Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты

Қайрат Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты
фото: Zakon.kz
3596

Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады, деп хабарлады turkystan.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевпен және басқа сотталушылармен "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп және оларды заңдастыруға қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады.

Жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы сотталушылардың кінәні толық мойындап, 14,5 миллиард теңгенің залалын өтегенін ескеріп, процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.

Шешім бойынша, Қайрат Боранбаев пен Р. Нахановтың мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айырып, ал Т. Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуі де мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасына келісті.

Процестік келісім қарау және оны бекіту туралы шешімді қабылдау үшін сотқа жолданды.

Еске салайық, биыл 22 тамызда апелляциялық сатыдағы сотта істі қарау барысында сотталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат берген болатын.

Еске салсақ, 14 қыркүйекте Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен 90 миллиард теңгенің мүлкін қайтарғанын хабарлады.

Тергеу шеңберінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес-орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді қоса алғанда, құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару жөнінде шаралар қабылданды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударған еді.

Серіктес жаңалықтары