«Үш жыл – Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға жеткілікті уақыт» – депутат

Биылғы Жолдаудың бағыты бұрынғы құжаттардан мүлде бөлек.

«Үш жыл – Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға жеткілікті уақыт» – депутат
589

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы өзекті мәселелер мен негізгі бастамалар жайлы пікір білдірді.

Халық қалаулысының айтуынша, дамудың жаңа сатысын нұсқаған биылғы тарихи Жолдаудың бағыты бұрынғы құжаттардан мүлде бөлек.

«Жолдауда жүйе-жүйесімен, сала-саласымен халық күткен мәселелерге қатысты ұтымды шешімдер айтылды. Президенттің көтерген бастамаларына кезең-кезең бойынша тоқталып өтсем. Жуырда ғана өңірлерден оралдық. Ең көп естіген, кездескен басты проблема – 3 ауысымдық мектеп санының көптігі. Әсіресе Алматы іргесіндегі Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары халқының сауалы осыған қатысты болды. Бұл  білім ордасының тапшылығынан туындап отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жолдауда осы ұлттық жоба аясында барлық шалғай ауыл мен ауданда, өңірде 400-ге жуық мектеп пен 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатқаны айтылды.  Өз кезегінде «Жайлы мектеп» жобасын мұқият бақылауға алуымыз керек. Оның негізгі операторы – «Самұрық-Қазына» АҚ. Яғни қаражаттың барлығы аталған компания арқылы бөлінеді. Тиісті органдар, жергілікті мәслихат депутаттар, заң шығарушы орган Мәжіліс те осы істі мұқият қадағалау керек.  Мәселен, құрылыс саласында жемқорлықтың беті ашылып жатқанын байқадық. Мердігерлердің жауапкершіліктен қашуы, істі аяғына дейін жеткізбеуі және кейбіреуі құрылыс материалдарының қымбаттауын айтып, қосымша қаржылай корректировка сұрауы секілді мәселелер айтылды. Нақты уақытымен, мерзімімен  жұмыс жүргізілсе, қаржы жеткілікті деңгейде болады. Ең бастысы, жемқорлыққа жол бермеу керек. Сол кезде үш-ақ жылда мектеп мәселесін жолға қоямыз», – деді Ж. Әшімжанов.

Сонымен қатар, ол Президент Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе – ауыл-аймақтарды дамыту, шағын шаруашылықтарды қолдау көрсетуге тоқталып өтті.

«Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан «Ауыл аманаты» жобасы құрылды. Оған көп қаржы қарастырылды. Бірақ бағдарлама толыққанды жүзеге асырылып жатыр деуге келмейді. Ең бірінші, әкімшіліктер партияның жергілікті филиалдарымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Ауыл, аудандардағы тұрғындардың да белсенділігі қажет. Әсіресе, бұл әлеуметтік жоба-жоспарлары бар, кәсіп бастағысы келетін, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар үшін – үлкен мүмкіндік. Сондықтан Президент өз Жолдауында жобаның ары қарай дамыту керегін баса айтты.

Сондай-ақ Президент Жолдауында бірінші рет аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұған дейін ол жүзеге асырылуы керек жоба қатарында айтылған.

Қазір аудан әкімінің иелігінде тиісті игеретін қаражат жоқ болғандықтан, әлеуметтік мәселені шешуге құзыреті шамалы. Сондықтан Президенттің үшінші, төртінші деңгейлі бюджеттерді реттеу бағытындағы тапсырмасы – Үкіметтің алдына қойылған басты тапсырма.

Бұл – Мемлекет басшысы қолға алған саяси реформаларында көрсетілген негізгі басым бағыттардың бірі», – деді ол.

Депутат қоғамдағы басты проблема банк жүйесі арқылы берілетін баспана екенін атап өтті. Жолдауда Мемлекет басшысы «Отбасы банктің» жұмысын қайта қарастыруды тапсырған еді.

 «Отбасы банк» бағдарламасы тек Алматы, Астана, Шымкент орталықтарын қамтитыны мәлім. Енді белгіленген тапсырмаға сәйкес, еліміздегі әртүрлі деңгейдегі моноқалаларға, аудандарға дейін қамтылуы міндеттеледі. Қаржылық институттарды дұрыс жүйелеу – 1990 жылдан кейін күйреп қалған моноқалалардың тұрғындары үшін қолдау болар еді», - деді ол. 

Жанарбек Әшімжанов су тапшылығының алдын алу үшін арнайы министрлік құрылғаны дұрыс шешім болды дейді.

«30 жыл бойғы жүйе су саясатындағы дағдарысқа алып келді. Біздегі трансшекаралық өзендердің басым көпшілгі Қытай, Ресей, Өзбекстаннан келеді. Күні кешегі Жамбыл облысындағы қуаңшылықтың өзі Қырғыз елінен келетін судың мәселесін ашып берді. Кеңес Одағы кезінде ағып тұрған каналдардың да барлығы күйреді. Жалпы ирригациялық жүйені қалпына келтіру бойынша, елдің талап-тілегі көп болатын.  Бұл бағытта белгілі бір министрліктің қарамағындағы комитет қана айналысып келді. Осы жолы Су ресурстары және ирригиция министрлігін құру аталмыш мәселенің түбегейлі шешімін табу деп бағалаймын. Айта кету керек, соңғы трансшекаралық өзендерге қатысты келіссөздердің көбісінде біздің тарап ұтылып келді. Оған себеп – су саласындағы кәсіби мамандардың жоқтығы. Келіссөз жүргізетін кезде сушылардың тапшылығы айқын байқалады. Сондықтан ЖОО-ларда кәсіби біліктілік тұрғысынан сушы мамандарды дайындауды қамтамасыз етуіміз керек. Болашақта су мұнайдан да, алтыннан да, ураннан да қымбат кезеңге келеміз. Ташылықтың алдын алу мақсатында арнайы жаңа ведомство құрылғаны дұрыс шешім болды», – дейді халық қалаулысы.

Сондай-ақ ол Президенттің «AMANAT» партиясы жанынан құрылып, аз уақыт ішінде тиімділігі жоғары екенін көрсеткен жобаларды ерекше атап өткенін айтты.

«Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Қоғамда адам айтса нанғысыз жағдайлар болып жатыр. Осыған қатысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері тиісті заңнамаларды қатайтып, жазаларды күшейтуге жұмыс істейді. Өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз. Ал ұрпаққа жасалып жатқан қиянатты көрсек азап емес, қаза болады. Одан бөлек, ауыл-аймақтағы кейбір азаматтар қаржылық сауаттылықтың кемтігінен негізсіз несиеге ұрынып жүр. Бір несиенің кесірінен қаншама отбасы ойран болып, өзі-өзіне қол салып жатқандары бар. Бір басына бірнеше несие алып, шарадай басы шақшадай болып жүргендер көп. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы қаржылық алаяқтықты азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсартуға негізделген «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Аз уақытта өз тиімділігін көрсеткен аталған жобаны Президент ерекше атап өтті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Депутат Жолдаудағы проблемаларды жүзеге асырылуын бақылау, қадағалау мемлекеттік министрлік пен Үкіметтің ғана емес, қоғам мен жергілікті биліктің жауапкершілігіне де кіретінін баса айтты.

«Мәжіліс депутаттары қажетті заңнамалық қолдаудың барлығын жасап жатыр. Тиісті заңнамаларды қайтарып, оған толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, жеделдетіп, өзінің күшіне ену бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бірақ бұл барлық қоғам өкілдерінің жауапкершілігі екенін естен шығармауымыз тиіс.

Енді жүзеге асуы керек міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Бұған дейін қабылдаған ұзақмерзімді жобалар жеміссіз болды. Ал қысқамерзімді бағдарламалар тиісті қаржыны игеруге, оның жемісін көруге, халықтың әлеуметтік жағдайын шешуге жеткілікті уақыт деп санаймын», – деп түйіндеді Жанарбек Әшімжанов. 

 

 

Серіктес жаңалықтары