Аманаттықтар Астанадағы жол құрылысы жұмыстарын бақылауға алды

Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 13 мектептің құрылысын аяқтау көзделген.

Аманаттықтар Астанадағы жол құрылысы жұмыстарын бақылауға алды
583

Бүгін «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Астана қаласында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, белсенді қала тұрғындарымен кездесті.

Партия Хатшысы «Алматы» ауданының «Мереке» және «Ұлан» көшесі қиылысының жол құрылысымен танысты. Сондай-ақ, тұрғындармен жүздесу үшін «Интернациональный» тұрғын алабына арнайы барды. Кездесуде мердігерлер жоғарыда аталған тұрғын алабында көгілдір отын құбыры жүргізілгенін, ал кәріз құдығының жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Құрылыс нысанының 6-бөлімінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынған. Қазір құрылысшылар электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерін орнатуда.

Бұл ретте, Ержан Жылқыбаев жөндеу жұмысын жолдың құрылыс нормаларына, бекітілген жобаға сәйкес жүргізілуін және техникалық сақтық шараларын толыққанды орындауды партия қадағалайтынын баса айтты.

Сондай-ақ, партия Хатшысы Жол картасында көрсетілген «Ертіс» көшесіндегі жол құрылысының сапасын тексерді.  Өз кезегінде құзырлы мекеме өкілдері бұл бағыттағы жұмыстың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Аталған көшеде ауыз су құрылысы жүргізіліп, кәріз құбыры да толықтай қамтылған.   

Ержан Жылқыбаев «Ертіс» көшесінің құрылысына байланысты жауапты медігерлерге бірқатар ескерту жасап, сапасын бақылауды партия өкілдеріне тапсырды. Жауапты басшыларға жол құрылысын сапалы әрі уақытылы орындап, ел игілігіне дер кезінде беруді баса айтты.

«Ертіс» көшесінің құрылысы азаматтардың өтінішінен кейін «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Енді оның сапалы болуын партия мүшелері қадағалайды. Қажетті қаржы толық бөлінген. Сондықтан биыл барлығы дайын болуы керек.  «АМАNАТ»  Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасына енген Астана қаласындағы барлық нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын жіті бақылауға алдық», - деді партия Хатшысы.

Бұдан соң ол елорданың тазалығына жауапты «Астана Тазалық» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Биыл партияның республикалық сайлауалды штабының жоспарлы кездесуінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов алдында көтерілген сұрақтардың орындалуымен танысты. Сонымен қатар, мекеменің қысқа дайындығын тексеріп, жетістігі мен жоспарлы жұмысының есебін қарап шықты.

«Біздің коммуналдық қызметтер күндіз-түні кез келген ауа райында жұмысын тоқтатпайды. Олардың қажырлы және жауапты жұмысының арқасында қалада тәртіп пен тазалық сақталады. Коммуналдық қызметкерлер қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейді»,- дейді «Астана Тазалық» мекемесінің өкілі Владимир Псяко.

«AMANAT» партиясының бақылау бекеттері Жол картасының сапалы орындалуы үшін құрылды. Партиялық бекеттер әсіресе, мектеп, емхана сияқты әлеуметтік мекемелердің құрылысын жіті бақылауға алды. Жалпы, осы жылы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 13 мектептің құрылысын аяқтау көзделген.  

Осы орайда, партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев елордадағы №17 жалпы орта мектептің құрылысымен танысты. Ол жөндеу жұмыстарының тиімді жүргізілуін және балалардың қауіпсіздігі үшін құрылыстың сапалы болуын «AMANAT» партиясы бақылауға алатындығын атап өтті.

 

 

Серіктес жаңалықтары