Аймақтар өз бюджетін өзі басқарса...

Корпоративтік табыс салығынан және бас­қа төлем түр­лерінен түсетін кірістің бір бө­лігін өңірлерге беру оң нә­тиже көрсеткенін айт­қан Президент былтыр аймақтар та­бысының өсімі 30 пайыздан асқанын алға тарт­ты, осы тә­жірибені қосымша құн салы­ғы­на да қолдану керек де­ген ұсыныс айтты.

Аймақтар өз бюджетін өзі басқарса...
GOV.KZ
2949

Биылғы Президент Жолдауында бюд­жетаралық қатынастарды түбегейлі өз­герту мәселесі көтерілді. Соның ішін­де, аймақтардың бюджет мәселесіндегі дер­бестігін арттыру туралы айтылған бо­латын. 

Былтыр «бюджетті басқарудан» «нәти­жені басқару» тә­сіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тап­сырғанын еске сал­ған Президент бұл мәселе жаңа ко­декс қа­былданған соң шешімін табатынын айтты. 

– Тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюд­жет сая­са­тына тоқталайық. Мен былтыр «бюд­жетті басқарудан» «нә­тижені басқару» тә­сіліне көшу арқылы бюджет жүйе­сін ре­фор­малауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа ко­декс қа­былданған соң шешімін табады. Бюд­жет үдерісінің ашық­тығы, оған қаты­су­шы­лардың жауапкершілігі мен дер­­бестігі ар­та түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, бюджет саясатының тиім­ділігін арт­тыру үшін әрдайым жаңа мүм­кіндіктер мен тәсілдерді пай­­далану қажет екеніне тоқталды. Сондықтан Пре­зи­дент Үкіметке бірнеше министрлік пен ай­мақ­тар үшін пи­лоттық режимде толық бөл­шектенген бюджет жо­ба­сын енгізуді тап­сырды.
Бюджет жүйесін реформалауға қатысты кө­терілген тағы бір назар аударарлық мәселе бюд­жетті басқару бойын­ша аймақтарды мей­лінше өз алдына дербес ету болды.

– Аймақтарға қатысты саясатта маңызды ре­формалар жүр­гізілді. Соның нәтижесінде, әкім­дерді тікелей сайлау тә­сілі енгізіліп, әкім­шілік реформа қолға алынды. Бұл рет­те бюд­жетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге кө­шкенде ай­мақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек.

Корпоративтік табыс салығынан және бас­қа төлем түр­лерінен түсетін кірістің бір бө­лігін өңірлерге беру оң нә­тиже көрсеткенін айт­қан Президент былтыр аймақтар та­бысының өсімі 30 пайыздан асқанын алға тарт­ты, осы тә­жірибені қосымша құн салы­ғы­на да қолдану керек де­ген ұсыныс айтты.

– Сондықтан реформаның келесі ке­зеңін­де осы нор­маны өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн са­­­лығына да қатысты қол­дану қажет. Мұндағы міндет – бюд­жеттің екінші деңгейіне кем дегенде 2 триллион тең­ге қо­сымша қаражат беру, – деді Қасым-Жо­март Тоқаев.

Бұл ретте, көздеп отырған нақты меже де бар: бір­тін­деп іске асырылатын бастама жер­гілікті бюджет кі­рі­­­сінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бө­лі­нетін трансферттің үлесін орта есептен 25 пайызға дейін тө­мендеутге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық.

– Сонымен қатар аудан әкімдеріне жер­гі­лікті бюд­жет­ті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жер­дегі мәселелерді жедел шешу үшін қа­жет. Бұ­дан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын са­­лыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құ­қығын ай­мақтардың өзіне беру мәселесін қа­растыру керек, – деді Ме­млекет басшысы.

Бұл шара бизнестің дамуына үлкен сер­піліс әке­ле­­ті­нін айтқан ол бастама ай­мақ­тар­дың табысты дамуына ай­­рықша ықпал ете­тініне сенім білдірді. Сол себепті бар­лық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үл­г­і­сі­не көшу кезінде оның біртұтас мем­ле­кетімізге тигізетін пай­дасы және тиімділігі ту­ралы ойлауы керек екеніне тоқ­талды.
Бұл бастама қандай нәтиже беруі мүмкін? Қандай ар­­­­тықшылығы бар? Нені на­зарға алу керек? Жергілікті ат­қарушы билік мұндай өзгеріске дайын ба? Осы сұрақ­тар­­ды Мәжіліс депутаты, Мәжілістің Қаржы жә­не бюджет ко­митетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов және бюджет са­рапшысы, эко­номист, Zertteu Research Institute дирек­торы Шолпан Әйтеновамен талқылап көрдік. 

Мархабат Жайымбетов,
Мәжіліс депутаты, 
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі:

Автономды басқару жүйесіне бетбұрыс болар еді

– Бюджетті басқару алгоритмін түрлен­діру – саяси-әлеу­меттік өзгеріс жолы. Яғни, бюджеттің деңгейлік, құ­рылымдық сипатты сол кезеңдегі экономикалық ерек­шелік пен ха­лықтың әл-аухатын ескере қалыптасады. Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «аудан әкім­деріне жер­гілікті бюджетті басқару құ­қығын беру, бюджетті ор­талықсыздандыру» идея­сы да осы тұжырымнан шық­қан пікір әрі орынды ұсыныс. 
Нақтысын айтқанда, бұған дейін аудан­дар мем­лекеттік бюджет есебінен қаржы­лан­ды­рылып келді. Егер жергілікті бюджетті бас­­­­қару құқығы ауданның өз еркіне қалса, сол маңдағы көптеген өзекті мәселені дер ке­зінде ше­шуге, қажетті жобаға қаржы тарту мүм­кіндігін кеңейтуге жол ашылады. Демек, ха­лық шұғыл мәселені ше­шуге республ­и­ка­лық бюжеттен қаржы бөлінгенін күт­пей, ау­дан еншісіндегі қазынадан қаржы ала ала­­­­­­­ды де­ген сөз.
Мысалы, әр ауданда ондаған мектеп бар. Оларды бас­қару, бюджеті облыстық басқарма та­рапынан жүр­гізіледі. Яғни, ауданнан бей­тарап, аудандық бюджетке тие­сілі емес. Егер тө­тенше жағдай бола қалса, немесе мек­тепті жөн­деу керек болған жағдайда облыстық, рес­­пуб­ликадан бөлінетін қаржы көздерін тосуға тура келеді, тіп­ті маңызына қарай ке­зек күтетіні жасырын емес. Аудан­ның өз бюд­жеті құзырында болса, осындай маңыз­д­ы мәселені уақытында шешуге, шұғыл әре­кет жасауға мүм­кіндік туар еді. Бұл ветери­на­рия, абаттандыру секілді салаларға да қа­тысты ұсыныс. 
Атқарушы билік бұған дейін де жүк­телген міндетті өз деңгейінде еңсеріп келеді. Сон­дықтан өзгеріске әкім­діктер, әкімдер дайын деп ойлаймын. Бюджетпен бұрын­нан жұмыс істеп келе жатыр, тәжірибе бар. Бұл жер­де тек басқару құқығын беру туралы сөз бо­лып отыр. 
Мәселен, аудан әкімдерін сайлау жүйесі енгізіліп жа­­тыр. Мұның тиімді тұсы мен демократиялық ілгері­леу­ге бастар нәтижесі көп-ақ. Енді, міне, аудан бюджетін бас­­­қару да әкім еркінде болса, аудандардың жедел да­муына серпін беріп, автономды басқару жүйесіне бет­бұрыс болар еді. Бұл – әлемдік тәжірибеде кең қол­да­ны­ла­тын әдіс. Оның үстіне, бюджетті қажетті салаға ба­ғыт­тау жүйесі өзгеріссіз қалатынын ескерсек, сала маман­да­рына аталған өзгеріске икемделу қиынға соқпайтын се­кілді.

Шолпан Айтенова,
экономист, бюджет сарапшысы,
Zertteu Research Institute директоры:

Өңірлерге расымен дербестік берілсе, реформа оң нәтиже береді

– Аймақтар қазірдің өзінде өз бюджет­те­рін өздері басқарады. 2018 жылдан бастап тіп­ті ауылдық бюджеттер бөлек құрылады. Мәселе – қазіргі тәуелсіздік 100 пайыз емес еке­­­нінде. Салық жүйесі орталықтандырылған, са­лық жоғарыға кетіп, трансферт түрінде қайтады және барлық аймақтар дотацио­нал­дан­ған сияқты көрініс пайда болады. Егер өңір­лерге расымен дербестік берілсе және өз ре­сурстарымен нығайтылатын болса, онда мұн­дай реформа оң нәтиже береді. Яғни, әкім­дерді сайлау түріндегі саяси орта­лық­сыз­­дандыруды фискалдық орталықсыз­дан­дыру­мен, аймақтардың өз кіріс-шығысын құру өкілеттігіне толық еркіндік беру арқы­лы нығайту керек. Алайда жергілікті басқару мен ауылдық бюджеттердегі секілді фор­мал­ды болмауы керек, сонда ғана нәтиже бо­ла­ды. Ауыл әкімдерін сайлағанымызға біраз бол­ды, тіпті жекелеген ауыл бюджеттері де пай­да болды.
Дегенмен шындығына келгенде, ауыл әкім­дерінің ауыл өмірін жақсарту үшін жет­кілікті ресурстары жоқ, қазірге дейін аудан­дық және облыстық деңгейдегі әкімдіктердің ше­шімдеріне тәуелді. Әрине, тәуелсіз жер­гілікті бюджетті басқару үшін ресурстар мен кадрлық әлеует қажет екені сөзсіз. Аудандық деңгейде кадрлық әлеует ауылдық деңгейге қарағанда әлдеқайда жоғары. 
Әкімшілік шығындарды азайту сая­са­ты­ның оңтайлы шешімінің бірі – жер­гілікті өзін-өзі басқару бюджетінің деңгейін аудан­дық деңгейге көтеру және оған нақты өзін-өзі басқару өкілеттіктерін беру. Бұл бюджет­тік және әкімшілік реформаларды қажет етеді.
Мәселен, халық пен елді мекендер санын ес­кере отырып, жергілікті атқарушы би­лік­тің оңтайлы деңгейін анықтау үшін әкім­ші­лік-аумақтық бірліктер қайта қаралуға тиіс. Бюджеттік жүйені мемлекеттік және муни­ци­палдық бюджеттерге бөлу керек. Муници­пал­дықта аудандар мен ірі ауылдық округ­тер­дің барлық бюджеті бекітілетін болады.

Яғни, бастама қағаз жүзінде бекіті­ліп, қағаз жүзінде қалмаса, одан оң нә­тиже болары сөзсіз. Өңірлерге қаржы жұм­сау еркіндігі берілсе, тозған инф­ра­құрылым мен көптеген басқа да мәсе­ле­ні шешу жеңілдей түседі деген сенім бар. Мұндай жағдайда, құқық қорғау ор­гандарының жұмысы мен қоғамдық ба­қылаудың маңызы да арта түспек. 
 

Серіктес жаңалықтары