Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды

Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды

Спартактың қауын-қарбызы Ойылдың брендіне айналды
ашық дереккөзі
51016
Ақтөбеде ауылдық жерде көпшілік шаруа қожалықтары малмен байланысты құрылатыны белгілі. Қыр қазағы егін салуға бейімсіздеу. Әрине, астық егіп, мол табыс тауып отырған аудандар бар. Малға жем-шөп ретінде де егін егеді. Бірақ бау-бақша салуға құлықсыз. Оңтүстікке қарайлап отырады. Жазда Ақтөбенің базарларын Шымкент пен Қызылорданың қауын-қарбызы «жаулап алады». Солай болуға тиіс секілді. Бірақ соңғы жылдары осы «дәс­­­түр» бұзыла бастады. Ба­зар­да «Ойылдың қауын-қарбызы бар ма?» деп сұрайтындар көбейді. Бі­рінен бірі естіп, «Әлгі Спартактың қауын-қарбызы керек» деп нақтылап сұрайтын болды. Той-томалаққа жең­сік ас ретінде көтере сатып ала­тын­дар да бар. Расында да, Спар­так­тың қауын-қарбызының дәмі бөлек. Ал енді Спартак кім? Оның қа­уын-қарбыз егуіне не себеп? Енді соған ке­лейік. Ойыл ауданының Сарал­жын ауылында 2012 жылы құрылған «Спарта» шаруа қожалығының не­гіз­гі бағыты – бау-бақша. Шаруа қо­­­жа­лығының басшысы – Спартак Тө­ре­мұра­тов. Мамандығы – зоотехник. Мал маманы болғасын жерде сол ба­ғытпен кетуі керек еді ғой. Қисын бойынша солай. Көзін ашқалы көр­гені – мал шаруашылығы. Айна­ла­сын­дағы шаруашылық­тар­дың да бәрі атакәсіппен айналысып отыр. Спартактың олардан бөлек кетуінің бір себебі бар. Қызылорда облысы Шиелі ауданының қызына үйленді. Пойызбен әрлі-берлі өткенде «Қа­уын-қарбыз алыңдар!» деп айқайлап тұра­тын мекеннің топырағын күйеу болып басты. Шиелі – қауын-қар­быз­дың отаны екен. Дәмі тіл үйіреді. Бір ғана қауынның неше түрі бар. Ба­­­сында шатастырып жүрді. Өз ауы­лынан жұмыс таппаған кешегі бір қиын кездерде, сол өңірде жаз бойы жұмыс істеп, азды-көпті тиын-тебен тауып келгені де бар. Қайын атасы жер сауған кәнігі диқан екен. Бұған қауын-қарбыз өсірудің қыр-сырын әбден үйретті. Бұл да өнер екен. Үс­тірт қарауға болмайды. Мықты бап ке­рек. Уақытында суарып, арам шө­бін тазалап отырмасаң, мол өнімнен кү­деріңді үзе бер. Бір уақыт қолыңа кетпен алып, маңдайыңның терін сүр­тіп отырғанның рақаты бөлек екен. Ақтөбеде пәленбай теңге тұра­тын қауын-қарбызыңыз мұнда «пәш­ти» су тегін. Бірақ жергілікті жұрт аз ақшаны да қанағат тұтады. Өте еңбекқор.  width=Атызда кетпен шауып жүріп ба­сына ой келетін. Өз ауылы есіне тү­седі. Топырағы өте құнарлы. Іргеде Ойыл мен Қиыл өзендері мөлдіреп ағып жатыр. Демек, су жағынан мүл­де қиындық болмайды. Ендеше, неге егіп көрмеске? Неге бұның ауыл­дас­тары жазда оңтүстікке қарап елең­деп отыруға тиіс? Әрі бағасы да удай ғой, удай. Дәмін алғаны болмаса тойып жемейтіні анық. Әсіресе, ба­ла­ларға обал. Ақыры тәуекелге бел буды. Әуелі жал­ға жер алды. Сапалы тұқым алып септі. Алғашқы жылдары қайын ата­сы көмекке келді. Әлі де білмейтіні көп екен. Үйренді. Бір жіберген қате­лі­гінен келесі жолы қорытынды шы­ғарды. Бірте-бірте кәнігі маманға ай­налды. Бір ғажабы, жер тың, су мол болғасын ба екен, бұның қауын-қар­б­ызы ерекше дәмді болып шық­ты. Әуелі күле қараған ауылдастары­ның пікірі мұның өнімдерінің дәмін ал­ған соң мүлде өзгерді. Той-то­ма­лақ­та өзге дәммен бірге дастарқанға қауын-қарбыз қойылатын болды. Енді өнімдерін облыс орталығын­дағы «Алтай» базарына шығарды. Ба­сында «Ойылдың қауын-қарбызы» деген де сенбегендер де, миығынан күлгендер де болды. Осындайда ел ара­сында анекдот болып тарап кет­кен бір әңгіме еске түседі. Ойылдың ақ тарының отаны екені мәлім. Әй­гілі Шығанақ Берсиев еккен ақ тарының даңқы кезінде берісі Кеңес одағына, арысы әлемге тараған бо­ла­тын. Талай қасқабас ғалым Бер­сиев­ті іздеп келіп, танысқан. Ол заман өтіп кетті десек те, Ойылдың та­рысының бәсі әлі де түскен жоқ. Өзге өңірдің тарысынан гөрі оған сұра­ныс әлі де жоғары. Сондықтан да базардағылар алдындағы өнімді «Ойылдың тарысы» деп өткізіп жі­беру­ге тырысады. Әлгі әңгіме содан шыққан. «Ойылдың тарысы ма?» деп сұраған кісіге базардағы келіншек: «Иә, аға. Жаңа ғана пойыздан түс­тім» деген ғой. Сірә, оңтүстіктен бар­ған келіншек ойдағы елге пойыз бармайтынын білмесе керек. Сол айт­пақшы, «Ойылдың қауын-қар­бы­зы» дегенде, сенбей, мысқылдағандар болды. «Жаңа ғана пойыздан түстің бе?» деп сатушыны келекелегендер де кездесті. Бірақ солардың көбі кейін мұның өнімін іздеп тұратын бол­ды. Көп ұзамай оның өнімінің даң­қы жан-жаққа кетті. Көрші жат­қан Атыраудың Қызылқоға, Батыс Қа­зақстанның Қаратөбе ауданда­ры­ның тұрғындары іздеп келетін бол­ды. Соның арқасында бірер жылда тәп-тәуір қаржы тапты. Аяғына нық тұр­ды. Кәсібін кеңейте түсті. Бау-бақ­шамен қатар, мал шаруашылығын да қолға алды. Ірі қара өсіреді. Бірақ негізгі бағыты – егіншілік. Биылғы жы­лы бау-бақша алқабын 20 гек­тар­ға жеткізді. Оның басым бөлігі – қар­быз. Қарбыз демекші, өзінің «брен­дін» қалыптастырған Спартактың атын шығарған да осы – қарбыз. Өйт­кені Ойылда қауынға қарағанда қарбыз жақсы өседі. Осы жерде бір мәселе бар. Қысы «ерте жатып кеш тұратын кесір қыздан аумай қалған» (Ертай Ашықбаев – С.Қ) Ақтөбенің қауын-қарбызы піскенше, оң­түстіктің өнімі жетіп үлгереді. Нарық заңы кешіккенді кешірмейді. Сондықтан саралжындық диқан ұзақ ізденіп, қарбыз бен қауын тұқымын ерте көктемде егіп, пленка астында өсіру әдісіне көшті. Ерте өнім алудың осы әдісін меңгерген Спартак өткен жылдары өңірде қарбыз-қауын өнімін базарларға алғашқылардың қатарында шығарып жүр. Бау-бақша өсірушілер үшін қолайсыз болған жылдың биылдың өзінде көп кешіккен жоқ. Өнімі тамыз айының ортасында-ақ өз ауылы мен ауданының, көрші өңірлердің базарларын айтпағанда, Ақтөбенің сауда орындарына да жетіп үлгерді. – Биылғы көктем, одан кейінгі күн­дер қауын-қарбыз егу аса қо­лайсыз болды. Соның салдарынан өнім кешікті. Алғашқы егілген ал­қап­тың өнімін жинап жатырмыз. Ба­зарларға өнімдеріміз жетті. Алай­да менің атымды шығаратын қарбыз бұл емес. Аса ірі әрі дәмді, ұзақ сақ­та­­­латын қарбыздың тұқымы бар. Жыл­да егіп жүрмін. Ол сәл кештеу пісе­ді, – дейді Спартак Төремұратов. Спартак өнімнің ұсақ-түйегіне дейін жинап алады. Сатуға жа­­­рамайтынын малға береді. Зоотех­ник ретінде малды семірту үшін оның рационына қарбыздың қа­бығын, асқабақ, қызылша өнім­дерін қосса, пайдалы екенін «беске» біле­ді. Әдетте, мал өсіретін ағайын бұны ескере бермейді. Арзанға ал десең, күле қарайды. Сондықтан бұл өзі жинап, малына береді. Оның ма­лының жұнттай болып семіре­ті­ні­нің бір себебі – сол. Спартак ақ-адал ең­бе­гінің арқасында пайда тауып қана қоймай, жұрт­шы­лыққа жұ­мыс беріп отыр. Мау­сым­дық жұмыс­тарда 20 адам дәл осы Спартактың аты­зынан нә­пақасын айы­рады. Ең­бек лагерінде 16 оқушы жұ­мыс істейді. Арам шө­бін отайды, кү­тіп-бап­тай­­ды, суарады. Күзде жинау да – кәдім­гі­дей жұмыс. Ақы­сын қолма-қол төлейді. Сон­дықтан да оған балалар да дән риза. Өз маң­дай теріңмен тапқан ақ­шаның жөні бөлек қой. Әке-ше­ше­нің разылығы – бөлек әңгіме. Айт­­пақшы, Спартак соңғы 10 жыл бойы жаз­да жақсы жұмыс істеген бала­лар­ды күзгі каникул кезінде Астана, Алматы қалаларына апарып жүр. Өз қаржысына. Балаларды ын­та­лан­дыру­дың мұндай да жолы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жол­­­­дауын­да ауыл шаруашылығына мән беру керегін баса айтты. Спар­так­тың айтуынша, ауылда жұмыс же­тіп-артылады. Жер-Ана сенен ба­рын аямайды. Тек, еңбек ет те, не­сібеңді теріп же. Жастар селтеңбай жү­ріс­тен арылып, жұмыс істеуі ке­рек. Маңдайы терлеген адамның не­­­сібесі де мол болады. Жастар демекші, Спартак ауыл­дан сауда орнын ашып, жастардың бас­тамаларын дамытуға арналған ор­талықтың құрылысын бастап кетті. ...Ойылдың даңқын бір кезде Шы­ғанақ Берсиев шығарып еді. Ақ тары­ның атасының жолы, өкінішке қарай, үзіліп қалды. Тары егетіндер бар, бірақ Шығанақ заманындағыдай мол өнім жоқ. Енді Спартак тыңнан түрен са­лып отыр. Берекесін бергей. Елге де, өзіне де.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, Ақтөбе облысы

Серіктес жаңалықтары