51283
Тарихтың Ақтұйғыны
Тарихтың Ақтұйғыны
Мамандығымыз журналист, жазушы болған соң әр саланың адамдарымен жиі араласамыз. Солардың ішінде өте бір жақын тұтатынымыз – тарихшылар қауымы. Солардың ішінде мүйізі қарағайдай Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Мәлік Асылбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сияқты көрнекті тарихшылардан бастап орта мектепте сабақ беретін тарихшы мұғалімдерге дейін бірқатарын білетінбіз. Арасында ешқандай шиеленіске бармайтын конфликтке жоламайтын, оқу орнында дәрісін беріп тыныш жүре беретін момын мінезділері қаншама? Бірақ бұл «момын мінез» тіркесі көне тарихтың білгірі, тарих ғылымының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан ағаға еш қатысы жоқ. Ол өзі әділетсіздікке, жалғандыққа жаны қас, ұлт мүддесін жанынан жоғары тұтып, ақиқат үшін арыстандай арпалысқа түсе алатын күрескер тұлға. Тарих ғылымының кандидаты дегенімізбен білімі академиктерден артық болмаса кем емес. Үлкен маман. Докторлығын қорғайтын кезде докторлық диссертациялық кеңестер таратылып, ғылыми деңгейлер басқа өлшемдерге көшіп кетті.
Әлекеңмен оншақты жылдан бері таныспын. Жастық шағы туралы, Қытай еліндегі мәдени ревоюция, қазақ, ұйғыр сияқты саны аз ұлттарға жасалған қысым, бірнеше ұлтшыл азаматтың Қазақстанға қашып өтуі, кеңестік режим қыспақтары, оқуға деген ынта, өмірден өз орнын табуы жайында шерткен сырлары әлі күнге жадымда.
Әлімғазы Дәулетхан аға 1943 жылы қыркүйек айында Қытай жерінде, Іле Қазақ автономиялы облысы Күнес ауылында дүниеге келген. Шынжаң университетінің қытай тіл-әдебиеті факультетін, Шымкент мемлекеттік педагогика институтының қазақ тіл-әдебиеті факультетін бітірген. Қазақ теле-радио комитетінің «Алатау» телеарнасында редактор, «ZAMAN-Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші болып істеді. Бірқатар ғылыми еңбектерімен көзге түскен соң 1997 жылы Ұлттық Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына қызметке қабылданды. Қысқа уақытта «Ежелгі және орта ғасыр» бөлімінде жетекші ғылыми маманға айналды. Оның «Ежелгі және орта ғасырлардағы түркілер» атты көлемді зерттеу еңбегін ұзақ жылдардағы ғылыми ізденістерінің жиынтық жемісі ретінде бағалауға болады. Монографияда біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі тарихи оқиғалардың маңызын зерделеуге арналған. Әйгілі Талас-Атлах соғысы туралы тұжырымды пікірлер сонда айтылған.
Көзі қарақты оқырман Әлімғазы Дәулетханұлының қазіргі Қазақстан тарих ғылымының танымал өкілі екенін біледі. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу жұмыстары Түркеш қағанатының (692-766 жж) құрылуы, түркештердің этникалық құрамы, ежелгі руникалық түркі жазбаларындағы Түркеш қағанатына қатысты деректерді қарастыруға бағытталған. Ол қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаңдағын айқындап, түркештердің этникалық құрамы, этноаумағы, ел билеу үрдісі, дипломатиясы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени жағдайына қатысты көптеген тың және нақтылы мәліметі келтіреді. Әрі қазақ халқының рухани-мәдени дамуын да үнемі назарда ұстап отырады. Ғалым сонымен бірге әлденеше оқу құралы мен оқулықтардың авторы.
Әлімғазы Дәулетханұлы қарап отырсақ, Отан тарихының ежелгі және орта ғасырлардағы өзекті мәселелеріне қатысты бес монография, 200-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеу мақалаларын жариялапты. «Түргеш қағанаты», «Ғұн-түрік-қазақ тарихы зерттеу мәселелері», «Шығыс Түркістан халықтары ұлт-азаттық дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркілер» атты монографиялары түркітану ғылымына қосылған айтулы үлес болды. Бұлардан өзге «Тарту» атты әңгіме, повестері, сын-зерттеулері топтастырылған көлемді жинағы да бар. Мерзімдік баспасөзде тарихи тұлғалар мен тіл, діл мен дін мәселелеріне қатысты ондаған ғылыми мақаласы оның ізденістері мен азаматтық қайраткерлігінің көрінісі. Қазақ тарихының көкейкесті тақырыптарына арналған республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған мазмұнды баяндамалары бір төбе.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалымның қайраткерлігінің бір көрінісі ретінде мен оның «оқыс оқиға – тосын жаңалыққа» тосқауыл қойған бір ерлігін еске алайын. 2009 жылы жарыққа шығайын деп жатқан кітабымның корректировкасын қарау үшін «ҚазАқпарат» баспасына бас сұққаным бар. Бас директоры, марқұм Қонысбек Ботпайдың алдында жатқан «Елібай – Ли Бай. Ли Бо» атты көлемді кітапты көріп таңырқап, рұқсат сұрап қолыма алдым. Алғысөзін сенатор Өмірбек Бәйгелді, кіріспесін филология ғылымының докторы Сауытбек Абдрахманов жазыпты. Ли Бай өлеңдерін Мұқтархан Оразбай, Мұрат Сұлтанбек, Мұратжан Сәрсен деген азаматтар қазақшалаған. Кейін теледидардан осы кітаптың тұсаукесерін де көрсетті. Бұл кітап тек мен ғана емес қалың оқырман қауымды да екіұдай күйде қалдырды.
Қытай ақынының қазақ болып шыққаны күмән туғызды. «Ол Орталық Азиядан, ғұндардан шыққан екен, Шу өзенінің бойында, Шу қаласында дүниеге келіпті-мыс». «Қытай елінің бүкіл тарихындағы ең ұлы, ең биік, әлемге әйгілі болған Ли Бай деген ақынын зерттей келгенде біздің қазақ халқының төл ұрпағы екені дәлелденіп анықталыпты-мыс». «Ақын өзін «Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағымын» депті-мыс». Ақынның сақталған шежіресі бойынша: «Бесінші атасы түрік қағанатының қағаны болған» дейді-мыс». Мұның бәрін бұрын неге естімегенбіз? Мұндай көрегенсудың пайдасы қаншалықты? Әлдебір ішкі түйсік сөйтіп қабылдатпай-ақ қойғаны.
Өстіп жүргенде көп ұзамай «Қазақстан» газетінің 2009 жылғы қазан айындағы бір санында Әлімғазы Дәулетханның «Тарих түйінін Сізше тарқату – күнә!» деген материалы көзге түсті. Онда алғысөздегі әлгіндей пікірлердің авторы сенатор Өмірбек Бәйгелдіге қарата мәселенің ақ-қарасын ұсынады. Жаны күймей қайтеді? Өзі Шынжаң университетінің қытай тіл-әдебиеті факультетінің түлегі болса! Қытайдың көрші елдерге қатысты саясатына бір кісідей қанық болса! Бойында ұлтшылдық қаны тулап тұрса!
Қытай ақыны Ли Баоны қазақтандырғансып «Елдібай, Елібай» атап жұртты о баста шатастырған Мұхтархан Оразбай деген кісі екен. Ол 2007 жылы көктемде «Қазақ әдебиеті» газетінде Елдібай ақын туралы көлемді мақала жариялайды. Артынша «Елімен қауышқан Елдібай ақын» атты кітап шығарады. Ли Бао біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 701 жылы туып, 762 жылы қайтыс болған. Оның қытай тілінде 25 том шығармасы сақталынған дейді. «Шу қаласы маңында туыпты, арғы аталары дулу тайпасынан шыққан екен» дейді. Дулу тайпасы туралы болжам кенет Дулат тайпасына айналып кетеді. «Елібайдың – Ли Баоның арғы тегі Дулат тайпасынан шыққаны» туралы жаңсақ хабар бірқатар адамдарды желіктіреді. Олардың арасында өкінішке қарай сенатор Өмірбек Бәйгелді ағамыз да болады.
Ли Байды қазақ етушілер Астанада өткен дүбірлі басқосуында Ли Байды насихаттауға байланысты бірқатар жоспарлар жасайды. Оған қазақ жерінде мәрмәр тастан ескерткіш орнату ойластырылыпты. Шу жерінде мұражай ашу жоспарланған. Ли Байдің 25 томдық өлеңдер жинағын түгел қазақ тіліне аударып, жарыққа шығару үшін бюджеттен қаржы бөлдірту мәселесі ортаға қойылған. Астана не Алматыдан Ли Байтану институтын не болмаса орталығын ашу көзделген. Қытайда Ли Байға қатысты түсірілмек 38 сериялы телефильмнің алғашқы бес (Ли Байдың балалық шағын) сериясын Шу-Тараз жерінде түсіртпек болады. Мәселенің саяси астарына мән берместен Мұхтарханның жаңсақ тұжырымдарын жалаулатқан топ ақиқатқа мүлде үйлеспейтін осындай адасуларға ұрынады. Бұл жалғандыққа тосқауыл қойылмаса, салдары еліміз үшін аса қауіпті болатыны айдан анық еді.
Әлімғазы Дәулетхан болса, 1961-1966 жылдары Шынжаң университетінде оқып, Қытай тарихы мен әдебиетінен жүйелі білім алған адам ғой. Сондықтан Ли Байға қатысты белең алып бара жатқан саяси, әдеби арандату жөнінде өз көзқарасын білдірмей тұра алмады. Оның үстіне, Ли Бай өмір сүрген дәуірге тікелей қатысты жоғарыда айтылғандай Батыс Түрік қағанаты мен Түркеш қағанаты (692-766 жж) тарихын зерттеп, ол туралы ондаған мақала мен арнауы монография жазған тарихшы ғалым екені тағы бар.
Әлімғазы Дәулетхан майдан даласына шыққан қас батырлардай алдымен жағдайды ақыл таразысымен бір сүзіп шығып, мәселенің төркінін бірден таныды. Бұғып қалмады, пікірін ашық айтты: «Ли Байдың Елібай аталуы «қытайтанушылардың» әрекетінен туындап отыр, қазір біздегі Ли Бай туралы айтылып жатқанның бәрі – көзбояушылық! Бірінші көзбояушы қытайлардың өздері. 1969 жылы қытайлар КСРО Сыртқы істер министрлігіне нота тапсырған. Онда: «Балқашқа дейінгі Жетісу аймағы – біздің жеріміз. Көне Қытай аумағы осыншама алқапқа созылып жатқан» деп лаққаны бар. 1985 жылы ұйғыр тілінде жарияланған оқу құралында «…ХІХ ғасырдың орталарында патшалық Ресей басып алудан бұрын, еліміздің Батыс шекарасы Балқаш көлінде еді» деген жымысқы ойларын тағы жылжытады. Әлекең осы деректерді алға тарта отырып, біздің «қытайтанушылардың» кімнің диірменіне су құйып отырғанын көрсетеді. «Ли Бай Шуда туыпты, ол қазақ екен» деген жаңалықсымақтың астарында қандай саясат жатқанын енді аңғардыңыз ба?!
Әлекең әрі қарай: «Ли Байді «Елдібай, Елібайға», әкесі Ли Кыны «Алқабиге», 9-атасы Ли Хауды «Дулат бабаға» айналдыру жолындағы әрекеттердің ғылымға, тарихқа, шежіреге мүлде қатысы жоқ бос әурешілік, тіпті, мұның халықты арандатып, адастыруға бастайтын жат қылық екені басы ашық әңгіме» деп тұжырымдайды.
Әлімғазы Дәулетхан бұдан кейін іле-шала «Ақиқат пен аңыз», «Қытай ақыны Ли Бай шынында қай жерде туған?», «Аңқау елге арамза молда немесе Мұхтарханның 15 өтірігі» атты көлемді мақалалары, «Жалған тарих жасау – жалған ақша жасағанмен бірдей сорақы қылмыс», «Қамшы» порталына берілген сұхбат» деген интервьюлары жариялады. Ондағы басты мақсаты – ниеті қалыс, ақыл-есі дұрыс адамдардың «Ли Бай – Елдібай» елесі жөніндегі шатысып-бытысқан ұғым-түсініктерін айқындап, тарихи шындыққа көздерін жеткізу еді. Автор мақсатына жетті де. Тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері Қазақстанның түкпір-түкпірінен Әлекеңді қолдап-қуаттаған мақалалар мен қысқа қайырымды пікірлерін тоғытты дейсің. Осылардың арасында тарихшы Талас Омарбековтің «Қазақстан» газетінде жарық көрген «Жалған ғалымның жетегінде кетпейік» деген аса байсалды, әрі шамырқана ашынған мақаласын айта кеткен орынды. Шағын мақаласында Талас зиялы қауымды Мұхтархан тәрізді жалған зерттеушінің шимай-шатпақтарынан сақтандырады.
А дегенде-ақ бұл тақырыпта дауыс көтерген белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизова болатын. Ол «Алаш айнасы» газетінде (16.09.2009 №160) «...сондай дүмше, ұрыншақ қытайтанушылардың» кесірінен Қазақ мемлекетінің абырой-беделі мен тұтастығына аса қауіп төндіретін саяси авантюраға жол ашылып жатқанын» ашына айтты.
Бұл дау-дамайды құлағы шалған қытайтанушы, аудармашы Әбдеш Дайырбаев та үнсіз қала алмады. Ол Уаң Яу деген кісі жазған «Ли Бай» деген кітапқа сілтеме жасай отырып Ли Байдың 701 жылы туып, 762 жылы дүние салғанын растайды. Әрі Ли Байдің «өміріндегі маңызды іс-әрекеті, жалпы, Таң Шуәң Зұң билеген сол 40 жыл ішінде болды» дейді. Ары қарай «Шу әрі мемлекеттің, патшалықтың аты, әрі өлкенің аты болған. Хуаң Хы – Сары өзеннің солтүстігі. Бейжіңнен алыс емес. Бұл ШУ-дың біздің Шуға, қазақтың, оның ішінде Дулаттың Шуына еш қатысы жоқ. Екі «Шу» – бір-біріне омоним сөздер. Дыбысталуы бірдей, мағынасы мүлде басқа географиялық атаулар. Екеуінің арасы 10-15 мың километр жер» дейді шегелеп.
Жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлы «Өз аталарымызды былай қойып, тіпті, таза қытай Ли Байдан «Қазақтың жыр жұлдызын» жасағанымыз, әнеки!» деп ашынса, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов «Шынында Ли Бо қазақ ақыны болмаған. Оны қытай қазақтарының зиялылары тамаша дәлелдеп шықты» дейді. Бұл дау-дамайға Рақым Айыпұлы, Қалман Кочигит, Нұр-Илия Айсаұлы, Әбілдәбек Ақыштайұлы қатарлы зиялы қауым өкілдері пікірлерін білдіріп үн қосты.
Араға біршама уақыт салып академик Мәлік Асылбеков бастаған, Мекемтас Мырзахмет, Мәмбет Қойгелдиев, Зардыхан Қинаят, Клара Хафизова, Талас Омарбеков, Әбдеш Дайырбай, Ибраһим Қошқари сияқты тарихшылар мен әдебиетшілер қол қойған «Тарихи сананың тазалығын сақтайық. Қазақстан Республикасының Білім-ғылым министрлігі мен БАҚ өкілдеріне Үндеу» жазылды. Өкінішке қарай, ол Үндеуді жетекші басылымдар жариялай қоймады.
Десек те, Үндеудің сәл кейінірек «Айқын» газетінде жарияланған нұсқасындағы: «Белгілі бір шығармашылық иесінің артына қалдырған мұрасы мен өзінің белгілі бір ұлтқа тәндігін анықтау, ең алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы жүреді. Сондай-ақ ондай іс ұзақ жылдық әрі іргелі ізденісті талап етеді. Бұл – ғылым мен мәдениетте қалыптасқан және қабылданған сан ғасырлық дәстүр. Бұл ғылыми этиканы мойындамауға не тәрк етуге ешкімнің хақысы жоқ! Осы жағдайларды ескере отырып, қазақ қоғамының ресми деңгейде өз тарихына сыни көзқараспен қарай алатындығына сенгендіктен, біз, Қытай елінің ұлы ойшыл ақыны Ли Байды кейбір сауатсыз «тарихқұмарлар» мен «аудармашылардың» оп-оңай қазақ ұлтының мәдениетіне жатқыза салуларын ешқандай ғылыми этикаға үйлеспейтін әрекет ретінде бағалай отырып, БАҚ құралдары мен баспа орындарын қоғамның тарихи жадына жағымсыз, кері әсері болатын мұндай әрекеттерге жол бермеуге, қоғамның тарихи танымын қалыптастыру ісінде әлемдік этикалық нормаларды сақтауға шақырамыз!» деген басалқалы пікір алаяқтыққа ергендердің үстінен суық су құйғандай әсер етті.
Бұдан кейін толып жатқан бұлтартпас фактіні көлденең тартып, бірқатар басылымдарда орын алған жаңсақтықтарды тоқтатып, Ли Байдың талассыз қытай ақыны екенін дәлелдеп береді.
Тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан бұдан соң Астана қаласына барып, бұрынғы сенатор Өмірбек Байгелдінің өзімен жолығып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға тырысты. «Елібай – Ли Бай. Ли Бо» кітабындағы тұжырымдарды дәлелдейтін онда бір сөз жазылмағандығына таңданыс білдірді. Алайда кәрия «мен ашқан жаңалықтарды қабылдауға қазақ қоғамы дайын емес» деген желеумен дәлелдерін келтіруден бас тартты. Іс жүзінде ешқандай дәлел болуы да мүмкін емес еді. Бұл яғни өз тұжырымдарынан бас тарту деген сөз ғой. Іле Парламент спикері Мәулен Әшімбаевтың билік атынан Ли Бай мәселесін тоқтату қажеттігі туралы ресми мәлімдемесі бұл дауға жұдырықтай нүкте қойды.
Сөйтіп, Әлімғазы Дәулетхан бір топ ғалымдармен бірге қазақ елін жалған «қытайтанушылардың» саяси астары тереңде жатқан авантюристік пайымдауларынан құтқарып қалды. Бұл шынайы ғалымдардың, шынайы патриот тұлғалардың ғана қолынан келетін шаруа болатын.
Саятшылықта, құсбегілікте ерекше қадірленетін тұйғын деген құс болады. Қаршыға тұқымдастарына жататын саятшы құстардың ішіндегі ең ұшқыр, ең қырағы, ең шалымдысы. Солардың ең сүйкімдісін ақтұйғын деп атайды екен. Әлекең маған ұлттық мүдде жолында қылт еткенді қағып түсіретін сол ақтұйғын сияқты елестейді. Сол ақтұйғын азаматымыздың мәртебесі қашанда биік болсын!
Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор