Мәжілісте табиғи апаттың алдын алу мәселесі талқыланды
Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етті.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде «Азаматтық қорғау туралы» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етті.
Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымыз туралы бірнеше рет атап өткеніне назар аударды.
«Біз қазір азаматтарды табиғи құбылыстардан және техногендік апаттардан қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуымыз керек. Олар өкінішке қарай, біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде жиі болып жатқан дүние. Бүгін біз төтенше жағдайлардың салдарын жою және алдын алу, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мәселелері және басқа да бірқатар маңызды мәселелердің шешу жолдарын талқылайтын боламыз», – деді Е.Жаңбыршин.
Жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Азаматтық қорғау саласындағы 2023 - 2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары бекітілгенін, оның шеңберінде табиғат қорғау және орман мекемелерін, Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейін нығайту жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар Сырым Шәріпханов өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері өткір мәселелердің бірі екенін, жақында 5 кеншінің өмірін қиған «Қазақстан» АрселорМиттал шахтасында жұмыс берушінің кінәсінен болған қайғылы оқиға және «Саран» шахтасындағы өрт осы салада түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін растағанын айтып, Үкіметтен тиісті қолдау тапқанын жеткізді. Осыған байланысты министр нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігіне назар аударды.
«Әкімшілік реформа шеңберінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Онда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіру, мемлекеттік материалдық резерв мәселелері, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі мәселелерді жетілдіру; оқиғалар туралы ақпаратты қабылдау және өңдеу және басқару органдарының шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылы бойынша бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс жөніндегі нормаларды жетілдіру, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі мәселелерді жетілдіру қарастырылған», – деді министр.
Жиын барысында Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі Бауыржан Сыздықов, Ерлан Нұрпейісов саладағы өзекті проблемаларды айтып, депутаттармен талқылады.
Отырысты қорытындылаған Еділ Жаңбыршин дүлей зілзалалар, авариялар мен апаттар болатынын, алайда алдын алу шараларын қабылдау арқылы олардың кері әсерін айтарлықтай азайту мүмкін екенін атап өтіп, барлық өзекті мәселені бірлесіп талқылауға дайын екеніне тоқталды.