Әлем бірліктің арқасында елеулі жетістіктерге жетеді

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары­мен барды.

Әлем бірліктің арқасында елеулі жетістіктерге жетеді
akorda.kz
810

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары­мен барды.

Сапар барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі, сондай-ақ «Орталық Азия – АҚШ» сам­митіне қатысты. БҰҰ-ның «Орнықты даму мақ­саттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прог­ресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қа­тысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» ат­ты Көшбасшылар диалогының бірінші сес­сия­сында төрағалық етті.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.

– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шие­ленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қа­терлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқ­сан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді ең­серу­ге жекелеген мемлекеттің шамасы жет­пей­ді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің ар­қасында ғана елеулі жетістіктерге қол жет­кізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін ор­нықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық.

– Орнықты даму қағидаттары біздің не­­­гізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағ­дар­ламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгін­де орнықты болашаққа белсенді түрде ин­вес­тиция құйып отырмыз. Мемлекет бюд­же­тінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және ден­сау­лық сақтаудың баршаға қолжетімді бол­уын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік ко­декс­те халықтың осал топтарын қорғау ша­ра­лары күшейтілді, – деді Мемлекет басшысы.

Сессия кезінде Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі. 
Одан соң Мемлекет басшысы Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гу­терришпен кездесті. Тараптар Қазақ­стан­ның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақ­тас­ты­ғы­ның басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі за­­манның өзекті сын-қатерлерін талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне іл­­ти­пат білдіре отырып, екіжақты серіктес­тік­­тің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, орнықты даму мақ­сат­тарына қол жеткізу және адам құ­қы­ғы­ның сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша ынтымақтастықты жалғастыра бе­реді. Қазақстан – біз үшін муль­ти­ла­тера­лизмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбіт­ші­лік қорғаны ретінде басымдыққа ие се­рік­тес ел, – деді Антониу Гутерриш.

Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гу­тер­риштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жо­ғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұ­рақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету­ге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қол­дауға дайын екенін растады.
Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ ай­рық­ша рөл атқаратынын және оның еш­қан­дай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Анто­ниу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.
Жиынның маңызды жаңалығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – АҚШ» мем­лекеттер басшыларының саммитіне қа­тысуы болды. Жиында С5+1 серіктестігі ар­қылы экономика, энергетика және қауіп­сіздік салаларында Орталық Азияның еге­мен­дігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.
Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Бай­деннен кейін сөйледі. Сонымен қатар ша­раға бірқатар елдің басшылары қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серік­тес­­­тікті, саяси диалогты, сауда-экономи­ка­лық, инвестициялық және гуманитарлық са­лалардағы ынтымақтастықты одан әрі да­мыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақтау мә­се­лелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақ­тас­тық мәселесіне, сондай-ақ америкалық ком­па­ниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнер­кәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүм­кіндіктеріне баса мән берілді.
Сонымен қатар пікірталас барысында қауіп­сіздік проблемаларын, соның ішінде ки­берқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заң­сыз миграция және есірткі тасымалы се­кілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынты­мақ­тастықты нығайту перспективалары қа­растырылды.
Бұдан бөлек, Президент бірқатар мем­ле­кеттің басшыларымен, халықаралық ұйым­дар­дың және трансұлттық компаниялардың же­текшілерімен кездесу өткізіп, бірқатар ке­лісімге қол қойылды.


Арман Тоқтышақов,
саясаттанушы,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:


Мәселені диалог арқылы шешу – сыртқы саясатымыздың негізгі қағидасы болып қала бермек

– Бүгінде Президент сыртқы саясаттағы ба­­­ғытымызды іске асыруға бағытталған про­­цесті жалғастырып жатқанын көріп отыр­­мыз. 
АҚШ-қа сапары аясында Мемлекет бас­шы­сы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сес­сия­сын­да сөз сөйледі, дәлірек айтсақ, бірқатар өзек­­ті жаһандық және өңірлік жобаның да­муына байланысты мәселені көтерді. Не­гізін­де, мұнда сөз болған мәселелер Пре­зи­дент бұрыннан айтып жүрген месседждердің не­­­гізгі тезистері деп айтуға болады. Бір-бірі­мен үндесіп, бірін-бірі толықтырады. Ес­те­ріңіз­де болса, жақында өткен Астана халық­ара­лық форумында Президент сөз сөйлеген еді, сол жерде көтерілген бастаманың көбі мұн­да да айтылды. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сін реформалау мәселесі. Бұл жолы да осы маңызды құрылымды реформалау керек екені туралы тағы бір рет нақты айтты. Со­ның ішінде, мұнда орта державалардың үні көбірек естілуі керек екеніне тоқталды. Бұл – жалпы жаһан­дық даму жағынан көтерілген негізгі бас­таманың бірі болды.
Ал егер аймақтық тұрғыдан алатын бол­сақ,  экологиялық күн тәртібіне үлкен мән бе­рілді. Атап айтқанда, су ресурстарын дамы­ту­ға байланысты барлық мәселе қамтылды. Арал, Каспий теңізінің проблемалары өте өзек­ті екені белгілі. Бұл мәселелерді Орталық Азия­дағы барлық ел осы бағытта белсенді өза­ра іс-қимыл арқылы өңірлік деңгейде ше­шуі қажет.
Сонымен қатар Президент Қазақстан БҰҰ Жарғысын және қабылданған барлық ха­лықаралық құқық нормасын ұстанатынын айт­ты. Қазіргі ахуалды, қалыптасып отырған  жағдайды ескере отырып, келіспеушіліктерді, әртүрлі мәселелерді күшпен емес, саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек екеніне тоқ­талды. Яғни, біздің ел мәселені дип­ло­ма­тия арқылы, диалог арқылы шешуді әрқашан қол­дайтынын жеткізді. Міне, осы ұстаным біз­дің сыртқы саясатымыздың негізгі қағи­дасы болып қала бермек.
Келесі, Орталық Азия мен АҚШ мем­ле­кет­тері басшыларының саммиті, С5+1 серік­тес­тігіне тоқталар болсам, мұндағы маңызды нәр­се – саммиттің өзін тарихи деп есептеуге бо­ла­ды. Себебі бұрын ол тек сыртқы саяси ве­до­мстволар басшыларының деңгейінде ға­на өтетін, яғни тек сыртқы істер ми­нистр­ле­рі қатысатын. Ал бұл жолы бірінші рет пре­зиденттік деңгейде ұйымдастырылып отыр. Орталық Азияның 5 елінің прези­дент­тері, сонымен қатар АҚШ Президенті кез­де­сіп, өзекті өңірлік мәселелерді талқылады. Бұл жиынның біз үшін маңызы қандай дей­тін болсақ, Қазақстан осы алаң арқылы энер­гетикалық, инфрақұрылымдық жоба­лар­ды іске асыру тұрғысынан белгілі бір келі­­­сімдерге қол жеткізуі мүмкін. Биылғы Жолдауда негізгі төрт бағыттың бірі өңдеу өнеркәсібі екені айтылды. Мүмкін, кейбір америкалық инвестициялар экономиканың осы маңызды секторына тартылатын шығар.
Жаһандық тұрғыдан алғанда, бұл саммит тағы бір маңызды халықаралық саммитке айналды деп айтуға болады. Себебі Орталық Азия жеке субъект ретінде маңызға ие болып ке­леді. Өйткені бұған дейін 2022 жылы Ор­талық Азия – Қытай, Орталық Азия – Ресей, Орталық Азия – Еуропа елдерінің саммиттері өткізілген болатын. Ал енді Америка Құрама Штаттарымен өтіп отыр.
Сонымен қатар Иран, Финляндия, Венг­рия, Португалия, Оңтүстік Корея, Кения пре­­­зиденттерімен, яғни жалпы бірқатар ел­дің басшыларымен екіжақты кездесулер өтті, онда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мә­се­лелері талқыланды. Бұл да – осы сапар­дың басты бағытының бірі. Себебі мұндай кез­десулер кезінде ынтымақтастық ны­ғайып, ұзақмерзімді келісімдер жасалуы, бола­шақта соның негізінде бірқатар бастама жүзеге асуы мүмкін.
Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі ха­лық­­аралық корпорациялар қорларымен өт­кен кездесулердің де маңызы зор. Көбінесе эко­но­мика, логистика, қаржы, цифрландыру са­лалары бойынша жүздесулер өтті. Бұл да эко­номикамызды дамыту тұрғысынан аса маңыз­ды. Дәл қазір осы салалар біздің эконо­ми­камыздың өсуінің жаңа нүктелері болуы керек.
Атап айтқан негізгі жаһандық, аймақтық мә­селелерден бөлек, Президент Ауғанстан­дағы ахуалға тоқталды, су мәселесі, климат мә­селесі, конфессияаралық диалог пробле­ма­лары көтерілді. Қорытындылай келе, са­пар өте жемісті әрі мазмұнды болды деп тұ­жы­рымдауға болады. 

Серіктес жаңалықтары