Көп тіл білу − көп мүмкіндік
Қазір ана тілінен басқа орыс, түрік, ағылшын тілін қатар игерген жастар көп. Тек сол қабілеттерін қазақ руханиятын байытуға жұмсаса, керемет болар еді...
Қажеттілік болса, әр адам ана тілінен басқа тілдерді де еркін меңгеріп кете береді. Мәселен, елімізде ең кемі үш тіл білетіндердің саны көп деуге болады. Нақты мысал келтірер болсам, біздегі ұйғыр, түрік диаспорасының өкілдерінің көбі өз ана тілін және қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Ал полиглот атану үшін ең кемінде өз ана тіліңнен басқа 5-6 тілді еркін меңгеру керек шығар.
Өзге елдерде кездесетін полиглоттар қазақта да аз емес. Көп тіл білетіндер бізде бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Мысал келтірсек, атақты композитор, Құрманғазы оркестрін құрған дирижер Ахмет Жұбановтың ағасы, сталиндік репрессияға ілініп 39 жасында қыршынынан қиылған қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбанов о баста мұсылманша білім алып, араб тілін меңгерген. Содан кейін тіл ғылымының жолына түсіп, орыс, парсы, моңғол, шуваш, грузин, коми, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін үйренген. Яғни, ана тілінен басқа 13 тілді білген ғой! Не деген зерде десейші! Тек өкініштісі, осындай полиглот ғалым қанқұйлы кеңестік саясаттың кесірінен құлашын жая алмай кетті, әйтпесе қазақ тіл білімі саласында қандай керемет еңбектер қалдырар еді.
Кейде көп тіл білуге отбасының, сонымен бірге білім алған ортаңның да әсері болады. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты да полиглоттар қатарына жатқызуға болады. Әкесі белгілі жазушы Кемел Тоқаев (1923-1986), анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен. Өзі Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген Мемлекет басшысы ана тілінен басқа орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерін жетік меңгерген. Оның қабілеті түрлі елдердің басшыларын қабылдағанда және әлемдік БАҚ-тарға сұхбат берген кездерде анық байқалып жүр. Аудармашысыз өзіндей ел басшыларымен бір ауыз сөйлесе алмайтын түрлі ел президенттерінің қасында Қасым-Жомарт Тоқаев полиглоттық қасиетімен биік көрінеді.
Бүгінде қазақ жастары арасында полиглоттық қабілеті барлары көп. Соның бірі Бағдат Қадыров. Ол ешқандай жоғары оқу орнында оқымай-ақ, 19 жасына дейін ана тілін қоспағанда, өз бетінше орыс, ағылшын, араб, қытай, өзбек, француз, испан, түрік тілдерін меңгерген. Ең алғаш араб тілін имамнан үйренген көрінеді. 12 жасынан бастап шет тілдерін өз бетінше үйренуді бастаған. Бағдаттың көп тілді үйренудегі мақсаты – болашақта дипломат болғысы келетіндіктен екен. Болашақта ол тағы да бірнеше тіл үйренгісі келеді. Қазір өзгелерге тіл үйретіп жүр.
Көп тіл білудің артықшылығы, көп елдерге барып жұмыс істеуге мол мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінде Ресей, Оңтүстік Корея, Полша, Ұлыбритания мемлекеттерінде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар көп. Бұл тұрғыда оларға орыс, корей, поляк, ағылшын тілдерін меңгерген тиімді.
Бүгінде тілді адамдар негізінен күнкөріс үшін үйренетіні жасырын нәрсе емес. Бұл талап тіпті, кейбір елдердің тіл саясатына да әсер етіп жатқан жағдайы да бар. Мысал үшін айтсақ, кейінгі онжылдықта өзбек еліндегі мектептерде орыс сыныптары көбейіп кеткен. Неге? Себебі, өзбекстандықтардың көбі Ресей мен Қазақстанда жұмыс істейтін болғандықтан, балаларының орыс тілін жетік меңгергенін қалайды екен. Демек, кейде бірнеше тіл білуге ұмтылушылықтың астарында экономикалық мақсат жатады.
Көп тіл білуге қызығудың бір себебі өзге тілдерден аударма жасау, көркем шығармаларды түпнұсқада оқуға деген ынтадан туындайды. Бұл бағыттағы полиглоттар қаламгерлердің арасынан көп шығады. Ендеше әлемде көп тіл білген ақын-жазушылар жайында айтып көрейік.
Венгр жазушысы һәм аудармашы Иштван Даби (1943 жылы туған) өте көп тіл білетін қазір көзі тірі полиглоттардың бірі. Ол адамдармен орыс, чех, словак, болгар, неміс, ағылшын, француз, литван тілдерінде еркін сөйлеседі. Сонымен бірге украин, белорус, серб, хорват, македон, луж, латыш, итальян, испан, нидерланд, дат, швед, норвег секілді 14 тілде де адамдармен әңгімелесе алады.
Иштван Дави 20 тілден ешбір сөздік пайдаланбай еркін аударса, 33 тілден аударғанда сөздік пайдаланған. Бірнеше сөздік қолданып 24 тілден аударма жасаса, сөздіктерді айтарлықтай қолдану арқылы тағы 26 тілден мәтін тәржімелеген. Жалпы, ол ана тілінен басқа 103 тілден аударма жасаған.
Иштван Дабидің дәрежесіне жете қоймаса да, көп тілді игерген өзге де қалам иелері бар. Орыс ақыны, аудармашы Осип Борисович Румер (1883-1954) 26 тілді жақсы игерген. Орыс тіліне армян, үнді ақындарының, Навои, Низами, Омар Хайям секілді шығыс алыптарының туындыларын, француз, ағылшын ақындарының шығармаларын аударған.
Украин ақыны, тәржімеші, теоретик әдебиетші Григорий Кочур (1908-1994) украин тіліне 28 тілден тікелей аударма жасаған. Ал тағы бір украиндық аудармашы, әдебиеттанушы, сөздік құрастырушы Николай Лукаш (1919-1988) болса, жиырмадан аса тіл білген, оның ішінде он тілден украин тіліне көркем аударма жасаған.
Аустрия және кеңес ақыны, неміс тілінің аудармашысы Борис Львович Брайнин (1905-1996) 15 тілде еркін әңгімелесе алған, 26 тілден кітап аударған.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой (1828-1910) 15-тей тілді, оның ішінде ағылшын, француз, неміс, поляк, чех және италян тілдерін жақсы білген. Сонымен бірге Толстой латын, татар, украин, голланд, түрік, көне еврей, болгар тілдерін де тәуір меңгерген. Содан болар, кейбір шығармаларында француз, т.б. тілдерде мәтіндер кездеседі.
Орыстың атақты ақыны Иван Крылов (1769-1844) тамаша мысалшы ғана емес, көптеген тілді еркін игерген полиглот болған. Ол француз, италян, неміс тілдерін жақсы білген, кейін ағылшын тілін де игеріп алған.
ХХ ғасырдың вундеркинді атанған Уильям Джеймс Сайдис (1898-1944) сегіз жасында сегіз тіл білсе, отыз жасында отыз тілді меңгерген! Адам айтқысыз ғажап қабілетін танытқан оны кейбір библиографтар, өмірбаяншылар жер бетіндегі ең дарынды адам деп бағалайды. Мысалы, ол төрт жасында Гомердің шығармаларын түпнұсқасынан оқыған. Есейгенде ол қырық тілді жақсы меңгерген көрінеді, ал кейбіреу ол туралы 200-дей тілді біледі деп жазған.
Француз шығыстанушысы, мысыртанудың негізін қалаушы Жан-Француа Шамполён (1790-1832) жиырма жасында-ақ 13 тілді еркін игерген. Оның тіл білу қабілетінің мықтылығы сонша, 1799 жылы Египеттің Розетт қаласынан табылған тас жазуды ол ең алғаш (1822 жылы) оқыған, тастағы жазу көне грек тілінде жазылған екен. Оның осы жаңалығынан соң Египет иероглифтерін оқу мүмкіндігі ашылды.
ХIХ ғасырда өмір сүрген, шешен халқынан шыққан құқықтанушы, дінтанушы және архитектор Юсуф-Хаджи Сафаров (Сафароглы) (туған, өлген жылдары белгісіз) 12 тілде еркін сөйлесе алған көрінеді.
Белгілі орыс филолог-шығыстанушысы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Юлиан Константинович Шутский (1897-1938) қытай, жапон, корей, вьетнам, маньчжур, бирма, тай, бенгаль, үнді, санскрит, араб, көне еврей, неміс, француз, ағылшын, поляк, голланд, латын секілді түрлі топтарға жататын, бір-бірінен алшақ 18 тілді еркін меңгерген. Ол Ресейде қытай тілінің гуанчжоу (кантон) диалектін және вьетнам тілдерін оқытқан. Ол қайтыс болған соң КСРО-да вьетнам тілін үйрену көп жылдар бойы тоқырауға ұшырады.
Белгілі орыс тілтанушы ғалымы, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Сергей Анатолевич Старостин (1953-2005) 40 тілді өте жақсы меңгерген екен. Соның арқасында ол көптеген көне тілді зерттеп, артына бағалы ғылыми еңбектер қалдырды.
Ресейлік атақты әдебиет сыншысы, революционер-демократ, утопиялық социализмнің теоретигі, философ-материалист, публицист, жазушы Николай Чернышевский (1828-1889) де тіл мәселесінде қабілетті адам болған. Ол он алты жасында-ақ, 9 тілді − латын, көне юнон, парсы, араб, татар, еврей, француз, неміс, ағылшын тілдерін толық үйреніп алған.
Көп тіл білу дипломаттар арасында да жиі байқалатын құбылыс. Мәселен, орыстың белгілі драматургы, ақын, шығыстанушы, дипломат Александр Сергеевич Грибоедов (1795-1829) тоғыз тілді жақсы меңгерген. Жас кезінде неміс, француз, итальян тілдерін үйренген ол, кейін юнон, латын, парсы, араб, түрік тілдерін де сөйлеуді еркін игерген.
Публицист және дипломат Александра Коллонтай (1872-1952) ағылшын, неміс, француз, швед, норвег, фин, т.б. бірнеше тілді жақсы меңгерген көрінеді. Оның көп тіл білгені есепке алынып, КСРО-ның Швециядағы, Мексикадағы, Норвегиядағы елшілігінде жауапты қызметтер атқарған.
Полиглоттар бүгінгі дәуірде де көп. Әрине, олардың деңгейі мен мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін. Біреулері көп тілді білу арқылы түрлі әдебиеттерді түпнұсқада оқып, ғылыми зерттеу жасаса, тағы біреулер туризмге қызыққандығы себепті көп тілдерді үйреніп, көп елдерге саяхат жасағысы келеді. Олардың арасында бірнеше тілді білетіндері де, оннан аса тілді меңгергендері де табылады.
Бұ заманның танымал полиглоттары туралы айтар болсақ, жасы қырықтан асқан бельгиялық архитектор Иоганн Вандевалле 31 тілді біледі, ал италиялық тілтанушы Алберто Талнавани болса, барлық Еуропа мемлекеттерінің тілінде еш қиындықсыз әңгімелесе береді екен.
Көп тіл білу тамаша нәрсе ғой, әсіресе бұл қаламгерлер үшін өте қажет. Үлкен ақындардың біразы тілдерді меңгерген. Мәселен, Мұқағали Мақатаев орыс, неміс тілдерін жақсы білген көрінеді, Төлеген Айбергенов түркі тілдерінің көбін жақсы білген. Есенғали Раушанов орыс, түрік, ағылшын тілін жақсы меңгерген еді дейді білетіндер.
Қазір ана тілінен басқа орыс, түрік, ағылшын тілін қатар игерген жастар көп. Тек сол қабілеттерін қазақ руханиятын байытуға жұмсаса, керемет болар еді.
Көп тіл білу мәселесінде тағы бір айта кететін нәрсе, ақпараттық технологияның, оның ішінде кейінгі кезде дамуы тез жүріп жатқан ЖИ-дің (жасанды интеллект) қарқыны күшейген заманда көптеген мамандық жойылуы мүмкін деген болжам бар. Соның ішінде, мектептерде шет тілін оқыту, ЖОО-ларда аудармашылар даярлау секілді істер тоқтайды дейді. Олардың қызметін ЖИ атқаратын болса, көп тіл білудің қажеттігі бола қояр ма екен? Мәселен, қазірдің өзінде халық гугл-аудармашыны жиі қолданады. Бірақ бір нәрсе анық, интернет аудармашылар әбден жетілемін дегенше көп уақыт керек және машинаның аудармасы сөздің мағыналарын, қолданысын, түрленуін жан-жақты білетін адам миының деңгейіне жете қоюы қиын-ау...
Ахмет ӨМІРЗАҚ