Цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту – Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдығы

Лагерь жұмысына шетелден және Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, «AMANAT» партиясының Мәжілістегі депутаттары қатысып жатыр.

Цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту – Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдығы
896

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысы жалғасып жатыр. Мәжіліс Спикері, «АМАNАТ» төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдығының бірі цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту екенін атап өтті.

«Қазақстанның электронды үкіметті дамыту саласындағы даусыз жетістіктерін ескере отырып, біздің еліміз ШЫҰ кеңістігіндегі Цифрлық хаб болуға дайын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның цифрлық форумын Астанада өткізуді ұсынды. Бұл – технологиялық прогрестің маңызды әлеуметтік көрінісі, оны  жүзеге асыруда жас ұрпақ елеулі рөл атқарады», - деді ол.

Мәжіліс Төрағасы заманауи цифрлық шешімдер өзара әрекеттестіктің шекарасын жоятынын, технологиялардың, жоғары жылдамдықты интернеттің, халықаралық деректер нарығының дамуы экономиканың барлық салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгін біздің елдеріміздің алдында жасанды интеллект технологиясын дамыту және қолдануға қатысты жаһандық міндеттер тұр. Біз бұл мәселені шешудің тек технологиялық қана емес, адамгершілік тәсілдерін де айқындауымыз қажет. Цифрландырудың аса жоғары қарқынмен дамуы ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін арттырып отыр және ол трансұлттық сипат алады. Қауіпсіз киберкеңістік – өзара ықпалдастықтың ең маңызды саласы», - деді ол.

Естеріңізге салсақ, лагерь жұмысына шетелден және Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, «AMANAT» партиясының Мәжілістегі депутаттары қатысуда. Жастар үш күн бойы семинар-тренингтерге қатысып, өз елдерінің тәжірибесімен бөліседі және ШЫҰ елдерінің өзекті мәселелерін шешу бойынша пікірсайыстар жүргізеді.

 

Серіктес жаңалықтары