Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар қанша жәрдемақы алды?
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі
Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 544,9 мың отбасы жалпы сомасы 273 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, оның ішінде тамыз айында 543,4 мың отбасына 34 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. Көпбалалы отбасыларындағы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
13 800 теңге мөлшерінде.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артқан.