Көкшетаудың бас құрылысшысы өкілеттігін асыра пайдаланған

Ол сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілген адамды жұмысқа алған.

Көкшетаудың бас құрылысшысы өкілеттігін асыра пайдаланған
ашық дереккөз
943

Көкшетауда қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы бұған дейін жемқорлық қылмысын жасаған азаматты басшылық қызметке алған. Нәтижесінде екеуі де жұмыстан шығарылды.

Мемлекеттік мекеме басшысының міндетін атқарушы заң нормаларын елемей, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды құрылыс секторы меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы ретінде жұмысқа қабылдаған. Мұны Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мониторинг барысында анықтады.

«Мұндай әрекет үшін мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың басшылары ҚР ӘҚБтК-нің 681-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК (345 мың теңге – ред. ескерт.) мөлшерінде айыппұл салынады», - деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті.

Жұмысқа қабылданған қызметкердің бұрын Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталғаны белгілі болды. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы мен құрылыс секторы басшысының міндетін уақытша атқарушы жұмыстан босатылды.

Серіктес жаңалықтары