Атырау облысында білім беру ұйымдарының 86 қызметкері жалған дипломмен жұмыс істеген

Мониторинг нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдарының 86 қызметкері жалған дипломмен жұмыс істегені белгілі болды.

Атырау облысында білім беру ұйымдарының 86 қызметкері жалған дипломмен жұмыс істеген
955

Атырау қаласында «AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бергені үшін бірқатар аудан әкімі сөгіс алды.

Республикалық кеңеске партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Атырау  облысының әкімі Серік Шәпкенов, «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, партияның облыстық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Сайын Қуанышев, қала аудандарының әкімдері мен аппарат басшылары, «AMANAT» партиясының аймақтық филиалдарының атқарушы хатшылары мен орынбасарлары және құқық қорғау органдарының басшылары партиялық бақылау инспекторлары және филиалдардың жанынан құрылған кеңестердің төрағалары қатысты.

Республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров кеңестің Атырау қаласында өткізілуіндегі мақсатты айта келе, өңірдегі мәселелерге тоқталды.

«Кеңестің бүгінгі жиынын Атырауда өткізуіміздің мәні бар. «Мұнайлы Астана» деп танылған Атырау экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Жылдар бойы экологиялық зардап шегіп келе жатқаны ащы шындық. Оның ішінде тек зауыттың қалдықтары мен түтіні ғана емес, Жайық өзенінің тартылуы, ағын сулардың булануы да бар. Қалада және жалпы өңір бойынша инфрақұрылым мен ауыз су тапшылығы мәселесі де орын алып отыр. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын да айта кету керек. Осы жылдың 1-ші жарты жылдығындағы статистика бойынша өңірлік тұрғыда ерлер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Қызылорда облысында болса (5%), одан кейінгі орында Атырау облысы (4,9%). Ал осындай күрмеуі қиын мәселелерге қоса, мұнайлы өлкеде коррупция көріністері де белең алуда»,- деді Кеңес төрағасы.

Жиында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов облыстағы сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  бойынша  жұмыстың жағдайы  және партияның «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндама жасады.

«AMANAT» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің мүшесі Абзал Құспанның мәліметінше, өңірде 2021 жылдан бері 152 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс тіркелген,  оның ішінде 65%, яғни 100 қылмыс ауыр санатқа жатады.

«Облыс орталығында 2021 жылдан бері 152 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 65%-ы, яғни 100 қылмыс ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатады. Ең көп қылмыс облыс орталығы мен Құрманғазы, Жылыой және Махамбет аудандарында жасалған. Қылмыстың негізгі бөлігін парақорлық, талан-таражға салу, лауазымды өкілеттілігін асыра пайдалану сияқты қылмыстар құрайды. Жергілікті атқарушы органдарда қызмет бабын асыра пайдалану, жұмыс істемейтін адамдарға негізсіз жалақы беру арқылы мемлекет қаражатын жымқыру және т.б қылмыстар жиі орын алады», деді депутат.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты, экологиялық сарапшы Арман Хайруллин Атырау өңірінің экологиялық ахуалын айта келе,  мәселеге қатысты ұсынысын ортаға салды.

«Бірінші мәселе, 2021 жылдың желтоқсанында су дайындау нысаны және азаматтық қорғау нысаны іске қосу және реттеу жұмыстарын жүргізусіз және пайдалануға беру актісінсіз қабылданды. Екінші мәлімет,  су дайындау қондырғылары орналасқан оқу ғимараттарының барлық құбыры тесік, олардан лас су, химиялық заттар төгілуде. Пайдалануға беру актісі жоқ деген ақпарат тағы бар. Кәріз суларын тазарту қондырғысы барлық желі арқылы химиялық ластанған құрамында мұнайы бар және тағы да басқа жер астындағы құбырларға ағып кетуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, жер асты суларын ластау қауіп бар. Сондықтан тексеріс жүргізіп, анық-қанығын анықтауды сұраймын», деді сарапшы.

Осы орайда Кеңес төрағасы Ерлан Саиров Арман Хайруллин келтірген деректер бойынша барлық нысанды аралап, жағдайды көзбен көргенін айтты. Ол аталған фактілерге қатысты Бас прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арнайы хат жолданатынын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев өңірдегі жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-шаралардың нәтижелерімен бөлісті.

«Осы жылдың 8 айында өңірде 30 мыңнан астам адамды қамтитын 581 іс-шара өткіздік. Департамент пен мониторинг жүргізіліп, 169 ұсыным  беріліп, бүгінде соның 26-сы орындалды. Мысалы, мониторинг нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдарының 86 қызметкері жалған дипломдарды пайдалану арқылы жұмыс істеу фактілері анықталды. Аталған факті бойынша материалдар шешім қабылдау үшін ішкі естер органдарына жолданып, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 385-інші бабымен қылмыстық іс тергелуде»,  деді ол.

Жиында Мәжіліс депутаттары, Кеңес мүшелері өңірдегі қордаланған мәселелер бойынша тікелей облыс әкіміне сұрақтар қойды. Сондай-ақ, Кеңес  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайларын жою және анықталған түйінді мәселелерді шешу мақсатында жергілікті әкімдікке, Атырау облысындағы құқық қорғау органдарына және партия филиалына бірқатар ұсыным берді.  

Республикалық кеңестің соңында Ерлан Саиров сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бергені үшін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жүргізуге, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол карталарын орындауға формальды көзқарас танытқаны үшін бірқатар лауазымды тұлғаның партиялық жауапкершілігін қарауды ұсынды. Атап айтқанда, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нсанбаевқа, Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовке, Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовқа,  Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевқа сөгіс түріндегі партиялық жаза тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары