Қарусыз майдан құрбандары

Бір ойыншының орташа қарызы – 10 млн теңге шамасында.

Қарусыз майдан құрбандары
ашық дереккөз
1644

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді. Кей деректерде әрбір бесінші жас азамат құмар ойын ойнайтыны көрсетіл­ген. Бұл шамамен бір миллиондай адам. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында. Осы сандарға қарап-ақ мәселенің ауқымы мен өзектілігін бағамдауға болады. 

Талайдың санасын улап, қалтасын қаққан құмар ойынға құныққандарға Мемлекет басшысы да назар аударып, жас ұрпақты зиянды әсерден қор­ғап, мәселені шешу үшін жаңа әдістерді қолдану қа­жетін айтқан болатын. Өткен аптада өткен Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысында Президент құмар ойын­ға тәуелділік мәселесін қарастырды. 

– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуел­ділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы кү­­ресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерек­ше мән берілуге тиіс. Барлық қаржы қозғалысын қа­дағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағ­дай­да тиісті шаралар қабылдау маңызды, – деді Қ.Тоқаев. Президент осы жаман әдетке жастардың тым әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік орган­дарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды, салалық министрліктерге нақты мін­деттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ойын биз­несі саласындағы қаржылық және басқа да құ­қықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жан­дандыру қажет екенін айтты. 

Жарнаманы жүгендеу керек

Лудомания мәселесі биыл Пар­ла­мент­те де бір­не­ше мәрте кө­теріл­ді. Халық қалаулылары бук­ме­керлік кең­селерді жарнамалауға қатысты заң­на­ма­лық шаралар қабылдауды ұсынған бо­латын. Елі­мізде «Жарнама туралы» қол­даныстағы заңда казино мен ин­тер­нет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынған. Алайда букмекерлік кең­селердің қызметтерін жарнамалауға ті­келей тыйым жоқ. Сон­дықтан олардың жар­намасы жер жарып тұр, сәй­кесінше «тұ­тынушылары» да көп. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­­жан Мәжілістің қарауына ойын биз­не­сі­нің жарнамасын шектейтін заң жобасы ұсы­нылатынын және осы бағытта қан­дай бастамалар жүзеге асырылып жат­қа­нын айтып берді.

– Лудомания наркоманиядан да қауіп­­­ті дертке айналды. Олармен күресті мем­лекеттік деңгейде жүргізбесек, ертең кеш болады. Ол үшін біріншіден, заң жо­­­басы қабылдануы керек. Заң аясында құ­мар ойын бизнесінің жарнамасына то­лықтай тыйым салсақ, жаңа лу­до­ман­дар пайда болмайды. Екіншіден, лудо­ма­ния­ның қаупін біз БАҚ арқылы, әлеу­мет­тік желілер арқылы айтудан жалық­пауы­мыз керек. Күн сайын нақты мысал­дар­мен жастарға оның қаупін көрсетіп отыр­сақ, біраз азамат түсінеді, ойын ой­науын тоқтатады. Бір сөзбен айтқанда, лу­домандардың бойын үрей билеуі ке­рек. Үшіншіден, бұл дертті түбірімен жою үшін бізге әлі өте көп жұмыс істеу керек. Сон­дықтан осы мәселенің күрмеуін қа­зірден бастап шеше бастасақ, оң нәтижеге қол жеткізетінміз анық, – деді халық қа­лаулысы. 
Депутат Руслан Берденов интер­нетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойын­ша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қы­тай Халық Республикасының тәжірибесін зерде­леу қажет екенін айтады.  Оның ай­туынша, әр ойыншыға тек бір ғана ID нө­мір ашқызуға рұқсат беру керек. «Кейін оны зейнетақы қорындағы шо­ты­мен байланыстырып, белгілі бір сомаға дейін шектеу орнату қажет. Сонда ғана оқушылар, табысы жоқ жандар бәс тіге алмайтын болады, – дейді депутат. 

Дүниежүзілік тәжірибеде адамдар құ­мар ойынды лимит арқылы ойнайды. Мы­салы, айлығының 10 пайызын ғана ой­най алады, ары қарай лимиті бітеді. Қан­ша қаласа да ойнай алмайды. 
Әнші Бағлан Әбдірайымовтың ай­туын­ша, букмекерлік кеңселер мен ка­зинолар жабылған күннің өзінде, ғалам­тор­да түрлі ойынның «қармағына» түсу  оңай. Сондықтан да, бір ғана заң адам­дар­ды бұл «кеселден» айықтырмайды дей­ді ол. 

– Казино, букмекерлік орталықтар жа­былсын дейміз. Алайда интернет ойын­дарға қалай тұсау салуға болады? Эфир­ден көрсетіп жүрген жарнама ше? Қол­дағы телефонмен талай адам былық­қа батқаны ше? Мен білмейтін түрі қан­ша? Мақұл, бәрі жабылсын! Жоқ болып кет­сін. Ал, карта ойыны ше? «Ази», «Бел­ка» деген де ойын бар ғой. Нарды ойнау азарт емес пе? Оны қалай қойдыртасың? Ол жерде де бәске басын тігіп, айырылып қал­ғандар аз емес. Сонда не болды? Шанс жоқ па? Шанс бар! Әркім өзінен бастау ке­рек. Құмар тек құмар ойынмен шек­телмейді. Адам өзі жақсыға да, жа­ман­ға да құмар. Өз таңдауы. Әйтпесе саудың асын ішіп, жындының қылығын жасай ма адам? Құмар ойынның құрдымына кет­кендердің бәрінің мақсаты – ақша та­бу. Сыздауықтың өзегін алғандай ғып әр адамның тамырына үңілсең өзіндік се­бебі бар. Сол өзекті түбімен қопарып, ірің­нен жазылмайынша бәрі бекер,  – дей­ді өнер иесі.

Құмар ойын және қылмыс

Елімізде құмар ойындарының ре­сми айналымдағы ақшалай көлемі 1 трлн-ға жетеді деп отыр. Ал еліемізде бей­ресми айналымның өзі 1 трлн-ға жа­қын екен. Бұл – біздің мемлекеттің жыл­дың бюджетінің 10 пайызы. 
Құмар ойын – табысты саланың бірі. Сон­дықтан оны жойып жіберу мүмкін емес дейді мамандар. Мәселен, былтыр елі­мізде ойын бизнесінен бюджетке 16 млрд теңге салық түскен. Бұдан бөлек, бу­к­мекерлік кеңсе қызметімен айна­лы­суға рұқсат берілген компаниялар мем­лекетке 93 млрд теңге салық төлеген. 
Былтыр құмар ойындар мен ұтыс­тар­ды ұйымдастыру қызметінің көлемі 553,6 млрд теңге болған. Бүгінде елімізде ойын бизнесінде 50 ұйым заңды түрде жұ­мыс істейді. Атап айтсақ, 26 букме­кер­лік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойыл­ған 10 зал, 8 тотализатор, сондай-ақ 2 500-ге жуық бәс тігу пункті бар. 
Бір жылдың ішінде заңсыз құмар ойын­дарының белгісі бар 2 416 сайт бұ­ғат­талған. Былтыр елімізде заңсыз 46 ойын алаңы, 2 казино, 110 ойын терми­нал­дары, 52 процессор, 50 монитор, чип­тер және 3 млн теңге көлеміндегі қол­ма-қол ақша тәркіленген. Бұл іске қа­тысты Астана экономикалық тергеу де­партаменті 9 қылмыстық істі тіркеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов «Стоп игра!» деп аталатын іс-шарасының нәтижесінде жалпы жыл басынан бері 3,5 мыңға жуық ком­пьютер, техника, покер үстелдері се­кілді затты айғақтар мен 7,2 млн теңге­ден астам қолма-қол қаражат тәркілен­ге­нін мәлімдеді. 
Бүгінде құмар ойын адам баласына бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Әсі­ресе, TikTok желісінде құмар ойын­дар­дың онлайн трансляциясы жанданды. Бір өкініштісі, қатысушылардың басым көп­шілігі – кәмелет жасқа толма­ған­дар.
Осы аптада Алматыда TikTok-та он­лайн бәс тігу арқылы құмар ойындар ұйым­дастырған 4 азамат 4 жылға соттал­ды. Олар заңсыз ойын бизнесі саласында 19 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде та­быс тапқан.
Заң бұзған мекемелермен қатар ойын­­­құмар азаматтардың қылмысқа баруы да жиілеген. Бас прокуратура тарат­қан деректер бойынша, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық­бұзу­шылық орын алған. Оның 20 пайызы не­месе 31 мыңнан астамы құмар ойын­дар негізінде жасалған. Сотталған бір адам­ды ұстауға күніне 5 800 теңге жұм­са­латынын ескерсек, жылына кететін шы­ғын – 2 миллион 200 мың теңге. Сон­да құмар ойындарының себебінен тү­зеу мекемелерінің шығыстары 76,3 мил­лиард теңгеге жетіп отыр. 
Құмар ойыншылардың қайсысы бол­масын құнығамын деп ойламайды. Ал­ға­шында аз сомаға бәс тігіп, арасында ұт­қа­­нына мәз болып жүріп ойынға қалай тәуел­ді болғанын білмей қалады. Өз тап­­қанын тауысқан соң отбасылық бюд­жет­ке қол салады. Араны ашылғаннан кейін үйіндегі заттарды сата бастайды. Не­сие алады, одан құтылу үшін басқа не­сие алады. Соңында туған-туыс, ағайын-жегжаттан, көрші-қолаң мен та­ныстардан қарызға ақша сұрайды. Ақ­ша іздеудің соңы ұрлыққа ұласады. Түп­тің түбінде көп олжаға кенелетіндей үмі­тін үзбейді. Алайда бұл жол тек құр­дым­ға апарады. Құмар ойыннан ұта ал­май­тынына көзі жеткен адамның шы­ғатын екі жолы бар. Бірі – өзінің ауру, кө­мекке мұқтаж екенін мойындап, ар­найы бейімдеу орталықтарына бару бол­са, екіншісі – өзіне қол жұмсау. 2022 жыл­ғы статистикалық деректерге сүйен­сек, елімізде 3 676 адам суицид жасаған, оның әрбір бесіншісі құмар ойынға тәуел­ді адам болған. 
Америкалық зерттеушілер құмар ойын­дарға тәуелділердің 70 пайызы өз-өзі­не қол жұмсау туралы ойда болатынын анық­таған. Сауалнамаға қатысқандардың 14 пайызы кем дегенде бір рет өзін-өзі өл­тіруге әрекет жасаған екен.
Былтыр Маңғыстау облысы Бейнеу ауы­лының тұрғыны құмар ойын­дарға өзінің қарсылығын білдіріп, Loto Club клубын өртеп жібергені көптің есін­де. «Ардың түрмесінде отырғанша, заң­ның түрмесінде отырайын» деген ол мұн­дай қадамға өзін құмар ойынға тәуел­діліктен құтыла алмаған шарасыз­ды­ғынан барған. Ер адам 20 жыл бойы бәс тігіп, 200 миллион теңгеге жуық шы­ғы­н­ға батқан. «Таз ашуын тырнадан ала­ды» дегендей, ойын клубын өртеу ар­­қылы құмарлықтан құтылам деген ол қыл­мыскерге айналды. Сот барысында ер адамның жеке бас мүддесі үшін тағы бірнеше қылмыс жасағаны, нақтырақ айтқанда адамдарды алдап, олардың ақ­шасын сыпырып алғаны анықталды. Елді алдап оңай олжа тапқан айыптыға сот жа­заны жеңілдететіп,  кәмелетке тол­маған төрт баласы мен жүкті әйелінің болуын ескеріп клубты өртегені үшін оны бес жылға шартты түрде бас бос­тан­ды­ғынан айырды. 
Өткен аптада құмар ойын кесірі­нен тағы бір жас жігіт өз-өзіне қол жұм­сады. Ақтөбелік тұрғын әкесінің айлы­ғын құмар ойынға ұттырып, суицид жасаған. өз-өзіне қол жұмсаған. Жігіт бұл қа­дамға келесі күні туған күні болатын әке­сінің барлық жалақысын ставкаға ті­гіп ұтылғаннан кейін барған. 23 жас­тағы марқұм құмар ойындарға жарты жыл ішінде 1 миллион 200 мың теңгеге жуық ақша ұтылған. Алғашында ойын ав­томаттарынан бастаған, кейін став­ка­ларға ұласқан. Құмар ойындарға мол ақ­ша тігіп ұтылудың салдары осындай қай­ғылы жағдайға алып келген. Жалпы, лу­домандардың 60 пайызы заңға қайшы әре­кеттер жасап, құқық бұзады екен. 

Тығырықтан шығар жол қайсы?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы лудоманияны ауру деп таныған. БҰҰ мамандары да құмар ойынға тәуелділікті пси­хологиялық аурудың бір түріне жат­қы­зады. Оның нақты ем шаралары бел­гіленбеген. 
Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, жер бетіндегі халықтың 2-3 пайызында құ­мар ойындарға тәуелділіктің пайда болу ықтималдығы жоғары, ал халықтың 1 пайызында бұл тенденция ауруға ай­налады.
Отандық психологтар елімізде жас­тар­дың 10 пайызы лудомания ауруына шал­дыққан, сондықтан ойынқұмарлық дер­тін мемлекеттік деңгейде ауру ретінде танып, емдеуді ертерек қолға алу қажет деп дабыл қағып отыр. 
Алматыдағы Психикалық денсаулық ор­талығының дәрігерлері лудоманияға шал­дыққан адамның ең бірінші мінез-құлқы өзгереді дейді. Қарапайым сөзбен айтсақ, үнемі сіркесі су көтермей тұрады. Ашуланшақ болып кетеді. Түн ұйқысы бұ­зылады. Оған қоса, асқа зауқы бол­май­ды. Ешкіммен сөйлеспейді. Осы белгілер бай­қалған кезде маманға қаралу керек. Жақындары уақытылы қолұшын созбаса, соңы қиын жағдайға әкеледі дейді ма­ман­дар. 
Психотерапевт Мария Токарева ойыншы өзін қадағалап жүрген­дей болатынын айтады. «Бірақ уақыт өте құмар ойынсыз тұра алмайтын халге же­тіп, оның жетегінде кеткенін білмей қа­лады. Ойынды жиі ойнаған сайын өзін бас­қаруды, ақшасын қалай жұмсау қа­жет­тігін қолдан шығарып алғанын сез­бей қалады. Кейін оны үрей билей бас­тайды. Ол барлық эмоцияны ойыннан алғысы келеді. Сөйтіп, жұмысында, от-­ба­сында түйіткілдер пайда болады. Қа­рыз­ға батады. Ең соңғы сатыда өз-өзіне есеп бере алмайды. Ойынның кесірінен бәрі кері кетеді. Әрине, бұл тұңғиықтан шы­ғу үшін маманның көмегі қажет», – дейді ол.
Соңғы кездері өзінің құмар ойын құр­сауынан шыққанын ел алдында ашық ай­татын танымал жандар қатары артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Біреудің жүріп өткен қисық жолы өзгелерді түзу жолға салса  қандай ғанибет. 
Бар тапқанын бәске тіккендердің бірі бло­гер – Бақытжан Әміров. Ол осыдан 7 жыл бұрын құмар ойынның құрбаны болғанын TikTok әлеуметтік желісінде ашық мойындады. Алғашында спорттық ойын­дарға бәс тіккен ол кейін бук­мекер­лік кеңселерді жағалай бастаған. Өзінің ақырын азартқа кіріп жатқанын сезбей қалады. 

– Аз ақшамен ойнап, қалтамды қа­лың­датамын деп өзімді алдап жүрдім. Жат­сам, тұрсам қолымда – телефон. Бір кү­ні отбасылық бюджеттегі 200 мың тең­­­­гені тігіп жібердім. Әрине, ұтылдым. Осы­лайша, өмірімдегі алғашқы креди­тім­ді алдым. 300 мың. Оның 200 мыңы – үйдің ақшасы. Қалған 100 мыңын ойнаймын деп алып қалдым. Бірақ ұтылдым. Сол ақ­­шаны қайтарам деп жұрттан қарыз сұра­дым, банктен тағы кредит алдым. Өзім­ді тоқтата алмадым. Жұмыстан жиі қа­латын болдым, өтірік айта бастадым. Мас­күнемдермен араласа бастадым. Бар­лық банктен кредит алдым. Айына 200-300 мың несие төлейтін едім. Жақын дос­тарыма жағдай айтып, жылап кредит ал­дырттым. Оларды да төледім. Доста­рым ойнама деген ескертулеріне құлақ ас­па­дым. Достарымның қатары сирей бас­тады, олар менімен араласуды тоқтат­ты. Мен үшін олар көп жерде ұялды. Бір күні оңбай ұтылдым. Сол күні үйге барып душта жіп алып асылуға дайындалдым. Жіп­ті ілетін жерді тапқан кезде келін­ше­гімнен: «Баланың жөргегі бітіп қалды. Ала кел­ші» – деген хабарлама келді. Бірден есім­ді жиып дүкенге жүгірдім. Жол бойы өзі­ме «Балама керекпін, өлімді ойлама» деп қайталаумен болдым.  Үйге заттарды әкел­геннен кейін сыртқа шықпай жатып ал­дым. Отырып қарыздарымды, төлейтін не­сиелерімді есептедім. 13 миллион тең­ге! «Қалай құтылам?» деген ой маза бер­ме­ді. Не өлем, не әкеме айтам деген ой­м­ен жүрдім. Ақыр соңында әкеме бар шын­дықты жайып салдым. «Өмірімде ме­ні жерге қаратпадың, бір рет көмек­те­сем. Тағы қайталасаң мені тірідей көм­ге­нің» деді әкем. Әкемнің арқасында бар­лық қарыздан құтылдым, кредиттерім жа­былды. Өмірге ерекше көзбен қарай бас­тадым. Ендігі міндет әкемнің сенімін қай­тару болды. Арменияға барып көлік тасу­мен айналыстым. Жұмысым жақсы жү­ріп, ақша жинай бастадым. Қазір Алла­ға шүкір ойнауды қойғаныма 5 жылдай бол­ды. Құмар ойын ойнамауға шақыра­мын бәрін. Бұл өмірде тез байып кету де­ген болмайды екен. Ойнадың, не өле­сің, не сол тығырықтан шығасың. Осы екі­нің бірі, басқа жол жоқ, – деп жазды ол. 

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев «Жар­намадағы «оңай олжаға» адам­дар сеніп қалғандардың соңында от­­­басының ойраны шығатынын» айтады. Де­путаттың сөзінің жаны бар. Қолда бар ақ­паратқа сүйенсек, құмар ойынға құ­мартқандардың басым көпшілігі – ер адам­дар. Қазақстанда 10 отбасының  7-еуі осы құмар ойынның кесірінен ажы­ра­сып кетеді екен. Өйткені тәуелді адам ай­наласына көп өтірік, жиі ашуланады, қа­рызы көп және үйіндегі ортақ қар­жы­ны өз «игілігіне» ғана жұмсайды, бала тәр­биесіне, отбасының дамуына уақыт бөл­мейді. 
«Крылатые годы» – ойынқұмарларды айық­тыратын, қоршаған ортаға бейім­дей­тін, мінез-құлықты түзететін бірден-бір орталық. Мекеме қызметкерлерінің ар­­­қасында аурудан айығып, қатарға қо­сы­лып жатқандар саны күн санап артып ке­ле жатыр. Орталық жетекшісі Есенқо­жа Рахымжан қоғамда лудомания емдел­мей­ді деген стереотиптің жалған екенін жет­кізді.  

– Лудоман бірінші кезекте өзінің тәуел­ді екенін мойындап, өз жағдайын қабылдауы керек. Шындықтың көзіне тура қараған дұрыс. Өзінің тәуелді екенін мойындаған адам келесі қадамға да бара­ды. Ол өзін алып шығу. Ерік-жігерін жа­ни­тын шешімді өзі қабылдауы керек. Лу­­доман өз еміне 1 апта немесе 1 ай  жет­­­­кілікті деп ойлайды. Бұл да қате пікір.  Тәуелділік адамның ойынға келгенінен әлдеқайда бұрын пайда болған. Мәсе­ле­нің түп-тамыры өте тереңде. Біз сонымен жұ­мыс жасауымыз керек. Ал ойынқұмар­лық мәселенің салдары ғана. Бәс тігу сал­дары, себебі бұрын пайда болған. Сол се­бебіне жету үшін де ғылыми психо­ло­гия­ға негізделген терапия керек, – дейді Есенқожа Жастілекұлы. 

Маманның айтуынша, емделуші 5 ай бойы толық оқшаулануы ке­рек. Белгілі бір мамандықты алып шы­ғу үшін адам 4 жыл университет оқыса, тәуел­діліктен арылу үшін 5 ай уақыт қа­жет. Өйткені әр ай, әр күннің өзіндік ма­ғы­н­алық, психологиялық жауапкерші­лігі, жүктемесі бар. 
Орталық басшысы бейімдеу орта­лық­тарын ашу кейбіреулерге кәсіп көзіне ай­налғанын айтады. Сондықтан емдеу ме­кемесін дұрыс таңдау маңызды. Ең ады­мен психологтардың кәсіби маман ре­тінде дипломы болуы қажет. «Оңалту ор­талықтарында білімі жоқ психологтар отыр­ғанын жиі байқаймын. 10 сағат оқып, сертификат алған маман тәуелді адам­ды қиындықтан қалай алып шыға ала­ды?» дейді маман.  

– Емделушілердің туыстары, отбасы мү­шелеріне де көмек керек. Тәуелділік бір адамға байланысты емес. Ол отба­сы­ның басқа мүшелерін де улайды. Бала­сы­на ақша керек болса жүгіретін ана тәуел­ді қарым-қатынаста деген сөз. Оны тү­зету керек. Неге? Өйткені адам 5 ай бойы біз­де ем алғанымен, үйіне барып, қо­ғам­мен араласқан соң айналасының өзгер­ме­генін көрсе, өзі қайтадан сол жолға тү­су ықтималдығы жоғары. Адам өзі ем­делгенімен,   туыстары бұрынғыдай қа­рым-қатынаста болса, еңбектің текке кеткені. Біз ұсынған бағдарламаны то­лық­тай өткенімен, аздан соң баяғы әуе­ніне қайта басатын ойынқұмарларға біз екін­ші рет тегін көмек көрсетуге дайын­быз. Әзірге Қазақстанда мұндай қадамға барып отырған жалғыз мекеме – біз ғана, – деді Есенқожа Рахымжан. 

Маманның айтуынша, букмекерлік кең­селер жұмысын заңға сәйкес жасап отыр. Жабайық деп шулағанмен ештеңе өз­гермейді. Өйткені олар мемлекетке заң­ды түрде үлкен сомада салық төлеп отыр. Ал салық төленген жерде басқа мә­селе болмайды. Сондықтан лудо­ма­нияға жаппай букмекерлік кеңселерді жабу тосқауыл бола алмайды.  Өйткені адам шешімді өзі қабылдайды. Пси­хо­ло­гиясы сау адам ешқашан тәуелділікке ұшы­рамайды. Адам болған соң 1-2 рет бәс тігіп көруі мүмкін, алайда, құмарлығы оян­байды. 

«Бәлен жерде алтын бар, барсаң ба­қыр да жоқ» деген осындайда айтылса ке­рек. Құмар ойыннан ұтамын деген адам өзінің оңбай қателескенін артқа қай­тарға жол қалмағанда бір-ақ біледі. Ба­рын бәске тігіп тақырға отырған құ­мар­паздар өзінің өмірімен қатар ата-ана­сының, отбасының, жақындарының да өмірін улап жатқанын кеш түсінетіні өкі­ніш­ті-ақ.

Серіктес жаңалықтары