«Ауыл аманаты» жобасының игілігі
Биыл Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылының тұрғындары да белсене атсалысты.
Құмтоғайлық Данат Таңатаровты ауылының адамдары әрдайым аузынан тастамайды. Жастайынан еңбекқор, қандай жұмыс болса да қашпайтын Данат қазір ауылында құс шаруашылығын дамытып отыр.
Биыл Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына Ырғыз ауданы Құмтоғай ауылының тұрғындары да белсене атсалысты. Шаруашылық ашып, кәсібін бастағандардың қатарында Данат Таңатаров та бар.
Данат Құмтоғай ауылындағы орта мектепте бірнеше жылдан бері күзетші болып жұмыс істейді. Қорасында ірі қарасы, қой-ешкісі бар. Шаруаның жайын білетін жігіт биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, құс шаруашылығымен айналысу үшін бір миллион теңге несие алыпты.
– Мемлекеттен алған қаржыға 100 бас ломан браун тұқымдас тауық сатып алдым. Сондай-ақ олардың жемі мен азыққа қоса берілетін дәрумендерін де алдым. Қазір күніне алпыс-жетпіс дана жұмыртқа алып, ауылда 60 теңгеден сатып жатырмын. Алдағы уақытта инкубатор сатып алуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ құс шаруашылығымен қатар биыл осы жоба аясында 2 миллион теңге несие алып, бау-бақша ектім. Атап айтсам, қияр, қызанақ, қауын, бұрыш пен асбұршақ егіп, жуырда өнімдерімізді жинап алдық. Бірқатарын ауыл тұрғындарына саттым. Болашақта алқабымды кеңейтіп, өзен жағасындағы жерімді игергім келеді, – дейді Данат.
Шаруа тауықтарды Хромтау ауданына қарасты «Тасөткел» ауыл шаруашылығы кооперативінен сатып алыпты. Бұл кооперативпен алда да бірлесіп жұмыс жасау үшін келісімшартқа тұрған. Данаттың айтуынша, Ақтөбе қаласында аталған кооперативтің филиалы бар, мәселен, ондағылар жемді аулаңа дейін әкеліп береді.
– Меніңше, құс шаруашылығымен айналысу мал ұстағанға қарағанда біраз қолайлы сияқты. Әрине, ауылда тұрған соң мал да ұстау керек. Оның үстіне мектепте оқитын балаларым да қолы бос уақыттарында жанымнан табылады. Олардың да жастайынан еңбекке араласып, табыс табуға бейімделгені өздеріне пайдалы. Қазір отбасында үш бала тәрбиелеп отырмын. Екеуі мектепте оқыса, кішісі балабақшаға барады. Оларға әркез еңбек еткен адам ғана зор жетістікке жететінін, адал еңбектің наны тәтті болатынын айтып отырамын. Мен еңбекке ерте араластым, қандай жұмыс болса да жасай беретінмін. Жалпы, ауылдан шыққан қыз-жігіттер еңбекқор болады ғой. Сондықтан балаларымды қазірден нанын адал еңбекпен табуға үйретіп жүрмін – дейді Данат.
Еңбекқор жігіттің алға қойған жоспары көп екен, ол қазіргі деңгейде қалып қойғысы келмейтінін жеткізді.
– Несиелер бойынша төлем бір жылдан соң басталады, оның үстіне төлемді тоқсан сайын жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Бірақ мен қарызымды мерзімінен бұрын өтеп, тағы бір пайдалы істі қолға алғым келеді.
Құмтоғайда қой басы жеткілікті, ал одан алынатын жүн рәсуа болып, пайдаға аспай жатыр. Осы кезге дейін кейбіреулер далаға лақтырды, өртейтіндері де бар. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындардан жүн қабылдап, оны реттеу үшін тайлап буатын аппарат сатып алғым келеді. Сосын жүн өңдеушілерге тапсырмақ ойым бар. Бұл туралы ұсынысымды аудан әкімдігіне білдірдім, оң шешімін табады деген сенімдемін, – дейді кейіпкеріміз.
Мектеп күзетшісі болып жұмыс жасай жүріп, ауылда құс және бақша шаруашылығын қатар дамытып отырған жас жігіт ауыл жастарын «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, табыс табуға үндейді. Оның айтуынша, елді мекендегі халыққа бұрын мұндай жеңілдік берілмеген. 2,5 пайызбен несие алу бұл – өте тиімді.
– Қазір көпшілік ауылда жұмыс жоқ деп жатады. Меніңше, еңбек еткісі келген адамға жұмыс көп, табыс та бар. Мәселен, мен күніне құс шаруашылығының өзінен, яғни жұмыртқа сатып-ақ үш-төрт мың теңге пайда табамын. Есептеп қарасақ, табысым шамамен айына 120 мың теңге болады екен. Одан бөлек, күзетшіліктен алатын айлығым бар. Қосымша тағы табатын азын-аулақ тиын-тебенім бар. Соның арқасында отбасымды асырып отырмын. Жалпы, адамды көркейтетін, өмірге құштарлығын арттыратын еңбегі ғой. Өз маңдай теріңмен табыс табатын болсаң, ұстанымың да өзгереді. Жан-жағыңа басқаша қарай бастайсың. Сондықтан сылтау іздемей, барынша жалқаулықты қойып, еңбектену керек, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер демекші, облыста «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын әрбір азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Жобаның талабы осындай. Сондықтан Данат та қазіргі таңда кәсіпкер болып отыр. Кәсібін сүйетін, еңбекке құштар жігіт болашақта туған ауылын дамытуға да өз үлесін қосуды армандайды.
Бүгінде Құмтоғай ауылында орта мектеп, балабақша, клуб, саябақ, медициналық пункт бар. Он шақты жыл бұрын елді мекенге ауызсу құбыры тартылған. Ендігі ауыл тұрғындарының тілегі – көгілдір отынның келуі.
– Ауылымызға газ келсе, бір бейнетіміз азаяр еді. Енді осы тілегімізді облыс, аудан басшылығы назарға алса екен дейміз. Қазір ауылымызда жолдар да салынып жатыр. Мал саны да артуда. Жалпы, тұрғындардың жағдайы жақсы. Жаңа жобаға қатысып, кәсіп ашып жатқандар да бар. Осы орайда тұрғындарға әркез көмектесуге әзір тұратын ауыл әкімі Мұрат Санымбаевқа алғысымды білдіргім келеді. Бұл азамат мен сияқты талай ауыл адамдарына құжат жинақтау, жобаға қатысып, кәсіп ашуға қолдау білдірді. Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар ғой. Міне, осы сөз біздің әкімімізге арналған, – дейді Данат.
Данат сөз арасында қазір облыс орталығындағы оқу орындарының бірінде білім алып жүргенін жеткізді. Болашақта ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бермек.
Еңбекке де, білімге де құштар кейіпкеріміздің жоспары айқын, арманы асқақ. Қай кезде де өз биігіне тек таза еңбегімен қол жеткізгісі келетін ол – бүгінгі жастарға үлгі болатын нағыз азамат.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы