Киік саны реттеле ме?
Көздің қарашығындай сақтаған ақбөкендердің санын реттеу бүгінде басты мәселеге айналды.
2000 жылдары саны сиреп, жойылуға шақ қалған ақбөкендер бүгінде көбейді. Соңғы 8 жылда олардың саны 12 есе өскен. Көктемгі санақ бойынша киік басы 2 миллионға жуықтаса, күзде 2 миллион 600 мыңға жетеді деген болжам бар. Бүгінде саны көбейген бөкендер шаруалардың жайылым және шабындық жерлеріне зиян келтіріп, шығынға батыруда. Сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, жердің құнарлысына көшіп-қонып жүретін түз тағысы егіс алқаптарын таптап, көпшілікке зиянын тигізе бастады. Шаруалар алдағы қыста жем-шөпсіз қаламыз деп дабыл қағады. Осылайша, көздің қарашығындай сақтаған ақбөкендердің санын реттеу бүгінде басты мәселеге айналды.
1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған. Өткен ғасырдың соңғы 10 жылдығы мен 2000 жылдардың басында түрлі аурулар мен браконьерлер салдарынан киік саны бір миллионнан 21 мыңға дейін азайып кеткен болатын. Жайық популяциясының саны 10 мыңға әрең жететін. 2005 жылы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөніндегі алғашқы бағдарлама қабылданды. Көбейіп келе жатқан жануарлар 2015 жылы белгісіз себеппен жаппай қырылып, 200 мыңнан астамы өлді. Ең саны көп Бетпақдала популяциясы (1971 жылы миллион басқа дейін жеткен) 242,5 мыңнан 36,2 мыңға дейін азайып кетті. Ал Үстірт популяциясына жататын бөкендер саны
1 270-ке дейін азайды. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін киіктерді атуға мораторий жарияланды. Киіктерді атуға тыйым салынғандықтан үш популяцияның да саны 2016 жылдан бастап қалпына келе бастады. Жануарлардың санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында енгізілген мораторий 2023 жылға дейін ұзартылған болатын.
Киіктен келер шығын көп
Киік атуға жарияланған мораторий түз тағысының санын көбейтуге тікелей әсер еткені анық. Нәтижесінде, бүгінде әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанды мекендейді. Киік санының көбеюімен қатар олардың адамға әкелетін экономикалық шығыны да артты. Әсіресе, БҚО шаруалары көбейіп кеткен киіктің зардабын тартып отыр. 2021 жылы төтенше жағдай кезінде фермерлер далаға шыға алмай қалғанда киіктер қаптады. Егінді таптап, шөпті тып-типыл еткен тағылар несие алып күнелтіп жатқан ауыл халқын тақырға отырғызды. Олар егінді жайпағанымен қоймай, мал жаятын жайылымды да «иемденіп» алған. Қысқа қамданып шөп жинай алмай қиналған шаруалар министрлікке «Аулауға рұқсат етіңдер» деп ұсыныс айтқалы қашан. Соны ескерген былтырғы Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев оларды атуға рұқсат бермек болды. Алайда шенеуніктің бұл батыл қадамы қатал сынға ұшырады.
Президент киік санын реттеу мәселесін шуға айналдырған министрге сөгіс жариялады. Көп өтпей министр қызметінен босатылды. Бейнетпен еккен егіннен өнім ала алмай, малын жая алмай, шығынға белшеден батқан шаруалар министр Зүлфия Сүлейменованың тұсында «Мәселені шешіп жатырмыз» дегеннен басқа жауап ала алмады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл 122 мың гектарға жуық егістікке (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО) зиян келген, шығын көлемі шамамен 12 млрд теңгеден асады.
Мәселенің тереңдеп бара жатқанынан қауіптенген жаңа министр Ерлан Нысанбаев киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін ашық айтып, қоғам талқысына шығарды. Осы аптада киік мәселесіне қатысты өткен дөңгелек үстелде киікке қатысты мораторий жыл соңына дейін жалғасатыны және оның ары қарай созылмайтыны белгілі болды. Яғни, келесі жылдан бастап киік атуға рұқсат берілуі мүмкін.
– Ақбөкендерді жаппай ату ұсынылып отырған жоқ. Керісінше, өзге жануарларды ұстауға арналған тор қақпан пайдаланылмақ. Бұл әдіс әдетте зоотехникалық және ветеринарлық өңдеу үшін қолданылады. Осылайша, біз олардың нақты санын да білетін боламыз, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегенов елімізде ақбөкендер санын азайту мәселесі нақты шешілсе, киік етінен консерві дайындап, көпшіліктің пайдалануына шығару мүмкін екенін айтты. Жануардың өзге ағзаларын өртеу немесе арнайы орынға көму жағы әлі де қарастырылып жатыр дейді. Бұдан бөлек, киіктердің мүйізі мемлекет меншігіне өткізілмек.
Киіктің көбеюі – экожүйенің бұзылуы
Табиғат жанашырлары киіктер санын қолдан реттеу қысқармерзімді нәтижеге қол жеткізгенімен, мәселені түбегейлі шешпейді деп санайды. Экобелсенді Лаура Мәлікова мұның себебі табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан дейді.
– Мемлекеттік реттеуде заң бойынша аңшылық әдіс қолданылады. Ал дамыған елдерде табиғи реттеу әдісі қолданылады. Мәселен, соңғы жылдары елімізде қасқыр саны күрт төмендеп кетті. Өйткені аңшылар да, шаруалар да қасқырларды атты. Экологиялық жүйеде жыртқыштар азайса, тұяқтылар көбейіп кетеді. Бұл – табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы. Сондықтан киіктерді атқаннан гөрі, табиғи жүйеде өзі реттеп отыратын әдіске ден қойғанымыз жөн. Экожүйедегі ауытқуды болдырмау үшін қасқыр аулауға тыйым салу керек, – дейді «Тәжірибелік экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікова.
Зоология институтының мамандары киік саны құлдыраудан кейін бірден жылдам өсетінін әуелден-ақ ескерткен. Институттың биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов киік санының күрт өсуіне дайындықтың болмағанын айтады. Бұрын Орталық Қазақстан аумағын мекендейтін Бетпақдала популяциясының саны көп болатын, ал 2015 жылы 200 мың ақбөкен қырылғаннан кейін басымдық Батыс Қазақстандағы Жайық популяциясына ауысқан. Қазір бұл популяцияның саны қалыпты межеден әлдеқайда жоғары. Бұл – киіктерді сақтау, қорғау бойынша қабылданған шешімдердің оң нәтижесі. Алайда киік санының шектен тыс өсуі мемлекетімізді жаңа шешімдер қабылдауға бастап отыр.
Экобелсенді Сәкен Ділдахмет киікті қырудан бұрын, олардың миграциялық жолдарын қалпына келтіру мәселесі көтерілуі қажет екенін алға тартады.
– Киіктер мекен ететін жердің біраз бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп кеткен. Биылғы болжам бойынша 2 млн бас киік деген – ол көп емес. Ал санын реттеу бойынша Экология министрлігі айналысып жатыр. Бірақ оны қалай іске асыру қажет? Сол сияқты киіктің дериваттары нарыққа қалай шығарылады? Міне осындай мәселелер әлі шикі күйінде қалып отыр. Түйткілді проблемаларды ең алдымен шешіп алып барып, санын реттеу мәселесін қозғау қажет, – деді белсенді.
Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген жер жыртылып, егін егіле бастады, су шаруашылығы дамыды. Тек киіктер жайылатын жерлерде фермерлік учаскелер пайда болды. Киіктің қорегі болған жайылымдарда мал жайылады. Барар жері, жейтін қорегі, ішетін суы азайған киіктер егістіктер мен шабындықтарға шығып жайыла бастады.
– Қазақстанда киіктер су ішетін су қоймалары жекеменшікке көшті, жаңа қожайындар оны қоршап, киіктер суатына жер қалдырмады. Ақбөкендердің миграциялық дәліздерін автомобиль және теміржолдар кесіп, бөгеп тастады. Оларды тұрғызу кезінде мемлекет жабайы аңдарға арналған өтпелер жабдықтауды қарастырмаған. Сонымен бірге жылда атуды ұйымдастыру салдарынан қасқырлар саны жаппай кеміді. «Киік–Қасқыр» тандемі бұзылды, – дейді Константин Плахов.
Табиғат қорғаушылары киіктердің көшу жолдары жабылып қалған дейді. Тасжолдар, үлкен магистральдар олардың көшіп-қонуын қиындатады. «Жабайы жануарлар қиналмай қозғалуы үшін экологиялық жолдар салынуы керек. Әдетте, мұндай өткелдер жолдың үстімен, не астымен салынуы қажет. Ең алдымен киіктердің ары-бері қозғалуы үшін жолын ашып беруіміз қажет. Ішкі миграциялық жолын қалпына келтірсе, былтырғыдай проблема болмайтын еді», – дейді Сәкен Ділдахмет.
Ақбөкендердің көбеюінен келетін тағы бір қауіп – індеттің таралуы. Түз тағысының арасынан ауру шықса, оның үй жануарына жұғуы оңай. Елімізде киіктердің ауруы зерттеліп жатқан жоқ. «Егер 2015 жылғыдай киіктер жаппай қырылып қалса не болмақ? Саны өсіп кетті деп қырғаннан бұрын олардың ауруын зерттеу үшін тиісті қаржы бөлу мәселесін қозғағандары жөн» дейді белсенді.
Киіктің күрт көбеюі қуаңшылықпен тұспа-тұс келгендіктен олардың еркін жайылуы да біршама қиындаған. Ал ғалымдар киік санының көбеюі түптің түбінде түз тағысының соры болады деп отыр.
– Бір ересек киік күніне 7 килограмға дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді. Яғни, Орал популяциясының 1,13 млн бас киігі, олардың көктемгі көбеюін ескерсек, күн сайын 8 мың тоннаға дейін жем және 6 мың тоннаға жуық су ішеді. Әрине, бұл жағдай жайылымдар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді, – дейді Константин Плахов.
Әзірге елімізде киіктерді атуға рұқсат жоқ. Алайда келесі жылдан бастап киік санын заңмен реттеуге рұқсат етілуі мүмкін. Мамандар популяцияны реттеудің амалдарын кешенді қарастыру керек деген пікірде. Ал табиғат жанашырлары даланың еркесін қырып-жоюға түбегейлі қарсы. Олардың пікірінше, қазақ жері бұл жануарлардың бірнеше миллионын еркін асырайды. Не десек те, киіктер санын реттеу еліміз үшін экология мен экономиканың қайсысы маңыздырақ екенін ашып көрсететін болады.