3 жыл ішінде 49 мың отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді – Динара Зәкиева
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен «AMANAT» депутаттық фракциясының отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын таныстырды.
«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.
Парламенттік көпшілік – AMANAT фракциясының депутаттары заң жобасын қолдап, ұсыныстарын енгізіп, оны жұмысқа алды. Елдегі зорлық-зомбылық, суицид ахуалы жүйелі, кешенді және шешуші шараларды қажет етеді.
Осыған байланысты партия төрағасы, Мәжіліс Спикері Ерлан Жақанұлына балаларды қорғау мәселелеріне қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді.
Заң жобасын дайындаудағы бірлескен жұмыс үшін фракция төрағасы Елнұр Бейсенбаев, комитет төрағалары Асхат Аймағамбетов пен Снежанна Имашеваға алғыс айтамын.
Партияның Президенттің бірыңғай мемлекеттік сенім телефонын құру туралы бастамасын қолдап, «111» байланыс орталығын Үкіметке беру туралы шешім қабылдағанын ерекше атап өткім келеді», – деді Д.Зәкиева.
Сондай-ақ ол қазір бұл бойынша ЦДИАӨМ-мен тығыз жұмыс істеп жатқанын, желі отбасылар, әйелдер мен балаларға арналған бірыңғай мемлекеттік желі ретінде жұмысын жаңа форматта, кеңейтілген құрамда күздің соңына қарай бастайтынын айтып жеткізді.
«3 жыл ішінде қызмет 49 мың отбасына әлеуметтік мәселелер, зорлық-зомбылық мәселелері және т.б. бойынша кешенді көмек көрсетті.
Партия мен фракция депутаттары балалардың проблемаларына әрқашан ерекше назар аударып келеді. Осылайша, партия жанында бірнеше жылдан бері Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істеп келеді, оның аясында «111» байланыс орталығы ашылды; 77 интернат жөнделді және т. б.
Ұсынылған шаралар қазір түрлі алаңдарда талқылануда, әртүрлі конструктивті ұсыныстар келіп түсуде. Сондай-ақ, Заң жобасы Үкіметтің қорытындысына жіберіліп, содан кейін Мәжілістің жұмыс топтарында талқыланатын болады. Қыркүйектің соңында ҮЕҰ-мен кездесіп, Заң жобасын талқылау жоспарлануда», – деді Д.Зәкиева.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы (4 Кодекске және 10 заңға 55 позиция) отбасын қолдау инфрақұрылымын, жүйесін бекіту жөніндегі шараларды; балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың барлық нысандары, балалардың терезеден құлап кетуі (құрылыс салушылардың блокиратор орнатуға жауапкершілігі және т. б.), буллинг, балалар инфрақұрылымы мен ауласының қауіпсіздігіне байланысты жазаны қатаңдатуды; сондай-ақ балалар мекемелерін лицензиялауды; Бірыңғай сенім телефонын құруға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық шараларды; білім беру ұйымдарында балаларды психологиялық қолдайтын орталықтар ашуды және т. б. көздейді.