«TALQYLAU»: Президент Жолдауында айтылған мәселелер талқыланды

Қатысушылар Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»  Жолдауында қоғамдағы барлық өзекті мәселені қозғағанын атап өтті.

«TALQYLAU»: Президент Жолдауында айтылған мәселелер талқыланды
504

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Сарапшылар «Елдің жаңа экономикалық бағдары: әділдік, инклюзивтілік және прагматизм» тақырыбын талқылады.

Сөз басында, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»  Жолдауында қоғамдағы барлық өзекті мәселені қозғағанын атап өтті.

«Осыдан тура үш жыл бұрын еліміздегі маңызды мәселенің бірі ең төменгі жалақы мөлшері еді. Пандемия кезінде 42 500 теңге мөлшерінде ең төменгі жалақы алған азаматтар аталған қаражаттың аздығын айтып, әділ наразылық білдірді. Осы орайда, Мемлекет басшысы аталған жалақы мөлшерін екі есе ұлғайтуды ұсынды. Сонымен қатар, маңызды мәселенің бірі –  атом электр стансасын салу. Аталған мәселе референдумда шешіледі. Яғни, қоғам талқысына салынады», – деді ол.

Өз кезегінде, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленетінін мәлімдеді.

«Бірнеше жылда ШОБ-тың ЖІӨ-ге қосқан үлесі 36,5%-ға, яғни үштен бір есе өсті. Өнім өндірісі артып, жұмыспен қамту деңгейі күрт жоғарылады. Алайда орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту ісінде белгілі бір мәселе бар. Бұл – жоғары жалақы төленетін экономиканың ең жоғары өнімді сегменті. Экспортқа бағдарланған экономиканың ең қиын бөлігі де осы болып отыр. Кеше Президент отандық бизнес өкілдерімен жүздесіп, орта бизнесті жедел дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыру міндетін тағы да атап өтті», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Татьяна Савельеваның айтуынша, Президент өз Жолдауында мемлекет қаржысын тиімді басқаруды қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойды.

«Кез-келген экономика спираль түрінде дамиды. Алайда, кедергі пайда болған жағдайда тұйық шеңбер бойымен қозғала бастайды. Бұл туралы Президент елдің өнеркәсіптік негізін әртараптандыру және құру мәселелеріне орала отырып айтты. Осы міндет толық орындалмады. Сарапшылар қауымдастығы Үкіметке қателіктерден аулақ болу және алға қойған мақсаттарға жету бойынша өз ұсынысын жолдай алады. Әртараптандыру макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және мұнай мен азық-түлік бағасының ауытқуы, айырбас бағамының құбылмалылығы сияқты факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Бүгінде еліміздегі өткір мәселенің бірі – сумен қамтамасыз ету. «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің пікірінше, су тапшылығы Қазақстанның батыс өңірлері үшін өте өзекті мәселе болып отыр.

«Жайық өзені мен Каспий теңізін сумен жабдықтау жүйелері бірнеше рет зерттелді. Жыл өткен сайын аталған теңіз бен өзен тартылып, ондағы су қоры азайып барады. Ресей тарапынан бір ұсыныс айтылды. Жайық өзені кеме қатынасына мүмкіндік береді. Аталған мемлекет өткел ашуға дайын. Бұл екі ел экономикасына серпін беріп, су мәселесін шешуі мүмкін. Жайық өзені арқылы Каспийге құйылатын су ағынын қалпына келтіруге болады», – деді ол.

Диалог алаңындағы отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер институтының директоры Айгүл Көшербаева да сөз сөйледі.

«Экономикалық күрделілік индексі бойынша, еліміз 84-орында тұр. Біздің экспортымыз негізінен мұнай және өзге де шикізатпен байланысты. Өткен 10 жылда Қазақстан өндіріске жаңадан тек 23 өнім енгізді. Осы мәселеге ерекше назар аудару керек», – деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай диалог алаңының модераторы болды.

Айта кетейік, бұған дейін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Жолдауды жүзеге асыру мақсатында партиялықтарды барлық өңірдегі қоғамның ең белсенді бөлігін жұмылдыруға шақырған еді. Ол «AMANAT» партиясы Президент Жолдауын жүзеге асырудың алдыңғы шебінде болуы тиіс екенін атап өтті. Атап айтқанда, саяси құжаттың негізгі ережелері орталық және облыстық деңгейлердегі «TALQYLAU» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланып жатыр.

Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы былтыр 1 наурызда «AMANAT»-тың кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасындағы тармақтардың бірі ретінде айтылды. Азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері аталған алаңда тұрақты негізде бас қосады.

Серіктес жаңалықтары