдастыру жұмыстары басталып та кетіпті. Ағаштан салынған шағын үйшіктер қонақтарды қабылдауға дайын.
Лачин қаласы (фото: Ділда Уәлибек)
Мамыражай мекенге өмір оралып жатыр. Тіршіліктің тамырына қайта қан жүгіргендей. Тек анда-санда сүттей ұйыған тыныштықты бұзып, төбеңнен төңіректі барлаған тікұшақтар өтеді.
Шекарада
Таудың таңғы салқынымен кері қарай Бакуге бағыт алдық. Дегенмен келгендегі емес басқа жолмен қайтатын болдық. Жолда тоқтап, танысатын тағы біраз жерлер бар. Түске дейін солардың бәріне соғып, кешкі рейске үлгеруіміз керек. Уақыт тығыз. Алдымен, жолжазбаның бірінші бөлімінде тоқталып өткен, төңірегінде дау туындап отырған Әзербайжан мен Армения шекарасындағы Лачин дәлізіне бардық. Әлемнің назарын аударып, халықаралық ұйымдарды алаңдатқан даудың қызып тұрған кезі. Әзербайжан әскерилері Ресей бітімгерлері бір топ бейбіт тұрғынды Армения аумағына өткізуге дайындалып жүр. Жергілікті БАҚ өкілдері де сол жерде екен. Армения тарапы гуманитарлық көмек деп атаған, өткізілмеді деп шағымданған жүк көліктері шекарада тізіліп тұр. Біраз уақыттан соң бір топ армяндық шекарадан өтті. Арасында қарттар мен балалар да бар.
Лачин дәлізі арқылы Армения аумағына өтіп бара жатқан бейбіт тұрғындар (фото: Ділда Уәлибек)
Осылайша, Әзербайжан тарапы бейбіт тұрғындардың шекарадан өтуіне ешқандай кедергі жоқ екеніне әлемнің көзін жеткізгісі келді. Бұған дейін Әзербайжан бұл айыптауды теріске шығарып, Ереванды жағдайды ушықтыруға тырысты деп айыптаған болатын.
– «Лачин» шекара өткізу пунктінің жұмысы, Армения-Әзербайжан шекарасының аумақтық тұтастығы мен делимитациясы мәселелері бойынша халықаралық қауымдастықты тағы да адастыруға тырысуы армян тарапының жағдайды ушықтырмаққа ниетін байқатады, – деп ресми мәлімдеме де жасаған еді.
Әрі қарай жолға шықтық.
«Ақылды ауылдар»
Қазір «смарт қала» атты ұғым көпке таныс. «Ақылды қалалар» деп те айтып жүрміз. Біздің елде де мұндай жобалар жүзеге асып жатыр. Әзербайжан үкіметі де оккупацияда болған аумақтағы қалалар мен ауылдық жерлердің біразын «смарт ауыл» ретінде қайта қалпына келтіруді бастап кеткен екен. Осылайша, елде алғаш рет Зангилан ауданы Ағалы ауылы «ақылды ауыл» болып қайта бой көтеріп келеді. Жолда осы Ағалыға келіп тоқтадық. Жарқыраған ақшаңқан жаңа ғимараттар, расында әдемі екен. Сауда орталықтарын да көзіміз шалды. Субұрқақ орталық алаңға ерекше сән беріп тұр. Сол жердің жергілікті әкімдігінде бізге қаланың бас жоспарын, 2020 жылы қаланың қандай болғанын, 3 жылдан кейін қалай өзгергенін көрсететін материалдарды таныстырды. Бұл жерде де жаңа үйлер салынып, тұрғындар көшіп келіп жатыр екен. Аймақта күн батареяларымен және экологиялық жылыту жүйелерімен жабдықталған 200-ден астам жер үй салынған. 360 оқушыға арналған мектеп, 60 орындық балабақша, алғашқы медициналық көмек орталығы және базар алаңы сияқты инфрақұрылыммен де қамтылған. Көш басы бір жыл бұрын басталыпты, қазір мұнда 108 отбасы, 526 адам тұрып жатыр екен. Тұрғындарға оккупациядан босатылған ауылшаруашылық жерлер бөліп берілген. Кейбір тұрғындар егіншілікпен айналысады, ал басқалары мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді.
Ағалы ауылы (фото: Ділда Уәлибек)
Сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» жобасының бір тармағы осы елді мекен арқылы өтеді. Сондықтан елді мекеннің әлеуетін ел билігі жоғары бағалап отыр. 2023 жылдың соңына қарай Ағалы ауылының пилоттық жоба толығымен іске қосылғаннан кейін тағы үш «смарт ауыл» салу жоспарда бар екен. Осылайша, елде азат етілген аудандарды қалпына келтіру бойынша қарқынды жұмыс атқарылып, отбасылар біртіндеп өз ауылдарына оралып жатыр. Жалпы, қайтарылған жерлерге халықты қайта қоныстандыру процесі былтырғы шілдеде басталған екен. Бұл көшке «Ұлы оралу» деген атау да беріліпті. Әлемнен ажырап, қаңырап, қирап қалған аймаққа халықпен бірге өмір де қайта оралып жатыр.
Ағалыдан кейін ешқайда аялдамай, ақшамға таяу Бакуге де жеттік. Осылайша, төрт күнге жалғасқан Әзербайжан еліне сапарымыз аяқталды. Қонақжай, пейілі кең елдің мәдениеті, тарихынан тың дерек алып, өз көзімізбен көріп, әсерімізді осылайша түйіндеп отырмыз. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген сөз осындайда айтылса керек. Соғыстың жарасын жазып, сызын кетіруге барынша тырысып жатқан халық бейбіт күннің бағасы мен қадірін әлем білсе екен дейді. «Әркім өз жерінде бейбіт өмір сүрсе бәрі жақсы болады..»
Астана – Баку – Ағдам – Физули – Шуша – Лачин – Лачин дәлізі – Ағалы – Баку – Астана