Қосшыда жоғалып кеткен 5 жастағы қызға әкесінің досы қайыр сұратқызған
Анасының айтуынша, бүлдіршін бір сағат бұрын жоғалып кеткен
Ақмола облысының тұрғыны қызын танысының үйінде ұмытып кеткен. Бес жастағы бүлдіршін әкесінің досымен бірге Астанада қайыр сұраған, деп хабарлады turkystan.kz.
5 жастағы қыздың жоғалғаны туралы арыз 19 қыркүйек сағат 16:55-те Қосшы қаласының полиция бөліміне түсті. Анасының айтуынша, бүлдіршін бір сағат бұрын жоғалып кеткен.
Дереу дабыл бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы көтерілді, баланың жоғалып кетуі туралы ақпарат жергілікті чаттар арқылы таратылып, іздеуге еріктілер мен қала тұрғындары қосылды.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, полицейлер іздеу іс-шараларын тек Қосшы аумағында ғана емес, Астанада да жүргізген.
«Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің анықтауы бойынша, оқиға болған күні әкесі қызымен бірге досына барған. Бірге ішімдік ішкеннен кейін үйге жалғыз оралған. Ал қызын досының үйінде ұмытып кеткен. Досы болса, мас күйінде қызды алып, Астана қаласына барып, қайыр сұраумен айналысқан», - делінген хабарламада.
Іздеу іс-шаралары кезінде полиция қызметкерлері бейнекамерадан ер адамның жоғалған қызбен бірге жүру маршрутын бақылаған. Олар автобуспен Астанаға барып, қайтып оралған.
«Бес сағаттық іздестіруден кейін қыз Қосшы қаласынан табылды. Қызға қатысты ешқандай заңсыз әрекеттер жасалған жоқ. Іс жүргізу кезінде полицейлер ер адамның белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам екенін анықтады және оның айтуынша, баланы ата-анасына қайтаруды жоспарлаған», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта немқұрайлы ата-аналарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Отбасы профилактикалық бақылауға алынды. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттамалар да жасалды. Ол бейімделу орталығына орналастырылды.