ШЫҰ жастарының арасында саяси элита шоғыры қалыптасады

«Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагері жұмысы жалғасуда.

ШЫҰ жастарының арасында саяси элита шоғыры қалыптасады
Turkystan.kz
1283

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Жастар кеңесінің қолдауымен өтіп жатқан іс-шараға Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов қатысып, лагерьдің делегаттары келешекте өз елдерінің саяси элитасы болатынына сенім білдірді.

Биылғы шілдеден бастап Қазақстан осы беделді саяси ұйымның төрағалық тізгінін алды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде еуразиялық кеңістіктегі бірегей саяси ұйымға айналып отыр. Әлем тұрғындарының жартысына жуығы осы ұйымға мүше елдердің азаматтары санатында. Дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі ШЫҰ мүше мемлекеттердің еншісінде болса, әлемдік сауда саттықтың 15 пайыздан астамы аталған ұйымға мүше елдердің арасында жүріп отыр. Маңызды саяси орны бар, экономикалық әлеуеті орасан, ауқымды адами ресурсқа ие бұл ұйымның шеңберінде өзара серіктес елдер арасында әртарапты ықпалдастықты арттыру мүмкіндіктері зор деп білемін. Қазақстанның ШЫҰ бастауында тұрған ел екенін мақтаныш тұтамыз.

Болашақ жастардың қолында. Жастар жасампаздыққа ұмтылатын қозғаушы күш. Еліміз осы ұйымның шеңберінде тағы бір маңызды бастама көтерді. Бейбітшілікті ту еткен еліміз ШЫҰ болашағынан үміт күткен жастарының басын қосып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын қолдады. 

Саяси салмағы ауқымды іс-шараға Түркістан облысынан 10 делегат қатысуда. Олардың қатарында  Түркістан облысынан «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман, Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Эрнар Бектаев және өңіріміздегі ең жас халық қалаулысы  Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Жүсіпбаев бастаған бір топ белсенділер бар.

Жастарымыз қоғамдық маңызы зор лагерь жұмысынан саяси тәлім алып, ШЫҰ шеңберінде Қазақстанның серіктес елдеріндегі белсенді жастармен өзара сенімді байланыс орнатады деген ойдамын. 

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының  депутаты. 

 

Серіктес жаңалықтары