Қандас мәртебесін алған этникалық қазақ саны қанша?

1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды

Қандас мәртебесін алған этникалық қазақ саны қанша?
"Хабар24"
1035

2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 026 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады turkystan.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды.

«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден», - делінген хабарламада.

Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды.

«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,2%-ы жалпы орта білімді.», - делінген хабарламада. 

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды.
 

Серіктес жаңалықтары