«Ұлы дала жорығы»: Жетінші кезеңде қостанайлық шабандоздар жеңіске жетті

Командалар 1300 шақырымның тең жартысын бағындырды.

«Ұлы дала жорығы»: Жетінші кезеңде қостанайлық шабандоздар жеңіске жетті
1429

Кеше қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жетінші кезеңі аяқталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі сол – марафон қатысушылары Жезқазған-Қызылорда тас жолының 130-шақырымында аттарын ауыстырды.

Жетінші кезең қорытындысы бойынша, Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы астаналық шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Ақтөбе облысының командасы үшінші болып жетті. Елордадан аттанған 19 командадан бүгінде 12 команда жарысты жалғастырады.

«Енді командалар шығып қалады деген қауіп азайды. Өйткені шабандоздар ат ауыстырып мініп жатыр. Уақытын ұтымды пайдаланып, Түркістанға жетеді деген үмітіміз бар. Былтыр 9 команда 600 шақырымды 32 атпен жүріп өтсе, биыл алғашқы кезеңді 12 команда 650 шақырымды 41 атпен аяқтап отыр. Былтыр 650 шақырымды бірінші болып бағындырған команданың уақыты шамамен 56 сағатты құраса, биыл 42 сағатта жүріп өтті. Бұл аттардың дайындығын көрсетеді. Екіншіден, бәсекенің өте жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ 1-кезеңнің 4 аты командадан тыс 1300 шақырымды бағындыруға бекініп отыр. Оның бәрі мал дәрігерінің рұқсатымен жүзеге асады», – деді «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті, жоба авторы Бақытжан Тұрлыбек.

Бас төреші Надежда Купцова командалардың жарыстан шығып қалуына олардың дайындығы аз болғаны әсер еткенін айтады, дегенмен ол Қостанай облысы командасын ерекше атап өтті.

«Ветеринарлардың кеңесіне құлақ түргендер жарысты әлі жалғастырып келеді. Әзірге Маңғыстау, Жетісу, Қостанай құрама командалары аттарына өте жақсы мән беруде. Былтыр жорыққа қатыса алмай қалған Қостанай облысы командасы бәрімізді тәнті етті. Мал дәрігерлерінің пікірінше, 650 шақырымды бағындырған аттар қатарында қостанайлық шабандоздар кәсібилігімен, тұлпарлары мықтылығымен қатты ерекшеленеді. Дегенмен кімнің жеңіске жетуі мүмкін екенін айта алмаймын. Келесі 650 шақырымды басқа аттармен жүріп өтеді. Аттардың қалай бейімделетінін бақылауымыз керек. Әрі оңтүстік өңірге жақындаған сайын ауа райы ыси түседі. Шабандоздарға аттардың күтіміне ерекше мән беріңіздер деп айтқым келеді», – дейді Н.Купцова.

Тағы бір ескерер жайт, жарыстан шығып қалған кейбір команданың мүшелері Түркістанға жеке-дара жетуге ниетті. 1300 ақырымды бағындырған жағдайда оларға арнайы ынталандыру сыйлығы беріледі.

Жеті күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

Маңғыстау облысы, 42 сағат 38 минут 31 секунд

Ақтөбе облысы,  43 сағат 59 минут 37 секунд

Қостанай облысы, 44 сағат 39 минут 56 секунд

Жетісу облысы, 46 сағат 43 минут 57 секунд

Жамбыл облысы, 47 сағат 36 минут 21 секунд

Астана қаласы, 46 сағат 34 минут 10 секунд

Абай облысы, 49 сағат 43 минут 53 секунд

Алматы қаласы, 49 сағат 08 минут 31 секунд

Түркістан облысы, 52 сағат 43 минут 02 секунд

Алматы облысы, 54 сағат  04 минут 32 секунд

Қарағанды облысы, 55 сағат 53 минут 47 секунд

Ұлытау облысы, 71 сағат 21 минут 13 секунд

Серіктес жаңалықтары